• Әдебиет
  • 26 Тамыз, 2020

БІЗ КҮТКЕН БАҚЫТ

Мәлік ОТАРБАЕВМәлік ОТАРБАЕВ

АҚЫННЫҢ МӘРТЕБЕСІ

1933 жыл. Бурса қаласы. Ғұмыры аңызға айналған ақын Назым Хикмет абақ­тыда жатып, «Шейх Бедреддин туралы поэмасын» жазған. Бірде әділет министр­лігінен комиссия келеді. Министрліктің өкілі түрменің бастығына:
– Назым осында екен ғой. Шақыр, келсін. Түрін көрейік, – дейді.
Ақынды алып келеді. Өкіл отырған же­рі­нен қозғалмай, ақынның бас-аяғын үн­сіз шолып өтеді. Бірақ оған отыр демейді.
– Е, Назым сен екенсің ғой, – дейді жақтырмай. – Ендеше, кете бер!
Есіктен шығып бара жатқан ақын кілт тоқтайды да, өкілге бұрылып:
– Омар Хайямды білуші ме едіңіз? – деп сұрайды.
– Е, ақымақ, Омар Хайямды кім білмейді! – дейді өкіл зірк етіп.
– Ал Хайямның кезінде Иранды басқарған патшаны білесіз бе? – деп ақын тағы бір сұрақ қояды.
Өкілдің ауызына құм құйылғандай үндемейді. Сонда ақын:
– Көрдіңіз бе, ақынның есімі әлі есіңізде, ал әкімінің атын білмейсіз. Бір күн келер, мені бүкіл әлем есіне алып отырар. Ал сіз сияқты әкім-қараларды ешкім есіне де алмайды, – деп шығып кетеді.
Өкіл үндемейді. Айтарға сөзі жоқ.
Темекісін тұтатып, өзінің есімін іштей қайталап отырады...

ТӨБЕДЕН ТҮСКЕН ЖАЙ

Үлкен басшыдан тапсырма түседі. Хат күйінде. Мерзімі бір-ақ апта.
«Аспандағы жұлдыздың санын шұғыл жазып жіберіңдер!» деген.
Кіші басшы хатты қайталап оқып, басын қасып, аспанға бір қарады да орынбасарына:
«Аспанға қараңдар, жұлдызды санаң­дар! Бақылауларыңа алып, үш күнде жауабын беріңдер!» деп хаттың шекесіне жазып жібереді.
Оған қарағанда орынбасары ынсаптылау көрінеді. «Құдай-ау! Осындай да жай түскендей тапсырма болады ма екен?! Үш-ақ күнде не бітеді?!» деп күйінді. Ол да аспанға бір қарап бөлім басшысына:
– Бір күнде жауабыңды бермесең құрисың! – деді амалсыз.
Бөлім басшысы түк ұқпады. Төбеге қараса жұлдыз көрінбейді. «Жұмыс уақытынан тыс қалай санайды екенбіз? Оның үстіне бүгін тойға бару керек еді ғой» деп ары ойланды, «Тойға бармай, жұлдыз санасам қайтеді? Оған қосымша ақы төлейді ма екен?» деп бері ойланды. ­Сонымен, күні кеше ғана жұмысына кіріскен жас маманға тапсырады.
– Жұлдыздың санын жазып жібер! Бір сағат уақытың бар. Жоғары жақтың тапсырмасы! – дейді.
Жап-жас маман: «Түсінсем бұйырма­сын, ел аманында басшылар алжыған ба, әлде басқа атқаратын жұмыстары жоқ па? Жұлдызды санап қайтеді? Ал мейлі, тапсырманы талқылауға болмайды екен. Онда бір сағатта қалай үлгеремін? Энциклопедияны ашса, астрономияны оқыса қанша жұлдыздың бар екенін айтып бермей ме? Не деп жауап берсем болады екен?» деп терең ойланады. Содан соң бала кезінде атасынан тыңдаған әңгімені есіне алып, ойдан құрастырып, жауап жазуға кіріседі.
«Құдай он сегіз мың ғалам жаратқан. Сол он сегіз мың ғаламның ішінде мил­лиард­таған галактика бар, оның ішінде миллиондаған жұлдыз бар...».
Жап-жас маманның хатын барлық бөлімдер бекітеді. Кіші басшы Үлкен басшыға:
– Бір апта бойы таңды таңға ұрып, аспанға қарап, жұлдызды санап шықтым. Тапсырмаңызды орындадым, мінекейіңіз, – деп хатты өз қолымен тапсырады.
Келесі күні теледидарда Үлкен басшы жиында сөз сөйлеп отырды.
– Біз босқа отырғанымыз жоқ. Аспаннан сіздердің амандықтарыңызды тілеп, ерін­бей жұлдыз санадық. Құдай он сегіз мың ғалам жаратқан. Сол он сегіз мың ­ға­лам­ның ішінде миллиардтаған галактика бар, оның ішінде миллиондаған жұлдыз бар...

ТАТУЛАСТЫРҒАН ӨЛЕҢ

Байырғы Осман мемлекетінің патшасы – атақты Сүлейменнің әкесі Явуз Сұлтан Салимнің Уәхби деген ақын досы болған.
Бір күні патша ақын досымен әңгіме­лесіп отырып, қалжыңмен түйреп өтеді. Бірақ досы патшаның әзілін түсінбей, көңіліне алып, ренжіп қалады. Кейін ешкімге айтпай, жасырын түрде Ыстамбұл­дың шығыс жағындағы Урфа қаласына көшіп кетеді. Сол жердегі дін басшылы­ғының хатшысы болып қызметке кіріседі.
Патша ақын досын сағына бастайды. Іздейді. Бірақ таба алмайды. Бекер әзілдеген екенмін деп өкінеді. Содан кейін досын табу үшін бір амал ойлап табады. «Дүн-дүниенің болсам-дағы иесі, Әлі де қам жеймін, мұнысы несі?..» деп жазып, «Кімде-кім патша жазған екі жол өлеңді толықтырса, соған мың ділда алтын беріледі» деп ел-жұртқа жар салады.
Урфаның дін басшысы әлгі екі жолды толықтыруды ақын-хатшысына тапсырады. Хатшы: «Тән емес пе еді әзелден, То­пы­рақпен шылап иленген...» деп жазып береді.
Патша ақын досын қолтаңбасынан бірден таниды. Сөйтіп, Урфадағы дін басшысына хат жолдап: «Жарайды, саған мың ділда алтын жіберемін. Бірақ сен де менің ақын досымды кері қайтар!» дейді.
Осылайша достар татуласады.
«Өсер елдің әкімі ақынын іздейді» ­деген осы болса керек.

МОНОЛОГ

«Реис Бей» атты көркем фильмді көріп отырмын. «Реис» – төраға, басшы дегенді білдіреді. Біз де «райыс» дейміз ғой кейде. Соның нақ өзі. 1988 жылы түсірілген түріктің классикалық киносы. Сценарийі көрнекті ақын, драматург ­Неджип Фазылдың пьесасының негізінде жазылған. Кино сот төрағасының тағдыры туралы өрбиді.
Адамның өмірі қызық қой, ешқандай кінәсі жоқ төрағаның өзі сотталады. Сөйтіп, сот алдында ойлы сөз айтады:
«...Рас, бұрын ешкімге жаным ашымайтын. Реис Бей, сіздің орныңызда отырғанымда талай кінәсіз жанды жазаға қидым. Бірақ заңсыз әрекет етпедім. Дегенмен, адамгершілікті, мейірімді ұмыттым. Осыны түсінгендіктен, алда­рыңызда тұрмын.
Шынтуайтына келгенде, әрбір азамат әуелі «мен кінәлімін» деуі керек. Қалған жандар – кінәсіз. Жасаған ісіне жауап беруі керек. Менің айтпағым осы. Біз бір-бірімізді кешірсек қана тұйықтан шығар жолымызды табамыз. Тығырыққа тірелер болсақ, заңға жүгінеміз.
Есіңізде ме, әлгі өлім жазасына кесілген кінәсіз жігіт: «Жылай алғаныңызда, мені түсінер едіңіз» деп еді, жарықтық. Қазір жылаған сайын соны есіме аламын.
Америкада бір қылмыс жасалып, «Қылмыскер кім?» деп сұраса, «Менмін!» деп айғайлағым келеді. Қыстыгүні далада тоңып жатқан үйсіз жандардың жағдайына мен жауапты сияқтымын. Ауруханадан ем іздеген бейшаралар менің кесірімнен ауырып қалғандай күй кешемін. Елге осыншама зияным тиетіндей не істеп қойдым, қандай қате әрекет жасадым деп, күндіз-түні өз-өзімді есепке тартамын. Сондықтан мен кінәлімін...».
Шынында да, әділет пен мейірімділік егіз ұғым болып мәңгі қала береді.

ТӨРТ СҰРАҚ

Қорқақтық: «Сенімді ме?» деп сұрайды.
Пайдақорлық: «Тиімді ме?» деп сұрайды.
Тәкаппарлық: «Танымал ма?» деп сұрайды.
Ар-ұждан: «Әділетті ме?» деп сұрайды.

ӨМІРДЕ ӘДІЛДІК БАР МА?

Осы сауалды өз-өзімізге жиі қоямыз. Әсіресе, небір сұмдықты көргенімізде осы сұрақ алдымыздан шыға береді. Көп жағдайда әділдік болған емес, болмайды да деп, кесіп айтамыз. Бірақ, шынымен солай ма? Бәлкім, өмірде әділдік бар шығар. Біз түпкі мәніне үңілмей, басқа қырынан қарап, асығыс бағалайтын болармыз.
Осы орайда Мұса пайғамбардың басынан өткен мына бір оқиғаны оқып көрейік. Ойға ой қосатын әңгіме сияқты.
Күндердің бір күнінде Мұса:
– О, Раббым! Өмірде осыншама әділетсіздік болып жатады. Менің үмбетім менен оның түпкі хикметі мен себебін сұрайды, – дейді Жаратқанмен тілдесіп.
– Пәлен жерде бұлақ бар. Оның арғы жағында бұта бар. Сен сол жерге жасырынып, бұлаққа қарап тұр! – деген дауысты естиді.
Мұса айтылған жерге барып жасырынады.
Әуелі бір салт атты адам келеді. Бұлақ басында әлденіп алады. Су ішеді. Бұлаққа еңкейгенде төс қалтасынан алтынын түсіріп алады. Бірақ оны байқамайды. Атына мініп кете барады.
Содан соң бір жас бала келеді. Ол да бұлақ басында тамақтанады. Су түбіндегі алтынды көріп, алып кетеді.
Одан кейін бір соқыр кісі келіп, бұлақ басында демалып отырады. Сол сәтте әлгі салт атты бұлақ басына қайтадан шауып келеді. Соқыр кісіден түсіріп алған алтынын сұрайды. Ол білмеймін деп, басын шайқаса да, соқыр кісіні ұрып-соғып өлтіреді. Сөйтіп, із-түзсіз ғайып болады.
– Енді осының хикметі мен себебіне келер болсақ, – дейді Жаратқан. – Салт атты адам – өзінің жұмысшыларына ақы­сын бермей жүрген қожалық иесі. Әлгі жас бала – ақысын ала алмай жүрген қожа­лық­тағы бір жұмысшының баласы. Ал соқыр кісі кезінде талай жанның өмірін қиған қарақшы болатын. Ол ұсталып, негізі, өлім жазасына кесілген, бірақ амалын тауып, қашып құтылған. Қашқанда көзі жа­раланған. Енді өзінің жазасын тартты.
«Пенде зұлымдық жасайды, тағдыр бәрібір әділ бағалайды» деген осы болар.

АҚЫН МЕН ӘКІМ

Парсы әдебиетінде аттары жиі аталатын Бозоргмехр және Анушивран дейтін екі көрнекті тұлға бар. Екеуі де – парсының ғана емес, бүкіл адамзат тарихының ірі өкілдері.
Анушивран – қазіргі Иран, бұрынғы Сасани империясының ақ әділ патшасы. Оның жарты ғасырлық басқару кезеңін «алтын дәуір» деп атайды. Сондықтан парсы ақындарының жырларында аты жиі кездеседі. Ал Бозоргмехр – ақ әділ патшаның уәзірі. Жай уәзір емес, «Ұлы уәзір» атанған ақын, ғұлама. «Шахнама» сынды эпос, аңыз-дастандардың көрнекті кейіпкерлердің бірі.
Ақ әділ патша бір күні гректің философын, үндінің хәкімін және өзінің уәзірі Бозоргмехрді шақыртып, үшеуіне сұрақ қояды:
«Мына бес күндік өмірде адамды қинайтын не?» деп.
– Қарттық пен кедейлік, – депті гректің философы.
– Аурудың азабы, – депті үндінің данышпаны.
– Ажалдың ауызына тақаған кезде бірде-бір жақсылық жасай алмай кеткеннен асатын қорлық жоқ, – депті патшаның уәзірі.
Анушивран бәрінен бұрын уәзірдің жауабына тәнті болған екен.

***

Бір күні Бозоргмехрден сұрапты:
– Неліктен ғұламалар әміршілердің алдына барады? Ал әкім-қаралардың зиялының алдына барғанын еш уақытта көрмейміз?
– Бұның жауабы анық қой, – депті уәзір. – Ғұлама ғылымның қасиетін білгендіктен барады, ал әмірші надан болғандықтан бармайды.
Шынтуайтына келгенде, уәзір мәде­ниетті түрде жауап берген көрінеді. Әйтпесе, шын ғұлама патшаның алдына тіленіп бара ма, әділ әмірші сондай абыройсыздыққа жол бере ме?
Уақыт өзгерсе де, адам өзгермейді.
Кезінде Францияның ақындары да өлең оқып қайыр тілейтін. Мықты, сауатты, өнерлі қайыршы екен деп, ақынға арнайы төлқұжат берілетін. Тарихтан мәлім.
Қазір не өзгерді?
Махамбеттің тайсалмайтын биік рухы қайда?
Күні әкімге қараған ақыннан, ақынның арқасында абырой жиған әкімнен не қайыр?!

БАЛЫҚТЫ  СҮЙГЕН ЖАЗУШЫ

Түріктің Чеховы атанған жазушы Саит Фаик досымен бірге балық аулауға шығады.
Қайыққа мініп алып, теңіз жағасынан едәуір алыстаған соң, торларын суға лақтырып жібереді. Торды қайтадан тартып шығарғанда, «ставрида» дейтін бір ғана шабақ балығы ілігеді.
Жазушы балықты ұстап алып, сүйіп алады да суға қайтып жібереді. Досы аң-таң болады.
– Балықты сүйгенің қалай? – дейді досы.
– Қалай болушы еді? Енді осы теңізде басқасы емес, жазушы сүйген балық жүзетін болады, – дейді Саит Фаик.
Мәңгілікке құштар жазушының шығармасы да, айтқан сөзі де мәңгі қалады. Өйткені күннің көзін балшықпен ешкім сылап тастай алмайды...

ШӨЛ АРЫСТАНЫ

Басқыншы итальяндықтарға қарсы жиырма жыл бойы соғысқан Ливияның ұлт батыры Омар Мұхтар зайыбы қайтыс болғанда өкіріп жылапты.
Астындағы ақ тұлпарымен, қолына бесатар ұстаған жанкешті сарбаздарымен Италияның армиясына үнемі күйрете соққы беретін Омар Мұхтардың соншалықты жылағанына ел-жұрт аң-таң болады.
– Шөл даланың арыстанын жылатқан не? – деп сұрапты.
Омар көз жасын сүртіп отырып:
– Соғыс майданында апталап-айлап жүретінімізді білесіңдер, – деп сөзін ­бастайды. – Үйге келгенімде әйелім есіктің орнына ілінген пердені үнемі жоғарыға қарай тартып, ашып қоятын. Соңғы оралуымда өзінен бұның себебін сұрап едім. Әйелім маған: «Үйге кіргенде де бойыңды тік ұстап, еңкейіп кірме, басыңды көтеріп, еңсеңді еш уақытта түсіріп жүрме деп, пердені тартып қоямын» деген еді. Өмір бойы мені қолдап, рухымды биіктеткен жарымнан айырылдым. Айтыңдаршы, қалай жыламаймын?! – депті.
Осы оқиға өткен ғасырдағы алапат соғыс кезінде ерлерін қан майданға жіберген әжелеріміздің, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында базарға ала сөмке көтеріп шыққан апа-әпкелеріміздің қамқорлығын, рухымызды өсірген ерлігі мен батырлығын еске салады.

«АДАМ» ДЕГЕН КІМ?

Бұл сауалды шығыстың мәшһүр ақыны Сағдиге қойған екен.
Ақын: «Бір тамшы қан мен мың бір түрлі қайғы-қасіреттен жаралған тіршілік иесі» деп жауап қатыпты.
Соған қарағанда, қамсыз өмір адамның маңдайына жазылмаған сияқты ғой.

Төрт түрлі сабырлық

Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесе­несінде дұға оқып отырған бір қария айтып еді:
«Есіңнен шығады, ұмытып кетесің, артынан сабыр сақтайсың. Бұл – сабырлық­тың ең жақсысы.
Қабылдайсың, мойындайсың, көнесің, содан кейін сабырға жүгінесің. Бұл – ең дұрысы.
Бас тартасың, баз кешесің, айырыла­сың, сосын төзесің. Бұл – ең қиыны.
Ал енді сабырлықтың ең үлкені – Құдайға тәуекел етіп толығымен тапсырған соң басталады».

САХАБА СӨЗІ

Дос көрдім. Бірақ тілін сақтаған достан артық дос-жаран көрмедім.
Киім көрдім. Бірақ көркем мінезден артық киім-кешек көрмедім.
Дүние көрдім. Бірақ қанағаттан еселеп асқан дүн-дүние көрмедім.
Жақсылық көрдім. Бірақ үгіт-насихат­тан асқан игі-жақсылық көрмедім.
Ас көрдім. Бірақ сабырлықтан асқан дәмді ас-ауқат ішіп көрмедім.

ЖОЛАУШЫ БАЛА

Поездің терезесіне қарап отырған бала:
– Әке, қараңызшы, жайылып жүрген қойлар артта қалып барады. Әне, жалғыз ағаш, ол да қалды... – деді дауыстап.
– Иә, балам! Бізге көрінген дүниенің бәрі осылай кезек-кезегімен артта қала береді, – деп, қарама-қарсы отырған әкесі баласына ежелеп түсіндірді.
– Мәссаған! Әке, мынаған қараңыз! – деп бала бұл жолы айғайлап жіберді. – Әлгі кітапта оқып бергеніңіздей, бұлттар да бізбен жарысып барады!
Бала осылай әр көрген нәрсеге таң­ғалып, қуанышын жасырмады. Бірақ оның бұл қылығы купедегі өзге жолаушы­лардың мазасын қайта-қайта ала берді.
– Балаңыз тәрбие көрген бе өзі? Денсаулығы нашар емес пе? Дәрігерге апарсаңыз қайтеді, – деп жолаушылар әкесіне уәж айтты.
Сонда баланың әкесі:
– Айып етпеңіздер, біз онсыз да ауруханадан шығып, үйге қайтып бара жатырмыз. Баламның көзіне операция жасалды. Құдайға мың да бір шүкір, енді балам көре бастады ғой... – деп мән-жайын айтып берді.
Одан кейін жолаушылар ләм-мим демеді.

БАЛТАҚАРА АТАНЫҢ АҚ БАТАСЫ

«Айналайын» деп, мейір шашып алдынан шығатын ата-әжелерді, «жаным әншейін» деп, еркелетіп маңдайыңнан сүйетін аға-әпкелерді қашанда сағынасың. Әсіресе, сәлем алып беруге жарамайтын, қалыңды сұрауға шамасы келмейтін ортада жүрсең, сағынышың арта түседі...
Сондай бір сағыныш сезімменен оң­түс­тік өңіріне бардым. Өзімнің туған атам­дай болып кеткен Балтақара ақсақал­дың қолын алып, амандасып шығайын дедім.
Балтақара ата кім дейсіз ғой. Бүгін Түркістан деп аталатын қасиетті өңірдің өркендеуіне баға жетпес үлес қосып, аты аңызға айналған қайраткер. Бағлан бабалардың, асыл аталардың көзін көрген қазақтың текті оғланы. Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкеев сынды ұлт мақтаныштарымен жақын араласқан, әдебиетті бір кісідей білетін қадірлі қария. Еліміздің көрнекті жазушысы Нұрғали Ораз ағамыздың әкесі.
Ақсақал менің келгеніме қуанып:
– Айналайын, келгенің қандай жақсы болды. Алыста болсаң да еліңді ұмыт­пай, ата дәстүрді сыйлап жүресің. Қандай қызметте жүрсең де әдебиетті, шығар­ма­шылықты есіңнен шығармайсың. Демек, елдің жағдайын, көңіл күйін ойлайсың, – деді.
Содан кейін Балтақара ата ақ дастарқан басында батасын берді. «Қайда жүрсең де аман жүр!» деді. Тарихтан сыр шертті. Ал әдебиет, өнер туралы айтып отырғанда естен кетпес бір қызықты оқиғаны әңгімелеп берді.
– Баяғыда көрші жатқан ауылға алыс­тан бір қонақ келіпті, – деп бастады ақсақал. – Үй иесі қалбалақтап, қойын сойып, елді шақырған екен. Бәрі жинал­ғанда әлгі қонақ: «Ауылдарыңызда ақын бар ма?» деп сұрапты. Ел-жұрт: «Жоқ!» депті. Содан біраз отырып: «Ендеше әнші бар ма?» деп қайта сұрапты. Оған да жоқ депті. «Ең болмаса осы ауылдың бір тентегі бар болар?» деп, сұрап қоймапты әлгі қонақ. Сөйтсе, ауылдың үлкені – бір ақсақал айтыпты дейді: «Шырағым, бізде әнші де жоқ, күйші де. Тентегіміз де жоқ, ақынымыз да. Бірақ анау отыр­ған дәу қарын әкіміміз бар». Келген қонақ үндемепті. Асын ішіп болған соң, кетуге ыңғайланған екен. Сонда үй иесі: «Құдайдың жіберген қонағысыз, қонып кетпедіңіз бе?!» десе, әлгі қонақ: «Ние­тіңізге, көрсеткен құрметіңізге рақмет! Бірақ ақыны мен әншісі, тым құрығанда тентегі жоқ ауылдан менің аларым да, берерім де жоқ. Ал әкіміңіз – бүгін бар, ертеңгі күні жоқ адам» деп қайтып кетіпті.
Ақсақалдың әңгімесін тыңдап отырып, ақыны мен жазушысы жоқ, мәдениет пен өнердің өкілі жоқ елімізді, ұлтымызды көз алдыма елестете алмадым. Ондай ­трагедияны түсімде де көргім келмейді.
Ал соны көз алдарында елестетіп, бүгінгі күннің есебімен ғана жүргендер түстерінде не көреді екен?!

БИ АТАНҒАН ЗИЯЛЫ

Шығыс әдебиетінің көрнекті кейіпкері – патша Харун Рашид бір күні зиялылармен жиын өткізіп отырғанда, оқыстан түшкіріп жібереді екен. Алқа мүшелері қалыптасқан салт бойынша бір ауыздан «Жәрәкім Алла!» дейді.
Алайда жиында отырған бір кісі ештеңе демейді. Патша одан себебін сұрайды. – Неге тіл қатпадың? – деп.
– «Әлхамдулиллә» деп, шүкіршілік танытпадыңыз ғой. Сол үшін ләм-мим демедім, – дейді ол.
Патша орнынан тұрып:
– Сізді бүгіннен бастап Бағдаттың бас биі қызметіне тағайындадым! – деп бірден шешім қабылдайды.
Алқа мүшелері аң-таң.
– Сонда қалай?! – деп сұрайды.
Патша:
– Біріншіден, ол өзінің нағыз зиялы екендігін, мәдениетті, дінді, дәстүрді жақсы білетіндігін білдірді. Екіншіден, патшаның өзі түшкіргенде екі ауыз сөзді көп көрген кісі еш уақытта басқа біреудің алдында бас имейді! – деген екен.

ЖЕТІ ҚАСІРЕТ

– Біздің түбімізге не жетеді? – деп жеті кісіден сұрадық.
– Білімі бар, бірақ мінезі жоқ адамдар, – деді біреу.
– Бағдарламасы бар, бірақ идеологиясы жоқ саясат, – деді басқасы.
– Есебі бар, бірақ еңбегі жоқ байлық.
– Табысы бар, бірақ ішкі мәдениеті жоқ кәсіпкерлік.
– Жүйесі бар, бірақ адамгершілігі жоқ білім.
– Алысы бар, бірақ берісі жоқ діни түсінік.
– Қошаметі бар, бірақ ары жоқ арзан күлкі.

ТІЛЕК

Бір патшадан сұрапты:
– Құдай: «Тілегіңді айт, орындаймын!» десе, не тілер едіңіз?
– Ақыл қосатын, кеңес беретін бір топ рухты зиялымыз болсын деп тілер едім, – деген екен.
Ұлт зиялыларын мойындамайтын, таланттарды менсінбейтін бүгінгі таяз ойдан арылатын, көргенсіздіктен құтылатын күн қашан туады екен?!

ӨЛІАРА КЕЗЕҢ

– Не істейміз? Қайтеміз? – деп сұрады ол үрейі қашып.
– Қайтеміз дейсің бе, тіршілік етеміз, әрине. Тірі тіршілігін жасайды емес пе, – деді бұл.
– Жо-жоқ, сен мені түсінген жоқсың. Біз не үшін жанталасып жүрміз? Сол тіршілікті не үшін, кім үшін жасаймыз?
– Адам боламыз деп, елдігімізді сақтаймыз деп жанталасамыз.
– Айналайын-ау, қалай сақтаймыз? Арман, аңсар, қиял, ынта-ықылас жоқ. Қарашы, бейкүнә балалығымыздан, беймаза жастық шағымыздан айырылдық. Адамдық қасиетіміз жоғалып, енді адамдығымыздан ажырап барамыз. Әбден тоналған сықылдымыз. Бар-жоғымызды ұрлатып алдық. Жадап-жүдеп, азып-тозып, шала-жансар күй кешіп отырғандаймыз. Балама не тәрбие беремін? Мектептің түрі анау, көшенің түрі мынау. Қайда бара жатырмыз өзі?
– «Атымызды адам қойған соң», өміріміз осылай жалғаса береді. Қайтесің, жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін пенденің соқтықпалы, соқпақты өмір жолы осы да.
– Жасаған жақсылығымызда мән, тірлігімізде сән қалмады ғой. Көңілді тер­бет­кен әнді де тыңдамағалы қашан. Әй­теуір, абыр-жұбыр жалғасқан өмір. Ненің өмірі, кімнің ғұмыры бұл? Қайдан кел­ген тіршілік? Кім алып келген бақыт­сыз­дық?
– Күнделікті болып жатқан оқиғаларға қарап, күдеріңді үзбе, бауырым. Сөзіңе таласым жоқ. Мені де сен қойған сауалдар мазалайды. Бірақ амал нешік, маңдайымызға жазылғаны осы. Шамамыз келгенше, адамдық, ұлттық қасиетімізді сақтайық. Өз-өзімізге берік болайық!
– Иә, жаңалықты тыңдасаң, күніге қыл­мыстан ұсталғандар. Бір-бірін ұрып-соққан, ұрлап-жырлағандар. Бет жыр­тыс­қандар, талан-таражға салынғандар. Барлығы – адамдық ғаламынан ұрланған бейбақтар сияқты. Бәрі жалған болып кеткен. Жалған дүние, жалған өмір. Білім де, ілім де. Сөз де, жүз де. Бәрі ұрланғандай. Сөз­дегі сәуле де, жүздегі нұр да. Адамның ішін­дегі ұлт та, ұлт ішіндегі адам да. Қасиет те, құн да, иесіз қалған дүние де. Бәрі­нен айырылғандаймыз. Ал айтшы, енді қайтеміз?..

АЙЛАКЕР ЖІГІТ

Түрік тілінде жарық көрген «Күрт әдебиетінің антологиясын» оқып отырмын. Кітапқа қу омарташы жігіт туралы бір қызықты әңгіме енген екен.
Әңгіме былай: Бір жас жігіт бал өндіріп сатпақшы болады. Сөйтіп, ­жабайы араларды әкеліп, ұя салып береді. Біраз уақыт күтеді. Қараса, дәнеме жоқ. Ең болмаса бір тамшы тамызғанда қайтер еді деп ойлады. Елден ұят. Сонымен, қолынан түк келмейтін қолапайсыз екен деп ел ойламасын, ондай өсек шықпасын деген оймен бір жерден дайын бал тауып әкеліп, омартасына құяды. Содан абиыр болғанда, көрген кісілер таңғалып, батасын береді.
– Қолыңнан іс келетін азамат екенсің, – деседі.
Сонда әлгі қу жігіт омартадағы араларына қарап:
– Сендер ызылдай беріңдер, ызылдай беріңдер, менен бал болады! – дейді амал-айласын тауып.
Бал беріп жатса ызылдамай қайтсын?!
Осы оқиға қазіргі желілерде жел естіріп, ызылдап қойматын бейбақтарды еске салады. Бейбақ деп отырғаным, бал таусылған күні өздері де із-түзсіз ғайып болады ғой.
Сондай бір бейбақтан сұрапты:
– Саған қасиетті Құранның қай сүресі ұнайды? – деп.
– Мәида сүресі, өйткені оның ма­ғынасы «ас жайылған дастарқан» – депті ол.
– Ендеше қай аятты ұнатасың?
– Аят дейсің бе... Хижр сүресінің «Қоя қойшы оларды, жеп-ішіп, билеп-ойнасын» деген аятты ұнатамын.
Қарынның тоқтығын, қайғының жоқтығын ғана ойлайтындар ызылда­мағанда қайтсін...

2785 рет

көрсетілді

29

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы