• Тұлға
  • 21 Тамыз, 2020

ЕСТІ ӘН ЕСТЕН КЕТПЕЙДІ

Осыдан бірнеше жыл бұрын Теміртауға жол түсіп, Шәмші ән арнаған «Тамдының аруымен» жүздесіп едік. Әннің кейіпкері Мыңбұлақтың тумасы Ақсұлу Ерманова атақты композитормен 1975 жылы танысыпты. Өзбекстан жерінде қазақтар көп орналасқан Тамды ­ауданына ән сапарымен барған Шәмші Қалдаяқов аудан өнерпаздарының кешін тамашалайды. Осы кезде Ақсұлу апа «Еркем-ай» әнін шырқап аудан жұртшылығын да, Шәмшіні де елең еткізіпті. Бұл кезде сүйікті жар, аяулы ана Ақсұлу Ерманова белгілі композитормен жақын танысуға мақұл болмаған. Ал табиғаты көркем, адамдары өнерлі, арулары сұлу Тамдыға ән арнаған композитордың сол әнінен кейін тамдылықтар Ақсұлу апаны «Тамды аруы» атап кеткен екен. Біз іздеп барғанда денсаулығы сыр беріп ауруханада жатқан апа туғаны келгендей қуана қарсы алған еді. Өзіңізді түсіріп, даусыңызды басып алайық дегенімізге қарсы болмай, емен-жарқын әңгімелесіп, Шәмшінің «Тамды аруын» орындап берген еді. Жасы келсе де, даусы қайтпаған апаның батасын алып кеткелі қайта хабарласпаппын. Оқта-текте апамен кездескенім ойыма оралса, есті ән естен кетпейді, кейіпкері де ұмытылмайды деп ойлап қоямын.

Міне, Отанын «Менің Қазақстаным» деп әнге қосқан, елі мен жеріне, халқына, махаббатқа, барлық тақырыпқа ән арнаған Шәмші Қалдаяқовтың туғанына биыл 90 жыл толыпты. Композитордың «Менің Қазақстаным» әнін 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы бұл әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді. Әннің шығу тарихы туралы Шәмші Қалдаяқовтың өз естелігінде былай деп жазылыпты:
«Ол тұс – Ақмоланы «Целиноград» атап, сол жақтағы бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кез еді. Осының алдында ғана Оңтүстік Қазақстанның нағыз қазақи үш ауданы Өзбекстанға берілген болатын. Қазақ жері осылайша бөлшектелгелі жатқанда, оның асқақтығын жырлайтын әнұран қажеттігін сезіндім. «Менің Қазақстаным» солай туды. Өлеңін Жұмекен Нәжімеденов жазды. Әнді радиоға Жамал Омарова жаздырды да, ол ән біздің өтінішіміз бойынша күніне бірнеше рет беріліп тұрды. Бұл менің қасиетті қазақ жерін бөлшектеуге білдірген қарсылығым еді».
Бұл кезде Шәмші 26 жаста, ал әннің сөзін жазған ақын Жұмекен Нәжімеденов небәрі 21 жаста екен.
Саналы ғұмырын әнге арнаған компози­тордың өмірі мен өнердегі жолын артындағы ұрпақтары жалғастырып келеді. Үлкен ұлы Әбілқасым, оның әйелі мен қызы – пианист. Кіші ұлы Мұхтар Қалдаяқов – ­скрипкашы, бүгінде Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрының дирижері. Мұхтар Шәмшіұлының да балалары музыка мектебінде оқиды. Артында ізін жалғаушы осындай ұрпақтары барда, әнін сүйген халқы барда Шәмшінің өзі мәңгі жасай берері сөзсіз.
Сазгердің туғанына 90 жыл толуына орай ұлы Мұхтар Қалдаяқов наурыз айында ­Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында «Шәмші әлемі» атты үлкен концерт ұйымдастырмақ болып еді. Сол кештің алдында өткізілген баспасөз жиынына да барғанбыз. Концерттің жай-жапсарымен танысып, Шәмшінің 90 жылдығына орай өткізілетін шаралардың жоспарларын біліп қайтқанбыз. ­Алайда елдегі Төтенше жағдайға байланысты, пандемияның әсерінен бұл кеш кейінге қалдырылды. Дегенмен, ­мерейтой қарсаңында ештеңе елеусіз қалған жоқ. Мәселен, бұл айтулы күн Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі дайындаған Шәмші Қалдаяқов әндерінің халықаралық фестивалінің онлайн-көрсетілімінен басталды. «Концерттік-гастрольдік орталық» жыл соңына дейін жалғасатын «Менің Қазақстаным» Халықаралық музыкалық челленджін ­бастады. Оған белгілі қазақстандық артистер, актерлер, спортшылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жақын және алыс шетелдерден келген қандастар қатысуда. Мәдениет және спорт министрлігінің YouTube-арнасында «Жаз әуендері» жобасы аясында Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Ән падишасы – Шәмші аға» концертінің премьерасы көрсетілді. Ал Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы «Қазақ вальсінің королі» концертін қойса, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры «Құшақ жайған қандай адам» концерттік бағдарламасын ұсынды. Концерттің режиссері және көркемдік жетекшісі Абай атындағы МАОБТ дирижері, Шәмші Қалдаяқовтың ұлы – Мұхтар Қалдаяқов.
«Әкемнің көптеген жақсы әндері бар, олардың бәрі өмірдің әртүрлі кезеңдерінде жазылған, кейбіреулері жастық шағында, кейбіреулері жетілген жаста жазылған. Көп уақыт өтті, бірақ қазір оның әндерін тыңдай отырып, біз олардан жаңа дыбыс табамыз, бірақ әуеннің сұлулығы өзгеріссіз қалады. Мен үшін әкемнің барлық әндері қымбат және сүйікті. «Қуаныш вальсі» әнін тыңдағанымда ол маған сүйікті ­болып көрінеді. «Ана туралы жыр», анам туралы ән – оны да сүйіп тыңдаймын. Және де әр әнінен сондай әсер аламын. Әкемнің әндерінің ерекшелігі – олардың шығу ­тарихын бізге сүйсініп әңгімелеп отырып, одан тағы бір жаухар жасап шығаруы. Ал біз сүйікті ­театрмен, «Абай ТВ» жаңа ­телеарнасымен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бірлесіп өткізген бүгінгі концерт – Шәмші Қалдаяқовты еске алу, оның әуендерін тыңдаудағы жалғасы. Оның тарихы» деді Мұхтар Шәмшіұлы.
Мерейтойлық іс-шаралар қатарын Қазақстан Республикасының Ұлттық акаде­миялық кітапханасы Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырған «Қазақ вальсінің королі – Шәмші Қалдаяқов» онлайн-көрмесі, Ұлттық кітапхананың әлеуметтік желілерде ресми парақшаларында «Менің Қазақстаным» онлайн-концерті толықтырды. Сонымен бірге Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық ­мерейтойына орай Қазақстан суретшілерінің шығармашылық жұмыстары негізінде тұңғыш рет «Шәмші әлемі» мультимедиялық онлайн-көрмесі ұйымдастырылды. Айта кету керек, мерейтойға орай композитордың туған өлкесі Түркістан облысында жыл соңына дейін эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн-форматта өтетін 100-ге жуық іс-шара жоспарланған. Ал ең негізгісі – «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовқа туған жері Түркістан облысының Отырар ауданында музей ашылды. Музей ішінде Ұлы композитордың өзі қолданған бұйымдары, саз шығаруға сеп болған мандолинасы секілді құнды жәдігерлер бар. Ұлттық Музей Шәмшінің жаңадан ашылған музейіне композитордың бас киімін әкеліп тарту етті.
«Бүгін айтулы мереке. Шәмші Қалдаяқов­тың туғанына 90 жыл толып отыр. Алайда осы облысқа келгелі Шәмшінің кіндік қаны тамған жерде Шәмшіге арналған музейдің жоқ екенін білдім. Тіпті біздің бүкіл республикада «Қазақ вальсінің короліне» арналған бірде-бір музей жоқ. Аз уақыт ішінде кеткен кемшіліктің орнын толтыру үшін тапсырма беріп, демеушілер есебінен Шәмші музейінің ашылуын қолға алдық. Шәмші музейі – Жидебайдағы Абай музейі секілді жас композиторлар мен жас әншілер тәу ететін зиярат орнына айналуы тиіс» деді Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Сонымен қатар өңір басшысы облыс орталығындағы жаңа музыка мектебіне Шәмші Қалдаяқов есімі беріліп, ­музыка мектебінің алдында еңселі ескерткіші бой көтеретінін, Түркістан қаласындағы көшелердің біріне сазгер есімі берілетінін атап өтті.
Талантты сазгер 62 жылдық ғұмырында 40 жылдан астам уақыт шығармашылықпен айналысып, 300-ге жуық ән жазған. «Арыс жағасында»,«Теріскей»,«Ана туралы жыр», «Мойынқұмда ауылым», «Сағынышым менің», «Тамды аруы», «Қайықта», «Ақ ­бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Қуаныш вальсі», «Дүнген қызы», «Жақсыгүл», «Әнім сен едің» және тағы басқа әндері қалың қазақтың жоғары бағасына ие болды. 1992 жылдан бастап дәстүрлі түрде сазгерлер мен әншілерге арналған Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль өткізіліп келеді.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында облыстық филармония, бір көше, Алматы қаласында бір көше, композитор туған өлке – Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі – Қалдаяқов есімімен аталады.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

2520 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы