• Қоғам
  • 13 Тамыз, 2020

Қоғам тыныштығын күзеткен

[caption id="attachment_58344" align="alignleft" width="183"]Қайнар Оңғарбаев Қайнар Оңғарбаев[/caption] [caption id="attachment_58345" align="alignright" width="198"]Рауан Қасымов Рауан Қасымов[/caption]

Адам баласының бір-біріне құрмет көрсетіп, ілтипат білдіруі, басына іс түскенде өзінің өміріне төніп тұрған қауіп-қатерге қарамай, басын қатерге тігіп, қол ұшын созуы – адамгершіліктің биік деңгейі екені сөзсіз. Бүгін біз елдің тыныштығына үлес қосып, күндіз-түні тыным көрмейтін Ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметкерлері жөнінде әңгіме қозғамақпыз.

Алматы облысы Панфилов ауданы бойынша жергілікті полиция бөлімінің басшысы, подполковник Қайнар Оңғарбаев күнделікті қызмет бабымен бес округті аралап, учаскелік пункттерді тексеріп, жұмысын бітіріп, қызметтік көлігімен Қоңырөлең-Жаркент тас жолындағы көпірден өте бергенде күтпеген жағдайға кезігеді. Ағыны қатты лай, қара судың тасқынымен ауди көлігінің ағып бара жатқанын байқайды. Дереу тоқтап, көз жүгірткенде екі адамның басы суға бір батып, бір шығып бара жатады. Ойланып тұратын уақыт жоқ, бірден іске кіріседі. Таудың іші, қанша тырысқанмен, суға жету мүмкін емес. Көлікті биікке шығарып қойып, көмек сұрап шыңғырған адамдарға қарай жанұшыра жүгіреді. Таудың іші, 102, 103 секілді құтқару қызметіне телефон шалу мүмкін емес, байланыс жоқ. Мұндайда жылдамдық маңызды рөл атқарады. Ұрыста тұрыс жоқ. Санада тек құтқару керек деген ой ғана. «Құтқарыңдар» деген қыз бен жігіттің шыңғырған дауысы... Жанталасып жетіп, оларға жардағы жабайы талдан ұстай қалуды жеткізеді. Жігіт бір қолымен талды қармап, екінші қолымен қыздың ұзын шашынан ұстап, жібермей тұрады. Сол екі ортада адам қарасы да көбейеді. Дереу арқан табылып, қыз бен жігітті кезек-кезек, беліне арқан орап, құтқарады. Осы оқиғаның жай-жапсарын біл­мекке Қайнар Оңғарбаевтың өзіне телефон шалып, жағдайдың қалай болғанын өз аузынан естігенді жөн көрдік. Оқиға дәл біз баяндағандай өрбі­­генін айтқан подполковник Қ.Оңғарбаев жанында жергілікті полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры Рауан Қасымов болғанын, алғаш суға ағып бара жатқан көлікті серігі байқағанын тілге тиек етті. «Тасқын су шалажансар ағаштың тамырын үзіп, суға екеуін де қоса ағызып кете ме деп қатты қорықтық. Арқан таппай, белдігімізді шешіп, жалғағанмен, белдіктің ұзындығы жетпеді. Бойжеткен бен бозбаланың көрер жарығы бар екен. Сарытөбе ауылының бір үлкен кісісі он метрлік ұзын арқан алып келді. Осылай, аяқ астынан арқан табылып, аман қалды. Әйтпесе, екеуі де суға кетер еді. Бұл ерлік емес, біздің жұмысымыз, міндетіміз» дейді ол. Үсті-басы, аяқ-қолы жырылған қызды судан алып шыққанда аяқ-қолы тырысып, есінен тана бастаған. Тәртіп сақшылары киімдерін екеуіне кигізіп, әупірімдеп, 70 шақырым жердегі аудандық ауруханаға аман-есен жеткізген. Олар 2-3 күн емделіп, ауруханадан шыққан. Шыққан бойда өздерін құтқарған подполковник Қайнар Оңғарбаевты арнайы іздеп келіп, алғыс айтыпты. Оқиға қалай болған? Таудың етегінде таза бұлақ бар екен. 25 жастағы ­Бекзат пен 19 жасар Гүлнұр сол бұлақтың ­басында әңгімелесіп отырып, судың қалай келгенін байқамай қалған көрінеді. Бастысы, екеуі де дін-аман. Ал дер кезінде көмекке келіп, арқан әкелген азаматқа аудан әкімінің мадақтау қағазы беріліпті. Қоғамның тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшыларының бұл әрекеті біздіңше ерлікпен пара-пар іс.

Бағдагүл Балаубаева

619 рет

көрсетілді

36

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы