• Тұлға
  • 20 Тамыз, 2020

КӨСЕМ (романнан үзінді)

Рафаэль Ниязбек

Комитеттің іріктеу жүйесі бірінші хатшы Қонаевтың күзет тобына талай сүзгіден өтіп, пісіп-қатып шыныққан сенімді адам іздестіргенде мың-сан үміткердің ішінен Құдайдың қалауымен таңдау осы Шабдарбаевқа түскен-ді. Үлкен Кісінің зайыбы Зуһра Шәріпқызы текті әулеттің тәрбиесін көріп өскен, кімнің кім екенін қабағынан қарап жіті аңғара білетін сезімтал, түйсікті әйел еді. Амангелдінің суретін әкеп көрсеткен бойда бірден ұнатып:
– Көзінің тұнығында балалығы сақталып қалған жігіт екен. Тегінде мұндай жандардан жамандық шықпайды. Дүниенің сұлулығы мен мейірімі сондай таза тұнықта ­жасырынып тұрады, – деді жүзі ажарланып.
Комитет басшысы Аман­гелдіні Қонаев­тың кабинтіне ертіп барып таныстырғанда Ол Кісі орнынан жедел көтеріліп, қолын ұсынып, жылы амандасып:
– Кімнің баласысың? – деп сұраған.
Амангелді ежелгі дағдысына басып, қамсыз, қаперсіз тұрған. Сонда да Үлкен Кісінің алдында өзін байыпты ұстап, орнықты жауап беруге тырысып:
– Смағұл Шабдарбавтың, – деген.
– Ақсай өзенінің суын бөгеп, колхоз, совхоздарға, қала берді аудандарға электр жарығын тартқан Смағұл Шабдарбаевтың ба?
– Иә.
– Е-е, жақсыдан қалған көз, тұлпардан қалған тұяқпын де, сөйтіп.
Қызылшақа сәби кезінде асқар тау әкеден айырылып, жетімдіктің тауқыметін тартып, таршылық көріп, булығып өскен қайдан жақсы болсын. Тамағына ащы бір өксік тығылып, көзі жасаураған Амангелді жоқ жерден батылдық тауып:
– Аға, әкемді білетін бе едіңіз? – деп Үлкен Кісіден оқыс сұрап қалды.
– Неге білмейін. Адамның жүрегіне ізгілік егіп өткен азамат ер еді ғой, сенің әкең. Қырғын соғысты бастан өткерген елдің жағдайы онша жақсы емес-ті. Көтерем қотыр тоқтыдан да төмен еді. Жұрттың жаны жаралы, басы қаралы болатын. Елдің еңсесі көтеріліп, ер-тұрманы бүтінделе қоймаған осындай өліара кезеңде сенің әкең Смағұл сияқты азамат ерлердің еңбегі ерен болды. Бірақ тағдырдың жазуына шара қайсы. Ғұмыры қамшының сабынан да қысқа болды. Нұры пейіште шалқысын, жарықтықтың, – деді тұншыға күрсініп. Сосын сәл ойланып, сөзін қайта сабақтап: – Осы күні жұрт айтып жүрген «әкеге тартып ұл тумайды» деген сөз бекер ме деймін. Сенің тұнық ойлы көзіңнен әкеңнің бүткіл бекзат болмысын көріп, көңілім тоғайып тұр. ­«Орнында бар оңалар» деген осы. Алла алдыңнан жарылқасын, – деді мейірімге толы жүрегі елжіреп.

Амангелдінің анасы Ажар әлуетті әулеттің үкілеп өсірген ерке қызы болатын. Кейін ордалы отбасына келін боп түскенде бір сұңғыла әйел: «Сен лепірме, жетілген қымызды шайқағанда ернеуінен асып-тасып төгілуші еді. Сен де сол қымыздайсың, қалай төгіліп кеткеніңді аңдамай қаласың және тағдыр сені кейін сол қымыздай шайқауы мүмкін. Байқа!» деген-ді.
Енді ойласа, сол сәуегей әйел әлгі сөзді текке айтпапты. Жаңа шаңырақ көтеріп, түтіні түзу ұшып, бес қарағай перзент сүйіп, арқасын кеңге салып, дәуірлеп келе жатқан мезгілде қосағынан айырылып, қан жұтып аңырап қалам деп ойлаған жоқ-ты. Тағдырдың бұл қысастығын көпке дейін түсіне алмады. Бақытты отбасын құрған асыл жардың бұлай қайғылы күн кешетіні қалай деп күйзелген. Арада бірер күн өткенде ес жиып, белін бекем буып, бұны Құдайдың өзіне жіберген ауыр сынағы деп түйсініп, қандай қатал талқыны бастан өткерсе де, соның бәріне шыдап, есіл-дерті балаларын аман-есен өсіру болды. Сөйтіп, жан шуағын жоғалтпай, жүрегін қарайтпай ғұмыр кешті.
Тарғыл түсті тағдыр Ажарды бұдан кейін де қымыздай көп шайқап, екі ұлынан ­айырып, бозінгендей және боздатқан. Бұл – анасының көз жасына суарылып, ерте көктеп жетілген Амангелдінің буыршындай бұта шайнап, қайда салсаң да кесіп түсем деп шиыршық атып жүрген шағы еді. Үлкен Кісінің көңілінен шығып, сол бойда күзет тобы құрамына еніп, қызметке тағайындалған. Сөйтіп, бұның алдынан қытымыр өмірдің есігі айқара ашылып еді. Бірақ бұл одан гөрі ұлы адамның қасында қорған боп жүретініне қатты қуанды.
Амангелдінің елден ерек бір қасиеті: есейіп кетсе де ежелгі балалығы ұстап, жарыс­тарда жеңіске жетсе де, алда-жалда жетістік көрсе де алдымен анасын қуантуға асығатын. Бұл жолы да солай болды. Жүрегін қолына алып, құстай ұшып жеткен бойда:
– Апа, сүйінші. Күзет тобының қызметіне тағайындалдым. Бұдан былай қара орман қазақ елі пайғамбар атап, пір тұтқан Дінмұхамед Ахметовичтің қасында жүретін болам. Бұдан өткен бақыт бар ма жалғанда, – деп еді.
Анасы бұған іштей қанша қуанып тұрса да, оны сездіргісі келмей өз-өзінен тұйықталып:
– Алаштан айдыны асып туған әулие кісіні ардақ тұтып, қызметіңді адал атқар. Ұятқа қалдырма. Алла Тағаланың құдіретінде шек жоқ болса да, кейде Дінмұхамедтей кемеңгерді көңілі түсіп жарата бермеген. Сірә, асылдың құнын кетірмейін дейтін шығар, оны Жаратқан Иемнің өзінен басқа кім біледі. Сондықтан Ол Кісіні қарашығыңдай сақтап, қауіп-қатерден қорғай біл, – деді қатқыл бұйырып...
Ол еңселі үйге еңкеймей кірер өр ­кеуде әйел еді. Қайтыс болған екі ағасының артында көзі жасаурап жалғыз қалған Амангелді ұлын сазға біткен сары ағаш сияқты солқылдақ әрі боркемік етіп тәрбиелегісі келмеді. Кенже ұлын онша көп өбектей бермей қайдағы қиынға ­салып, тау-тасқа жігерін ­жанып, жетілдірмек ­болды. Сонда да көңілі әлденеден секемденіп, жалғыз тал ұлымды «Безенген тілден, сұқтанған суық көзден сақта, Құдай!» деп жалынышты тілек етіп, шыбын жаны шырқырап күн кешті.
Амангелді бірде:
– Апа, ел аман, жұрт тынышта неден қорқасыз. Мені жау алады деймісіз, – деп көңілін ауламақ болып еді. Анасы:
– Жарығым-ай, саған не дейін енді. Заманның қабағын баққан сардар ма ­десем сені. Жәй әшейін көп жігіт-желеңнің бірі ме едің, жазған Құдай! – деді өз-өзінен томсарып. Сосын ұлын босқа жазғырып, көңіліне қаяу түсіргісі келмеді білем, бұрынғы сабырлы қалпын қайта тауып: – Соғыс біткелі қай заман, бірақ ел ішінің мылтықсыз майданы әлі де қым-қуыт қызу жүріп жатыр. Соның қаңғыған бір оғы ала-құла жаратылған мына опасыз жалған дүниеде өзгенің он баласын айналып өтіп, сен секілді жалғыз-жарымды жер түбінен көздеп, тура ұшып келіп, желкесін қиып жатса, мен неге үрей құшағында өмір сүрмейін. Оның үстіне ­заман қағынып, аттың жалы, түйенің қомында ойнақтап тұр, – деді ұлын әлденеден сақтандыра сөйлеп.
Тағдыр әдепкіде Амангелдіге жылы жүз таныта қоймады, көпке дейін өгей шеше секілді сыртын беріп, теріс айналумен болды. Бірақ өз анасы оны кескекті ердің сойы етіп сомдап бір-ақ туған екен, тағдырдың өзін ерттеп мініп, адырнасын ала өгіздей мөңіретіп, жебесін алысқа атудан танбады. Оның сол қасиетін Дінмұхамедтің қырағы көзі қалт жібермей байқап қалыпты. Қызмет бабымен алдына бір келгенде бауырына жақын тартып:
– Тегі жақсы жігіт екеніңді білем. Бойыңда әкеңнің рухы атойлап тұр. Түптеп келгенде, бұрынғының «сен тұр, мен ­атайын» дейтін сайыпқырандары қайдан шықты? Мына өзің сықылды оғландардан шықты. Менің жанымда үзеңгі қағыстырып қатар жүрген соң, қайдағы-жайдағы жымысқы көздер саған да сұқтанып қадалмай тұрмайды. Байқа! Қазақтың құшағы қатты, қысып өлтіріп жіберуі де ғажап емес, – деді бөлме ішін құпия сырға бөлеп.
Әкенің тәрбиесі қай кезде де бөлек, әрине. Бірақ әкесіндей зиялы адамның өнеге, өсиетін де жоққа шығаруға болмайды. Сөйтіп, Ол Амангелдінің азаматтық болмысының қалыптасуына біртін-біртін ықпал жасап, қайралған қылыштай жетілген тұста жал-құйрығын түйіп, өмірдің бұрқанған алақұйын арнасына тоғытып салып жіберген. «Өмір – күрес, жеңілме, жеңілсең – сынық арбасына жегіп, желкеңе мініп алады» деді жігерін жанып.
Қонаевтың бұл кезде қартайып, дос-жаран сырластары азайып, барар жер, басар тауы тұйықталып, өмір торы ­жиырылып тарыла бастаған соң ба, жоқ Амангелдінің тасқа тұнған тамшыдай мөп-мөлдір нұрлы жанарынан оның өзіне деген таза адалдығын көріп, тәнті болды ма, әйтеуір өзгелерден гөрі оны құлай ұнатып, көз алдында көбірек төбе көрсетіп жүргенін қалады. Ол қасында болса, өзін қауіпсіз сезінеді. Ал, бірер күн көрмей қалса «әй, Шабдарбаев қайда?» деп шарқ ұрып іздейді. Неге өйтеді, оны өзі де білмейді. Мүмкін сонау арғы ата-бабаларынан бері тамыр тартып, үзілмей жалғасып келе жатқан туыстық, бауырмалдық сезімнен шығар. Әйтеуір, ол ­дегенде шыбын жаны бөлек-ті.
Қонаев қызметке жаңа тағайындалған ­Шабдарбаевты Мәскеуге алғаш ертіп барғанда алдымен Громыкоға кіріп, жолығып шықты. ­Содан кейін бұны қасына ертіп алып, Орталық Комитеттің ішін аралап, Сталиннің бұрынғы кабинетінен бастап, кімнің қайда отырғандарын таратып айтып, ­жеке-жеке таныстырып өтті. Сөйтті де Амангелдіні дәлізде қалдырып, өзі жолай бір кабинетке кіріп кетті. Сәлден соң іштен бір қызметкерді ертіп шығып: «Мына жігіт менің қырағы оң көзім. Қызметке жаңа тұрды. Байқа, көз жазып қалма» деді өтініп. Сол бойда екеуі алға озып, бұрышты айнала беріп, әп-сәтте көзден ғайып болды. Соңдарынан ерген Амангелді көз ­жазып адасып қалды. Орталық Комитеттің ұшы-қиыры жоқ ащы ішектей шұбатылған дәліздерін қуалап, ақ тер, көк тер боп, сарсылып жүрді де қойды. Құдай сәтін салғанда өзін іздеп шыққан нұсқаушы кездейсоқ кезігіп қалғаны. Әйтпегенде қуырдақтың көкесі сонда болатын еді.
Ол бұны әлдебір есіктің алдына ертіп барып:
– Дінмұхамед Ахметович ана кабиетте отыр. Осында күт, – деді де, өзі асығыс кетіп қалды.
Амангелді сарылып қанша күтсе де Дінмұхамед Ахметович жуық маңда шыға қоймады. Арада содан кейін де едәуір уақыт өтті. Тым-тырыс, өлі тыныштық. Қозғалыстың бәрі осы дәлізге жеткен ­бойда тоқтап тұрып қалған секілді. Ақырында шыдамы таусылып, нұсқаушы көрсеткен әлгі кабинетке бас сұққан. Ішінде тірі пенде болса, кәне. Мұндай сұмдықты бұрын кім көрген. Үлкен Кісіден шаңқай түсте көз жазып, тағы да адасып қалғанын сезгенде екі беті ұяттан қып-қызыл боп өртеніп, тұла бойын лезде тер жуып кетті. Есі шығып, қабылдау бөлмесін бетке алып, ебіл-дебіл жүгіре жөнелген. «Қызметке тұрмай ­жатып, ат үстінен сыпырылып түсіп, досқа күлкі, дұшпанға таба болды ­деген осы» деді өзінің бейғам, салғырттығына налып. Қызметті қойшы, екі қолға бір күрек табылар қайдан болса да. Әйтсе де, бәрінен бұрын Үлкен Кісіден ұят болды. «Әй, өзің бір берекесіз бала екенсің ғой» десе, өлмегенде нем қалады. Қарадай жүріп маған не көрінді осы деді күйініп.
Басы салбырап, көшеге шыққан... Мә, мына қызықты қара. Өз көзіне өзі сенбей аңырып тұрып қалды. Мәшиненің ішінде жайбарақат отырған Қонаевтың шопырын көргенде қуанғаннан Мәскеудің ауасын жаңғыртып, айғайлап жібере жаздады. Бірақ әдеп сақтап, өз-өзін ұстап қалды.
Үлкен Кісі елшілікке мініп барған көлігін бұған жіберген. Өз күзетшісі үшін...
Зады, Қыдыр қонған кемеңгер басшының сенімін тәрк етіп, қабағына кірбің түсіру Амангелді үшін қандай ауыр болса, Алла Тағала бала ғып ­бауырына басқан Амангелдіні сұқтанған көзден қорғамау Дінмұхамед үшін де сондай ауыр. Тағдыр жазып, табысқалы бері бұл екеуі үлкенді-кішілі ағайынды қоңыр қаз секілденіп, бір-біріне сүйеніп, ғұмыр кешіп келе жатқан. Өйткені Ол Амангелдіні туған бауырынан да жақын, жақсы көретін. Сол себепті оны кім көрінгеннің іліп-шалысына қолдан беріп, серттен таймайтын семсерін мұқалтқысы келмейтін.
Ол туғанда ауыл клубында аты аңызға айналған батыр Амангелді Иманов ­туралы кино көрсетіліп жатқан. Есімін сол ұлы сардардың құрметіне ырым етіп қойған-ды. Оның көкжал жігіт боп өсуіне батырдың айбынды есімі де әсер еткен шығар...
...Қазақстанның мәдениет күндері Мәскеуде дүркіреп өткелі жатқан. Дайындық жұмыстарының қым-қуыт қауырт кезі еді. Дінмұхамед Ахметович өзіне әлдебір шаруамен кірген Амангелдіні қасында кідіртіп ұстап, көзінше Саяси Бюро мүшесі Гейдар Әлиевке телефон соғып:
– Ертең кешкісін Мәскеудің әйгілі үлкен театрында Әзербайжан халқының туыс, бауыры – қазақ елінен келген өнер шеберлерінің концерті болатын еді. Соны бірге отырып тамашаласақ деймін. Қалай қарайсыз? – деп сұрап еді, Әлиев те соны күткендей лыпыл қағып:
– Әлбетте... әлбетте барамыз. Өзіміздің туысқан қазақ халқының өнерін қызықтап тамашалуға не жетсін. Қара қобызынан Ер Түріктің ұлы сарыны естіліп тұрғандай әлі... неткен құдірет десеңші... рух қой ол, рух! – деді серпіліп.
Қонаевтың Әлиевті концертке шақыр­ған себебі: ол келсе, оның барлық орынбасарлары, мәдениет министрі және басқа да ресми адамдары өзара бас құрап, үлкен шоғыр топ боп, айдынын асырып келетінін жақсы білетін. Бұл, сөз жоқ, қазақ өнерінің беделін арттырып, мәртебесін көтеретін ізгі жол еді...
...Биліктен шеттетіліп, жазаға тартылған саясаткерге күзет те керек болмай қалып, іле-шала Амангелдіні де қызметтен босатып, түріп айдап шыққан.
Дінмұхамед Ахметович бұл қысастыққа көпе-көрінеу төзбеді. Әрі-бері толғанып, нешеалуан ой қаузап, бір тоқтамға келгенде Амангелдіні жанына шақырып:
– Ертеде бір көне көз қария айтқан екен: «Тоқсан көрейін деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді» деп. Сол қария айтпақшы, көзімнің нұры солғындап, сөзім тасқа шабылып, мұқалған семсердей өтуден қалып, шау тартқан шақта шалғайыма жармасқан зауалға тап ­болып, зәр жұтам деп ойлаған жоқ едім, амал қанша?! Дүниенің басы – сайран, соңы – ойран деген осы. Қобыз кеудесінен зар төгілген қазақ – замананың диірменінен аман шығып келе жатқан қызыл бидай болса, сен соның бірісің, бірегейісің. Алла Тағала көтере алатын адамға ғана сынақ жіберген. Шыда, жасыма. Жұлдызың әлі жоғары сенің! – деген...
...Бірі – аға, бірі – іні ағайынды екі ­бауыр өстіп өзара жарастықты әңгіме-дүкен құрып отырғанда сыртқы есікті ашып, әлдекім ішке кіріп келе жатты.
Бұл – Ермұқан деген жас жігіт еді. Үй иесі көрген бойда жазбай танып:
– Оу, Ермұқан, жол болсын. Қайдан жүрсің. Кел, төрлет, – деді емен-жарқын сәлемін алып жатып.
Ол үй иесі ұсынған орындыққа жалп етіп бірден отыра кетпей сол түрегеп тұрған бойы:
– Жолай бір күйескіге соғып, гүл ­сатушы орыс әйеліне Дінмұхамед ­Ахметович Қонаевтың үйіне бара жатыр едім. Бір гүл жасап беріңіз деп өтінгенімде, ол: «Дінмұхамед Ахметович, бүткіл адамзатқа ортақ ұлы Тұлға! Кеңес үкіметін Қонаевтай кемеңгер басқарғанда ұлт араздығы қозып, ол келе-келе өріс алып, жазылмас сыздауық жараға айналмас еді. Тырсылдап жарылғалы тұр. Әйтеуір артының қайырын берсін. Басқа не дейін. Димаш Ахметовичке менен сәлем айта барыңыз. Құдайдың нұры түскен адам ғой ол... аман болсын» деп керемет осы гүл шоғын жасап берді. Қабыл алғайсыз, – деді сәл қысылыңқырап.
Үй иесі гүлді үстел үстіне қойып, Ермұқанға сұраулы кейіппен қараған. Ермұқан да ойын түсініп:
– Қандидаттық диссертацияны тездетіп жазып бітіріп, бірақ қаражат жағынан тарығып жүрген кезім еді. Кімнің себепкер болғанын білмеймін. Бір күні ойда жоқта менің атыма телеграфпен қыруар мол ақша келіп тұр. Мұндай қуанбаспын. Бірақ бұл мені алаңдатпай қоймады. Сұрастырып, тексере келгенде Сіз жіберген ақша боп шықты. Сол қаржының арқасында диссертацияны өте сәтті қорғап, қатар құрбыларымның арасында мерейім үстем болды. Енді, міне, өз қолым өз аузыма жеткен мезгілде мойынға қарыз жүктемей сол ақшаны өзіңізге қайтарғым келеді, – деді әр сөзін нық-нық айтып.
Тектілік те, тазалық та Дінмұхамед ­Ахметович Қонаевқа тән қасиет еді.
– Шырағым, диссертацияңды ойдағыдай қорғап, еңбегің жанып, туың желбіреп елге абыройлы оралыпсың. Сөйтіп, ата-анаңды да, мені де қуантып отырсың. Ендеше, қарыздармын деме. Ол менің саған берген байғазым болсын, – деді ақжарқын пейіл танытып...
...Кремльдің өзіне еңсесін тік ұстап, еңкеймей кіріп, кеудесін шалқақ ұстап, айбынып шығатын Дінмұхамед еді. Күндердің күнінде мынандай зұлмат зауалға тап ­болып, қара орман қалың қазақтың ішінде қорған­сыздың күйін кешіп, жалғыз қалған Қонаев емес, түптеп келгенде, ол Ұлылық еді. Ұлылық қорғансыз қалады деп кім ойлаған.
Бұл, әлде, Алла Тағаланың жіберген сынағы ма? Алла Тағала сынағын көтере алатын сүйікті құлына жібереді деуші еді. Мүмкін солай шығар.
Амангелді әдепкіде солай ойласа да, әлденеге нартәуекел деп белін бекем буғандай болды. Сыртқа ызалы атылып шыққан бойда такси ұстап, қала сыртында Абай кеңшарында тұратын немере ағасы Сәбетбектің үйіне тіке тартқан. Інісінің жан күйзелісінен, күйінішті сөзінен сұрықсыз жәйтті жіті аңғарған ағасы да бұған бейтарап қарай алмады. Ар-намыстан қаны басына шапқанда дүрк көтеріліп:
– Дұрыс шешім жасап отырсың, бауырым. Дүниеде жалғыздық жаман. Безгендер безе берсін. Безбүйректер кімге дәрі. Ашу үстінде артық кетті деме. Алаш керек қылмаса да ағайынға керек, Дінмұхамед Ахметович! Қасында бол. Сілтесе – семсері, қорғанса – қалқаны сенсің, Аман! – деді сөз соңын қатқыл шиырып.
Алматыдан қызмет бер, егер оның ыңғайы келмесе жұмыстан бүтіндей босат деп сол күні мәлімдеме жасаған. Бірақ оның бұл талабына құзырлы орындар «шыққан қыз шиден тысқары» деп жөнді құлақ аспады. Сөзін жүре тыңдады. Күнде ертеңмен сағыздай созып сарғайтуға айналған. Сонда да алған бетінен қайтпады. Қайта өтініш жазды. Сөйтіп, өкше ізінен қалмай салпақтап жүріп орган қызметінен босаған.
Кеңестік идеология дүн-дүниені түгел улап бітірген алмағайып уақытта мұндай құзырлы мекемені жерге қаратып, қызметтен кету, шындығында, кез келген кісінің қолынан келмейтін көзсіз ерлік еді. Бірақ жұрттың дені олай ойламайды. Басына қонған бақтың қадірін білмеді деп сөкті. Ал өмірлік ұстанымы тастүйін Амангелді үшін Қонаевтың қасында жүрек жылуын сезініп жүруден артық мәртебе жоқ екенін олар қайдан білсін.
Зады, түптеп ойласаң, мына жарық жалғанда адамнан өткен аяр, адамнан өткен екіжүзді, адамнан өткен жыртқыш жоқ болса, бұлардың ана бір жылдары саяси жағдай шиеленісіп тұрған қилы кезеңде КГБ-ның арнайы мақсатқа құрылған бөлімшесінің курстарында оқып, оны үздік бітірген, одан бері де талай сүзгіден өтіп, қайда салсаң да қиып түсетін ақ семсер өткір чекисті қызметінен босатса да, артынан Қонаевтың қасына жібергілері келмей құйтырғы әрекеттерге барғаны қалай? Жымысқы ­саясат ұстанған орган басшыларының бұл қай қылығы?
Бұның бәрі, сайып келгенде, Қонаевты жалғыз қорғансыз қалдырып, мүрдем кетірудің амал-шарғысы болатын. Сонда оның жазығы не? Адалдығы ма? Сол үшін кісіні күйдіруге бола ма? Болғанда қандай. Зұлымдықтың негізінде құрылып, тамырын қанға малып көктеп, көз жасқа суарылып жетілген кеңестік жүйеде бәрі болған, әлі де бола береді.
Дүниені пәле-жала торлап, қысып ұстап тұрған уақытта Амангелдінің КГБ-дан кетуі көңілінің күні тау басына өрмелеп шығып келе жатқан кең тыныс­ты кемел шағында өз бағын өзі байлап, болашағына балта ұрғаны еді. Оның үстіне ол бұл уақытта Желтоқсан көтерілісіне байланысты тергеліп жатқан.
Ол кезде комитетті Мирошник басқаратын. Ұлттық сананы жою бағытында жұмыс жүргізгелі Алматыға келген Мәскеудің өз адамы болатын. Қолына шексіз билік ­тиген тәйтік шектен шықпай тұра ма. Адамдарды бір-біріне аңдытып және айдап салып, тұнықты лайлап, жұрттың тыныш өмірін ұйқы-тұйқы етіп жіберген-ді. Өзінің ұлтшыл екенін жасырып, бұның алдында кішірейіп бұғына қоймаған Шабдарбаев ойда-жоқта мыстан саясаттың жезтырнағына ілігіп, тұтылғанда екі алақанын ысқылап жаланып шыға келген. Сонда кеңес уақытының қауіпсіздік жүйесін жетік білетін сардар жігіттің бар жазығы: Қонаевқа қарсы айғақ бермегені, ақты қара деп көрсетпегені. Осыны кек тұтқан Мирошник оны бүкіл атақ-дәрежесінен айыртып, Мәскеудің атақты «Бутырка» түрмесінде ұстап, қорқытып, едәуір уақыт байқаған. Сонда да діні мықты еменнің иір бұтағын иілтіп, айтқанына көндіре алмаған. 1986 жылы сол қанды күні зайыбымен бірге келе жатып, көшеде ­«Жасасын, қазақ!» деп айғайлаған жастарға дем беріп, «Жасасын, қазақ!» деп қоса ­дауыстап ұрандаған еді. Кім жеткізгенін ит біле ме. Соны бетіне шыжғырып басып, қорқытып, үркітіп, қандай азапқа салса да шыдап бақты. Жас шыбықтай майысып, ығына жығылып, ұлы ұстазын сатпады, ­сатылмады. Ақырында айтқандарына көндіре алмай өздері ит боп, жүні жығылып, бұны кері қайтарған.
Ал табаны тиген жердің көзінен қара қан атқылап қоя беретін Мирошник кейін кеңес үкіметінің іргесі сөгіліп, гүрс етіп құлағанда суын ішкен құдығына түкіріп, Отанын ­сатып, шетел асып қарасы ­батып жоғалған. Қазір ойласаң, сынықтан басқаның бәрі жұқпай тұрмаған, сатқындық, жарамсақтық, екіжүзділіктің өзі... тіпті жамандық атаулы­ның бәрі қазақ даласына осылармен бірге келген-ді.
Әй, Құдай-ай, қазақты Мәскеудің қай жұлымыры басқармады. Күйзеліп, қан жұтпай көр енді.
Әдетте қай нәрсенің де қайырымы бар. Алматыға қайта оралған Шабдарбаевтан өз достары жауап алған. Ол тас еденге бекітілген темір орындыққа отырмай үстелге жайғасқан. Өңінде: «Әй, сендер, кімді тергеп шатылып, жауапқа тартқалы отырсыңдар!» деген айбарлы сұс бар-тын. Мінез деген – осы. Достары ыңғайсызданып қалды. Өздерінің әнтек кеткендерін түсініп: «Бұ сауалға енді елу жылдан кейін ораламыз, осымен әңгіме тамам» десіп, Желтоқсан көтерісі жайлы, өзі жайлы хатталып ­жазы­лып жинақ­талған қалың-қалың папкаларды белінен бір тартып, буып-түйіп, нән жәшікке бір-ақ ұрған.
Қазақ баласына орыс жала жапса, соның сөзі оң-терісіне қарамай Тәңірдің бұйры­ғын­дай өктем естіліп, жөн саналып тұрған мына қилы заманда мұның өзі көзсіз ерлік еді.
Амангелді, бірақ, өзін сергелдеңге салған қуғын-сүргіннен құлантаза айығып құтылса да, өзегін өртеген өсек-аяңнан бәрібір қашып құтыла алмады.
– Қонаевтың дәурені өтті. Оның ­жанында жүріп опа табам деме. Тұлпар болсаң үйіріңді тап, сұңқар болсаң көгіңде самға, – деген жымысқы, жылымшы сөздерді естігенде қанына қарайып отырып қалған кездері де болды. Бірақ ашуға бой ­алдырмады. Өзін салқын ұстап, жорта елемеді.
– Өзіңе айлық төлемейді екен, – ­дегендерге аспай-саспай:
– Маған Үлкен Кісінің батасы да жетеді, – деді шамырқанып.
Жиған-тергенін, тапқан-таянғанын, тіпті Академиктігі үшін алатын ақшасына шейін ғылымның даму жолына, жұмыс­шылар мен малшылардың балалары ­жатып оқитын интернатқа, жағдайы төмен ауыл мектептеріне аударып келген Қонаев зейнетке шыққанда не саяжайы, не жеке көлігі болған жоқ. Елінің ертеңін ойлап, Мәскеудің ығына кейде жығылып, кейде жығылмай саясатына саясат қолданып, Ұлы Даланың жүрегін жылытып, көктем боп жүгірсе де, өзінің ертеңгі күнін ойлап, онша бас қатыра қоймаған-ды. Өз елінде жүргеннің өзегі тала қоймас деп алаңсыз жүре беріпті. Таршылықтың ­тарысын қуырып жесем де аштан өлмеспін деді. Адам ­баласы ертеңгі күн жақсы ма, жаман ба, қандай сыбаға дайындап, алдынан ­шы­ғатынын қайдан білсін.
Әуелі мына қызықты қараңыз. Амангелді бір жолы Дінмұхамед ағасының туған күніне арнап тортқа тапсырыс береді. Соны алып келгенде өзі болмай қалған. Торттың құны – 700 сом, ал ол кезде Қонаевтың зейнетақысы – 500 сом болатын. Бірақ амал жоқ, үйдегі барын жиып-теріп төлеген. ­Содан ой түйіп: «Қолыңда бар ақшаны ­санап, біліп отыру керек екен ғой, соны енді ұқтым» деді.
Ол бұрын, керек десеңіз, қанша жалақы алатынын да білген емес. Конвертті ашпаған күйі үстелдің үстіне ­тастай салатын. Зайыбы кейде әзілдеп «неге сонша аз» деп сұраса, алақанын жайып, кінәлі пішінмен «демек, елге сіңірген еңбегім солай болғаны» дейтін.
Қонаев зейнетке шыққанда кассасында 35 мың сом ақшасы ғана болды. Соның өзін көл-көсір байлық көріп, басқаға қарағанда Шабдарбаевқа көбірек сенді ме, қалай. ­Атына сенімхат жазған. Онда былай делінген: «Мен, Дінмұхамед Ахметович Қонаев Амангелді Шабдарбаевқа ­басты сенімхат беремін. Ол менің атымнан кез келген келісім-шарт пен шартқа қол қоюға және мүліктерімді, қаражатымды пайдалануға құқылы».
Сенімхат қолына тиген Амангелді бүкіл жауапкершілікті мойнына алып, іске шұғыл кіріскен. Сол уақытта құны тым аспандап бара жатқан «Волга» автокөлігін және одан қалған ақшаны өзі тұрған пәтерді сатып алуға жұмсап, қаржының бәрін түгесіп, ­басына су құйған.
Бұдан кейін бүкіл саналы ғұмырын туған халқына арнаған ұлы тұлғаның соңында зейнетақысынан өзге тұшымды ештемесі қалмады. Жұтамаса да ­жадау тартып шыға келген. Бірақ ол Шабдарбаевтың қолқанат боп қасында жүргеннің өзін дәтке қуат көрді. Оған одан өзгенің керегі де жоқ еді.
Амангелді де кемеңгерді солай жақсы көретін. Бірде біздің елде жоқ сусындар мен тәтті, дәмді тағамдарды артынып, алыс жолдан оралғанда Дінмұхамед ағасы көңілді әңгіменің бір тұсында:
– Аман, тоғыз күн бойы көрінбей қайда кеттің? Тыныштық па, әйтеуір, – деп оқыс сұраған.
Амангелдінің жүрегі шым етіп, бір бұлқынып қалды. Ол оған өзінің керек екенін, үнемі сағынып, жолын сарғайып тосып күтіп отыратынын сол жолы жан-тәнімен терең сезініп, содан кейін үйіне жиі-жиі келіп тұратын болды.
1979 жылдың ызғары бетті шарпып шымшылаған қара суық күндері еді. Қауіп-катер қайдан дерің бар ма. Ойға шомып қалғыған қалың орманды да ­кенет боран соғып шайқап, ұйқы-тұйқы етіп жіберетіні бар ғой кейде. Сол секілді Дінмұхамед Ахме­то­вичтің үйін күзеткен сақшының буткасына үш бұзақы түн жамылып шабуыл жасап, өзін ұрып-соғып, қаруын тартып алып тайып тұрған. Күзет бастығы Қонаевқа келіп:
– Мына қатерлі оқиғадан соң сақшылар тобын көбейтіп, күзетті күшейтпесек болатын емес. Бұзақылар шектен асып барады. Сондықтан Сіз де жұмысқа жаяу барғанды қойсаңыз, – деп өтініп еді.
– Сақшылардың құрамын толық­тырып, күзетті күшейткенің дұрыс. Олар қиын жағдай туындай қалғанда бір-бірін қорғасын. Бірақ мен үшін қам жеме. Алаңдайтын ештеңе жоқ. Жұмысқа жаяу барғаным – барған. Ел ішінде жау алады деймісің мені. Ақ-адал өмір сүрген адамда өзгенің жұмысы не? Қылмысым жоқ. Ендеше, неден қорқам, – деді Дінмұхамед Ахметович күзет бастығының әлгі сөзін шам көріп...
Бірақ, кім қалай десе де, бұл екеуін бір-бірі­нен мәңгі ажырамастай етіп біржола табыстырған кие – заманында найза кезеніп, сыртқы жаудан елін қорғап өткен Жауатар батырдың қаны еді. Оны өздері де кейін түйсінді.

1562 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы