• Тұлға
  • 20 Тамыз, 2020

Еренғайып Қуатайұлы: ТАУДЫ ЕШКІМ ЖЕҢЕ АЛМАЙДЫ

Еренғайып Қуатайұлы есімі журналистика саласында танылғаны белгілі. Одан кейін кәсіпкерлікке бет бұрғанынан да көпшілік хабардар болар. Салауатты өмір салтын ұстанып, тауға шығып, биіктерді бағындыра бастағанын да әлеуметтік желілерден оқып-көріп отыратынбыз. Жақында ғана Тянь-Шаньдағы биіктігі алты мың метрден аса Мәрмәр қабырға атты шыңға шығып келген еді. Осы орайда тау мен салауатты өмір салты, Қазақстандағы альпинизм бағытындағы туризм туралы ой-пікір бөліскіміз келіп, хабарласқан едік... «Өзімді кәсіби альпинист деп санамаймын» деп бастады сөзін Еренғайып Қуатайұлы.

– Кәсіби альпинист болу үшін не істеу керек?

– Жылдар бойы дайындалу керек. Бұл да кәсіби спорттың бір түрі. Оның да өз деңгейлері, альпинисті спортшы деп есептесек, оның алатын разрядтары бар. Мұның да үшінші, екінші, бірінші разрядты альпинисші, одан әрі Спорт шебері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген деңгейлері ­болады. Мәселен, Мәрмәр қабырғаға шығу үшін, ең кемі, үшінші разрядты альпинист болуың керек. Жер бетінде биіктігі сегіз мыңдық 14 шың бар ғой. Баршамызға жақсы таныс қазақ альпинисі Мақсұт Жұмаев, мысалы, сол 14 шыңның барлығына шыққан. ­Тарихи атауы «Джомолунгма», біз «Эверест» деп білетін шыңды екі рет бағындырған. Екі ретте де оттегісіз шыққан...

Үшінші разряд алу үшін, менің түсінігімде, кем дегенде бір жылдай кәсіби түрде дайындалу керек. Альпинизмнің әліппесін, техникасын, құрал-жабдықтары мен терминдерін жақсылап үйренген дұрыс. Қандай ­кезде тауға шығу, қай кезде шықпау керегін білу керек. Қасыңдағы жолдасың құлап қалса немесе өзге де бір жағдайларға кезіккенде алғашқы медициналық көмек беруді үйрену қажет. Ең ­бастысы, альпинизмнің қауіпті спорт екенін түсінгеніңіз жөн. Міне, осының барлығын жақсылап үйреніп, біліп болған соң сізге үшінші разрядты береді. Оған кәдімгідей ­емтихан тапсырасың. Алматы қаласында альпинистерді дайын­дайтын төрт секция бар. Ол секция­лар Алматы қаласы Альпинис­тер федерациясына қарайды. Бас бапкеріміз, оның қасында кем дегенде екі-үш нұсқаушы болады. Біздің Alpine Asia Team секциясының арнайы жарғысы, ережесі бойынша аптасына екі рет базада арнайы физикалық жаттығу жасаймыз. Сенбі, жексенбіде тауға апарады. Онда да оқу-жаттығу жұмыстары жүреді. Тауға өрмелеу, техникалық құрал-жабдықты пайдалану – түгел үйретеді. Міне, осындай сатылардан өткен соң үшінші разрядты альпинист атанасың.

Бір ғана Амангелді шыңын мысалға алайын. Биіктігі 3995 мың метр. Амангелдінің төрт жолы бар. Бір жолы «1 б» деп аталады. Ол ең жеңіл түрі. Екіншісі «2 а» деп аталады, сәл күрделірек. Одан кейін «2 б» деп аталатын жол бар, одан да күрделі, «3 а»  бәрінен де күрделі. Мысалы, сол Амангелді шыңына «2 б» жолы арқылы екі рет, «1 а» жолы арқылы 4-5 рет көтерілдім. «2 а» жолымен екі рет, «2 б» жолымен екі рет шықсам, үшінші разряд береді. Одан да биігірек шыңдарға барып «3 а», «3 б», «4 а» деп таңбаланатын күрделі жолдармен биікке көтерілсем, екінші разрядты альпинист боламын.

Алайда кәсіби альпинист болу үшін оған кәсіби түрде кіріскенің жөн. Біз секілді тауға ғашық жандардың жан қалауымен биікке ұмтылуын «әуесқой альпинизм» деп атайды.

– Ендеше, тауға альпинист болмай-ақ та шыға беруге не кедергі?

– Ештеңе кедергі емес. Қарапайым туристер аяғы жететін жерге дейін тауға шығады. Алматы маңында арнайы құрал-саймандар қолданбай-ақ шығатын Фурманов, Құмбел сынды шыңдар бар. Бәрі осы шыңдарды сүюден басталды ғой деймін. Оларға шығып көрген соң, басқа таулардың биігі қандай екен деп ойлай бастадым. Ал барлық таудың бәрі бірдей емес. Күрделі, өте күрделі шыңдар бар. Оларға шығу үшін оқу-жаттығу керек.

Еренғайып Қуатайұлы

– Құпия болмаса бұл жаттығу жұмыстары ақылы ма?

– Әрине. Оған қоса секцияға жыл сайын арнайы жарнасын төлейміз.

– Қымбат па?

– Өте қымбат емес.

– Әдетте альпинизм, тауға шығу ерекше бір романтикалық көңіл күй сыйлайтын секілді. Шындығында да солай ма?

– Бұл сауалға жауап беру үшін тауға не үшін шығатынымды айтуым ­керек шығар. Тауға жүрегімнің қалауымен шығамын. Тау маған тыныштық сыйлайды. Тауда жүрген адамдардың барлығы да жылыжүзді, мейірімді. Әрине, тауға шығудың да өз қиындығы бар. Бірақ оған осындай мақсатпен көтерілген адам, әрине, биіктіктен тазалықты аңғарады.

– Ең бірінші тауға шыққан кезіңіз есіңізде ме?

– Журналистикада жүргенде тауға шығуға уақыт болмады. Кәсіпкерлікке ауысып, жұмысымды жолға қойғаннан кейін уақыт табыла бастады. Жақсы бір нәрселермен айналысқым келді. Ойжайлау, Шымбұлақ  секілді жолы жеңілдеу биіктерге шығып көрдім. Бірде менімен бірге тауға шыққан ­досым ­Руслан Ербота «Бұдан да биігірек жерлерді көр» деп, Үлкен Алматы шыңына ертіп барды. Соған барған соң таудың кереметін анық сезіндім. Одан әрі Букреев, Фурманов шыңдарына шықтық. Әрине, бірден көтеріле алмаған да кездеріміз болды. Бірақ талпына бердік. Бұдан да биік тауларға шықсам деп жүріп, кәсіби альпинистер дайындайтын секцияға мүше болдым.

– Альпинистер үшін ең аласа тау қандай?

– Альпинистерде аласа тау, биік тау деген ұғым жоқ. Таудың бәрі де, ондағы қауіпсіздік шаралары да бірдей. Медеуден келе жатып тасын дұрыс баспасаңыз құлап кетуіңіз мүмкін. Эверестке барып дұрыс жүрсеңіз аман келуге болады. Ең бірінші, қауіпсіздік сақталуы керек. Өзіңнің және қасыңдағы адамдардың қауіпсіздігі аса маңызды. Альпинис­тер тауға жалғыз шықпайды. Демек, өзіңнің ғана емес, өзге адамдардың да тағдыры бірге. Жабдықтармен алғаш шыңға көтерілгенде бір оқиға ­болды. Тұйықсу шатқалындағы биіктігі 4200 метр 28 панфиловшылар шыңына шықтық. Алдымда кәсіби альпинис­тер. Арқанмен тізбектеліп, он метр қашықтықта өрмелеп келеміз. Бір қарасам аяқ қоятын және қолмен ұстайтын жер жоқ. Жып-жылтыр тас. Жоғарырақтағылар жүр дейді. «Қалай жүрем, жол жоқ деймін» мен. «Ештеңеге қарамай жүр. Сен тоқтасаң, жалғыз өзің ғана емес, арқанға байланған төртеуіміз де құздан құлаймыз» деді. Шынымен, төмен қарасам үш жүз метр биікте, шыңырау құзда тұрмыз. Не істеу ­керек? Жалма-жан қолғабымды шешіп, саусақтарыммен тырмысып, аяғымды тірейтін кішкентай тіреудің өзін медет көріп, алға өрлей бердім. Менің ғана емес, қалған үш адамның да өміріне жауапкермін деген сөз маған қайрат берді. Демек, альпинизм ең қауіпті әрі жауапкершілігі ең жоғары спорт түрі.

– Қорқынышты қалай жеңуге ­болады?

– Сізге айтқан оқиғадан соң, енді тауға шықпаймын деп ойладым. Тірі жүру маңызды ғой, енді. Әркімге өз өмірі қымбат. Бірақ, бір аптадан кейін тауға қайта бардым. Бір бастаған адамға альпинизм бітпейтін спорт екен. ­Мысалы, бір тауды көресің, келе жатсаң тау таяп тұр, соған шықпайынша үйге қайтқың келмейді. Өзім сондаймын, басқа альпинистер де солай ойлайды-ау.

– Альпинизм жауапкершілік қана емес, сонымен бірге ғылым да секілді ғой. Тауды зерттеу ғылымын біліп шығатын секілдісіздер...

– Дұрыс айтасыз. Қар жауғанда, нөсерлеткенде қалай жүру керек, қай жерде көшкін жүруі мүмкін – мұның бәрін үйрететін арнайы мамандар бар. Семинарлар, тренингтер өткізіп тұрады.

– Мәрмәр қабырғаға шығып келдіңіз. Осы жайында айтсақ...

– Мәрмәр қабырғаға бірінші рет бардым. Алты мың метрден аса биіктікке де алғаш рет көтерілуім.

Етегінен басына шығып, үйге келгенше он төрт күн уақыт керек болды. Себебі, бара сала бірден тауға көтеріліп кетпейміз. Акклиматизация жасау керек. Жарбұлақ деген жерге дейін көлікпен бардық. Одан ары қарай 12 км жерге жүгімізді атпен жеткізіп салды, біз жаяу жүрдік. Ары қарай аттың  да жүретін жолы таусылып, сол жерге шатыр тіктік. Одан ары қарай 20-30 км жер жүріп, қайта шатыр тіктік. Бір күн қонып, Мәрмәр қабырғаның 4500 метр биіктігіне дейін көтерілдік. Лагеріміз тұрған жердің биіктігі – 3200 м. Екі күн бойы осы 4500 метр биіктікке көтеріліп, жаттықтық. Екі күн арлы-берлі жүрдік. Организмді дайындадық. Мәрмәр қабырғадан түскен бойы басқа тауға шығуым керек болса, бірден көтеріле аламын, себебі организмдегі бейімделу екі апта сақталады.

Биіктеген сайын адам организмінің қай жері әлсіз, сол тұс сыр береді. Демек, биіктеудің ең бір жақсысы, қай жерің әлсіз екенін түсінесің. Ол жеріңнің ауыратынын бұрын білмей жүре беруің мүмкін. Мысалы, менің асқазаным ауырады екен. Тамақ іше алмай қалдым. Дұрыс тамақ іше алмаған соң, басым айналып, глюкоза азайып, қант жетіспей қиналдым. Сөйтсем, менде гастрит екен. Мәрмар қабырғаға бірінші рет көтеріліп келе жатқан өзге бір альпинистің тісі ауырды, енді біреуінің басы ауырды. Тау аурулары көп.

Мәрмәр қабырғаға көтерілгенде басым қатты айналды. Василий Пивцов деген 8 мыңдық биіктіктегі он төрт шыңды бағындырған кәсіби альпинст. Адамгершілігі өте жоғары адам. Эверестің биіктігі 8884 болса, Василийдің адамгершілігі одан да биік. Сол «сенде глюкоза азайған» деп тәтті мен су берді. Қасыңда тәжірибелі жолбастаушы болса, көмегі көп тиеді.

Мәрмәр қабырғаға 12 адам көтерілдік. Кейде таудың беті аппақ қар болып жатады, асты шыңырау ­болуы мүмкін. Байқамай дұрыс емес жерді басып, құзға түсіп кетсең, кім шығарады. Альпинистерде арқан байлаудың түрлі тәсілдері бар. Осындай құздары көп тауда жіпті басқаша байлайсың. Қашықтықты 10-15 метр сақтап, арқанды керіп, тізіліп жүресің. Гид жол бастап келе жатып, қар құлап еді, тәжірибелі альпинист қой, мұздақтың үстіне мініп отыра қалды. Қарасақ, жұқа мұздақ жарылып, төменде 200-300 метрлік құз жатыр. Кәсіби альпинистер жолдың, қардың, тастың қаупін жақсы біледі.

Василий Пивцовпен бірге

– Мәрмәр қабырғаға көтерілу үшін арнайы бір құзырлы орындардан рұқсат сұрайсыздар ма?

– Алматы қаласында Альпинизм  федерациясының өкілдіктері бар. Сол жерге барып маршрут парағын толтырамыз. Олардың сұрақтарына жауап береміз. Рұқсат берген соң, сөйлесу үшін керек арнайы рациямен қамтамасыз етеді. Барлық категориялық тауларда әр елдің өкілдіктерінен рұқсат аламыз. Бас бапкердің мақұлдауымен шығамыз.

– «Аңшының әңгімесі» деген сияқты  альпинистің әңгімесі бола ма? Ол әңгімеде не айтасыздар?

– Тау туралы айтамыз. Тауда алдыңнан шыққан қиындықтар туралы, қауіпсіздік мәселелерін сөз қыламыз. Аңшылар көбіне өтірік қосады ғой, альпинистер өтірік айтпайды. Дәл өзім олардың өтірік айтқанын естімедім.

– Ал тау иесіне, қар адамына сене­сіздер ме?

– «Қар адамы бар» деген сөз бар. Оған өз басым сенемін. Басқаларының сенетін-сенбейтінін білмейді екенмін. «Қар адамын көрдім» деген альпинисті кездестірген жоқпын. Талғар өңірінде осындай әңгіме болған екен, қар адамына тамақ берген адамды көрдім деген орыс альпинисінің естелігін оқыған едім.

– Мақсұт Жұмаев бір сұхбатында тауға биікпін деп барсаң, ол да саған биік екенін көрсетеді, аласарып барсаң, ол да аласарады дегені бар еді. Сіз қалай ойлайсыз?

– Өте дұрыс. Тауды адам бағындыра алмайды, тау адамды бағындырады.  Әр шыққан сайын үмітпен, арманмен, қорқынышпен барамыз. Біссімілдамды айтып, «тау, саған бара жатырмын, қабыл ал, биігіңе шығуға рұқсат бер» деймін. Таудың киесі өте зор. Таудағы алапат табиғи апат көзді ашып-жұмғанда қанша адамның өмірін қиып кетеді. Тұйықсуда альпинистердің базасы бар. Тауда қаза тапқандардың мемориалды тақтасы тұр. Қаншама адамның тізімін оқисыз. Соған қарап тәубаңа келесің. Тау, бір жағынан, ажалдың аймағы сияқты. Сөйте тұра, тау тазарудың мекені. Тауға шыққан адам өзінің жігерін, намысын жаниды. Өкініштісі, біздің қарагөздер тауда ­сирек жүреді.

Тау экологиялық мәдениет қой. Көбі тауға шығу еріккен­дердің ермегі, ақшасы бар байлардың ісі деп ойлайды. Олай емес. Тауға шығу үшін көп нәрсенің керегі жоқ. Жылы аяқ киім мен жылы киімің болса, уақытыңды бөліп тауға шықсаң, әлемге басқа бір көжиектен қарар едің.

– Таудан қайтпай қалған альпинистер де өте көп.

– Иә, өте көп. Мысалы, былтыр, тамыз айының 16-ы күні Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев, Александр Чечулин деген біздің үш альпинист – секциямыздың бас бапкері және екі нұсқаушысы Қырғызстандағы Победа шыңын бағындыратын болып аттанған еді. Победа шыңы 7434 метр биіктікте. Жер бетіндегі жеті  мыңдық биіктіктегі шыңдардың ең сойқаны. Ең қатал жағынан шығатын болған. Сол жолда қайтыс болды. Сүйегі табылмады.

– Альпинизммен контрабандалық пиғылмен айналысатын, сол арқылы ғана тауды бағындырғысы келетін адамдар болады деп ойлайсыз ба?

– Таудың біз көтерілетін биігінде тас, мұз бен қардан басқа еш­теңені кездестірмейсіз. Сіз айтқан контра­бандалық пиғыл, мәселен, дәрілік шөптер, «Қызыл кітапқа» енген ерекше өсімдіктер 3000-3500 метр биіктікте. Оған қарапайым туристер де көтеріле береді. 

– Ал жыртқыштарға кездесуіңіз мүмкін бе?

– Әбден мүмкін. Мәрмәр қабырғаға көтерілген кезде аюдың тезегін  көріп отырдық. 10-15 минут біздің жолымызбен жүріп өткен. «Бұл жердің  қожайыны менмін, сен не жоғалттың» деген аюдың қарсылығы ғой. Жеке кездесіп қалсаң, құлақ шекеден бір-ақ қағады. Біз топпен жүрген соң, аю қорқады. Алыс­тан байқайды да, қарсылық әрекетін көрсетеді. Кәсіби мамандар «аюмен төрт метр жерде бетпе-бет кездесіп қалсаңыз, аю сізге шабуыл жасайды екен. Төрт метрден алысырақ кезіксе, қорқып қашады екен» дейді. Сондықтан орманның  ішінде жүрген альпинис­тер айғайлап музыканы даңғырлатып жүреді. Аю қашсын, алыс  жүрсін, бетпе-бет келмесін дегені.

1

– Топтарыңызда қыздар бар ма?

– Бар. Қазақтың өте мықты, батыл, Хантәңіріге шыққан, Гималайға барып жүрген қыздары бар.

– Эверестке шыққыңыз келе ме?

– Құдай қаласа, келер жылы Хантәңіріге шықсам деген арманым бар. Ол үшін дайындықты биыл бастап кеттім. Аптасына алты күн жүгіремін. Екі рет арнайы бапкермен жаттығамын. Хантәңірі – еліміздегі ең биік шың. ­Пирамидасы өте күрделі. Оған шығу үшін 20 күн уақыт кетеді екен.

Бұйырса, 45 жасқа келгенше ­Эверестке де шықсам деймін. Өкінішке қарай, Эверест қазір  коммерциялық жобадағы тау болып кетті. Эверестке шығу үшін алпыс мың доллар қажет. Непал үкіметінен рұқсат алу үшін 12 мың доллар жарна төлейсіз.  Эвересттің басында кейде 55-60 градусқа дейін суық болады. Сондай суыққа төтеп беретін киім керек. Оны, шамамен, 20-30 мың долларға аласыз. Қырық градус суыққа шыдайтын киіміңіз болуы керек. Ол: екі қабат аяқ киім. Жылы шалбар, бірнеше куртка, бас киімнің бірнеше түрі, маска, көзілдіріктің екі түрі. Таудың басына түскен сәуле қарға шағылысады да, көзіңізді қариды. Ол сәуленің өткірлігі сонша, жанарды ағызып жіберуі мүмкін. Сондықтан қарға арналған арнайы көзілдірік ­болады. Қолғаптың екі-үш түрі керек. Альпинистердің ең бір осал жері – аяғы мен қолы. Арнайы тамақтарыңызды да алып жүресіз.

Эверестке өзіңіз бармайсыз, арнайы кәсіби компаниямен баруыңыз керек. Бара сала тауға шығып кете алмайсыз. Акклиматизация жасайсыз. Екі-үш ай уақыттың қорын жинап алғаныңыз жөн. Сонда жалпы шығыны 60-65 мың долларға шығады.

– Ал Алматының маңын­дағы таулар, шыңдардың қайсысын туризмнің көзіне айналдыруға болады деп ойлайсыз?

– Алматының айналасындағы таудың бәрі жаңа бастаған альпинистер үшін өте ыңғайлы. ­Демек, альпинизм бағытындағы туризмге ең ыңғайлы аймақ. Бірақ бізде коммуникация дамымаған. Альпі тауына шыққыңыз келсе, етегіне электричкамен апарып ­тастайды. Ал бізде кейде Шымбұлақтың өзіне дейін автобустар жүрмей қалады. Көлік аз. Жол сапасы мүлдем басқа. Қырғыздар қазір осы салада бізден әлдеқайда дамып кеткен.

Еренғайып Қуатайұлы

– Альпинизммен қоса марафондарға қатысып, жүгіріп те жүрсіз...

– Иә, былтыр Түркияның Каппадокиясына барып келдім. Биыл Испанияға барып жүз шақырым жүгіруім керек болған. Пандемияға байланысты бара алмадым. Тауға шығу мен қашықтыққа жүгірудің арасынан бір философия, үйлесімді іздеймін. Екеуі де саған қанат бітіреді, армандарыңа жол ашады ғой. Жүгір­генде ешкіммен емес, өзіммен жарысамын. Мысалы, жалқау адаммын. Жалқаулығымды жеңейін деп жүгі­ремін. Өзімді қайраймын. Бұл спорт емес, өмір салты.

Қазір АҚШ-та салауатты өмір салтымен айналысатын халықтың үлесі 42 пайыз екен. Бізде ол үлес 7-8 пайыз ғана.

– Тауға шығу жұмысыңызға кедергі келтірмей ме?

– Тауға демалыс күндері ғана шығамын. Таңертең ерте тұрып жүгіріп, жаттығуларымды жасап аламын. Жұмысқа кедергісі жоқ. Бірінші орында отбасым. Кәсібімді де ұмыт­пай­мын. Ал демалыс күндері тауға ке­темін. Тауға барған адамның басына жақсы ойлар келеді. Жүрегі тазарады.

– Сонымен, таудан нені кездестірдіңіз, нені таптыңыз? 

– Тауда тағдырлы адамдарды көп кездестірдім. Эверестің етегінде тұратын Непалдың қариялары тауға қарай алмайды екен. Жүзі шыдамайды. Себебі олардың ұғымында тау құдірет, оған шығу тұрмақ, қарауға ­болмайды. Тауды құрметтейтін халықты, адамды да көп көрдім. Өзім де тауды ­ерекше қадірлеймін. Жаз айларында тауда бір-екі рет қонып келемін. Кейде өзеннің қасына барып ұйықтаймын. Гүрілдеген өзен бойдағы жаман энергияны ағызып әкетеді. Сөйте тұра тауда талай ­фанаттарды да, аң болып кеткен адамдарды да көрдім. Таусыз өмір сүре алмайтын жандарды кезіктірдім. Бұл да олардың өз өмір философиясы ғой. Жеке басым ондай жолды таңдамас едім.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Әңгімелескен

Қарагөз Сімәділ

5038 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №10

14 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы