• Әдебиет
  • 13 Тамыз, 2020

«Домбыра» телеарнасын сақтап қалуымыз керек

«Ана тілі» газетінің жуырдағы санынан ­«Дом­быра» телеарнасының директоры Қанат Ержі­гіт­тің телеарна жұмысының тығырыққа тірелгені, яғни жабылудың аз-ақ алдында ­тұр­ға­ны жөніндегі сұхбатын оқып, ұлтымыз үшін маңызы бар мәселеге үн қосуды жөн көрдік.

Бірден айтайық, бүгінгі таңда әлемде белгілі бір тақырыпқа негізделген салалық телеарналар жақсы қарқынмен дамып келеді. Көрермен қауым бұрынғыдай бір ғана телеарнаға телміріп отыратын заман келмеске кетті. Енді әрқайсысы өзінің талғам-талабынан шығатын, қызығушылығы мен рухани-мәдени сұранысына толыққанды жауап беретін телеарналарды таңдай алады. Ол, біріншіден, телеарналар арасындағы көрермен аудиториясы үшін бәсекелестікті туындатса, екіншіден, салалық телеарналардың да тәулік бойы сапалы өнім ұсына алатынын, қазіргі тілмен айтқанда, жақсы контент қалыптастыра алатынын байқатады. Осы тұрғыдан келгенде, еліміздегі «Домбыра» телеарнасының қажеттілігі ешқандай талас тудырмайды. Неге? Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, «Домбыра» телеарнасын сақтап қалу арқылы біз бүгінгі таңда насихаты аз ­болып отырған қазақтың ән-күйлерін жаңа ­заман көрерменіне, әсіресе жастар аудитория­сына таныстыруға, танытуға мүмкіндік аламыз. Жасыратыны жоқ, әлемде жүріп жатқан жаһандану үдерісі біздің қазақ жастары мен жасөспірімдеріне де қатты әсерін тигізіп отыр. Яғни ұлттық құндылықтарды бағаламайтын ұрпақ келе жатыр. Олар үшін Құрманғазың кім, Абайың кім, тәуелсіздігің не, оншалықты қатты қызықтырмайды. Көздерін тырнап ашқаннан компьютерлік ойындардың жалына жармасып, батыстық әуендер мен мультипликациялық туындыларға, түрлі жанрлардағы кино туындыларға елтіп өсіп келе жатқан ұрпақтың бетін ұлттық құндылықтарға «Домбыра» телеарнасы тәрізді жобалар арқылы бұрмасақ, басқа оңтайлы жол да қалмай барады. Енді он-он бес жылдан кейін мұндай ұрпақ өсіп-жетіліп, билік орындарына қызметке келіп, елдік істерге араласа бастайды. Сонда олардан қандай ұлттық көзқарасты күтуге болады? Демек, «Домбыра» телеарнасын сақтап қалу арқылы біз осындай ұрпақтардың ­санасына аз да болса сәуле түсіруге мүмкіндік аламыз. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов айтқандай, «Күй тыңдап өскен баланың – жаны сұлу болады». Сол үшін де бұл арнаны тек қана кабельдік арналардың жүйесінде ғана қалдырмай, көпшілік аудитория еркін көре алатындай «Қазақстан», «Хабар» сияқты телеарналар тәрізді жалпы халыққа қолжетімді етуіміз керек. Екіншіден, «Домбыра» телеарнасын ашып, қиын заманда оған қаражат тауып, жұмысын алға бастырып отырған басшысы Қанат Ержігіттің еңбегін бүгінгі заманда ерлікке балауға болады. «Домбыра» телеарнасына қол ұшын созып отырған қазақтың қалталы, кәсіпкер азаматтары да ұлтқа қызмет етудің өнегелі жолын көрсетуде. Десек те, «Домбыра» телеарнасының жұмысы ойдағыдай болуы үшін ол міндетті түрде мемлекет тарапынан қаржыландырылуы керек. Арнадан, жұртшылыққа ауадай қажет болып отырған өміршең әрі маңызды жобалардан қаржы-қаражат аяудың керегі жоқ. «Домбыра» арнасына салынған қаржы бүгін болмаса да ертең мемлекетімізге пайдасын келтіреді. Сонымен қатар сұхбатта айтылғандай, ­«Домбыра» телеарнасын мемлекеттік байқауларға кіріптар етіп қоюдың да қажеттігі жоқ. Арна жұмысы жеңіп шығары, жеңіп шықпасы белгісіз байқауларға байланып қалмауы керек. Тікелей қаржыландыру көзіне ие болып, емін-еркін қызмет ететіндей шығармашылық бағытқа өтуі керек. Қарап тұрсақ, «Домбыра» телеарнасы ашылғалы бері қыруар жұмыстар атқарылған екен. Демек, қолынан іс келетін азаматтарға сол жұмыстарды әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік беру керек. Бүгінгі таңда қазақтың күй өнері біршама зерттелді дегенімізбен, бұл бағытта әлі де атқарылар шаруалар аз емес. Солар­дың ең бастысы – күйлерімізді әлем танитын дәрежеге көтеру. Еуропа жұртшылығы өздерінің Бах, Бетховендерін қалай төбесіне көтеріп отыр. Ал біз Құрманғазы, Қазанғап, Тәттімбеттерімізді дәл сондай дәрежеде бағалап, қастерлей алып отырмыз ба? Жасыратын несі бар, неше түрлі аумалы-төкпелі кезеңде халқымыз күй тыңдаудан алыстап кетті. Нәтижесінде күй тәрізді қайталанбайтын синкретті өнер тыңдаушысыз қалып қойды. «Бұрынғыдай дәурен жоқ» деп Абай атамыз айтпақшы, қазақтар алқа-қотан отырып, күй тыңдайтын заман да келмеске кетті. Өз өнерін дұрыстап насихаттай алмай, саналы да сапалы тыңдаушысын таппай, құрмет-қошемет көре алмай қаншама ардагер күйші­леріміз өмірден озды. Себебі олар да күй өнері баға­ланбайтын заманға тап болды. Иә, қазақтың күй өнерінің басынан да небір алағай да бұлағай заман өтті. Тіліміз сияқты күйіміз де қағажу-қудалауды көп көрді. Осындай олқылықтардың орнын толтыру үшін де біз «Домбыра» телеарнасын сақтап қалуымыз керек. Жақсы дүниенің, үлгілі бастаманың ғұмырын мемлекеттің қаржылай мүм­кін­діктері бола тұра қолдан қысқартуға болмайды. Мемлекет тарапынан тиісті көңіл бөлмеу салдарынан «Домбыра» телеарнасын жауып тынсақ, ол елдігімізге сын. «Жақсылық қылсаң, бүтін қыл» демекші, ұлттық аспабымызға арналған «Домбыра күнін» белгілеп, ұлықтап отырып, бір жағынан оның арнасын тығырыққа тіреп қойға­ны­мыз ештеңемен ақтап алуға болмайтын-ақ жағдай.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

129 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ӨНЕГЕМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР
Келесі мақала ДӘРІСІ БӨЛЕК ДӘМЕГҮЛ АПАЙ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №39

24 Қыркүйек, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор