• Тұлға
  • 21 Тамыз, 2020

ҚОҢЫР ДӘПТЕРГЕ ҚОНҒАН ОЙЛАР

ЕлубайСмағұл ЕЛУБАЕВ

Даналықтың белгісі. Өзін жұрттан кем көрер. Өз бойынан мін көрер. Біреу емес, мың көрер. Сондықтан ол, жақсы көрсе адамды мінімен де меңгерер. Алайда ол, Алладан безгеннен безер. Өзіндегі Әзәзілмен алысып, өмір бойы ұлық Иеге ұмтылар. Бірақ, қанша ұмтылса да Ұлыққа, арыла алмас дене деген былықтан. Жаны боздап ұмтылады биікке. Тәні бірақ, топырақ толы қапшықтай, тарта берер ұйыққа. Бір-біріне кереғар, осы екі болмыс арасында жарылып, өтеді өмір, өтеді өмір бейбақыт. Туғаннан пешенеге басылыпты осы мөр. Сонда, сонда бәрі адамның бақытсыз ба, бұ қалай? Дей алмаймын, жоқ олай!! Шындығында адамдардың дені деймін бақытты. Бала мінез, ішкенге – мәз, жегенге – тоқ жандар бақытты. Баладай мәз бола білген бақытты! Тәтті ұйқыда жүргендер ғой, оятпа!! Тәтті ұйқыдан оятпа!. Оянса ол тек ­жылана ­бастайды. Басыменен болып кетер бас қайғы. Оянған жан тынышталмас, тоқтамас. Бұрынғыдай мал тәрізді мамыражай оттамас. Бір басында ой дауылы бұрқырар. Ақиқатқа ұмтылар. Шындық іздеп шарқ ұрар. Осы жолда сүрінсе де жүз мейлі. Ол үмітін үзбейді. Осы жолда олар келе жатады, Тіршіліктің уын-зәрін татады. Алайда. Осы соқпақ Хақ жолына қосылады, қалайда. Хақ жолына түскендердің соңына ер! Хақ жолына түскендердің тобына ер! Адастырмас әулиелер соңына ер! Тіршілікте татқан удан тартынба! Тіршілікте татқан уың бал болып, Қияметте күтіп тұрар алдыңда!

Әулиелер дегенде селт етпес сана, елең етпес құлақ жоқ. Неге? Әулиелік адам баласына қолжетпес арман болғандықтан шығар, мүмкін. Мына қым-қуыт дүниеде әулиедей ақ болу, періштедей пәк болу қолдан келмегендіктен шығар, мүмкін. Бала періште шағымыз көзден бұлбұл ұшқандықтан шығар, мүмкін. Сол жоғалтқан жоғымыздың орны ойсырап көңіл төрі қоңылтақсып тұрғандықтан шығар, мүмкін. Сонда біз қолда барды жоғалтқан болдық қой. Солай. Адам пенде балауса кезде болмысындағы ғажайып илаһи тазалықты сезбейді. Қолда бардың қадірі жоқ. Сол тазалықтың басына қонған бақ екенін білмейді. Бейкүнә балдәурен шақ өтіп кеткенде бір-ақ біледі. Пенде, сөйтіп, өмірін періште болып бастап, пері болып аяқтайды. Ей, өрім жас! Басыңа қонған бақты бағала! Періште тазалығыңды сақта! Екі дүниеде одан артық байлық жоқ! Кісіге қылдай қиянат жасаудан сақтан! Өзіңнің де, өзгенің де періште тазалығын сақта! Жақсылық та, жамандық та алдыңнан шығады. Бұ дүниеде болмаса, О дүниеде.
Төрт айлық мерзімде ана құрсағындағы шақалаққа рух бітеді. Қайдан бітті? Неге бітті? Кім бітірді? Білмейміз. Біздің білетініміз, тек, соңғылықта рух дегеннің тынышталмай әлденені іздейтіні. Мазасыз болатыны. Сол ­мазасыз рухты жұбатамыз деп, біз есейе келе әртүрлі әрекеттерге барамыз. Жан рухының ­тыншымауы оның Иесін іздеп аласұруы екенін білмейміз. Солай. Жүрекке ұялаған рух өмір бойы өз Иесін іздейді. Сол Иесімен қауышқысы келеді. Шарқ ұрады. Жаныңды «жейді». Адам жаман жолға түссе, алдымен жаны қиналады. Тыпырлайды. Тынышы кетеді. Еңбекпен емес, қылмыспен келген байлық та жанның жауы. Ол рухты жұбата алмайды. Сонда жан қашан тынышталады? Қашан сен күндердің күнінде тәубеңе келіп, игі іс, ізгі амалдар ­жасай бастағанда ­тынышталады. Өйткені сен жақсылықтар жасау арқылы Жаратушыңа бет бұрдың, Жаратушың да саған бет бұрды. Хақтың нұры жүрекке түсті. Шырылдаған жүрек Иесін тапты. Анасын тапқан сәбидей тынышталды. Өйткені рух, жан Алланың бөлшегі. Көкіректе жан барда сен де Алланың бөлшегісің! Осы ақиқатты ұмытпасақ жүзіміз екі дүниеде жарық болмақ.
Бейкүнә бала сәбиді көрсең жан-жүрегің елжірейді. Өйткені ол – періште. Сол тәрізді он екіде бір гүлі ашылмаған қыз баланы көрсең де жан-жүрегің елжірейді. Өйткені ол да – періште. Айналып-толғанасың. Бұл – өмірдің жазылмаған заңы. Алланың адам жүрегіне құйған низамы. Періште тазалыққа деген құрмет. Қыз бала періштелігімен қымбат. Сүйкімді. Сұлу. Бұл балалар ертең бақытты отбасын құруға лайықты аналар. Осыны қыз бала құлағына құймақ парыз. Қым-қиғаш өмір жолында осы заңды бұзбау, әсіресе, қыз бала үшін болашақ бақытты отбасын құру үшін маңызды. Бұл – періште жолы. Періштені сол жолдан тайдырмақ болған кез келген әрекет – әзәзілдік. Ұл балалар! Әзәзілге ермеңдер! Қарындасты қорғаңдар!

Пендешілік!

Қанша өтсек те өмір атты белеңнен,
Осы індеттен арыла алмай келем мен.
Ем қонбайтын неткен кесел едің сен!
Енді сені тергейінші өлеңмен!

Сен адамның осал жерін біліп ап,
Есек қылып мініп ап.
Тепең, тепең, тепеңдетіп келесің,
Бойындағы ең ақырғы дінін ап.

Пендешілік! Сенен қайтып құтылам?
Қашқан сайын қармағыңа тұтылам.
Қанша өзіңмен күрессем де күн сайын,
Сонша өзіңнен ұтылам.

Пендешілік! Сен жеңбеген кім қалды?
Сенің дертің біреуді емес, мыңды алды.
Мына өмірде пендешілік жеңбеген,
Бір әулие қалды ма екен сындарлы?!

Құдайсыз қоғам!
Қорқамын бағытыңнан,
Азғындық ағытылған.
Қорқамын ұлымды ойлап,
Қызымды ойлап.
Салып жүр төрімізде
Сайтан мен жының ойнақ.
Барасың қайда бастап?
Барасың лайға бастап!
Ақыры бұ бетіңмен,
Балшыққа батырарсың!
Захарды татырарсың!
Жығарсың жарға апарып!
Тығарсың көрге апарып!
Нәпсіге сүріндіріп,
Қылмысқа ұрындырып,
Адамды аздырарсың!
Нәпсісін қоздырарсың!
Ұжданын тоздырарсың!
Сен тосқан болашақтың,
Қуғаны ләззат болар!
Адамы кәззап болар!
Сондайға бастап барасың!
Ұждан, ұят, иман атаулыны
Қоқысқа тастап барасың!
Ақша деп арпалысып,
Ақша деп қақсап барасың!
Ібіліске ертіп елді,
Дозаққа бастап барасың!
Әсіре байлық та, әсіре билік те аздырады.
Күнәңіз көбейген сайын, Раббыңызға құлшылы­ғыңыз да көбейсін.
Бес жылдығын ойламған ерден без, елу жылдығын ойламаған елден без.
Үміт! Үміт! Сенен тәтті не бар дейсің өмірде!?
Жүрсек тағы жоқшылықтың құрсағында құрмағыр!
Үміт оты жылтылдайды бір жақсылық
болатындай алда бір.
Саған дағы үйіп-төгіп бір күні
Құятындай Алла нұр.
Жылт-жылт еткен шырақтайсың қолдағы,
Жарықтайсың жолға түсер алдағы.
Осы үмітті жоғалтпасақ болғаны,
Ол апарып бір күні Сенім атты жойқынға,
Жалғары хақ, жалғары.
Сөйтіп, үміт айналғанда Сенімге,
Қолтығыңа қанат бітер сенің де!
Сенім күші селдей болар төгілген,
Сеңдей болар танабынан сөгілген.
Сол Сенімге сен сенер,
Болсаң түгел ел сенер.
Оның жойқын екпіні
Еңсерместі еңсерер.
Сенім деген серік болса халыққа,
Халық сонда айналады
Толағайдай алыпқа.
Түптің-түбі ол халық,
Тау қопарып тас жарып,
Бөленеді даңққа.

Кешір тілім!
Сені сатып
Әбден тантып
Өзге тілде көпірдік.
Жетістік деп лепірдік.
Ал, шынында, жетілмедік кетілдік.
Кешір тілім!
Ұрпағыңның ездігін!
Соны көріп сарайымда кезді мұң.
Сөйлей алмай өз тілінде сан қазақ,
Сұйылды ғой барған сайын сөздігім.
Кешір тілім!
Қадіріңді білмеген
Мәңгүрттерден құрбан болған маржаным!
О заманда, бұ заман
Бұдан өткен бар ма мұң?!
Кешір тілім!
Намыссыздар қолында
Мәстек болған тарланым!
1. Тіл деген тек қарым-қатынас құралы десек, қателесеміз. Тіл –халықтың тарихи жады. Хатқа түспеген гәптің көбі тілде. Тілінен айырылған қазақтың баласы, қазақтың ұлттық тарихи жадынан да айырылады.
2. Тіл – халықтың имани жады. Ұрпағыңнан тіл кетсе иманы да қоса кетеді. Ондай ұрпақтан күпірліктің небір түрін көресің. Ондай ұрпақтан ұлттық имани амалдарды күтпе! Имани амалдарды бермеген өзіңсің. Енді сол ұл-қызың қартайғанда сені қарттар үйіне тапсырады. Өйткені сен, ол ұл-қызыңды тілімен қоса, өзінің ұлттық имани жадынан айырдың! Ей, ана тілінен безген ата-аналар! Енді не көрсең де, өзіңнен көр! Өз обалың өзіңе!
3. Тіл – халықтың салт-дәстүрінің қоймасы. Ол жоғалса, салт пен дәстүр қоса жоғалады. Салт пен дәстүрді мыңдаған жыл сақтап келген сана қоса жоғалады. Бір шаңырақ астында атамзаманнан келе жатқан өмір сүру салтымыз қоса жоғалады.
4. Тіл – халықтың қорғаны. Ұлттың иммунитеті. Ұрпақтың рухын жанитын ұлттық тәрбие. Тілден айырылған күні, елді қорғайтын қорғаныңнан айырыласың! Біздің бүкіл ауыз әдебиетіміз, отаншылдық тәрбие тілімізде тұр. Тіл кеткен күні әлімсақтан ақындар мен батырларды тәрбиелеп келген қасиетті қазына қоса кетеді! Содан кейін Ұлы Даланы кім қорғайды?
5. Қазақтың тілі – Ұлы Дала тілі. Қазақтың тілін түсінбеген Ұлы Дала ділін түсінбейді. Өйткені Ұлы Дала өз жанын өз тілін түсінгендерге ғана ашады. Ол тілде сөйлемей, Ұлы Дала жанын түсіну мүмкін емес. Ұлы Дала жанын түсінбей, оны сүю мүмкін емес. Ұлы Дала тілінде сөйлемеген, Ұлы Даланы сүймек емес. Қадірін білмек емес. Ұлы Дала қадірін білмейтіндерден, Ұлы Дала үшін өлмейтіндер шығады. Құдайым, сондай болашақтан сақтасын!
Бүгінде байлық пен билік иелеріне халық неге шүйлігеді? Өйткені халқымыздың басым көпшілігі шайлыққа жетпейтін айлықпен өмір сүріп жатыр. Онда да жұмысы болса. Әртүрлі жолдармен, /оның ішінде билік те бар/ байлыққа қолы жеткендер үшін енді олардың алдында екі жол ғана қалды.
Бірінші жол: Кедей халық арасында қауіпсіз өмір сүру үшін Атымтай Жомарт болудың жолы. Яғни қайырымдылықпен айналысу керек. Оған кісілігің жетпесе, алдыңда екінші жол тұр.
Бұл – шетелге апаратын жол. Бұл екінші жолға түссең, өмір бойы жиған байлығыңды құтқару үшін оны, өл-тіріл, шетелге асыруың керек. Және, шетелден үй сатып алып қоюың керек. Шетелден үй сатып алып қою не үшін керек? Күндердің күнінде аш халқың, жалаңаш халқың шулап келіп сенің байлығыңа бас салғанда басыңды аман алып қашу үшін керек. Сөйтіп қашып байлығыңды да, өзіңді де аман алып қалуың мүмкін. Бұл идеяны, яғни шетелден үй алып қою идеясын үш мыңдай Қазақстан азаматы қазірдің өзінде іске асырып қойды деген дерек бар. Бірақ... бұ жерде бір «бірақ» бар. Онда сен өмір бойы Отан үшін емес, өмір бойы өзің үшін, байлық үшін өмір сүрген болып шығасың. Демек, бұл тарих алында абыройлы іс емес. Бұның ар жағында Отанға деген опасыздық дегеннің құлағы қылтияды. Бұл жол абыройсыз жол. Сондықтан аса бай азаматтарды бұ жолға түспеуге шақырамыз! Бұ жолға аяқ баспауға шақырамыз! Халықтың бүгінде күн құрғатпай әлеуметтік желіде шіріген байларға шүйлігіп ­жатуы бекер емес. Осындай сұмдықты сезгендіктен, әсіре билік, әсіре байлық астарынан. Бұдан шығатын тобықтай түйін; бейбақыт халық арасында бақытты бай болу қиын. Тіптен қатерлі. Сондықтан, ондай байларға айтар ақыл, ұсынар жолымыз жалғыз.Ол жол – бай ата-бабаларымыз ұстанған қасиетті жол, Атымтай Жомарт жолы! Атымтайдай сақи бол! Не көрсең де халқыңмен бірге бол, бірге көр! ­Жылап жүрген жұрт көзінше жырғап жүрме дейміз! Байлығыңмен мастанба дейміз! Байлығыңмен мастану бұндай заманда, бүгінгідей әлеуметтік теңсіздік дегеннің шектен шыққан заманында, тек сіздерге деген өшпенділікті өршітеді дейміз. Байлық пен билік иелері! Халқыңнан алыстама! Халық – ана! Ананың қарғысына ұшыраудан сақ бол! Жетім көрсең, жебей жүр! Көз жасын сүрт! Халқыңнан қарғыс алма, алғыс ал! Сонда ғана, Абай арман еткен ұйытқысы берік ұлт; кедейі мен байы тең, қарасы мен ханы тең ұлт қалыптасады.
Ей, байлық, билік иелері! Демек, сіздермен біз­ге халық анамызға адал қызмет етуден басқа жол жоқ!

1062 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы