• Руханият
  • 20 Тамыз, 2020

АҚЫРЕТТІ ЖЫРЛАҒАН ЕРІМБЕТ ШАЙЫР

Ерімбет Көлдейбекұлының мұраларын дастандары, діни-философиялық өлеңдері, арнаулары, айтыстары деп топ-топқа бөле беруге болады. Осылардың ішінде Ерімбетті Сыр сүлейлерінің ішінен оқшаулап, ерекшелендіріп тұрған шығармалары – ­дастандары мен діни-философиялық толғаулары екені анық. Біз мұнымен өзге өлеңдерінің құнын төмендетіп тұрғанымыз жоқ, олардың да, өз алар орны бар екенін ескерте отырып, Ерімбетке ерекше қолтаңба дарытып тұрған діни-философиялық өлеңдеріне тоқталмақпыз. Ақынды өз заманында даңққа бөлеген де, кешегі Кеңес дәуірінде атының дұрыс аталмауына себеп болған да діни өлеңдері мен дастандары еді.

Ерімбет ислам дінінің әһли сүннет сенімі аясында ғана заманақыр белгілері, қиямет күні, ақырет жайлы толғанды. Қабір азабына шүбәсіз сенді.
Халық кетеді қараңғы үйге жалғыз тастап,
Көп болса, кідіреді бір сағаттай
Келеді қару-жарақ асынғандар,
Секілді кім жасауыл, кім жандаттай!
Тұрады қабіріңді тітіретіп
Қарауға айбаттары жүз шыдатпай....
Осылайша, Құранда айтылатын жан мен тәнге бірдей берілетін қабір азабына шүбәсіз сенген ақын жаны бақай-есептен, пендешіліктен алшақтап, Жаратушыдан ғана медет тіледі. Демек, пәни жалғанда қылған күнәміз үшін ертең қатаң тергеуге алынады екенбіз. Бұл – ақынның өз ой-тұжырымы емес, Құран сөзі.
Ерімбет Көлдейбекұлы мешіттерде оқитын қазақ балаларына Құранның түпкі мәнін ұғындыру үшін қалам тербеген дарын иесі. Бұл тұрғыдан қарағанда, Ерімбет толғауларының кей тұстары түркі халықтарына ортақ ірі діни шайыр софы Аллаярдың өлеңдерімен үндеседі. Софы Аллаяр да әһли сүннет аясынан шықпай, Құранның түпкі мәнін жырлаған ақын.
Сөзіміз дәлелді болу үшін қазақтың ғажап ақыны С.Нұржан аударған софы ­Аллаяр өлеңдері мен Ерімбет толғауларын салыстырайық.
Софы Аллаяр:
Сахараны, тауларды топан суы шайғанда ал,
Ылай болмай аяғы сау шықты Нұх пайғамбар

Өртемекке Халилді Намруд кәпір жандырды от,
Халил қадам баспастан жөнелді
оттан бақ гүлдеп.

Мәриямға несібе жіберді Алла аспаннан
Періштелер Мәсіхтің тартты алдына дастарқан.

Хазірет Салих Хақ танып, болды үкімге паруана,
Тастан шығып сол сәтте боталады аруана.

Балық жұтқан бір ұлық – Тәңір өзі сынаған,
Қырық күнде шығыпты пәк күйінде дін-аман.

Тіреуі жоқ көкті көр, аңда әлемнің бітімін
Бар жаһанға көрсетті Ол өзгермейтін үкімін...

Ерімбет:
...Тілегі Нұх пайғамбардың қабыл болып,
Қалмаған еш нышаны қауым-хаттан.
Салих та Шам шаһарында опат болды,
Ыңырантып тастан түйе боталатқан.
Ибраһим Намұратқа қарсы келіп,
Саламат шықты күймей жанған оттан.
Сұмағұл Құдай үшін болды құрбан,
Пышақпен тамағынан бауыздатқан....
....Құдайға Жүсіп нәби өкпе еткен соң,
Онан соң қырық күн кеше,балық жұтқан....
Немесе:
Жаралды Кеп пен Нұннан мұнша ғалам,
Байлаусыз, я тіреусіз Жер мен Аспан....
Міне, көріп отырғаныңыздай, екі ақын да Құран сөзін өз халқына ұғындыруды мақсат еткені аңғарылады. Екеуі де әһли сүннет сеніміндегі шайырлар. Құранның Құдай сөзі екеніне сену, сахабаларды дәріптеу, қабір азабынан қорқу, марқұмдарға дұға бағыштау әһли сүннетке тән белгілер болса, осы белгілердің бәрі де Ерімбет поэзиясының өн бойынан байқалып тұрады.
Сахабалар жайлы керемет дастандары мен діни толғауларынан бөлек, ақын ұстанған мазһабының бағыт-бағдарын паш етіп, төгілте жырлап отырады:
Бисмилла – сөздің басы, Жаратқан Һақ.
Пайғамбар – Һақтың досы, анадан тақ,
Салауат сансыз Саған, сағат сайын,
Кәлами күллі мұсылманға бұл ынтымақ..
Шаһарияр, отыз үш мың жұмла асһаб,
Зор сауап – оларға да дұға қылмақ.
Төрт Ақтап, он бір Аһмад, он екі имам,
Мазһабым – әһлі сүннәт исламда нақ...
Бұл – ақынның өз мазһабының бағыт-бағдарын желдірте айтып өткен тұстары ғана. Ал тереңнен қозғайтын толғаулары кімді болса да жаратылыс жайлы ойға жетелеп, бір сәтке өзіңнің пенде екеніңді есіңе салатындай шынайылығымен баурап ала жөнеледі.
Ақын Құдай сөзі – Құранға шүбәсіз сенді. Ерімбеттің ерекшілігі де осында. Ақынды «қас-қағым» өмірдегі біреуге деген өкпе-реніші емес, түбінде болмай қоймайтын заманақыр, о дүние туралы ойлар мазалайды:
Күн күйіп, Ай тұтылып, Жер қозғалып,
Жүрекке тұрады ішсең, асың батпай.
Жел тұрып жұма күні құбыладан,
Бір дауыл соғады бетке жан қаратпай.
Суырып сұрапылын тартқанында,
Тас бұршақ, домаланады, тау қаңбақтай...
Адамзат көріп сондай түрлі аламат,
Күн кешер өлмеген құл жылай-сықтай.
Күн келіп Көктің бергі қабатына,
Болады жер қызуы жанған шоқтай...
Ақынның «Көктің бергі қабаты» деп отырғаны күн нұрын сүзгіден өткізіп, жер бетіне мөлшерлеп жіберіп тұратын азон қабатына сәйкес келеді. Азон қабатының бүгінгі шұрық-тесік жағдайына ғалымдар да алаңдаулы. Жағдай осылай ушыға берсе, күннің нұры жер бетіне мөлшерден артық түсіп, тіршілікке зардабын тигізетіндігі ғылымда да дәлелденген...
Ерімбеттің діни-философиялық толғаула­рын оқып отырып, Жаратушы Құдірет адамзатты бір өлтіріп, қайта тірілтіп сұрыптап жатқандай әсерге қаласың. Нағыз адамдарды адам қалпында қайта тірілтіп, адамшылықтан безгендерді хайуанаттың кейпіне енгізіп, Алла түптің-түбінде Өзінің әділдігін көрсетеді деген ой айтады. Жер бетінің қатты қызып кететінін айта келіп, ақын былай дейді:
...Тіріде қайыр яссан берушінің,
Ол қызу еш жеріне тұрады батпай....
Ғиссиян тірлікте етушінің,
Өзгереді формалары хайуанатқа-ай...
Жер бетінде таулар секілді биік адамдар бар. Олар қиянатқа қарсы шығып, әділдікті қорғайды. Пендешіліктен биік тұрады. Тау секілді адамдардан да бойшаң, азон қабатынан ары өткен Биіктік бар. Ол – Құран. Құран біз білетін осы өмірмен қатар, біз білмейтін басқа әлемді де қамтиды. Азон қабатынан ары өтіп кеткен Биіктік деп отырғанымыз сондықтан.
Ерімбеттің діни толғаулары бастауын Құраннан алғандықтан, біз білмейтін басқа әлемге – ысыратқа, ақыретке қарай ойыса береді:
...Тірілтіп содан кейін пенделерін,
Жияды айдап бәрін ысыратқа-ай.
Ұзыны ошал қылдың, өткірлігі,
Кесетін тасты тартса, шарболаттай.
Ысыраттан өтушіні шомылдырады,
Суына «Кәусар» деген апарады да-ай.
Я, Алла,сүйген құлың қатарында ет.
Күйзелтіп көп ішінде зар жылатпай!
Өлеңді оқып адам баласы Ысырат көпі­рінен осы өмірде өтіп жатқандай әсерге қаласың. Тепе-теңдікті сақтай алмай сәл аусаң (ғайбатқа, қиянатқа, кісі ақысын жеуге қарай) құрдымға кетесің, Жаратушыға ғана сүйеніп, тепе-теңдікті сақтай алсаң, мұратқа жетесің. Жыр осындай ой айтады.
Қашанда сана-сезімі озық жандарды өлім жайлы ойлар мазалаған. Қорқыттың ажалдан қырық жыл қашып, өлмес күй шығаруына себепші болған да өзін мазалаған ойлары еді. Пайғамбардың ой тереңдігіне осыған қарап баға беруге болады.
Ақын шығармашылығы бірыңғай діни өлеңдерден тұрмайды, әртүрлі тақырыпты қамтиды. Пендешіліктен биік тұратын адамшылықты насихаттайды. Кемел адам тәрбиелеу мақсатында мешіттерде оқитын қазақ шәкірттеріне арнап Құран сөздерін жырлап, ғибрат ретінде ұсынады.
Ерімбеттің діни толғаулары кітаптан оқығанның өзінде мағынасы астарлы, жұмбақтау болып келетіндіктен, домбыраға салып, терме мақамымен айтуға келе бермейді. Мәнерлеп оқылатын патриоттық жырларға да жатпайды. Қоңыр әуезбен, дауыс ырғағын сәл ғана толқындата отырып, қазақтың ескі шалдарының қара өлеңді жатқа айту әдісімен көркемдеп, мақамдап оқуға лайықты.
Дәстүрлі қара өлең ұйқасына бағының­қырамай, он бір буыннан асып жығылатын кей ырғақты қатарлар Шығыстың ғазал жазған кітаби шайырларынан келгендігін, не қазақтың халық жырынан бастау алатынын дөп басып айта алмасақ та, Ерімбетке тән қолтаңба қалыптастырып тұрғаны анық.
Ғұлама шайырдың дидактикалық өлеңдерінің өзінде ақыл айтылмайды, ой айтылады, тіпті кей жолдарынан нәзік ырғақтар нышаны байқалады. Ақылдан гөрі ой нышаны басым болғандықтан, ақынның афоризмге айналып, елге тарап кеткен сөзі аз емес:
«Жаяудың несібесін атты жемес»;
«Жарқанат жарда жатар басын бағып,
Бас баққан алар жақсы ат жұртқа жағып»;
«Бұлбұлдың сесі сұлу, бойы қораш,
Тотының ақылы зерек, көрсең тобы аш.
Тырнаның үні зарлы, өзі көкте,
Сайрайды тау-мекенде бір сандуғаш...».
Ерімбет өлеңдерінің астарлылығы ойшыл­дығында екені жоғарыдағы мысалдан айқын көрінеді.
Үлкен діни шайыр софы Аллаярдың да афоризмге айналып, түркі халықтарына ­тарап кеткен жолдары баршылық. «Шариғатқа сүйенсең – өлтір жылан, ақиқатын ойласаң – шығарма жан» деген қос қатары қазақтың өз сөзіне айналып кеткен.
Кеңес заманының тас қамалын бұзып шығып, халыққа тараған Ерімбеттің өлең­дерінің ғана емес, өмірінің де софы Аллаярға ұқсас тұстары бар.
Кәсіп пен дінді үйлестіріп, «Қолың істе, көңілің Құдайда болсын» деген қағиданы ұстанатын Нақышбандия ілімін жергілікті ұлт медреселеріне бейімдеуде софы Аллаярдың еңбегі зор болды. Қарабұлақ дейтін бұлақтың суын бұрып, өзі тұратын Вахшивар ауылын абаттандырды. Елді жұмылдырып, мешіт салдырды. Ал Ерімбеттің елді еңбекке жұмылдырып, өсірген бағының жұқанасы күні кешеге дейін сақталған. Ағайындарына ұйытқы болып, Қуаң бойынан мешіт салып, халықты дінге тартып ғана қоймай, ендігі кезде орысша оқудың да керек екенін ұғынып, кіші ұлы Құлахметті орысша оқытыпты.
Құранның түпкі мәнін түсініп, әһли сүннет сенімін ұстанған ғұлама шайырдың жаңалықты жатсынбауының өзі діннің қатып қалған қағида емес екенін дәлелдеп тұрған жоқ па!?
Кезінде діншіл деген ат тағылып, мұра­лары жарыққа шыға алмаған ақынның шығар­ма­лары түбі бір түркітілдес елдердің тілдеріне аударылуға әбден лайықты. Әсіресе түрік тіліне.
Аударылып жатса, қауызынан айырып, өзегін ғана (философиялық толғаулары, ­дастандары, т.б.) аудару керек. Өйткені осы жырларынан ақынның айрықша қолтаңбасы аңғарылады. Аз болса да, саз болғаны жөн. Әһли сүннет сенімін ұстанатын түркі халықтары ішінде Құранды жырлаған ақындар аз ғой, сол азға Ерімбетті қоссақ, еш сөкеттігі болмас!?
Орысқа бодан болған мұсылман халықтары өздерінің діни шайырларын қайта ұлықтап жатқанда, Ахмет Ясауи, Сүлеймен Бақыр­ғани, софы Аллаяр сияқты даналардың жалғасы болған, есімізге ақыретті салып тұратын Ерімбет шайырдың толғауларының бағасын білу – біздің парызымыз.
Ақынды мазалаған ақырет тақырыбы «қас-қағым» өмір ішіндегі бізді де ойландыруы тиіс.

Мақсат Әлсейітов

1730 рет

көрсетілді

65

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы