• Руханият
  • 13 Тамыз, 2020

МӘҢГІЛІК МҰРА

Таяуда ғана ел болып, жұрт болып ерекше оқиғаны атап өттік. Ол – Абай күні. Бұл біздің күнтізбедегі жаңа мереке, жаңа қуаныш. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл тұңғыш рет «10 тамыз – Абай күні» болып белгіленді. Абайдың өміріне, дананың мұраларына бұған дейін де жақсы қанық екеніміз белгілі. Алайда жыл ішінде осындай арнайы күннің белгіленуі ерен тұлғаны одан әрі тереңірек тануға, тұнығы мол қайнар бұлаққа айналған өсиет сөздеріне барынша қанығуға әсер ететіні еш күмән келтірмейді. Ұлының ойы жыл, тіпті күн өткен сайын өзгеше реңкке ие болып, жаңа қырларымен, бұрынғыдан да айқын жарық сәулелерімен таңдай қақтыра берері анық.

Қазақ халқы дара да дана перзенті – Абайын еш ұмытқан емес. Ешқашанда назардан тыс қал­дырмады. Ұлы ақынның 150 жылдығы кезінде ЮНЕСКО деңгейінде мерекеленді. Биылғы жылы да ақын мерейтойы аталған ұйымның қолдауымен дүниежүзілік көлемде тойлануда. Кешегі ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Абайдың әрбір сөзін қазақтың бойтұмарына балап, оның терең ойы мен толғақты пікіріне баса назар аударудың маңыздылығын атап өтсе, бүгінгі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та Абайға жүгінуде, одан тәлім алуда ұтпасақ, ұтылмай­ты­нымызды санаға құйып-ақ келеді. Осыған дәлел ретінде Мемлекет басшысының елдегі жоғары лауа­зымға кіріскен шамалы уақыттан бері Абай тақырыбына екі бірдей мақала арнағанын айтуға болар еді. Оның бірі – «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталса, екіншісі жақында ғана баспасөз бетінде жарияланған «Абай – ­рухани реформатор» атты жаңа дүниесі. Абай ақиқат пен шындықтан еш айнымады. Ол ұлтының кем­шілігі мен олқылығын бүкпесіз бетке ­басты. Алайда біз сол «бес дұшпаннан» түбегейлі арылып біттік пе? Олай деп айта алмаймыз. Президент соңғы мақаласында Абай ілімінің бүгінгі күні де құнын жоймағанын шегелей келе, бәрінен бұрын төрт мәселеге айрықша көңіл бөлу керектігін алға тартады. Олар білім игеру, тәрбие, жаңа кәсіпті меңгеру, ынтымақ. Көрмейсіз бе, арада сынаптай сырғып сан уақыт өтсе де Абай сөзі өміршең қалпында. Осыған қарап, ойшыл мұрасы болашақта да бағалы бола беретініне шүбәсіз сенесіз. Абай – ұлтымыздың мақтанышы. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» деген сөзді айту үшін де үлкен жүрек керек. Мұндай даналық кез келген жаннан байқала бермейді. Өмірдің, бүкіл әлемнің, тіршілік дүниесінің қадір-қасиетін шын түсініп-сезінген адам ғана әлгі ойды айта алады. Осыны жалпақ әлемге жар сала жеткізіп отырған қазақтың ұлы, қазақтың перзенті. Қалайша шаттанбасқа! Біздің Тәуелсіз ел атанғанымызға көп уақыт бола қойған жоқ. Алла жазса, келесі жылы егемендігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Осы кездері қазақ үшін Абайдың сөзіне құлақ асу маңызды. Ұлы ақын өзі өмір сүрген уақытта жеке басын емес, ең алдымен, ел қамын ойлады. Қазағының өзгелерден кем болмай, білімді, өнерлі, талапшыл, парасатты, өз ісінің шебері болғанын қалады. Әсіресе ел ішіндегі береке-бірлікті нығайтуға айрықша мән берді. «Біріңді қазақ бірің дос, көр­месең істің бәрі бос» деуі жай, жүрдім-бардым айтыла салған сөз емес. Көп толғанып, терең ойдан шыққан тұжырым. Абай дегеніміз – қазақ дегеніміз. Олай болса, кемеңгер тұлғаның соңына қалдырған мұралары ғасырдан ғасырға жетіп, мәңгілік жасай бермек.

Нұрперзент ДОМБАЙ «Ana tili»

277 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала ДАНА ТАҒЫЛЫМЫНА ТАҒЗЫМ
Келесі мақала Сағынып еске аламыз

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №47

19 Қараша, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор