• Тұлға
  • 20 Тамыз, 2020

Асыл анамызбен қоштасу

Көз алдыма студенттік күндердің үзік-үзік суреттері елестейді.
...Шағын ғана аудитория. Алты-жеті бала араб тілі пәнінен сабақ беретін мұғаліміміз – Мәрзия Мәженова апайды күтіп отырмыз. Кеше ғана бірінші курс студенттері шет тілі кафедрасы бойынша ағылшын, неміс және араб тілдері тобына бөлінген-ді.
Бізге бұйырғаны, міне, осы араб тілі болды. Бұрын ауылдағы ишан, қари, молдалардан естіген әуезді, сиқырлы мақам құлағымыздың бір қуысында ұялап қалса керек. Сол мақамды енді, өзгеше қырынан, ғылыми тұрғыдан естіп, біліп, оқуға құштармыз.
Есік ашылып, ішке Мәрзия апай кірді. Дүр етіп орнымыздан тұрдық. Қараторы өңді, етжеңділеу келген апайдың жүзі жылы екен. Бізге күлімсірей қарап, әрқайсымыздың өң-түсімізді шолып өтті де, ақырын ғана басын изеп:
– Отырыңдар, – деді.
Содан соң, бұл алғашқы сабақ болғандықтан, араб тіліне қысқаша шолу жасап, түсініктеме беруге кірісті. Біздің ұққанымыз, мына дүниеде екі қиын тіл болса, соның бірі – араб тілі. Әйтсе де, ерте замандарда елімізге, жерімізге ислам діні осы тіл арқылы келгендіктен, бізге онша бөтендігі жоқ. Ата-бабаларымыз араб тілінде құран оқып, намазға жығылып, сәждеге маңдайын тигізген.
Мәрзия апай кенет сәл кідіріс жасап, тым-тырыс тыңдап отырған топқа қарады да:
– Сендердің араларыңда құран оқи білетін балалар бар ма? – деді.
Біз жымыңдап, бір-бірімізге қарадық. Ол кезде төл әдебиетіміз де, өнеріміз де діншіл кісілерді күлкі қылып, әшкерелеп, мазақ етіп жатқан заман.
– Немене, ауылдағы әжелерің жеті шелпек пісіріп, аталарың аруақтарға бағыштап құран оқымай ма?
Мәрзия апайдың бұл сөзі біздің көз алдымызға бала кезден таныс жайттарды ала келді. Құдайы тамаққа шұбырып келетін ата-әжелеріміздің қолына құманмен су құйып, иығымыздағы сүлгіні ұсынып өстік емес пе.
– Оқиды, – деді осы сәтте алдыңғы партада отырған ұзын бойлы, жіңішке сары бала Мұхтар Құл-Мұхамед.
– Олай болса, Құранның бір-екі сүресін білетін боларсыңдар?
– Білеміз, – деді Мұхтар.
– Ендеше, қане, сол сүрені оқып жіберші.
– Ой, апай... – Мұхтар өз-өзінен қысылып, ақ сары өңі қызарып сала берді.
– Ұялма, – деді Мәрзия апай. – Бұл – Ұлы мәдениет.
– Иә-ә... Мен де солай ойлаймын. Ендеше, рұқсат етіңіз, отырып оқиын. Құранды ешкім де тұрып оқы­майды ғой.
Мәрзия апай жымиып:
– Отыра ғой, – деді. – Әр елдің салты әртүрлі. Оған кейін тоқталамыз.
Мұхтар орнына отырып, тамағын бір кенеп алды да:
Ағу-зу бил-ла-һи, мин-а шайта-ани ражим, – деп бастай жөнелді.
Сол баяғы кішкентай күнімізден құлаққа таныс мақам. Мұхтар досымыз «Фатиха» сүресінен мүдірмей өтіп, «Ықыласты» үш қайырғанда көңіліміздің марқай­ғаны сонша, дуылдатып қол шапалақтап жіберуге аз-ақ қалдық...
***
Жас кездегі, әсіресе, студенттік шақтағы қызықтарды бір күнде айтып тауыса алмайсыз. Кесте бойынша бірінен соң бірі кезек күтіп, бір аудиториядан екінші аудиторияға шақырып жататын университеттегі сабақтар секілді жалғаса береді, жалғаса береді...
Әне, сыңғырлап қоңырау соғылып, араб тілі пәнінен зымырап шыққан бойда тағы бір аудиторияға кіріп барамыз. Жаңа ғана Құран оқып, баршамызды таңғалдырған Мұхтардан: «Мұны қайдан үйрендің?» деп сұрауды да ұмыттық.
Кейін, арада жылдар өткенде қоғам және мемлекет қайраткері, сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед досымыздың «Асылзада» атты кітабын оқығанда барып әлгі оқиға ойға оралды. Онда Мұхаң:
«Анам Гүлғасыл арғын-тарақтының сөз ұстаған биі Нүсіптің тоғыз ұлының ішінде еркелеп өскен жалғыз қызы екен. Тарбағатай баурайындағы Тасты өзенінің жағасында орналасқан әкесінің қара шаңырағында дүниеге келген ол таза қазақи тәрбие алған жан. Ауыл мектебінен хат танып, Құран оқитындай дәрежеге жеткен соң, ары қарай оқуын жалғастырмаған» деп жазады.
Ендеше, баяғыда-а бізді таңғалдырған студент Мұхтардың Құран сүрелерін, ең алдымен, асыл анасынан және «Орқа-Күлше», «Сыршыл молда», «Шахмаран», «Атымтай жомарт», «Шеризат», «Шәкір-Шәкірат», «Иранғайып шаһ Ғаббас», «Жәмшид» секілді ескілікті хикаяларды қоңыр даусымен шебер ­баяндайтын әкесі Абрар ақсақалдан үйренгені анық қой.
Әсілі, өткен шақ та жайдан-жай ойға оралмайды. Осыдан бірер жыл бұрын абыз ақсақал Абрар атамыз дүние салған-ды, енді міне, кешеден бері Гүлғасыл апамыздың да 87 жасында бақилық болғанын естіп, көзімізге жас алып, қайғырып отырмыз.
Ауыл мектебінен хат танып, қазақи тәрбие алып, жарық дүниеге өрімдей ұлдар мен қызғалдақтай қыздарды әкеліп, «Батыр ана» атанған апамыз өз бойындағы қасиетті қазақи тәрбиені ұрпағына да үлгі ете білді. Оларға Құран сүрелерін жаттатқызды. ­Иманды, мейірімді етіп тәрбиеледі. Сол тәрбиенің арқасында қара шаңырақтан Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап-ақ елім, жерім деп аянбай тер төгіп, еңбек етіп келе жатқан Мұхтар Құл-Мұхаммедтей қоғам қайраткері қырандай самғап ұшып, биікке көтерілді.
Асыл анамыздың топырағы торқа болып, рухы пейіште шалқысын.
Қош болыңыз, апа! Сіз тәрбиелеп өсірген ұл-қыздар мен сізді үлгі тұтқан келіндеріңізге Алла Тағала Абрар атамыз екеуіңіздің жасыңызды берсін.

«Батыр ана» Гүлғасыл апамыздың ұлы
Мұхтар Құл-Мұхаммед пен сүйікті келіні
Айгүл Хасенованың курстас достарының
атынан – Нұрғали ОРАЗ

796 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы