• Тұлға
  • 20 Тамыз, 2020

ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН Нәзипа Құлжанованың абайтануға қосқан үлесі хақында

Абай Құнанбайұлын бүткіл қазаққа танытқан, алғаш болып орыс әлеміне насихаттаған, абайтану ғылымының негізін қалаған ХХ ғасыр басындағы қазақ оқығандары болатын. Олар – Алаштың ұшан-теңіз білім мен ғылымды игерген, әлемнің озық тілдерін терең меңгерген айдындары еді. Алаш ұранды тұғырлы азаматтардың рухты қозғалысында Нәзипа Құлжанова, Аққағаз Досжанова, Ғайнижамал Дулатова, Жаңыл Қадырбаева, Гүлшаһара Досымбекова сынды нәзікжандылар да болған. Есімі аталған қазақ қыздарының ішіндегі шоқтығы биігі – Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова (1887-1934).

Қайраткер қыз Абайға арнап ең алғаш рет шығармашылық әдеби кеш ұйымдастырған. Бұрын-соңды қазақ даласында әдеби кеш ­өтпеген-ді. Нәзипа осындай батыл да игілікті істің негізін қалап, қоғамымызға мәдени өркениеттің дәнін сепкен. Әдеби жиын 1914 жылдың 26 қаңтарында Семей қаласындағы «Халық үйі» ғимаратында өткен. Анығында, бұл кеш хәкімнің дүниеден өткеніне он жыл толуына арналған. Әдеби кеш кешкі сағат 19:00-де шымылдығын ашқан. Ығы-жығы халық. Ине шаншар орын жоқ. Далада боран деген Қорқыттың қобызындай күңіреніп, ұлып тұр. Семейдің кәрісі мен жасы, жасамысы бәрі-бәрі осы кешті көруге асыққан. Өйткені бір апта бұрын шаһардың әрбір көшесі мен бұрышына алдын ала жарнамалық хабарландыру ілінген-ді. «Жақсыны көрмекке» демекші, алғашқы әдеби кешті көруге келген халықтың қисабы жоқ. Демек, Нәзипа бастаған шығармашыл топ халықтың санасын оятты, қоғамға жаңа мәдениеттің құбылысын енгізді деуге толық хақылымыз.

Nazipa
Сонымен, этнографиялық, әдеби-музыкалық вокальды кеш басталды. Сахна төріне Нәзипа қыз көтеріледі. «Қырғыз (Қазақ) ақыны Ибраһим (Абай) Құнанбаев және оның поэзиясы» тақырыбында баяндама оқиды. Сөзге ұйыған есті жұрт ұзақ қошемет көрсетеді. Бұл – тарихымыздағы Абай туралы жасалған алғашқы ғылыми баяндама, мәнді сөз еді. Осы тарихи кеш туралы «Айқап» журналының 1914 жылғы №4 санына «Семипалаттан» деген шағын хабар жарияланған. Авторы – «М.М.» деп қол қойған Мұстақым Малдыбайұлы болатын. «Нәзипа ханым сөзінің аяғында: «Абайды туғызған қазақ даласы, тағы да талай Абай секілді, бәлки онан да артық, данышпандар туғызар» дегенде тыңдаушы қазақтардың жүйкесі босап, көзіне жас алғандары да болды (байғұс қазақ қам көңіл ғой). Нәзипа ханымның орысша таза сөйлеуіне орыстар таңғалды» деп жазылған. Міне, бұл сол кешке қатысып, әдеби кештің мазмұнымен толық танысқан көрерменнің пікірі. Осы шағын жазба арқылы біз сол кештің тарихымен және Нәзипадай ақсүйектің дегдарлығымен танысып, оның біліміне, әлеуетіне қайран қалып отырмыз.
Айтулы шарада атақты Әлмағанбет Қапсәлемұлы Абайдың әндерін нәшініне келтіріп орындағанда, зал деген тегіс «Япыр-ау!» деп ду-ду ете түссе керек. Ақынның өлеңдері жатқа оқылады. Қысқасы, Абайдың рухына зор тағзым ­жасалады. Мұстақымша айтар болсақ, «Абайдың өлеңі ­айтылады, бақсы ойнайды деген хабарды естіп, қаладағы, қырдағы жиылған қазақтың көбіне билет жетпей қалды. Қазақтың өз тілінде еш нәрсе болмағандығынан тыныш жүрген де халық екендігі білінді (қазақ сауыққой халық қой), қазақтың оқығандары бала-шағаларымен көтеріле барыпты. Абайдың қадірі халыққа зор екен. Абайдың өлеңі оқылғанда, талай қазақтың көзінен жас мөлдіреді». Ақиқатында, бұл кеш қазақтың оқығандарының көпке қалалық мәдениетті көрсеткені, үлгі еткені байқалады.
Ұзақ уақыт ел есінде сақталған осы кешті ұйымдастыруға Нәзипа себепкер болса, оны қолдап, қуаттаған әуелі жолдасы Нұрғали Құлжанов, Абайдың баласы Турағұл мен інісі Кәкітай еді.
1915 жылғы 13 ақпанда да тағы бір мәдени зор оқиға болыпты. Семейде. «Приказчик клубында» өткен әдеби кеш қазақ руханиятының қос биігі Ыбырай мен Абайдың шығармашылығына арналыпты. Мұны да ұйымдастырған Нәзипа екен. Бұл кеш Абайдың туғанына 70 жыл ­толуына орай өткізілген. Кеш барысында ең алдымен Нәзипа Құлжанов мен Райымжан Мәрсеков Абай мен Ыбырай шығармашылығы, олардың жазба әдебиетіміздің негізін салудағы ерек орны мен маңызы турасында тамаша ­баяндама ­жасайды. Әсіресе, Райымжан Мәрсекұлы Абай туралы сөз айтқанда қазақтың ерте заманғы билерінен жырауларына дейін толық түгендеп, олардың жыр-толғауларын мысал етіп, Абайдың сөз қолданысымен салыстырып, Абай шығармашылығының поэтикалық қуаты мен ерекшелігін жан-жақты айқындап, терең әдеби талдау жасап, көрерменге хәкімді біртуар тұлға ретінде көрсеткен-ді.
Кеш барысында Нұрғали Құлжанов «Біржан мен Сара айтысының тарихы» туралы баянсөз ­айтса, қала жастары мен мұғалімдер семинариясының (бүгінгі М. Әуезов атындағы республикалық педколледж – Е.Т.) студенттері Біржан мен Сара айтысынан қойылым көрсеткен. Біржан рөлінде – әйгілі жазушымыз Жүсіпбек Аймауытұлы болса, Сараның бейнесін Тұрар Қозыбағарова (Алаш ­арысы Ахметжан Қозыбағарұлының жары) сомдаған. Асылында, Нәзипаның сценарийі ­бойынша қойылған «Біржан-Сара» қойылымы үлкен сахнаға шыққан алғашқы спектакльдық ойын.
Әдеби-музыкалық кештің екінші бөлімінде Нәзипа Ыбырайдың «Жаз» өлеңін, Тайыр Жомартбаев Абайдың «Қыс» өлеңін, Қаныш Сәтбаев «Бұлбұл мен есек» мысалын, Мұстақым Малдыбайұлы Ыбырайдың «Өсиетін» жатқа оқыған. Әлмағанбет Қапсәлемұлы Абайдың ­«Татьяна хатын» әсем әуенмен әндетіп, тыңдарманның көңілін көтерсе, Жүсіпбек пен Қаныш мандалина мен балалайкада ойнап, өнер көрсеткен-ді. Ал үшінші бөлімде Жанақ ақын мен баланың айтысы өтеді. Жанақ рөлін Әлмағанбет, бала рөлінде Ыбырайдың ұлы Ғабділхамит ойнаған. Осындай үлкен тарихи кеш болған.
Осы тарихи үлкен жиын туралы «Айқап» журналына Мұстақымның «Қазақша бастапқы ойын» деген мақаласы шыққан. Мақала авторының ­жазуын дерек ретінде қарастырсақ, «Ойынға жалғыз жастар ғана емес, ақсақалдар, қажылар, екі-үш қатындарын, қыз-келіндерін түп көтере ала келді. Ноғайлардың бас адамдары жамағаттарымен парлап келді» деп жазады. Қоғамдық ортаға сілкініс тудырған мәдени жиынға көп адам қатысқаны мәлім. Сонымен қатар, жиынға «Бірнеше учитель, хүкімет кісілері, «Сибирская жизнь», ­«Семипалатинский телеграф», «Барнаульский» газеталарының хабаршылары» да қатысқан.
Анығында, қос тарихи тұлғамызды ұлықтауға арналған жиыннан түскен қаражатты көмекке мұқтаж жастарға аударамыз деп құлақтандырып, хабар таратқан болатын. Расымен солай ­болыпты. Жиын біткен соң, қазынашы билеттен түскен түсімді есептегенде, Жақия қажы 100 сом, шай буфетінен 73 сом, келушілерден 917 сом, 69 тиын жиналған. Соның 640 сомы Петерборда оқып жатқан қазақ оқушыларының пайдасына бөлінсе, қалған 277 сом, 60 тиын кешті ұйымдастыруға кеткен шығынға жұмсалған. Мұстақымның жазуынша, «Семейде мұнан бұрын ешбір ойында мұндай ақша жиылғаны жоқ екен. Ойын біткен соң жұрт риза болып, рақмет айтып тарады».
Ағартушы, Семей педагогикалық училищесінің оқытушысы Нәзипа Құлжанованың абайтануға қосқан келесі бір жарқын үлесі – ақынның «Желсіз түнде жарық ай» өлеңін орыс тіліне аударып, «Сибирский студент» журналына жариялауы. Осы күнге дейін Н. Құлжанова Абай өлеңін аударып, жариялаған дегеннен артық басқа ештеңе жазылмаған. Яғни, өлең аудармасының мазмұнын ешкім жарияламаған екен. Біз, осы журналды архив арқылы іздестіріп, Томбы қаласындағы кітапхана қорынан таптық. (Кульжанова Н. Весна. Перевод стихотворения Абая. // Журнал «Сибирскій студент», 1915, №3-4). Алдымен сол өлеңнің жалпы мазмұнына назар аударайық:
Вь тихую ночь сіяла луна, дрожжа
Отражалась вь водь, глубокій оврагь за
Ауломь рька, разливаясь, туть близко шумела.
Густого льса листья шептались межь собой,
Не видно было и земли подь шелкомь
зелени густой.
Помнишь, какь лай собакь и крики пастуховь
отлавались вь горахь.
Дали аула навстрьчу мнь какь на
свиданье ты пришла.
Какь будто плывя, незамьтно, то холодья,
то горя.
Затаивь дыханье, волнуясь,
настороживщись пугливо,
словь не спуская сь языка,
сь усиленно бьюшимся сердцемь,
стояла ты, опершись на плечо ко мнь,
и вь горль у тебя клокатали несказанныя слова, – деп аударған. Анығында, Нәзипа Құлжанованың орысша сауаты жоғары, орыс әдебиетін терең таныған, білген қазақ қызы болған. Қара сөзбен аударылған «Жазғытұрым» өлеңінің мазмұнын осылай ажарландырып, қазақ ақынын орыстарға алғаш танытқан болатын. Орыс әдебиетшісі А.Белослюдовь Нәзипаның аудармасы жөнінде: «Интеллигентные киргизы говорять, что Абай открыль богатство родного языка: до него они думали, что киргизскій языкь очень бьдень Абай простыми словами понятными каждому киргизу.
Оригинальныя сочиненія Абая Кунанбаева ­собраны сыномь его Туракуломь, но на русскій языкь еще не переведены и не изданы.
Изь стихотвореній Алтынсарина вь русскомь переводь мнь известно одно – «Весна». Изь стихотвореній Абая Кунанбаева также одно – «О любви». Перевела эти два стихотворенія киргизка Назифа С. Кульджанова», – деп өз бағасын беріп, әдеби талдау жасаған. Қазақтың қайраткер қызы өзінің Абайға, Алаш ұлдарына деген сүйіспеншілік құрметімен осылай жақсы баға алған екен.
Ағартушы, әдебиетші-жазушы Нәзипа Құлжанованың бас ақынды тану, таныту бағытын­дағы атқарған ісінің бір парасы – осы. Қай­раткер қазақ қызының тұлғасы мен шығар­ма­шылығы, қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени қызметі толыққанды зерттел­мегендіктен, алыс-жақын архив пен кітапхана қоймаларын қарап, зерттей түссек, ұлттық рухани кеңістігіміз жаңа деректермен толығады.
Сөзімізді Мұстақым Малды­байұлы­ның ойымен түйіндесек, «Бұл ойынды ойнауды шығарған да, басқарған да Назифа ханымға қанша рахмет айтсақ та аз емес. Біздің қазақта ұлтқа қызмет еткен әйелдің алды осы Назифа ханым болып шежіреде жазыларға тиіс» дегендей, ол – қазақ тарихында Алаштың қайраткер қызы ретінде хатталды.

Елдос ТОҚТАРБАЙ

1740 рет

көрсетілді

116

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы