• Тұлға
  • 21 Тамыз, 2020

ӨМІР СҮРУ ФОРМУЛАСЫ

«Ана тілі» газетінің 13 тамыздағы нөмірінде жарияланған «Рухсыз мемлекет пен ұлт өміршең болмайды» деген мақаланы оқығанда селт ете түстім. Ойыма ­материал авторы Сұлтан аға Жанболатов оралды. Тамаша адам, ғажап жан! Бұл қандасымызбен қазақтардың дүниежүзілік II және III құрылтайында танысып, емен-жарқын әңгімелескен едік. Сонда қазақ кім десе, мынау деп көрсететін келісті де келбетті бұл кісіден байқағанымыз, оның өте бай өмірбаяны болды. Сонда да, қазір де оларды ой елегінен өткізіп отырғанда көз алдымызға таныс, бейтаныс бір елес келмей қойған жоқ. Ол елес, ол сурет сонау ХХ ғасырдың басындағы Алаш арыстарының қазақты ояту, адам ету, өркениет көшіне ілестіру жолындағы жанұшыра қимылдаған сан салалы істерінің сілемі еді. Тым дабырайтылған сөз ­немесе әсіреқызыл теңеу деп ұқпаңыздар құрметті оқырман, шетелде өмірге келіп, ғұмыр кешкен Сұлтан Жанболатовтың да тірлігі мен тағдыры белгілі бір дәрежеде, міне, сол зиялыларымыздың атқарған ісіне өте ұқсас. Олай дейтініміз…

Егер ХІХ ғасырдың аяғында Әлихан Бөкейханов, Барлыбек Сыртанов сияқты ағаларымыз бейқам, бейжай жатқан қазақ даласының бұйығы өміріне білім сәулесін түсіру үшін көрші Ресей қалаларына оқу іздеп аттанса, бұл кісі де 1955-1962 жылдары сондай талаппен Шағантоғай ­деген шағын ауылдан алдымен Үрімшіге, одан кейін ішкі Қытайдағы Гирин университетіне сапар шеккен. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақ еліндегі қажетті кадрлардың жетіспеушілігінен ақын Мағжан Жұмабаев «Педагогика», публицист Міржақып ­Дулатов «Есеп – қирағат», ал жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Психология» оқулықтарын жазуға мәжбүр болса, Сұлтекең де Шың­жаң­ның техника саласындағы маман­дарының мұқтаждығынан 1962-1966 жылдары өз ұлтымыздың тіліндегі «Радио», «Калькулятор», «Кибернетика» анықтамалық кітаптарын өмірге әкелген. Кеңестік Қазақстандағы замана трагедиясы – 1937 жылғы «қызыл террордың» Ахмет Байтұрсынов, Тұрар Рысқұлов сынды арыс­тарымызды баудай түсіре қырып, Әлімхан Ермековті итжеккенге айдағаны бәрімізге жақсы белгілі. Мұндай зұлмат Қытайдағы қандастарымызды да айналып өтпеген. Оған 1966-1976 жылдар аралығында аталмыш елдегі «мәдени ­революция» тұсында Сұлтан Рамазанұлының да «ұлтшыл» деген қалпақ киіп, «ревизионист», «шетелдің тыңшысы» атанып қамауға алынғаны анық дәлел. Дүбірі мен дүмпуі көп сол ХХ ғасырдың 30-жылдарында сауатсыздықпен күрескен басқа ел, басқа жұрт секілді біздің ұлтымыз да өзінің тегін, шығу төркінін білуге ұмтылғаны бар. Бірақ оны сол кезде айтып, түсіндіріп беретін оқулық, анықтамалық атымен жоқ еді. Сонда бұл іске тағы да баяғы ұлт зиялылары – дәрігер Санжар Асфендияров пен инженер Мұхамеджан Тынышбаев білек сыбана кірісіп, Қазақстан тарихын жазғаны мәлім. Қытайдағы 60-70-жылдарғы «мәдени революция» дауылынан соң, мұндағы аз ұлттарға да бұлт арасынан күн шығып, сіресіп қалған мұз тоңының жібігені бар. Міне, сонда ондағы өскелең ұрпақ өз тарихын біліп, тануға ұмтылған. Осындай кезде реформатор Дэн Сяопиннің: «Моральдық жағынан таза, жастық жігері мол, арнайы мамандығы бар, әмбебап білімге ие азаматтарға қысым көрсетілмесін» деген нұсқауына сәйкес ақталып шыққан Сұлтан Жанболатов өзінің физика-математика саласына қайта оралып келуімен қатар, қадери-халінше сол кездегі қажеттілік – қазақ халқының тарихын жазуға да бар ынта-ықыласымен атсалысқан. Қазір Сұлтекең Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының (ҚХР Парламентінің – ред.) Шыңжаң өлкесінен сайланған депутаты. Бұл жұмыс та оның бір кездегі Бөкей ордасынан патшалық Ресей Думасына өкіл болған қазақ зиялысы Бақытжан Қаратаевтың сол елдегі өз халқының көзі мен құлағы, үні болуға тырысқан қызметін көзге елестетпей қоймайды.
Сөздің тоқетер түйінін айтқанда, жоғарыдағы салыстырулар нені көрсетеді? Мұның бәрі, біздіңше, кейіпкеріміздің әр кемеге бір жармасқан әуесқой тірлігінен емес, ХХ ғасырдың басындағы асыл ағаларымыз сияқты өмір, уақыт талап еткен жағдайға байланысты: «Қайтсем халқымның бір қажетіне жараймын, қайтсем елімнің іргесіндегі жел гулеген көп жыртықты жамап, жоқтан бар жасаймын?» деген талпынысынан туған мақсат-мұрат болғандығы анық.
Жоғарыда біз Сұлтекеңнің өмірбаяны өте бай деп айттық. Оның бәрін жіпке тізгендей етіп түгел баяндап беру оңай шаруа емес. Сондықтан біз мәселені оқырмандарға әрі ықшам, әрі түсінікті етіп жеткізу үшін төмендегідей тәсілді таңдап отырмыз. Ол – Сұлтан Рамазанұлы туралы әңгімені оның халық ағарту саласындағы қол жеткізген жетістіктері, ғылымдағы қолтаңбасы, қаламгерлік қарымы және қайраткерлігі деген қадау-қадау тақырыптар арқылы алып шығу. Міне, сонда бәрі де белгілі болмақ.
Халық ағарту саласы дегенде алдымен біздің кейіпкерімізге тұңғыш рет есік ашқан білім ұялары ойға оралмай қоймайды. Ол Шәуешек қаласындағы Балтабаев және Төртуыл мектептері екен. 1946-1952 ­жылдары осы білім ұяларының бастауыш, орта деп аталатын баспалдақтарын бітірген соң түбіт мұрт бозбала Шәуешек гимназиясында география мен сурет пәндерінен сабақ бере жүріп, 1953 жылы Үрімшідегі жалғыз жоғары оқу орны – Шыңжаң институтының физика-математика факультетіне қабылданады. Оны үздік бітіргеннен кейін жас жігіт ішкі Қытай өлкесіне барып білімін одан әрі толықтыруды ойлайды. Сөйтеді де институтқа келген жалғыз квотамен бұрынғы Манчжурия мемлекет­інің орталығы Чанчунь қаласындағы ­Гирин университетіне барып оқуға түседі. Содан арада бес жыл өткен соң, яғни, 1962 жылы ол Шыңжаңға радиоэлектроника саласының ең алғашқы дипломды мамандарының бірі болып оралады. Бірақ… иә, бірақ бұл кез елде «мәдени ­революция» науқанының алғашқы белгілері біліне бастаған тұс еді. Өзі орталықта оқып жүргенде ата-анасы кеңестік Қазақстанға өтіп кеткен, сөйтіп туыстары КСРО-да тұратын боп шыққан Сұлтанды хунвейбиндер аясын ба?.. Іздегенге сұраған дегендей олар мұны от үстіндегі шойын шөңкеге салған шөжедей ал кеп шыжғырсын! ­«Шетелге байланушы», «аз ұлт ақсаусағы» деп ғайбаттай ма, «ревизионист», «ұлтшыл» деген ат қойып талқыға сала ма, әйтеуір айтпаған сөздері, тақпаған кінәлары жоқ. Сол он жыл ішінде бұл не көрмеді дейсіз. Қара жұмыспен түзеу лагерінде де, мырза қамауда да… бәрінде де болды. Ақыры 1976 жылы Мао қайтыс болып, елдегі «ұлы секіріс» елесі жойылды да Дэн Сяопиннің нұсқауына сәйкес Сұлтан еш кінәсі жоқ деп ақталып, Шыңжаң университетінде кафедра меңгерушісі, деканның орынбасары, проректор болып жұмыс істей ­бастады. Бұл 1978-1985 жылдары еді. Ал 1986 жылы ол Шыңжаң өлкесіндегі оқу-ағарту комитеті төрағасының (білім министрі) орынбасары болып тағайындалды. Міне, осы қызметті атқарған он жыл ішінде біздің кейіпкеріміз өзінің халық ағарту саласындағы ұйымдастырушылық қабілеті мен ұлтжандылық қасиетін толық көрсете білді десек еш қателеспейміз. Олай дейтініміз, дәл сол 90-жылдары Шыңжаңдағы бастауыш қазақ мектеп-терінің саны 706-ға, орта мектеп 185-ке жетіп, бұл білім ұяларына 256 мың 300 баланың тартылуы, осы өлкедегі 43 университет пен институтта 10 мыңнан астам қазақ жастарының студент атануы, ал ішкі Қытайдағы Бейжің, Шанхай қалаларында 500-ге жуық қандастарымыздың барып оқуы бұрын мүлде болмаған жағдай. Сондай-ақ 90-жылдардың ортасында Шыңжаңдағы қытай, ұйғыр, дүнген, сібе, қырғыз, тағы басқа көптеген ұлттардың ішінде қазақ жеткіншектерінің бастауыш мектеп ­бойынша оқуға тартылуы екінші, орталау мектеп деңгейінде екінші, толық орта мектеп жағдайында бірінші, орта кәсіптік оқу орны тұрғысынан алып қарағанда бірінші, жоғары оқу орны дәрежесімен есептегенде үшінші орын алуы да оның алдындағы 50-60-70-жылдарда байқалмаған құбылыс. Бұл сондағы әрбір 10 мың қазаққа шаққанда бастауыш мектепте 1460, орталау мектепте 580, орта мектепте 113, орта кәсіптік оқу орнында 69, университет немесе институтта 30 қандасымыз оқиды деген сөз. Міне, осындай игі ілгерілеушіліктерге сол жылдары оқу-ағарту комитетінде басшылық қызмет атқарған іскер азамат Сұлтан Рамазанұлының мұрындық болып, үлкен үлес қосқаны даусыз.
Кейіпкеріміздің білім саласындағы жоғарыдағыдай еңбегінен кейінгі ерекше атап айтатын екінші жайт, ол оның ғылым әлеміндегі қалдырып келе жатқан өзіндік қолтаңбасы дер едік. Бұл бағыттағы сөзімізді оқырмандарға қысқа да нұсқа ұғыммен жеткізер болсақ, мәселе былай. Сұлтекең ШҰАР-дағы тұңғыш радиоэлектроника маманы. Алғашқы кибернетик. Компьютер білгірі. «Жартылай өткізгішті тізбектер», «импульстік-цифрлық қабаттар», «электронды есептеу машиналарының принциптері» жүйелерінің теоретигі ол сондай-ақ Шыңжаң университетіндегі электроника факультетін алғаш құрған адам. Осы өлке ғалымдары үшін ақпараттар ағынын техникалық құралдар көмегімен жинақтап-өңдеу жөніндегі зертхананы жасақтап берген маман. Қытай елі аумағында, әсіресе, оның қазақ, ұйғыр және қырғыз халықтарының араб әліпбиі негізіндегі жазуларын компьютерге енгізген 1985 жылғы жаңалығы ерекше бағаланады. Осындай жетістігі үшін ол ШҰАР-дың «Техникалық прогресс» сыйлығын алып, ҚХР электроника-ғылыми қоғамының төралқа мүшесі болып сайланған. Басқа атақ, марапаттарды айтпағанда міне, осылардың өзі-ақ Сұлтан Рамазанұлының Қытай ғылымында қандай орны бар адам екенін анық аңғартады.
Өзіміз сөз етіп отырған ағамыздың үшінші бір үлгі етіп айтатын қыры оның қайраткерлігі. Соқтықпалы, соқпақты өмір жолынан өтіп, әртүрлі жауапты жұмыстарда мол тәжірибе жинаған жанның бұл қабілеті әсіресе, ҚХР Парламентіне депутат болып сайланған кезінде анық көрінгенін атап айту керек. Ол бұл заң шығарушы билік құрылымына 1993 жылы келген. Содан кейінгі он жыл ішінде Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысына Шыңжаң өлкесінен үзіліссіз екі рет сайланды. Сөйтіп, Парламенттегі Ұлттар комитетінің мүшесі ретінде әріптестеріне ойлы да орнықты пікірлерімен өзінің биік парасат иесі екенін таныта білді. Оған дәлел ретінде төмендегі жайттарды мысалға келтірелік. Сонда біздің жоғарыдағы пікіріміз құрғақ сөз емес, нақты факт болады ғой деп ойлаймыз. Депутаттардың 1994 жылғы бір отырысында «ҚХР-дың қылмыс туралы кодексіне» қосымшалар мен түзетулер енгізу қаралып жатты. Бұл кез қытай әдебиетінде ұсақ ұлттардың салт-дәстүрлері мен тұрмыс-тіршілігін мысқылдап көрсететін шығармалардың бой көрсетіп қалып жүрген уақыты болатын. Мәселен, «Айдаладағы ақ отау» деген повесте қазақ ауылының кейіп-келбеті орашолақ, біржақты суреттелгені бар. Ұсақ ұлттардың депутаттары міне, осы отырыста бойы да, ойы да биік Сұлтан Рамазанұлына жаудырай қарайды. Сонда ол кісі екі мың депутаттың алдында сөз алып: «Әдебиетте, кинода, театрда ұлттар өмірін мысқылдап көрсетуге әрекет етушілер заң алдында жауап береді деген тіркес кодекстен көрініс тапса. Мұндай ұсыныстың бұл жерде айтылу себебі бәріңізге түсінікті ғой деп ойлаймын» дейді. Мына сөзді естіген халық қалаулылары ду ете түсіп, Сұлтекеңнің пікірін құптап ала жөнеледі. Ертесінде осы сөз «Жэньмин жибао» («Халық») газетінде жарияланады да екі күннен соң ұсыныс «ҚХР-дың қылмыс туралы кодексіне» 250-тармақ болып кіреді.
Тағы бір мысал. Бұл оқиға «ҚХР-дың ұлттық-территориялық автономия заңы» талқыланып жатқан кезде болған еді. Ондағы бір бапта: «Ұлттық мектептерде өз ана тілінде сабақ өтсе болады» деп ­жазылыпты. Бұл тұжырымға көңілі толмаған біздің кейіпкеріміз сөз сұрайды да мінберге шығып: «Аз ұлттар елдің 93 пайызын құрайтын қытай халқының ішінде тұрып жатыр. Қазір әлемде жойылған ұлттар, жойылып біткен тілдер көп. Мұндай жағдай біздің мемлекетіміздің тарихында да болған. Сондықтан бүгінгі таңда аз ұлттардың тілін қорғау күн тәртібінде тұрған басты мәселе. Егер оларға қорықтардағы жан-жануарлар мен өсімдіктер ғұрлы ­назар аудара білмесек, онда социализмнің абзалдығы мен ізгілігі қайсы?» дейді. Сөйтеді де: «Сондықтан заңдағы «болады» деп тұрған солқылдақ сөзді «қажет» немесе «тиіс» деген нақты ұғыммен алмастырып өзгерту керек» деп тұрып алады. Депутаттар оның бұл ұсынысын қолдайды. Үш күннен соң түзетіліп, толықтырылған жоғарыдағы бап аталмыш заңнан өз орнын алады.
Мұндай мысалдар Сұлтекеңнің депу­тат­тық қызметінде көп, өте көп. Біз тек оқырмандарға солардың екеуін ғана баяндап отырмыз. Осылардың өзі-ақ құрамында екі мың халық қалаулысы бар ҚХР Парламентіндегі ханьзу, сібе, дүнген, ұйғыр, қырғыз, өзбек, татар, орыс депутаттарының арасындағы оның қайраткерлік қабілетінен белгі берсе керек.
Мақаламыздың соңында мынаны айтпақпыз. Ол – кейіпкеріміздің жоғарыдағы еңбектерінің бәрін шама-шарқымызша айтып, баяндап келіп, тағы бір қасиеті – қаламгерлік қырына да тоқталмай кетпеуге болмайтындығы. Иә, ол Бейжіңде қарны тоқ, көйлегі көк депутат болып, тып-тыныш қана тірлік кешіп жүрген жоқ. Тоғыз жыл бойы қытайдың арғы-бергі тарихындағы мол мұрағаттарды қопарыстырып, ондағы туған халқымыздың түп-тегіне қатысты деректерді жанкеш­тілікпен іздеп, тірнектеп жинап жүр. Себебі Қытай елінің тарихы – бай тарих. Адамзат өркениетіне сонау есте жоқ ескі замандардың өзінде төрт ірі жаңалық: компас пен қағаз жасауды, мылтық дәрісі мен баспа техникасын пайдалануды тұңғыш рет өмірге әкелген бұл мемлекеттің құжат қоймаларында не жоқ дейсіз? Бергі, бума шежірелерді айтпағанда, сүйекке қарып, тасқа қашап жазылған таңбалардан ­бастап, ағаш қабығына ойылып, теріге күйдіріліп басылған арғы иероглифке дейінгі жәдігерлер-дің бәрі бар. Міне, соны сырттай жақсы білетін Сұлтан Рамазанұлы Парламентке депутат боп сайланғаннан ­бастап бос уақытында Бейжіңдегі ең көне, ең бай деген мұрағаттарға барып мағлұматтар алуды алдына мақсат етіп қойған жан. Бұл жолда ол табыссыз да емес. Олай дейтініміз, оның қаламынан соңғы жылдары тарихи тақырыпқа арналған «Үйсін хикаясы» атты трилогия мен «Таластағы талас» деректі повесінің өмірге келуі.
Автордың «Үйсін хикаясы» туындысы «Елжау күнби», «Саншора күнби» және «Оңғай күнби» деген үш кітаптан тұрады. Бұларға б.з.д. ІІ ғасырда қазіргі Жетісуды кіндік еткен, сөйтіп осы кең аумақта ірі де тәуелсіз мемлекет құрған Үйсін ұлысының елбасылары кейіпкер болған. Трилогияда сол дәуірдің шым-шытырық күрделі оқиғалары өзара тығыз ­байланыста бірнеше желімен қатар беріле отырып, шебер өрбітілген. Оның бірінде Хан (Қытай) әулеті, енді бірінде Үйсін ұлысы арқылы Сақ жұртының Елжау, Саншора, Оңғай секілді бекзадалар билігінен де бұрынғы бай мәдіниеті мен озық тіршілігі оқырманның көз алдынан қаздай тізіліп өтеді.
Ал «Таластағы талас» атты деректі туындыға келер болсақ, ол осы өзіміз 2000 жылдығын тойлаған Тараз шаһарына арналған. Автордың пікірінше қаланың айтылып, жазылып жүрген жоғарыдағы 2000 жыл деген мөлшері біздің қолымызда нық тұрған, қалтамызға құнттап салып қойған даусыз тарих. Ал сол 2000 жылдың ар жағы ше? Иә, ар жағы… Онда не бар? Міне, мәселе осы сауалда болып тұр. Өйткені, сол 2000 жылдың ар жағында да үлкен негіз желі тартып жатпаса, Тараз бірден Тараз бола қалды дегенге кім сенеді. Автордың бұлай деуіне көне қытай жазбаларынан тапқан б.ж.с.д. 36 жылғы дерек себеп болып отыр. Онда Таразда бірінші, қаланың сыртында сулы ор жүргізілгені, екінші, оның ар жағында істік ағашты бекініс жасалғаны, үшінші, одан әріректе мұнаралы соқпа қорған тұрғызылғаны, төртінші, сол биік дуалдың ар жағында орда – резиденция көрінетіні, бесінші, істік ағашты бекініс пен соқпа қорғанның арасындағы жазықта сауыт киген жүздеген салт атты шолғыншылдардың арлы-берлі шапқылап жүргені толық суреттеліп, сипатталған. Демек, б.ж.с.д. 36 жылғы Тараз осындай қуатты да айбатты шаһар болғанда, онда бергі 2000 жылға ешқандай күдік келтірудің жөні жоқ, мұны әбден орныққан тарих деп білуіміз керек дейді кітап иесі.
Сұлтан Жанболатов… Қиын да қызық тағдыр иесі.Бұл кісіні біз бірінші ­болып жазып отырғанымыз жоқ. Оның есімі, ісі Ресей, Жапония секілді елдердің бас­пасөзінде әлдеқашан жариялан­ған. Еңбегі ҚХР-дың «Қытай елінің ­дарындылары», «Қытайлықтар әлемі», «Шығыс перзенттері», «Қытай мемлеке­тінен шыққан ғылым әйгілілері» сияқты энцикло­педияларға енген. Тек біз ғана бұл аға­­мызды тәуелсіздіктен бері біліп, танып жат­қандаймыз. Мақала да, міне, осы мақсатта, таныстыру сипатында жазылып отыр.

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

1053 рет

көрсетілді

46

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы