• Руханият
  • 20 Тамыз, 2020

ҚҰРДАСТАН АЙЫРЫЛУ ДА МҰҢ ЕКЕН...

Осыдан қырық күн бұрын дүниеден өткен ардақты азамат, ­талантты жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұхамбетқалиев құрдасым еді, досым еді, жерлесім еді, әріптесім еді.
Құрдасым болғандықтан әзіл мен шынын араластырып, өзіме ұнамайтын мінезін өзіне батырып айтатын ем.
Досым, жерлесім болғандықтан, басқаға айта алмайтын сырымды айтатын ем.
Әріптесім болғандықтан, кейде керілдесіп қалатынбыз, бірақ арада аз уақыт өтпей «Әй, тентек қыз, ашуың ­басылды ма?» деп телефон соғатын.

Қажығалидың ақкөңіл мінезін мен қатты бағалайтынмын, бірақ сол ақкөңілдігін кейбіреулер өз есебін ­шешуге пайдаланып жататын. Ауруханаға жатпай тұрып менімен қоштасып, қайта-қайта кешірім сұрады. Сөзімізді бөле берген жөтелінен ­секем алып қалсам да «Басты қатырма, ауруханаға жатқанның бәрі өлуге тиісті емес қой, қоштаспаймын, қоштас­паймын дедім ғой» деп айқай салдым.
Арада үш-төрт-ақ күн өткенде ­досымнан айырылып қалдым.
Қайтыс болатын күні маған таңертең ертемен телефон соғыпты. Ешуақытта ертелетіп телефон соқ­пайтын, ­шошып кеттім де, жалма-жан телефонын тердім. Дәрігер телефонды алып оның аппаратпен демалып жатқанын айтты.
«Не айтқысы келді екен, не айтқысы келді екен?!» деген сұрақ енді мені жиі мазалайды. Өзін сынағанымды жақтырмай «Мына өмірге мен сенен он бес күн бұрын келгенмін, ағаңмен қалай-қалай сөйлесесің?» деп, біресе аға болып, біресе құрдас болатын Қажкем-ай, Қажкем-ай...
«Тар кезең» деген роман жазып, ­Сырымды қазаққа тірілтіп берген қайран Қажкең, өзі тар кезеңде өмірден өтті. Жары да, балалары да, достары да қоштаса алмай қалды, өкінішті-ақ. Өкінішті... Ештеңені бағаламай өмір сүрген екенбіз-ау, Қажкеңмен қоштаса алмай, көкіректері қарс айы­­рылған жұртшылық қаншама! Алланың ісіне шара бар ма? Шара жоқ... Жоқ...
Қажығалидың қолынан қаламы түскен жоқ. Алла берген талантына адал болды, өтірік айтпады, ешкімнің ала жібін аттамады.
Ең алдымен, Қажығалидың аяулы жары, Қажкесін жанындай сүйген, Қажкесі үшін отқа да, суға да түсуге даяр болып ғұмыр кешкен Сұлуханға, балаларына, туған-туыстарына көңіл айтамын. Қажкеңнің осы өмірде болғанына шүкірлік етейік, Қаж­кең­нің әлде де берері көп еді, енді қал­ған мұрасына иелік етуді жан жары Сұлуханға тапсырамыз.
Сұлухан! Мына сурет сенің жетпіс жасқа толған мерейтойыңда түсірілген болатын. Осы суретті үлкейтіп, қабырғаңа іліп қойып, талай сұлудың арманы болған, қасқамаңдай жігіттің жары болғаныңа шүкірлік етіп, көзіңнің жасын тоқтат! Сенің көз жасың Қажкеңе ауыр болатынын мен саған бір емес, бірнеше рет айттым, тағы да айтамын.
Жайсаң азамат, адалдықтың, адам­дықтың символы болған досым, құрдасым, жерлесім, әріптесім, Қажкем! Сен менен кешірім сұрай­тындай маған қиянат жасаған жоқсың, маған ғана емес ешкімге қиянат жасамадың, ешкімнің алдын орамадың, отбасыңа адал болдың.
Аяулы жарың Сұлухан сен кеткелі көз жасын көлдете жүріп, өзің үлгермей кеткен шығармаларыңды жөндеп, ­талайын жарыққа да шығарып жатыр. «Егемен Қазақстаннан» «Білетінің – бір, білмейтінің – мың да бір» деген мақалаңды оқып, қатты толқыдым. Осы мақаланы жазып отырғанда менімен хабарласып, біраз жерін оқып берген ең. Мен әдеттегідей «Білмейтініңнің мың да бір екенін сексенге таяп қалғанда ғана біліп отырмысың» деп әзілдеген ем.
Осы күні ұрлық пен жағымпаздық қолынан келмейтін, тегі бар, мә­дениетті адамды біреулер «Жуас адам» дейтін болыпты. Сен сол пы­сықайлардың, ұрылардың, жағым­паз, екіжүзділердің қатарына қосылмай, «Жуас адам» болып өмірден өткенің ғана бізге жұбаныш...
Ұрпақтарың Өзіңмен мақтана­тындай ғұмыр кештің, сондықтан да ел-жұртың сені ұмытпайды. Ұмыта да алмайды. Жатқан жерің мамық болсын, мәңгілік ұйқың тыныш болсын...

Бибігүл Иманғазина

1705 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы