• Руханият
  • 13 Тамыз, 2020

ДАНА ТАҒЫЛЫМЫНА ТАҒЗЫМ

10 тамызда Үкімет қабылдаған қаулыға сәйкес «Абай күні» Алматыда алғашқы рет ресми түрде аталып өтті. ­Салтанатты шараның басы Абай алаңында басталып, оған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев, белгілі абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметов, қаламгерлер Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Роллан Сейсенбаев, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов сынды зиялы қауым өкілдері қатысты. Қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы дананың дара күнімен жиналған қауымды құттықтады: «Абайдың туған күні ресми мереке болып белгіленді. Бұл күн қазақтың мәдениетін, әдебиеті мен поэзиясын бейнелейді. Президент жариялаған ұлы ойшыл және жазушының 175 жылдығы ақынның поэтикалық, философиялық еңбектерінің ғылыми-зерттеу жұмысын жандандырмақ. Абайдың мұрасы әлі зерттелу керек. Бұл ретте ұлы Абай айтқан принциптер, яғни еңбекқорлық, білімге деген құштарлық, адамзатты сүю мен ой тазалығы туралы пікірлері өзектілігін жоймайды» деді.

Бұдан кейін сөз алған ­абайтанушы ғалым Мекемтас ­Мырзахметов хәкімнің еңбектерін насихаттау, оны болашақ ұрпақтың рухани құндылығына айналдыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ғалымның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай гуманитарлық пәндердің бөлінбес бөлшегі ретінде «Абайтану» курсын оқыту, сонымен қатар жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясы әзірленбек. Бұл бағытта жүргізілетін зерттеу ­жұ­мыстары еліміздің ғалымдары үшін де Абай әлемін тереңнен тануға мүм­кіндік береді. Абайдың баға жетпес мол мұрасының тарихы, мәдениеті мен әдебиетін ту еткен халық үшін ұлттық санасы, руханиятының қайта жаңғыруының, қоғамның өркениет кеңістігіне ұмтылысындағы қозғаушы күші ретіндегі қызметі зор екені ­айтылды. Шараның соңы жылдағыдай «Абай оқуларына» жалғасты. ­Жалпы ұлы ақынның шығармаларын жатқа оқу 1995 жылы 150 жылдығы қарсаңында басталған болатын. Содан бері бұл шара дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқаны белгілі. Бұл жолы да ақын өлеңдерін жатқа айтқан өлеңқұмарларға ақынның жаңадан шыққан кітаптары сыйға тартылды. Ұлы ақынның асыл мұрасын насихаттау мен жас ұрпақ ­бойына сіңірудегі игі істің жалғасындай ­Алматы қаласының көптеген мәдени ордаларында Абай күнін атап өтуге байланысты жоспарланған шаралар өткізілді. Енді солардың бірқатарына тоқталайық.

ҚАЗҰУ-ДАҒЫ АБАЙ ЗАЛЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұлы ойшыл және ­реформатор ақынның 175 жылдығына орай ашылған тақырыптық залдың тұсаукесері өтті. Зал университеттің Ғылыми кітап­ха­насында орналасқан. Онда ақынның өмірі мен шығармашы­лығына арналған арнайы экспозиция­лар, сондай-ақ Абай Құнанбаевтың панорамалық суреті бар. Сонымен бірге шарада Абай халықаралық ­клубы басып шығарған оның толық шығармалар жинағы ұсынылды. Шығарылым туралы белгілі қазақ­стандық жазушы, драматург және ­баспагер Роллан Сейсенбаев әңгімелеп берді. Он томдық басылымға ұлы ақынның орыс, ағылшын, француз және неміс тілдеріне аударылған туындылары кірген. Жинақтың «Абай туралы сөз» атты жеке томы толығымен әдебиеттанушылар, ақындар, жазушылар мен әлемге әйгілі ғалымдардың Абай туралы тұжырымдарына арналған. «Зал 80 орынға арналған және заманауи аудио-видео құралдармен жабдықталған. Мұнда студенттер үшін дәрістер, кездесулер, конференциялар және басқа да ғылыми шаралар өткізуге болады. Сонымен қатар бұл жерде Абай шығармаларының, оның ішінде сирек кездесетін басылымдардың тұрақты көрмесі бар. Сондай-ақ Абай және оның шығармалары туралы аудио-видео материалдардың толық жинағы топтастырылған» деп атап өтті тұсаукесер барысында кітапхана директоры Калима Төлеубаева.

Шарада ұлы ақын­ның Халық­аралық Абай клубы мен ҚазҰУ бірлесіп басып шығарған шы­ғармаларының толық жинағы ұсынылды. Осы шығарылым туралы Роллан Сейсенбаев әңгімеледі. Ол он томдық басылымға орыс, ағылшын, француз және неміс тілдеріне аударылған туындылар кіргенін атап өтті. Жинақтың «Абай ­туралы сөз» атты жеке томы толығымен Абай туралы әдебиеттанушылар, ақындар, жазушылар және әлемге әйгілі ғалымдардың тұшымды тұжырымдарына арналған. Тұсаукесер соңында оқу орда­сының студенттері мен оқытушылары Абай өлеңдерін оқып, ақынның әндерін орындады. Шараға қатысқан оқытушылар мен студенттерге жаңа шыққан кітаптар тарту етілді.

ОЙЛЫ  ОНЛАЙН ІС-ШАРАЛАР

Елімізде жүргізіліп жатқан оқшаулану санитарлық ­талаптарына сәйкес «Абай күніне» арналған Алматыдағы өнер ордаларындағы шаралар онлайн жалғасты. ­Жалпы жиынтығы 25 әдеби, мәдени, танымдық, конкурстық, қойылымдық шараны құрайды. Мәселен, муль­тимедиалық дәстүрлі музыка ­ор­талығы «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты тақырыпта Абай ән­дерінен онлайн-концерт және ­челендж өткізді. Бұл шараның өтетіндігі орталықтың сайтында алдын ала хабарланғандықтан да концертті тама­шалаушылар мен ­челленджге атсалысқандар қатары көп болды. Ал Ықылас атындағы ұлттық музыкалық аспаптар мұражайы ұйымдастырған онлайн-көрме «Ұлы даланың ұлы ақыны – Абай» деп аталды. Экскурция барысында мұражайда сақтаулы тұрған ақынның өзі ұстаған домбырасы көпшілік­тің қызығушылығын тудырды. Мұндай жәдігердің мұражайда барын білмейтіндер оның қашан, қайдан әкелінгенін сұрап, көрермен мен мұражай мамандары арасында ­шынайы қызығушылықтан туындаған сұрақ, жауап орнады. Өз кезегінде «Алатау» дәс­түрлі өнер театрының әншісі Ж.Мұсағалиевтің «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» тақырыбындағы онлайн-концерті де көп көрермен жинай алуымен ерекшеленді. Мұндай ерекше шараны Жамбыл атындағы және Бегалин атындағы кітапханалар да ұйымдастырды. Алғашқысы «Абай – алаштың темірқазығы» аталған бейне-көрме болса, екіншісі «Абай – дана, Абай – дара қазақта» ­деген тақырыптағы онлайн-көрме, кон­церт­тік бағдарламаға ұласты. Алматы қалалық білім басқармасы да «Абай күніне» бірнеше шара ұйымдастырыпты. Оның алғашқысы ақынның өлеңдері мен «Қара сөздерін» мәнерлеп оқудан конкурс ­болса, екіншісі facebook және instagram әлеуметтік желілеріндегі бейне-­роликтен тұрады. Бұл шараға Алматы қаласындағы мектептер мен колледж­дердің оқушылары да қатысты. Бұдан бөлек, Алматы қаласындағы бірнеше ғылыми-зерттеу институттарында ақынның шығармашылығын зерттеуге байланысты ғылыми-конференциялар мен семинарлар да өтті. Оған осы ғылыми-зерттеу институттарының магистранттары мен докторанттары қатысып, өз зерттеулерінің ерекшеліктерін ортаға салды. Бұл шарадан Қастеев атындағы мұражай да шет қалған жоқ. Олар мер­зімді басылымдарда жарияланған Абай туралы мақалалардан көрме ұйымдастырып, соларды көрерменге онлайн форматта таныстырды. Жалпы Алматы қаласы ұлы ой­шылға арналған шараларды жоғары деңгейде өткізе білді.

Нұрболат АБАЙҰЛЫ

1231 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы