• Әдебиет
  • 20 Тамыз, 2020

ДӘРІСІ БӨЛЕК ДӘМЕГҮЛ АПАЙ

Былтыр журфакты бітіргенімізге 20 жыл толғанда курстастар арнайы чат ашып, жоспар құрдық. Журналис­тер күні қарсаңында қасиетті қара шаңырағымыз – факультетке студенттерге арналған оқу-демалыс орталығын сыйға тартып, ізбасарларымызбен кездесу өткізіп, бітіруші түлектерге қолымыздан диплом табыстап, соңын тамаша отырыспен қорытындылайтын болдық. Кешкілік салтанатты басқосуға ұстаздарымызды алдырту жағын ақылдасқанымызда, өздері Алматыда, бірақ университеттен жырақта жүрген оқытушыларымыздың есімдерін тізе бастадық. Сонда көпшіліктің сағына іздегені – Дәмегүл апай болды. Өкінішке қарай, оқыс оқиға – Арыстағы жарылыс жоспарды өзгертіп жіберді, жоспарды толық жүзеге асыра алмадық...
Курстастардың Дәмегүл апайға деген сағыныштары түсінікті еді. Өзіне ғана тән ибалы ілтипатпен, жеңіл ғана жымиып қамқор көңілін әрдайым аямай білдіретін ұстазымызды бәріміз жақсы көрдік. Алыста қалған анамызды, ылғи мейірленіп тұратын жеңгемізді көргендей сағынышымызды басатынбыз.
Темкеңнің «Дәмелісі», ортасының «Дәкеңі», отағасының «Дәмені», біз секілді шәкірттерінің «Дәмегүл апайы» – курстастарымыз арасында маған тіпті жақын. Өйткені «Жас алаш» газеті «Қоңырау» қосымшасының тәлім-тәрбиелік мәні» атты дипломдық жұмысыма жетекшілік жасаған Дәмегүл Сердалықызы – менің ғылыми-зерттеу қадамыма бағыт-бағдар берген алғашқы жолбасшыларымның бірі еді. Сол курстастарымызды сағындырған Дәмегүл апайдың бүгін туған күні, туған күні болғанда да ғибраты мен өнегесі мерейлі 70 жасқа толған – аналықтан әжелікке, ұстаздықтан ұлағатқа ұласқан күні.
Дәмегүл апайдан шәкірттердің алғаны көп. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде 40 жылдан астам уақыт шәкірт бойына ұлттық ұстынды сіңірген ұстазымыздың басты ұстанымы – болашақ парасат иелерінің санасына ұлттық құндылықтардан тамыр алған тәрбие нәрін егу еді. Ол кісінің осы шыңға шыққаны ақиқат.

Тәрбие, білім – терең тамырлас егіз ұғым­дар. Мақсат-міндеттері – қоғамның саналы да белсенді мүшелерін сомдап шығару. Осы ретпен жүргізілген жұмыстың бәрі ­жастарды жан-жақты жетілген, білімді де жігерлі әрі өмірге, еңбекке қабілетті етіп шыңдап, уақыт ызғарына төзер буын даярлауға ­арналады. Италияның ұлы суретшісі, ойшыл ғалымы Леонарда да Винчи «Тәрбие – жақсы жазғандардың барлығының да ұстазы, ол менің де ұстазым» деген екен. Қарап тұрсақ, шындығы осы. Тәрбие – тәрбиеленушінің бойына жақсы қасиеттерді егу. Оның мәні аға ұрпақтың тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізу ғана емес, жүрекке бойлата сіңіру. Міне, осы ауқымды арна әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аты мәшһүр журналистика факультетіндегі аңызға толы Мерзімді баспасөз кафедрасында 40 жылдан аса уақыт тынбай еңбек етіп, үнемі ізденістің иірімінде жүретін филология ғылымының кандидаты, доцент Баялиева Дәмегүл Сердалықызының ғұмырлық айнасы деуге болады. Себебі Дәмегүл Баялиеваның қоғамда да, ғылымда да басты ұстанған тақырыптары – ұлттық тәрбие, ұлттық діл мен дін және мемлекеттік тіл. Ал бүгінде осындай құндылықтардан нәр алған ұлағатты ұстаздың шәкірттері қаншама десеңізші.
Дәмегүл Сердалықызы 1974 жылдан журналистика факультетінде қызмет атқарды. Оқытушылыққа қажет қарапайым қызметтердің бел ортасында жүріп ой түйді, жетілді, өсті, демек, оған жай келмеді. 1989 жылдан ұстаздық етті. 1999 жылы әдістемелік тәжірибесі мол маманның «Қазақ баспасөзіндегі ұлттық мәдениет, салт-дәстүр және тіл-стиль мәселелері» атты оқу құралы жарық көрді. Салиқалы да сындарлы бұл кітабында ұстаз-ғалым ұлттық мәдениет, салт-дәстүрге ғылыми жағынан тоқталып, оны қазіргі таңдағы қазақ баспасөзімен үндестіре сабақтастырады. Ақиқатты ойларын жарияланымдарымен үйлестіре отырып баяндайды. Баялиеваның бұдан өзге баспасөз беттерінде және ғылыми-әдістемелік басылымдарда 40-тан аса ғылыми мақаласы жарияланған.
Университет қабырғасында еңбек ете жүріп қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. 1991 жылдан «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары, 1996 жылдан қоғамның төрайымы, факультет кеңесінің мүшесі және кураторлық жұмыстарды атқарды. «Мерзімді баспасөздің тілі мен стилі», «Баспасөздегі оқу-ағарту мәселелерінің жазылуы», «Баспасөздегі ұлттық мәдениет, салт-дәстүр мәселелерінің көрінісі» жалпы курстарынан дәріс оқыды. Талмай ізденудің нәтижесінде 2002 жылы «Қазақ баспасөзіндегі ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің жазылу проблемалары» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, «10.01.10-Журналистика» мамандығы бойынша филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін иеленді. Осындай үзіксіз еңбектің нәтижесінде 2008-2009 оқу жылында «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үздік оқытушысы» атағын жеңіп алды. «Газет маркетингі» атты студенттерге арналған көмекші оқу құралының да авторы Дәмегүл Баялиева. Тынымсыз еңбектерінің нәтижесінде ұстазымызға доцент атағы да берілді...
1996 жылы Тұрымтай Тұрлыбайқы­зының 60 жылдық мерейтойын жүргізген, шекпенінен талай әйдік тұлғаларды шығарған ұлық ұстазымыз Темкеңнің (Темірбек Қожакеев) «Анау-мынау адамға доцент атағы әншейін берілмейді» дегені есімде қалып қойыпты. Ол уақта журфактың әйел ұстаздарының көпшілігі дерлік доценттер еді. Ал оны-мұны дүниені онша түсіне бермейтін біздер үшін ол атақ ат емес, біз үрке қарайтын алынбайтын қамалмен тең болатын.
Қожакеев демекші, өзінен бұрын аты жеткен, кейін дәрісінде саңқылдаған үні мен шыбынның ызыңы ғана естілетін, кафедра меңгерушісі, тау тұлғалы Темкең туралы алып-қашпа әңгімелер бізге де желдей есіп жеткен сәттер. Онда Дәмегүл апайға қатысты қызықтар бар еді. Сонда қаталдығы тек әділдігін ғана әйгілейтін Темірбек аға Қожакеевтің жедел қиыннан қиыстыратын айтқыштығы мен тапқырлығына тәнті ­болушы едік.
Соның бір-екеуіне тоқталсам. Өзі бойшаң, келбеті келісті жап-жас Дәмегүл лаборант боп жұмыс істеп жүрген кезде декан Қожакеев ол кісіні талапкерлердің құжатын қабылдаушы ретінде қабылдау комиссиясына жібереді. Құжат қабылдаудың арнайы ережесі бар, айтқанының екі болғанын қаламайтын, талабы күшті, айбаты айды бүркеген декан бар, жұмыс аса қызу жүріп жатады. Бірақ ауылдан келген талапкерлердің арасында құжаттарына олпы-солпы қарайтын қарадомалақтар да бар ғой, солардың бірі медициналық анықтама қағазын ұмытып, Дәмегүл апайдан оның орнына өкпенің рентген үлдірін (пленка) ала тұруды, артынан әкеп беретінін айтып, ант-су ішеді. Ереже бар, арғы жағында талапты бұзбайтын Қожакеев тұр, бірақ жап-жас баланың талабын мұқалтқысы келмеген мейірімді әрі жүрегі нәзік лаборант тәуекелге ­барып, ауылына барып келу үшін ­талапкерге мүмкіндік жасайды. «Мен ұрлық жасағанда ай жарық болыпты» дегендей, аяқ асты сол күні тексеріс жүре қалып, апайдың қайырымдылығы өзіне таяқ боп тиеді. Ертесі аюдай ақырған деканның алдынан бір-ақ шығады. Ашулы декан ол құжатты кім қабылдағанын сұрайды.
– Мен, ағай.., – дейді Дәмегүл қатты қысылып.
– Қабылдау ережесін білмейсің бе, неге қабылдадың? – дейді декан қадалып.
– Меданықтамасын ұмытып кетіпті. «Бір-екі күнде алып келем, әзірше ала тұрыңызшы» деген соң, жаным ашып... – дей бергенде Қожакеев:
– Егер ол «мынау менің шалбарым еді» деп шалбарын шешіп берсе, оны да құжаттарының арасына тігіп қояр ма едің?! Кеше ректоратта «журфак рентген снимокті де тігіп қойыпты» деп біреудің өкпесінің суретін желбіретіп ректорға көрсеткенде жерге кіріп кете жаздадым, – деп апайға әбден ұрысыпты.
Сүйретіле шыққан қазақ-орыс бөліміне құжат қабылдаушы екі лаборант қыз кабинеттен шыға сала талапкердің іс-қағазына «тіркелген» шалбарын көз алдарына елестетіп, «бөксеге бұрыш сеуіп, құйрыққа қоз құйғандай» тигізіп айтатын деканның сөзіне әбден күліп, жұмыс орындарына қайтып барған екен. Дәмегүл апайдың жанында болған екінші қыздың тағы бір ұстазымыз, атақты Намазалы Омашевтың шаңырағының берекесін келтіріп отырған жазушы Клара Хамзақызы екенін бертінде білдік қой...
Осындай езуге күлкі үйіретін тағы бір әңгімені тамаша ұстазымыз, өзі де мерейтойлық жетпістің гүлбақшасында тотыдай таранып отырған Клара апай Қабылғазина айтып беріп еді. Бірде дәлізде тұрған Дәмегүл апай мен Клара апайдың алдына әбден жылағаннан көзі қызара бөрткен бір студент қыз келіп, еңірегенде етегі жасқа толып, жағдай айтыпты. «Ауылда әке-шешем мен аға-әкпем үйде ұйықтап жатқанда иіс тиіп, барлығы қайтыс болып кетті. Оларды жерлеп, жетісі мен қырқын өткізіп, тірі қалған екі інімді интернатқа орналастырып келгенімше екі-үш ай өте шықты, сабаққа келе алмадым, енді Қожакеев мені сабақтан шығарайын деп жатыр» деп боздаған студенттің мәселесіне екі апай да қоса егіліп, деканға кіріп барлық жағдайды көздеріне жас толтыра отырып баяндаған ғой. Қабағы түйілген декан «Жарайды, екеуіңнің сөздеріңе сендім» деп студентті алып қалған екен.
Содан арада біраз уақыт өткен соң, сол топтың қыздары жүгіріп келіп екі апайға:
– Өткендегі отбасы мүшелері қырылып қалған қыздың шешесі дәлізде жүр. Қызы жарты жыл бойы хабар-ошарсыз кетіп, соны іздеп келген екен, – депті. «Масқара болдық қой» деп, ауыз жинап үлгермеген Клара апай мен Дәмегүл апайды хатшы қыз деканға шақырады. Декан:
– Сендерге қарап мен ақымақ болдым. Әнеукүні екеуің боздап, мені жылата жаздап алып қалған қыздарыңнан аферист-ау деп мен басында-ақ сезіктенгенмін. Әй, осы екеуің дап-дардай қатын болғанша не болса соған сеніп жүре береді екенсіңдер..! – деген көрінеді. Әрбір студенті үшін жандары күйетін екі апайымыз бастарын төмен түсірген қалпы үндемей сыртқа шығып кеткен екен. Клара апайдың осы айтқанын естіген сайын күлкіге көмілуші едік...
Бұл екі әңгіме нені білдіреді? Жақсы ­танымайтын адамға дейін көмектескісі келіп тұратын Дәмегүл апайдың қамқорлығы мен мейірімін, көп адамдарда кездесе бермейтін адалдығы мен аңғалдығын айғақтайды.
Дәмегүл апайдың ғылыми еңбек­терінің өзінен қазақы биязы­лық, инабатты иба, ұлтқа жақын жинақылық білініп тұратын. Алайда қазақы дүниеге қарсы адамдарды сызданбай-ақ етек-жеңін лезде жинататын мәдениетті әрі талғамды салқынқандылығы бар. Талай жерлерде тілді шұбарлаған профессорларды бір сөзбен жөнге салғанына куә болғанмын. Мұндай қазақылығы – үлкен кісілердің тәрбиесін алғандығынан екендігін көп адам аңғара да бермейтін.
Дәмегүл апай кемелді келешек үшін ұрпақ тәрбиесі мен этнопедагогика саласында қомақты дүниелер жазды. Апайдың студенттердің іскерлігі мен танымдық белсенділігін қалыптастыру мақсатындағы әдіс-тәсілі, ақиқатты анықтау барысындағы пікірталас, семинар сабақтары ізденушіге оң нәтиже бергені сөзсіз. Д.Баялиева «Лекцияның сапасын аудитория білдіреді» дейді. Ал дәрістің сапалы тұрғыда студент санасына жол табуы оның осындай ізденімпаздығынан туған. Ұлағатты ұстаздың бірқатар еңбектері баспасөз беттерінде, ұлттық тәлім-тәрбиеге байланысты материалдары ғылыми-әдістемелік жинақтарда да жарияланды. Мысалы, Қ.Жарықбаевтың «Этнопедагогика және этнопсихология» тәлім-тәрбиелік кітабында көрініс тапқан «Ұлттық тәрбие және балалар баспасөзі» атты сараптамасының келешек қоғам иелерін ұлттық мәдениетке баулуда маңызы ерекше.
Мәдениет демекші, Дәмегүл Сердалы­қызы өз шәкірттерінен мәдениетті сөйлеп, биік талғаммен киініп, тіл мәдениеті мен тазалығын сақтауын қатаң талап ететін ұстаз. Оның әрбір шәкірті мәдениет – ұлттың ­рухани болмыс-бітімі, рухани «мені» екенін сезінеді. Қандай да бір ұлт мәдениетінен айырылса, ұлт ретінде де тарих сахнасынан жойылып кететінін ұғынады. Біздің қыздар ұстазымыздың айтқанынан ғана тағлым алған жоқ, Дәмегүл апайдың тұла бойынан да тәрбие алды. Киiм киiсi де, жүрiс-тұрысы да, сөйлесу мәнерi де, өз-өзін ұстауы да – бәрі-бәрі сүйкiмдi. Сырт келбетінен қазақ қызына тән тектiлiк, мәдениеттiлiк, зиялылықтың ең озық үлгiлерiн көре алдық. Жанарынан шуақ боп шашылған ішкi мейiрiмi, үнемi емiрене әрі елжiрей үн қататын қамқорлығы, балалықты жылдам тезге салатын сабырлығы – көзiңді тойдырып, қайта-қайта қарата бергiзетін кербездігі өте сымбатты.
Бүгінде қазақ журналистикасының тілі мен стиліне айтылатын сын жетерлік. Қате сөйлеу мен жазу, логикалық қисын мен тұрақты тіркестердің бұзылуы, «жасау» мен «істеуді», шылау мен үстеуді айыра алмайтын, «керек»-ті «керекпіз» деп керексіз «сөзжасамдарды» тудырған, «туғанынан» «туылғаны» көп «болмаған белинскийлер мен толмаған толстойлар» жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған уақытта Дәмегүл апайдың дәрісін сағынамыз. Өйткені БАҚ-тағы осындай олқылықтардың барлығы үнемі ол кісінің тың көзінен тыс қалмайтын, шәкірттеріне ғылыми әрі тәжірибелік тұрғыдан дәлелденетін. Кейде аутсорсингі апыл-тапыл басып адымынан шатасқан, тіркестері мен мәтіндері қатемен матасқан дүниелерді қоғамға ұсынып жатқандарды көргенде біздің апайдың қадірін іштей сезінеміз.
Тіл мәдениеті дегеніміз – тілдік тәсілдердің ширау, жетілу дәрежесі. Сонымен қатар ол тіл жұмсаудағы ізеттілік, сауаттылық, тілдік тәсілдерді дұрыс қолдану дағдысы. Ол екі салаға бөлінеді: баспасөз тілінің мәдениеті, сөйлеу тілінің мәдениеті. Олардың қарым-қатынасы күшті. Әдеби тіл сөйлеу тілімен нәрленсе, баспасөз тілі, керісінше, сөйлеу тіліне әсер етеді. Баспасөз тілі мәдениетінің дәрежесі – әдеби тілдің де сапасы қандай екендігіне өлшем бола алады. Сол орайда баспасөзді – әдеби тіл мәдениетінің айнасы деу артық болмас.
Әдетте әдеби тілді бір немесе бірнеше адам жасамайды. Ол қоғамдық құбылыс болғандықтан, қоғам мүшелерінің белсене қатысуымен жазба әдебиет арқылы жүйелі қалыпқа түсіп, стильдік тармақтары сараланады, қоғамдық қызметі арта түседі. Қазақ әдеби тілін осылайша шыңдаудың дүкені – баспасөз. Ал баспасөз тілінің мәдениеті алдымен оның сауатты жазылуымен өлшенсе керек.
Міне, осы құндылықтардың барлығы Дәмегүл Сердалықызының дәрістерінде жиынтықталған, шиыршық ататын. Ол әр шәкіртін ұлттық ағарту майданында ұлтына өрелі қызмет етуге шақыратын іскер де талғампаз ұстаз. Ана тілін жақсы білу, сол тілде таза сөйлеу де – мәдениеттілік. Ана тілін жақсы білген кісі сол тілде ойлап, сол тілде таза сөйлейді. Ал таза сөйлеу дегеніміз – сол тілдің жалпыға ортақ байлықтарын пайдаланып, бөгде тілдерді араластырмай сөйлеу. Бұл ұстаздың шәкірт санасына сіңіріп жүрген тамыры терең тәрбиелі ұстанымы. Сондықтан да болар, оның жол сілтеген өрендерінің тіл – халық тарихы, өркениет пен мәдениеттің көрінісі екендігін жан-тәндерімен сезінетіні. «Біздің тіл – өткірлігімен бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-дүниеңді жадыратып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіңе тиімді, қысылтаяң, қатал жағдайда қайрап, егеп, «сөз тапқанға қолға жоқ» дегендей, ерге, елге медет болып, көмейге құм құйып, адам түгіл жағдайдың аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл» дейді даңқты батырымыз Бауыржан Момышұлы. Расында, ұлттық тіл – әр халықтың өзіне тән ой-санасын, парасатын, бүкіл болмыс-тіршілігі мен сезім-түйсігін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін күретамыры. Ал бұл терең қайнар ұстаз арқылы берілетін болса, ұлт мақсатының жүзеге асқаны деуге тұрарлық негіз. Біздің Дәмегүл апай осы өреде өнегелі қалыппен қызмет етіп, сол бағыттан ешқашан айнымаған ұлағатты ұстаз. Ұлы ұстаз Әбу Насыр әл-Фарабидің де «Адам беделді индивидтің арқасында тәрбиеленеді» деуінің астарында осы ой жатса керек.
Біз Дәмегүл апайды курсымыздың және барлық шәкірттерінің атынан бүгінгі мерейтойлық туған күнімен шын жүректен құттықтаймыз. Отбасының амандығын тілеп, «Уықты басқұр сақтайды, Ұлтты дәстүр сақтайды» дегендей, шәкірттерінің кеудесіне өзі жаққан шамшырақ сәулесі ешқашан сөнбейтінін айтқымыз келеді.

Дәрмен СМАЙЫЛ,
журналист

1050 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы