• Тұлға
  • 20 Тамыз, 2020

НАРДАЙ БІР БОЛҒАН НАҚЫСБЕК

Нұрлан СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

Біз қашып Ресейден келген жылы,
Текесті Оқам алғаш аралаған.
Жүргенде азып-тозып істес болдық,
Таулы елде Нақаң екен саналы адам.
Барлығын бардамдының көзім көрді,
Аз екен ондай елге адал адам.
Әуесхан БЕЛГІБАЙҰЛЫ

І

Қазақ халқы тарих көшінің керуенінде «мың өліп, мың тіріле» (Ж.Молдағалиев) жүріп, небір тар жол, тайғақ кешулерді басынан өткерді. Аумалы да төкпелі, зарлы да шерлі заманда қазақ баласы әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып, торғайдай тозып, аса ауыр күй кешті. Әсіресе, «берсең бала өледі, бермесең шал өледі» заманындағы 1916 жылғы Қарқара мен Қояндыдағы «ұлт-азаттық көтерілісі» мен атышулы 1932 жылғы қолдан жасалған ашаршылықтағы құғын-сүргін көрген халықтың тағдыры тым аянышты болды. Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен заманда мыңдаған, тіпті миллиондаған қазақтың басы көмусіз қарға-құзғынға жем болып айдалада қалды.
Ұзына тарих бойына осындай аса ауыр тағдырды бастан өткізген қазақ халқы бүгінде әлемдегі шекара аттап қоныстанған ұлттардың бірі болып есептеледі. Бүгінгі күнде әлемнің 40-қа тарта елінде қандастарымыз өмір сүреді. Әлемге тарыдай шашылып кеткен этникалық қазақтардың дені қазір Қытайда. Онда 2 миллионға жуық қазақтар тұрады. Қытайдағы қазақтар Іле, ­Алтай, Тарбағатай аймақтарында, Құмыл аймағының Баркөл, Мори ­аудандарында, Гәнсу өлкесінің Ақсай ауданында шоғырлы қоныстанған.
Жаңа Қытай үкіметі құрылудан ілгергі Шыңжаңдағы қазақтардың тарихы жүйелі зерттелмеген. Соған байланыс­ты көптеген елім деп еңіреген ерлердің есімі ескерусіз қалды. Ол кісілердің ерен еңбегі ­туралы білетін көнекөз, әңгімеші-шежіреші қарттарымыз да әлдеқашан о дүниеге аттанып кетті. Ардақты арыстары­мыз­дың өмір жолы мен еңбектері дер ке­зінде хатқа түспегендіктен ел есінен шығып, ұмытыла бастағаны да жасырын емес.
Дегенмен, елге еткен өлшеусіз еңбе­гінің арқасында ғазиз есімдері тарих парағына алтын әріппен жазылып қалған, ұрпақ жадынан өшпестей орын алған тарихи ұлы тұлғалар да аз емес. Солардың бірі біз сөз еткелі отырған өз дәуіріндегі басқа­лардан мойны озық, шоқтығы биік тұл­ғалардың бірі – Нақысбек Жалпетекұлы.
Нақысбек Жалпетекұлы 1865 жылы қазіргі Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты Шалкөде жайлауында дүниеге келген. Сол жылы ақ патша үкіметі қазақ даласының билеу тәртібіне өзгеріс жасап, жаңа жоба жасаушылар комиссиясын құрады. 1868 жылға келгенде бұл комиссияның қазақ даласын басқару, билеу жөніндегі жаңа жобасын патша қабыл алып, 21 қазанда қол қойып, бекітіп береді. Жаңа жоба (қазақтар мұны «Жаңа низам» дейді) бойынша бұрыңғы сұлтандық арқылы билеу тәртібі өзгертіліп, оның орнына болыс, старшындыққа бөліп билеу тәртібі атқарылды. Екінші негізгі өзгеріс жер мәселесі болды. Жер Ресей мемлекетінің меншігіне айналды да, қазақтарда тек жерден пайдалану құқығы ғана болды. «Жаңа жоба» атқарылғаннан кейін қазақ даласына орыс шаруалары көптеп көшіп келіп қала, село сала бастады. Қазақ шаруаларының мал бағатын жерлері жылдан-жылға таралады және патша үкіметінің алуан түрлі алман-салығы халықтың күн көрісін қатты қиындатып жіберді. Осылайша ақ патша үкіметі аударылғанға дейін қазақ халқын бас көтерместей етіп, аяусыз жаныштап отырды. Болашақ болыс, әйгілі шешен Нақысбектің балалық шағы міне осындай тарғалаң заманға тап келді.
Нақысбектің әкесі Жалпетек те өз еліне танымал, тілді-жақты кіші билердің бірі болған. «Әке көрген оқ жанар» дегендей, жақсы әкенің ел басқару өнері мен тәрбиесі Нақысбектің билікке ерте араласуына игі ықпал етті. Тепсе темір үзетін Нақысбек 25 жасында ел басқару ісіне араласып, әділдігімен, іскерлігімен халқына қамқоршы бола білді. Ел тағдырын, жер тағдырын ойлаған Нақысбектің төңірегіне көзі ашық, көкірегі ояу жақсы-жайсаңдар топтаса бастайды. ­Содан Нақысбектің бастауында ел-жұрт ұйымдасып, қазақ даласына ірге кеңейткен ақ патша отаршыларының құйтұрқы саясатына кейде ашық, кейде жасырын қарсы шығады. Осылайша халықтың сеніміне ие болған Нақысбек кезекті бір болыстық сайлауда қарсыласын басым дауыспен жеңіп, Қожбанбет руына болыс ­болып ­сайланады. Содан Нақысбектің ел ішіндегі абырой-беделі жыл санап емес, күн ­санап өсіп, патша үкіметінің жергілікті ұлықтары одан қауіптене бастайды. Орыс ояздары соның алды-артында-ақ көптеген ұлтжанды би-болыстарды ­жасырын бақылауға алса, енді бір жағынан оларды бір-біріне айдап салып, рулық қайшылықты асқындырып, бір-бірімен жауластыру саясатын да қолданады. Отаршылдардың бодан жұрттың арасына іріткі салу саясаты ежелден келе жатқан кәнігі тәсілі болатын. Ақ патша ұлықтары қазақ даласындағы ел тізгінін ұстаған би-болыстардың кейбіреулерінің көзін жасырын жойса, кейбіреуін жер аударып, құрдымға бір-ақ жіберіп отырды. Ұлықтардың жантүршігерлік саясатынан Нақысбек болыс та қағыс қалмады.
Халықтың сенімі мен құрметіне ие болып, жергілікті старшиналардың жұмысына ылғи кесірін тигізіп, кері тартып жүретін Нақысбек болысты бір күні Жаркенттегі ояз орталығының ұлықтары астыртын шақыртып алып, өздері үшін қызмет етуді талап етеді. Бұл сарайға кірген іздің болғанымен, шыққан іздің болмайтынын жақсы білетін, ақыл-айлаға кемел Нақысбек шешен ұлық алдында ауызша уәде беріп, ажал аузынан аман құтылып кетеді.
1916 жылғы Қарқарадағы Ұзақ, Жәменке бастаған ақ патшаға қарсы «Албан көтерілісі» тұтас қазақ даласын дүр сілкіндірді. Дәл осы аумалы-төкпелі заманда Нақысбек Қарқарадағы халық көтерілісінің қолдаушыларының бірі болды. Ол туралы ежелгі қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымын зерттеуші ғалым Р.Ақмағанбетов: «1916 жылғы Қарқара жайлауында отырған қазақтардың патшалық Ресейге қарсы көтерілісі бұрқ ете түсті. Осы көтеріліске барып дем беру мақсатымен Нақысбек болыс жүз шақты сенімді, қаруланған жігіттерін ертіп, Қарқараны бетке алып жолға шығады. Олар Кетпен асуынан асып, Шалкөде жазығымен құлдап келе жатқанда Қисық Ақтас сайының тұсынан (қазіргі Көмірші ауылы маңы) жүз қаралы орыс әскері жолдарын кес-кестеп, оқ жаудырады. Қапелімде кезіккен жау Нақаң жігіттерінің біразын жайратып салады. Нақаң жағы жер жағдайына қанық болғасын, бір күн, бір түн қорғана ұрыс салып, әлгі орыс әскерлерін ойсырата жеңеді де, енді Қарқараға тура тартамыз деп отырғанда, ол жақтан қазақтар жеңіліп, көсемдері тұтқындалды, ел үркіп, Қытайға ауа көшіп жатыр деген хабар жетеді. Сосын бұлар Кетпенге кері қайтып, балашағасын алады да, 30 шақты үй сол түні Қытай асып кетеді» (Р.Ақмағанбетов, «Байлық танымы және қазақ байлары», Алматы, 2017 жыл, 301-302 беттер) деген дерегін алға тартады.
Осы тұста мән бере кетуге тиісті бір жағдай бар, Қытайдағы тарихи материал­дарда Нақысбек болыстың арғы бетке өткендігі туралы әр түрлі мезгіл көрсетіліп жүр. Біз де Р.Ақмағанбетов бастаған зерттеушілердің «Нақысбек Қытай жеріне 1916 жылы өтіп кеткен» деген дерегін толықтай қуаттаймыз. Өйткені Нақысбек болысқа Қарқара көтерілісін қолдады деген сылтаумен орыс ұлықтары соңынан қуғын түсірген. Содан Нақаң елін бастап Қытай асуға мәжбүр болған.

ІІ

Қытайдың Іле өңірі ежелден-ақ қазақ жұртының ата қонысы. Әртүрлі тарихи жағдайларға байланысты Алаш баласы ары босып, бері көшіп жүргенімен, түптеп келгенде байырғы Үйсіндерден тартып біздің ата-бабаларымыз осы мекеннен кіндік үзген емес. Жоңғар жорықтары кезінде ғана «алқакөл сұламалап» Сыр өңіріне босып кетуге мәжбүр болған албан-суан тайпасы Жоңғар жойылғаннан кейін Абылай ханның әмірімен атажұртына қайта орлаған. Содан ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасырдың басында албандар ол өлкеде алты ақалақшы (болыс деңгейіндегі жергілікті әкімшілік аймағы және соған сәйкес берілетін шен) ел еді. Қоңырбөрікке (албанның бір бөлім басқа руларда қамтылған) алғаш Дадай 1890 жылдары ақалақшы болған. Айтқа – Мәнке, Бозымға – Ақмолда, Қожмамбетке (Қосқұлаққа) – Жансейіт, Жартыға – Қасаболат, Шажаға (бір бөлім Алжандарды қамтиды) – Тәтібай ақалақшы болып ел басқарып тұрған.
Төкпе жырдың дауылы Көдек Марал­баев­тың «Кең Текес» атты дастанында: «Албанда ақалақшы алтау екен, Бұл жаққа дәм бұйырып бұрын келген» деген өлең жолы Іле албандары ХХ ғасырдың басында-ақ алты ақалақшы ел болғанының айқын дәлелі.
1916 жылдан кейін Албан тайпасы­ның жан санының артуына байланысты ондағы ақалақшы саны да көбейген. Өртекесте Алжан руына Тілеуберді Өскенбайұлы, Құлжа ауданындағы албандарға Қайыңбай, Тоғызтараудағы албандарға Нұрсапа ақалақшы болған.
Нақысбек Жалпетекұлы Шыңжаң­ның Текес өңіріне қоныс аударғаннан кейін өзінің әділдігі, іскерлігі мен шешендігі арқылы жер дауы, құн дауы, жесір дауы сияқ­ты істерге белсене араласып, ел ішін­дегі дау-дамайларды әділ шешіп отырады.
Текес өңірінде Қожбанбет руының ақалақшасы Жансейіт пен Қызай елінің Жолболды руының ақалақшысы Молдажан ортасында жер дауы болады. Екі рулы елдің ортасындағы бұл дауға қытайдың Іледегі жергілікті ұлықтары бірнеше рет адам жіберсе де, дауды ешкім шеше алмайды. Бұрыннан құда-жұрат болып өткен екі рулы елдің жер дауын Нақаң әділ шешіп, Іле өңіріндегі халыққа атағы жайылып, жұрттың алғысына бөленеді.
1916 жылдың соңында Жансейіт ақалақшы қайтыс болады. Келесі жылы Нақысбек халықтың қолқалауымен ақалақшылық сайлауға түседі. Ол осы жолғы ақалақшылық сайлауда басым дауысқа ие болып, бақталасынан оза ­шауып, Қожбанбет елінің ақалақшысы шеніне ие болады. Сайлауда ойсырай жеңілген бақаталастары ендігі жерде Нақысбек ақалақшының үстінен Қытайдың Іледегі жергілікті ұлығына арыз түсіріп, шағым айтады.
Сол арыз бойынша Іле генерал мекемесінің сол кездегі дутұңы Жы-Жүй Нақысбекті ордасына шақыртып алып:
– Сен Ресейден келген қазақтардың ішіндегі саны аз тайпаның адамы екенсің, демек ақалақшы болуға шартың толмайды. Орныңа басқа адамды ақалақшы етіп қоймасақ мына тұрғын елдің саған бойсына қоятын түрі жоқ, –дейді төтесінен.
Сонда Нақысбек ақалақшы тайсалмастан:
– Мәртебелі тақсыр, сіздің уәжіңіз бойынша саны аз жұрттың адамы саны көп жұрттың адамдарын басқармау керек екен. Олай болса сіз өзіңіз сонау қиырдағы Пекиннен қанша үймен келіп бізді билеп отырсыз? жан саны аз, сырттан келген адам ел билемейтін болса, жарайды, сіз де, мен де орнымызды босатайық, – депті.
Сөз жүйесінен оңбай жеңілген ұлық біраз уақыт үнсіз қалады да, соңынан ыржалаңдай тілге келіп:
– Мен сізді шешен деп естіп, әдейі ­сынап айтып едім, ақалақшылықты жалғасты істей беріңіз, сонымен бірге Іледегі албанның алты ақалақшысының үстінен қарайтын мансапты қоса беремін, бұдан кейін мен сізді тіке қабылдап тұрамын, – депті.
Содан кейін Нақысбек ақалақшы Іледегі алты ақалақшы елдің ісіне араласып, ел ішіндегі шешілмей келген дау-дамайды өте әділ шешіп отырады. Бұл туралы атақты ақын Таңжарық Жолдыұлы:
Албанда Нақысбек бар шығандаған,
Алдынан албан қарсы шыға алмаған.
Жапса да қанша жала Шың дубаны,
Нақаңды аттан ешкім жыға алмаған.
Өзіңдей Албекеңнен ұл тумапты,
Бұл жайға Қожбанбет жоқ қуан­баған, – деп, Нақысбектің ерлігін өте жоғары бағалаған.
Таяу замандағы Қытай қазақтары­ның тарихында Іледегі албан-қызай жұртына аты әйгілі ел қамқоры болған беделді тұлғалардың бірі Нақысбек шешен туралы Көдек ақын да бір өлеңінде:
Албанның ақалақшы, зәңгісіне,
Бір өлең желі тартып құрдым енді.
Аласа, биік жерін түзетуге
Ұстадым осы өлеңге сүргіні енді.
Бастығын Нақысбек қып аралауға,
Ауылына сол кісінің жүрдім енді.
Үйіне барып бір күн қонақ болдым,
Бірталай әңгіме айтты үлгілі енді.
Көз салып көлеміне қарағанда,
Жемісті алма ағаштай бүрлі келді.
Білермен бұрынғының шойтабаны,
Маңызды, сөзі жаттық үнді келді, – десе, тағы бір өлеңінде:
Қобыға Суасудың құйғанында,
Мен келдім Нақысбекке салам үшін.
Тағынан таймай жүрген Нақаң екен,
Руы Қожбанбеттің қазағысың, – деп, Нақаңның текті атадан тараған ірілігін, іскерлігін, шешендігін жырға қосады.

ІІІ

Нақысбек ақалақшының әділ билік жүргізумен бірге тіліне сөз асылы ұйыған шешендік даңқы екі ел қазағына кеңінен танылған тарихи тұлға. «Шешендікке келгенде Нақаң алдына жан салмайтын еді» дейді ауылдың көпті көрген шежіреші қарттары. Мен Қытайда жүрген кезде өз әкем Тоқтасын Сәрсенбайұлы, ұстазым Айтуған Көдекұлы қатарлы ауылдың қадір­менді ақсақалдардың ауызынан Нақысбектің шешендік сөздерін көп естідім әрі жергілікті қаламгер Ақай Сайдуақасұлы­ның Нақысбек туралы «Елім деп еңіреген ерен тұлға» атты мақаласын редакциялап өз қолыммен «Іле тарихи материалдары» (2004 жыл) атты кітапқа енгізген болатынмын.
«Нақысбек ақалақшы айтыпты» деген шешендік сөздер әсіресе Жетісу, Хан-Тәңірі атырабындағы ел ішінде кеңінен таралған. Мысалы, «Шабаннан желмес туады, сараңнан бермес туады, ­наданнан көрмес туады», «Малды байлық деме, ырызғысы сенде емес, жерде болады», «Адамның сегізінде тісі түседі, сексенінде баласына ісі түседі», «Қыдырып ішкен тамақтың кенеуі жоқ, қыдырып айтқан биліктің беделі жоқ», «Ұлылық пен зұлымдық тегінен, барлық пен жоқтық ебінен», «Есірік патша елін тыңдамайды, ессіз әйел ерін тыңдамайды», «Қостап айыл тартқанмен құйысқандай болмайды, қостап қатын алғанмен туысқандай болмайды», т.б. шешендік сөздер мен тапқыр сөздері бірте-бірте халықтық мақал-мәтелге айналып кеткен.
1916 жылы артынан қуғын түскен Нақысбек болыс елді бастап Қытайға қашуға дайындық көре бастайды. Сонда ел-ағайынның біразы Нақысбекке өздерінше ақыл айтып:
– Нақа, өре түрегеліп өрге қаша жөнелмей-ақ, ұлықтан кешірім сұрап, «жаздым-жаңылдым» деп көрсең етті. Біз де қарап жатпас едік, арашаға жарар жанкүйер ағайынбыз ғой, – деп оны тоқтатпаққа ниеттенгенде, Нақысбек:
– Арам қанға бит семірді, жуындыға ит семіреді. Без тамақ болмайды, ез қолқанат болмайды. Бит пен иттің күнін көріп, без жеп, езге еріп жүргенше, алжыған төбеттей өз қорама үргенше, қаңғып өлгенім мың артық. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» демей ме атам қазақ, – деп жауап берген екен.
Албан тайпасының ішінде Қож­банбет руына жататын Ағымсары мен Қосқұлақ аталас елдер. Бір күні ауылдың пысықай, жаяу жорға шалдары Нақысбек ақалақшыға келіп:
– Ақалақшы, өзіңіз әбден білесіз, Ағымсары мен Қосқұлақтың арасы баяғыда-ақ жеті атадан асып кетіпті. Бірін-бірі қалап, үйленеміз деп жүрген жастар бар көрінеді... Боз бие сойып, қыз алысып, қыз беріссек қайтеді?-деп өтініш айта келіпті.
Бұл жөнсіз талапқа Нақысбек шешен:
– Қарындасын қатын қылуға асығып жүрген қай тексіз?! Өзге қазақтың қызы құрып қалып па? Жеті атаға толған екен деп қыз алыса беру дұрыс емес.Ең бірінші, қызыңнан ұят кетеді, ұлыңнан мият кетеді.Ұрпақтан мейір кетеді, ағайыннан пейіл кетеді. Екіншіден, ондайдан тараған ұрпақ кем болады, құлқындары кең болады, қысқасы,бұл әңгімені қойған жөн болады, – деп рұқсат бермеген екен. Міне бұдан Нақысбек ақалақшының Қасым ханнның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке хан билік құрған замандағы «Жеті жарғы заңынан» жалғасып келе жатқан қазақтың қыз алысу дәстүрін берік ұстанып, шынайы мұрагерлік еткенін аңғаруға болады.
«Қайда барсаң да қазанның құлағы төртеу» деген рас. Екі реткі үркінде Қытайға ауып барған елдің тағдыры әсте кісі қызығарлықтай болған жоқ. «Адамның басы – Алланың добы» дейді ғой атамыз қазақ. Ондағы қазақ, ұйғыр жұрты ХХ ғасырдың басында қазіргі Шыңжаң өлкесіне билік жүргізген қытайдың жергілікті шонжарлары Жин Шурын, Шың Шысайлардың адам жегіш жауыз саясатының қармағына ілініп, жоқшы­лық пен езгінің тақсыретін әбден тартты. Қазақстан жерінде туып, кейін Қытай жеріне ауып барған Нақысбек Жалпетекұлының да тағдыры қиямет-қайымы мол күрделі кезбен тұспа-тұс келді. Сол қыйын кездерде Нақаң ел басқару өнері мен шешендігінің арқа­сында қилы заманның соқпақсыз қысаң­дарынан жол таба білді. Нақысбек ақалақшы сол дәуірдегі Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы, Көдек Маралбаев, Таңжарық Жолдыұлы, Жақыпберді Сұлтанбекұлы, Садықожа Мошанұлы, Шарғын Әлғазыұлы, т.б. ардагерлермен жай күндерде сыйлас-сырлас ­болумен бірге, олардың бастарына қара бұлты үйіріліп, тағдырлары тығырыққа тірелген кездерде оларға қол ұшын беріп, көмектесіп, қамқорлығына алып отырғаны тарихтан белгілі. Мәселен, ауылдағы күндес, бақталас ағайын Таңжарық ақынның үстінен арыз ­жазып, ұстатып жібермек болғанда, жас ақын ылғи Текеске барып Нақысбек ­ауылын паналайтын болған. Артынан қуа барған өкімет адамдарына Нақаң Таңжарықты бермей, ылғи аман алып қалып отырады. Ал Нақаңның Жүсіпбек­қожа Шайхысламұлы, Көдек Маралбаев, Садықожа Мошанұлы, Шарғын Әлғазыұлы секілді ақындарды үнемі қамқорлығына алып, көмектесіп тұрғанын ауыл қарттары әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Бұл туралы профессор Дүкен Мәсімханұлы «1935 жылы әкемнің ағасы Әлиасқар деген кісі үйленіп, әкелері әйгілі Нақысбек болыс келін түсіру тойын жасайды. Тойға арнап 40-50 киіз үй тігіліп, Іле өңіріндегі албан-қызайдың игі-жақсылары мен әнші-күйші, ақын-жыршылары, ақалақшы-болыстары, мампаң-зәңгілері түгел шақырылады. Үш күнге созылған ұлы дүбір жыйынға Көдек Маралбаев, Таңжарық Жолдыұлы, Шарғын Әлғазыұлы секілді сол заманда есімдері елге мәлім ақындары келеді. Менің әкем және ағалары, сонымен бірге алыс-жақыннан келген сал-сері жастар, негізінен Садықожаның қасында болады. Сонымен, Садықожа өзінің айтыстағы жүлделері бар, басқа болыс-мампаңдардың риза көңілімен мінгізген аттары бар, Нақысбек атамыздың сый-сияпат ретінде астына мінгізген жорғасы мен жетектеткен жүйрігі бар, жалпы алдына бір үйір жылқы айдап ауылға аттанады» («Ана тілі» газеті, 2019 жылы 26 қыркүйек күнгі саны) дейді. Міне, осының өзінен-ақ Нақысбек ақалақшының өнер иелеріне деген құрметін анық көруге болады.
Әйгілі Тазабек батырдың немересі Жақыпберді Сұлтанбекұлының соңынан Кеңес үкіметі жағынан қуғын түсіп 1928 жылдары рулы елін бастап Қытайға асуға мәжбүр болады. Іленің Текес өңіріне өткеннен кейін Жақыпберді бастаған ел Нақысбек ауылына қара тартып ­барады. Нақаң азып-тозып келген елді жылы қабылдап, жайлау-қыстау, мал беріп орналастырады. Арада 4 жыл өткеннен кейін Жақыпбердіні көре алмас күндестері сол кездегі Күредегі жергілікті үкіметке «Жақыпберді шекара бұзып, бүлік шығарғалы жатыр» деп, жалған жала ­жауып арызданады. Бұдан алдын ала хабар тапқан Нақысбек ақалақшы Жақыпберді бастаған ел азаматтарына қару-жарақ, ат-көлік, азық-түлік беріп тауға қашырып жібереді. Сондай-ақ тау шатқалына бекініп алып қытай шеріктерімен айлап ұрыс салған Жақыпберділерді Нақысбек ақалақшы жасырын түрде азық-түлікпен, оқ-дәрімен қамтамасыз етіп тұрады.
1932 жылы жансыздардың әшке­релеуі мен шырғалауында жергілікті үкімет ұлықтары Жақыпберді Сұлтан­бекұлы, Әуесхан Белгібайұлы қатарлы ел ардагерлерін қолға алып, Құлжа түрмесіне қамайды. Соңынан бұларды Сүйдің-Күре жамбылындағы түрмеге апарып аяусыз қыйнау көрсетеді. 1933 жылы Іле генерал мекемесінің дубаны Жақыпберді, Әуесхан, Оқас, Кәдірбек, Кәдірхан, Сұлтанәлі, Тұрсынбай қатарлы он неше ел азаматтарын өлім жазасына кесіп, атып өлтіреді. Сол арманда кеткен ардагерлердің ішінде ақын Әуесхан Белгібайұлы түрмеде жатқан кезде «Елге хат» (мұны ел кейде «Жақыпберді ­батыр» қиссасы деп те атайды) атты ұзақ дастан жазған екен. Әуесхан ақын жазған сол «Елге хат» деген дастанды кейін Қасым Тайтаразұлы деген адам Нақысбек бастаған ел иелерінің қолына табыс етеді. Нақаңның бастауымен арманда кеткен арыстардың соңғы жұмыстары ойдағыдай атқарылады. «Елге хат» ­дастанында көптеген ел тұтқаларымен бірге Нақысбектің де ерлігі ерекше ілтипатпен жырланады.
Нақысбек ақалақшы 1930 жылдары қазіргі қытайдағы Текес ауданына қарасты Шиліөзектің Шолақсай деген жерінен өз қаражатымен мектеп ­салып, ондағы халықтың мүлде тұралап қалған оқу-ағарту ісіне қан жүгіртіп, болашақ ұрпақтардың ғылым, білім үйренуіне ерекше атсалысады. Нақысбек салдырған бұл мектепті халық жер атымен «Шолақсай мектебі» деп атап кетеді. 1931 жылдары Нақысбек ақалақшы «Шолақсай мектебіне» қазақтан шыққан алдыңғы қатарлы білім иелерінен Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы, Шарғын Әлғазыұлы, Мәлік Бірімжанұлы, Халық Оспанұлы, Әбілғазы сияқты оқымысты, зиялыларды мұғалімдікке ұсыныс етеді. «Шолақсай мектебінің» алғашқы мектеп мүдірі (меңгеруші) Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы болса, одан кейінгі мектеп меңгерушісі Шарғын Әлғазыұлы болған екен. Көне көз ақсақалдардың айтуына қарағанда бұл мектепте діни дәрістерден сырт, арнаулы түрде тіл, әдебиет, математика, жағрафия пәндері өтіліп, жүзден аса бала оқыпты.
Нақысбек Жалпетекұлы 1936 жылы Қытайдың Текес ауданына қарасты Шиліөзек деген жерде қайтыс болған. Ел аузында айтылған әңгімелерге қарағанда Жүсіпбекқожа Шайхысламұлы намазын шығарып, ақын Көдек Маралбаев дауыс (жотау) жазған екен. Көдек ақынның ұлы, қарт ағартушы Айтуған (1928-2007) «1945 жылы мен Қорғас ауданында тұратын ақын Ажабай ағамның уйіне іздеп бардым. Ол кісімен әкем Көдек өлеңдері туралы көп әңгімеде болдым. Ажабай ағам мен аттанарда қолындағы екі елідей қолжазба кітапты маған беріп жатып: Бұл қолжазбадан басқа Көкемнің (Көдектің) «Нақысбекке дауыс» сияқты бірнеше жоқтаулары бар еді, абайсызда жоғалтып алдым, сен Көкемнен қалған бұл мұраларды мықтап сақта. Мен Ажабай ағама мақұлдық беріп, ауылға аттанып кеттім» дейді. Осы дерекке қарағанда Көдек ақынның Нақысбекке шығарған жоқтауы бар екенінде дау жоқ.
Нақысбек ақалақшы аумалы-төкпелі ауыр заманды бастан өткізіп елім деп еңіреп өтті. Қытай жерінде басы қалған Нақысбектей нар тұлғалардың ерлігін, ерен еңбегін өскелең ұрпаққа жеткізу, насихаттау біздің азаматтық парызымыз.
Нақысбек ақалақшының өмір жолы мен еңбектері туралы әр жылдары арғы бетте Әблез Шәріп, Дүйсенбек Тұрлығожа, Сұлтан Жанболатов, Жақып Мырзаханов, Нұрлан Сәрсенбаев Ақай Сәйдіуақасұлы, Қазақ елінде Төреқұл Нысанбек, Р.Ақмағанбетов, Сейіт Қасқабасов, Нұрқасым Қазыбеков, Құныпя Алпысбаев, Сағатбек Медеубек, Тоқтар Әлібеков, Дүкен Мәсімханұлы, т.б. ғалымдар мен беделді қаламгерлер бірқатар зерттеу еңбектерін жазды. 1995 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданының Кетпен ауылында Нақысбек болыстың 130 жылдығына орай арнайы ас беріліп, ауылдың бір көшесі «Нақысбек болыс» атымен аталды. Ал қытайдың Текес ауданы Шилөзек ауылындағы үлкен бір аңғар күні бүгінге дейін «Нақысбек сайы» деп аталады.
Нақысбек Жалпетекұлының есімі екі ел қазағына аңызға айналған ірі тұлға. Жыр саңлағы Шарғын Әлғазыұлы:
«Болаттың сенде бірісің,
Шешеннің бұлбұл тілісің.
Жорғадай сөзің, жүрісің.
Нар болып туған Нақысбек,
Текті жерден шығысың,
Арыстанның түгісің» деп тектен-текке айтпаса керек.
Күллі саналы ғұмыры ұлтының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаумен өткен, сөйтіп туған халқының шексіз құрметі мен ықыласына бөленген Нақысбек болыстың арты да жаман болған жоқ. Ұрпақтары рулы елге айналды. Олар бүгінде Қазақстан мен Қытай елдерінде өсіп-өніп, тіршілік етуде. Олардың арасында елге елеулі, халқына қалаулы азаматтар да бар. Солардың бірі Нақысбек болыстың туған немересі, талантты ақын, әйгілі аудармашы, көрнекті қытайтанушы-ғалым, ұстаз, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ШЫҰ «Жібек жолы» сыйлығының иегері Дүкен Мәсімханұлы. Нақысбек болыстың бел баласы Мәсімхан кәрия да өмірбойы дін ұстаған тақуа, ауыл молласы болып өмірден өтіпті.
Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылында Отанға оралған Дүкен Мәсімханұлы елге оралған алғашқы күннен бүгінге дейін табан аудармай еліміздің жетекші ЖОО-да шәкірт тәрбиелеумен, ғылыми-зерттеумен, көркем аудармамен, әдеби шығармашылықпен айналысып, азат Қазақ еліндегі руханият саласының жандануы мен гүлденуіне, әсіресе отандық қытайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосып келеді. Бүгінде Дүкен Мәсімханұлы ҚР ҰҒА Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры болып қызмет атқарады.
Бұндайда атамыз қазақ «атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» демеуші ме еді?!
Қазақ шешендік өнері тарихында өз орны бар, небір рулар арасындағы өртке айналып кете жаздап тұрған ­немесе кісі өліміне соққалы тұрған дауларда тауып сөйлеп, тіліп айтып, қара қылды қақ жарып әділ шешім шығарған, халықтың нақыл-тәмсіліне айналып кеткен көптеген пәлсапалық толғамдардың авторы Нақысбек Жалпетекұлының шешендік өнері туралы сөзді өзінше бөлек әңгімеге арқау етпекпіз.

1965 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы