• Тарих
  • 26 Тамыз, 2020

ЕР ЕРДЕН

Суретте:Оң жақтан екінші Атбасар дуанының аға сұлтаны Ерден Сандыбайұлы

Нұрперзент Домбай
«Аna tili»

Мына жайтқа таңырқамаса ­болмайды. Ерденнің әкесі Сандыбай да, ­атасы Төлек те батыр адамдар болған. Олар және көп батырдың бірі емес, ерліктері, қаһармандық істері бүгінгі күнге дейін жеткен дара тұлғалар. Шәді төре Жәңгірұлының «Абылай хан» дастанында Төлек есімі жоңғарларға қарсы күресте ерен ерлік көрсеткен, есімдері азаттық жолындағы айқас тарихында алтын әріптермен жазылған саңлақтар шоғырының бел ортасында тұр. Сондай-ақ аты иісі қазаққа жақсы мәлім, қанжығалы Бөгенбай батыр, Балпан би, Саққұлақ шешен секілді бірегей тұлғалардың ұрпағы, ескі тарихтың телегей-теңіз білгірі Олжабай Нұралының (1985 – 1935 ж.ж) «Сабалақ» атты дастанында Төлек есімі айтылады:

Ат қаратіл болғанда жігіт сайлап,
Қару-жарақ Ұлытауда жұрт даярлап.
Балқашқа үш жүз болып жосылмаққа,
Әр жүздің адамдары уағда байлап.
Орта жүзден Бөгенбай, Жәнібегі,
Қошқарбай, Жантай менен Қазыбегі,
Толыбай, Малайсары, Баян батыр,
Төлек, Тулақ, Қабанбай – найман тегі,
Кіші жүздің басшысы Арал батыр,
Тама Есет қол бастап келе жатыр...
Белгілі жырау Жөкей Шаңғытбайұлының «Бөген­бай батыр» дастанында Төлектің де аты аталады:
Пошымы басқалардан бөлек батыр,
Айлакер, аңдасуға зерек батыр.
Ғаскерін Бағаналы бастап келді,
Ақырған арыстандай Төлек батыр.
Дамылсыз ұрыс салған Бөгенбайға
Жеткізді Орта жүзден көмекті ақыр.
Жоңғардың қапталынан қалың қолмен,
Тиісті ес жиғызбай кенет, қапыл...
Төлек Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңында жерленген.
Төлектің баласы Сандыбай да батырлығы­мен елге танылған. Ол рудың да, ұранның да атын иемденген.Оның сыры мынада.
Жаудан кек алу үшін Барлыбай хан бастаған топ жолға шығады. Көп ұзатпай қуып жетеді. Әлгі жақтың бір батыры: «Жекпе-жек! Жекпе-жек!» деп бұлардың алдын кес-кестейді. Бұл Барлыбайдың жасы келіп қартайған шағы екен. Топ ішінен ешкім бас көтере қоймайды. «Мынандай дауысты естігенде шыдай алмаушы едім. Қайран жастық шағым-ай. Жоқ, бұлай төзіп тұра алмаспын. Не де болса, тәуекел» деп, білек түре ортаға шықпақшы болғанда, жасағының ішінен атақты Төлектің баласы Сандыбай беттеп келе ­жатады. «О, хан ием. Жаныңызда намысты серіктеріңіз тұрғанда, біз сізге жол бере алмаймыз. Жаумен шайқасуға мен шығамын. Батаңызды беріңіз» дейді. Сандыбайдың уылжыған жастығын байқаған хан келісім бергісі келмейді. Бірақ қарсы алдындағы, ­жанары жалын атқан жас жігіттің қайтпас-қайсарлығын сезіп, шын ниетпен батасын береді.
Сол уақытта Бағаналы елінің ұраны Қаптағай батырдың атымен аталған. Сандыбай жау батырына қаптағайлап жолбарысша ұмтылады. Сойыл жаудың қақ маңдайына тиеді. Дереу қылышын алып, қарсыласын сұлатып түсіреді. Осы шайқас барысында қазақтар үлкен басымдықпен дұшпанды жеңеді. Елге қайтарда Барлыбай Сандыбайды арнайы қасына шақырып алады. «Жарадың, батырым. Мен саған ризамын. Бұдан бұлай сенің руың да, ұраның да Сандыбай болсын!» деп батасын береді. Ақ жүрекпен айтылған бата-тілек қабыл болып, Сандыбай ұрпағы өсіп, дәулеті тасып, өркендейді.
Жергілікті жердің тарихын етене білетін Қой­шыбек Тоқтамысұлы ағамыз бір әңгімесінде былай деп еді: «Бірде Сандыбай мен Жанайдар бір жақтан келе жатып, Терісаққан өзенінің жағасындағы жазық­қа аялдайды. Осы жердегі кішігірім шоқының үстіне көтеріліп, әңгімелесіп отырады. Сөз арасында Сандыбай: «Жанайдар, осы жер екеуміздің біріміз жататын жер емес пе?» депті. Әңгіменің райы түсінікті еді.
Сандекең жаз жайлауда қайтыс болып, денесін Ұлытауға әкеле жатқанда Жанайдар тірі екен. Ол баяғы әңгіме есіне түсіп: «Ау, үлкендер, осындай Сандекеңнің айтқан сөзі бар. «Арғын ағамыз» десеңіздер, Сандекеңді біз ақтап-арулап қоялық» дейді. Жұрт оның сөзіне құлақ асады. Содан арғын аға ұрпағы Сандекеңді сол шоқыға жерлеп, там салыпты».
Ердекеңнің ел арасында беделінің бір дәлелі – Атбасар дуанына аға сұлтан болып сайлануы. Бұл сол кездің жоғары лауазымы. Оны бекітетін Батыс Сібірдің генерал-губернаторы. Ерден аға сұлтандыққа Шоқанмен бірге түскені белгілі. Алайда сайлауда Шоқан көп дауыс алғанымен, аға сұлтандыққа Ерден өтіп кетеді. Осыған байланысты әртүрлі әңгімелер бар. «Шоқан сырқатына байланысты бас тартты» дейді. «Ерден пара берген шығар» дейді. Дегенмен, бұл екі жайт та себеп емес сияқты. Сірә, патша үкіметінің өз саясаты болған.
Өкінішке қарай, Ерден аға сұлтандық қызметте көп уақыт отыра алмады. Ауруы меңдеп, 1863 жылы 55 жасында өмірден қайтты. Қазақтың дәстүрі бойынша қайтыс болған адамның үйінде жоқтау айтылады. Ерден өмірден өткенде де жоқтау айтылған. Солардың бірі Ердекеңнің ақын қарындасы Құлпының жоқтауы. Осы жоқтаудан өмірден озған адамның кім болғандығы, жеке еңбегі, үлгі тұтар қасиеттері, қоғамдағы орны анық аңғарылады.
Ерден қазасы Бағаналы еліне, жалпы оның аты тараған жер-жерге оңай тимеді. Ол өзінің қадір-қасиетімен, ақыл-парасатымен әйгілі болатын. Өнер адамдары – ақындар, күйшілер жай адаммен сыйлас болмайды. Адамның бағасын білгеннен кейін төңіректеп жүреді. Ердекең Сегіз сері, Ықылас Дүкенұлы, Сайдалы Сары Тоқа, Шөже ақын, Жанақ ақын, Тәттімбет, Ақан сері, Орынбай ақын, Досбол шешен, Мұса Шорманұлы, Жанайдар Орынбайұлы секілді өнер жүйріктерімен жақсы қарым-қатынаста болған.
Белгілі шайыр Орынбай Бертағыұлының Ерденге арнаған мына жыры әлі күнге ел есінде:
Ассалаумағалейкум, батыр Ерден,
Кетіпті бақ-дәулетің асып елден.
Ішінде көп қарғаның бір бүркіттей,
Көзіме көрінесің келген жерден.

Сұңқардың екі мұртың жебесіндей,
Ақылың оман-дария кемесіндей.
Сұрасаң биіктігің мен айтайын,
Күн шалған Алатаудың төбесіндей.

Иілмес қарағайдай терегімсің,
Ақылдың көз жеткізер зерегісің.
Қазақтың қазақ иісі бар шағында,
Алаштың баласына керегімсің.

Есілдің ұзын бойын келдің жайлап,
Жібектей шалғынына бие байлап.
Керек бай, керек жарлы, келсе мейман,
Алдына шығушы едің қойың байлап.

Елге кек, жұртқа намыс іс келгенде,
Жақұттай жанушы едің көзің жайнап.
Уа, Ерден, енді тумас сендей көзел,
Ішінен Бағаналы селдей қайнап.
Ақын Тайжан Қалмағамбетов те Ерденді, ұрпақ­тарын, әкесі Сандыбайды жырға қосқан:
Ысқырған айдаһардай батыр Ерден,
Ұранға шыққан екен ер Сандыбай, – десе, енді бірде кәдімгі әуеніне салып:
Баласы Қалмағамбет атым Тайжан,
Өлеңді шұбатайын терең сайдан.
Білмесең арғы тегін мен айтайын,
Бастайын Төлекұлы Сандыбайдан.

Баласы Сандыбайдың сары Ерден,
Жақсы менен жаманды көзбен көрген.
Кешегі аға сұлтан заманында,
Үш жүзден тарту келген салған жерден, – дей келе, одан әрі Ерденнің елге сыйлы болғанын мадақтайды.
Ерекең ұстап тұрған бақыт құсын,
Жорытқан әкесіне көрген түсін.
Таяуда Орта жүзде атың шығар,
Қолыңда жүз кісілік болса күшің.

Хандық пен болыстар тұр босағаңда,
Біздікі көпшілік боп жасағанда.
Бір жұрттан алпыс аттан тарту келді,
Ұлы жүз, Кіші жүзді қоспағанда.

Бименде қажы болды бір баласы,
Екінші Мақат болды ел ағасы.
Ояз бен губернатор келгенінде,
Артылған Орта жүзден қонақ асы.

Баласы Бименденің Батырбегі,
Он бес жыл болыс болған арғы тегі.
Екі елде кісі дауы болғанменен,
Кедейдің кеткен емес байға кегі.

Атасы Сандыбай ұран болған,
Терісаққан, Есіл бойын жайлау қылған.
Би, болыс арғы жағы келгенменен,
Қағазы губернатор алынбаған.

Баласы Қасқабайдың хан боп тұрған,
Құйрыққа жиырма бес шыбық дүре ұрған.
Ұрлық пен барымтаны қойдырам деп,
Жауласқан ел арасын тату қылған.

Сөз қалды Төлекұлы Сандыбайым,
Халыққа мекен еткен қоныс жайын.
Ту ұстап бағаналы көтергенде,
Дұшпаны кеткен жоқ па біліп жайын.
Біртуар дарын иесі Ықылас Дүкенұлының «Ерден» күйі ел ішінде кең жайылған бірегей туындылар­дың бірі.
Өмірден көрген-түйгені мол Ердекеңнің соңын­да тәрбиелік-тағылымдық мәні зор ғибратты сөздер қалған. Бірсыпырасы төмендегідей:
Батырлықтан не пайда,
Ажалға қияр айла жоқ.
Сараң байлықтан не пайда,
Халыққа келер пайда жоқ.
Қанша жақсы болсаң да,
Ағайының білмейді.
Өлгеннен соң өкінер,
Уа, дүние, дүние боқ.
***
Ел мықтымен ұранға шығады,
Ер мықтысы дуанға шығады.
Болатын ер аталы ердің сөзін ұғады,
Болмайтын шіркін, адамнан,
Қырғи көрген торғайдай бұғады...
Ұлтымыздың тағы бір дәстүрі – ас беру. Бұған кезінде ерекше мән берілген. Әсіресе тұрмысы жақсы, ауқатты адамдар асты дүрілдетіп өткізуге күш салған. Сондай ас Ерденге де берілген. ­Сабыр Шәріпов бір жазбасында осы туралы айтады. ­Ерден көлінде ас берілгенде Ақмола губерниясы, Торғай облысы һәм Сырдария облысы түгелімен шақырылған. Бұл асқа 500 үй тігілген, 160 жылқы, 200 қой сойылған. Аттың бас бәйгесі 100 жылқы болған. Бас бәйгені Торғай облысының қазағы ­Жатай деген адамның көк ала байталы алған. Екінші атқа 50 жылқы, үшіншіге 30 жылқы, төртіншіге 25 жылқы, бес, алты, жеті, сегіз, тоғызыншы аттарға он бес жылқыдан, он, он бір, он екі, он үш, он төрт, он бесінші аттарға он жылқыдан, он алты – жиырма бесінші аттарға жеті жылқыдан, одан соңғы бес атқа бес жылқыдан, өлең айтқан 25 ақын 25 жылқы алған. Бұл асқа шыққан шығынның барлығы 620 жылқы, 200 қой. Ерденге осылай етіп, үш рет ас берген. Үшеуіндегі шығын 1800 жылқы, 600 қой және 500 үйде екі-екіден 1000 саба қымыз болған.
Ерденнің заманында Бағаналы жұртының тұрмысы сырт жұртты қызықтырған. Мал жыртылып айырылған. Жеті мың бес жүздей шаңырақ бар десек, әр шаңыраққа кем дегенде отыз төрт қарадан келген. Жылқышы, қойшылардың әрқайсысының бес-он ірі қарасы болған. Малдың көп болатыны жер кең. Жер болғанда қандай, шіркін! Ұлытау, Кішітау, Айыртау аталатын үш таудың өзі неге тұрады. ­Сарысу, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жыланды, Жезді, Дүйсенбай, Білеуті деген өзендер бар қыз бұрымындай өріліп жатқан. Барақкөл, Көпкөл, Ащыкөл, Нілкөл деген көлдеріңіз ғажап. Адырлардың арасында мөлдіреп аққан бұлақтар да жетерлік.
Шөп шабу деген жоқ. Мал қысы-жазы ­далада жайы­лады. Жан-жақ боялышқа, сексеуілге, тобылғыға, қарағайға толы болғандықтан, жергілікті тұрғындар отын дайындап бас қатырмайды. Өріп жүрген қарсақ, күзен, қасқыр, түлкі, суыр... Оларды аулап жүрген адамды көрмейсіз. Көлдегі балықты Атбасар жақтан келетін орыстар ауламаса, бағаналықтар оған қызықпайды да. «Талғажу етер басқа тамақ тап­па­ғаны-ау» деп, ондайларды сырттай келемеж етеді.
Бұлай болатыны қолда мал көп. Артылған­дары Атбасар, Қызылжар, Қостанай, Ақмешіт, Түркістан базарларына сатылады. Атбасардың базарында жүретін мәскеулік байлар бұл жаққа келмей тұрып алдын ала: «Бағаналы базарға келе ме?» деп хабарласады екен. Егер келмейтін болса, онда сапарларын тоқтата тұратын көрінеді.
Бағаналықтардың көңіл күйлері көтеріңкі болған. Бүркіт, қаршыға салуды әдетке айналдырған. Бозбалалар мен бойжеткендер түнде алтыбақан тепкен, той жиірек орын алған. Ұлттық ойындар – ат бәйгесі, көкпар тарту... жиі көрініс тапқан. Мұның бәрі малдың, байлық пен дәулеттің арқасы. Асқа, тойға малдың көбірек сойылуының сыры осыдан.
Біз білетін Ерденнің алты ұлы: Байменде, ­Бименде, Сауқым, Мақат, Жақып, Қасым. Олардың қай-қайсысы да ата-баба үмітіне дақ түсірмеген. Тіршілікте тағылымды тәрбие алғандарын байқатқан. Ата-ана үшін бауырынан түлеп ұшқан балалардың бәрі бірдей. Ешқайсысын бөле-жармайды. Ердекең Қасымды өзіме тартқан дейді екен. Ол жастайынан батылдығымен, қайсарлығымен көзге түседі. Ештеңеден қорықпайтын көрінеді. Бірде қақаған қыстың бір күнінде Қасымның ауыл маңына келген қасқырды алқымынан алып жатқанын жұрт көрген. Бұл оқиға ауыл ішіне лезде тараған. Алайда әлгі оқиғадан кейін көп ұзамай Қасым қайтыс болады. Ердекең айтады екен: «Осы балаға менің көзім тиді» деп. Сірә, әке ерекше сүйсінген болу керек. Ал Бименденің орны тіптен бөлек. Оған арнайы тоқталатын боламыз.
Біздің бақытымыз, Ерденнің өзін көрмесек те кейбір немере-шөберелерімен жүздесіп пікір алысып қалдық. Мәселен, Мақаттан туған Әбілаш ағамыз Сәтбаев қаласында тұрды. Біз кездестірген 1999 жылы 86 жаста болатын. Соған қарамастан кітапты көзілдіріксіз оқитын. Дінге берік болды. Бес уақыт намазын қаза қылып көрген емес. Жинақы, таза жүретін.
Әбілаш анасынан бір жасында, әкесінен он екі жасында айырылды. Сөйтіп, жетімдіктің қасіретін көрудейін көрді.
– Әкем әкесі Ерденге тартқан деуге болады. ­Бауырмал, кеңпейіл, көпшіл адам еді. Алдымыздағы заманның күрделі болатынын іші сезген болу ­керек. Көз жұмар алдында : «Сендерге өмір сүру оңай болмайды. Әрдайым да Сандыбай бабам мен Ерден әкемнің аруағы қолдап жүрсін» деп батасын берді. Сол батаның шарапаты тиді ме, аман-есен өсіп, жетіліп келеміз, – дейтін ақсақал.
Кешегі кәмпескенің от-жалыны Мақаттың ұрпақтарын да аямай шарпып өтті. Қолдағы малды түгелдей тартып алды. «Байдың, бектің құйыршақтары» деп, сырт көзге жаманатты етті. Осыған шыдай алмаған Әбілаш Ташкентке ­барып жан сауғалайды. 1933 жылға дейін сол жердегі рабфакқа түсіп, білім алады. Кейін Шымкентке келіп, мұғалімдер даярлайтын екі жылдық институтты бітіреді. Сөйтіп, 1942 жылға дейін Арыс стансасындағы мектепке сабақ береді. Бұл уақыт соғыс жүріп жатқан кез ғой. Өзінің жүрек қалауымен сұранады. Шығыс Еуропа елдерін жаудан азат етуге қатысады. Майданнан оралғаннан кейін ата-бабасының құт мекені Ұлытау төңірегіне табан тірейді. Мамандығына сәйкес Жезқазған поселкесіндегі №7 мектепте ұстаз болып еңбек етеді. Мектепте оқу ісінің меңгерушісі, директор қызметтерін атқарады. Әбекеңді жоғарырақ лауазымды жұмыстарға шақырған. Алайда өз кәсібін жанындай сүйетін ұстаз ондай ұсыныстарға келісім бермеген.
Ерденнің Бименде ұлынан тарайтын шөбересі – Мәжит Ахметбеков. Мәкеңнің әкесі Ахметбек елге сыйлы болған адам. Диқан­дығымен, ұсталығымен аты шыққан. Өмір бойы құсбегі атанған. 43 жыл бүркіт ұстаған.
Мәжит ағамыз 1928 жылы туған. Ел-жұртқа өте қадірлі болды. Алматы мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, ғалым-агроном мамандығын алып шыққан. Ердекеңнің палуандығы болған ғой. Сол қасиет Мәжитке жұққан секілді. Студент болып жүргенде күрестен алғашқы кезде Алматы қаласы бойынша, содан соң Қазақстан бойынша, ақырында Орта Азия бойынша чемпион атанады. 1953 жылы КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінің шешімімен Ұлытау ауданындағы МТС-қа директор болып тағайындалады. «Алғабас» кеңшарына он жыл басшылық жасады. Алғашқы төрт жылда 22 мың гектарға егін егіледі. Шаруашылықта мал басы ірі қарадан 500 бастан 1800 басқа, қойдан 5800 бастан 18 000 басқа, жылқыдан 480 бастан 2200 басқа жеткізілді. Адамдардың әлеуметтік жағдайы да жақсарды. Кейінгі жылдары Жезқазған су құбыры құрылыстарын жөндеу мекемесінің басшысы, Жезқазған облыстық ауылшаруашылығы басқармасында бөлім бастығы, Ұлытау аудандық ауылшаруашылығы басқармасында бас агроном, басқарма бастығының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
– Білімімді, тәжірибемді мал басын өсіруге, жерді барынша тиімді пайдалануға, оның құнарлығын арттыруға, сондай-ақ күрделі жағдайдың өзінде еңбек шығыны мен оған жұмсалатын қаржыны мейлінше кемітуге, жер өлшемінен жоғары сапалы ауылшаруашылығы өнімдерін мол жинауға күш салдым. 57 жыл еңбек еткен жылдарымда адал қызмет етіп, аудан экономикасын көтеруге үлкен үлес қостым, – деген еді бір әңгімесінде адалдықты, еңбекті пір тұтқан Мәжит ағамыз.
Ұлытау ауданы бойынша көптеген азаматтар ауданның Құрметті азаматы атанды. Осы атақты куәландыратын №1 куәлік осы біз әңгіме етіп отырған Мәжит Ахметбековке берілді. Бұл да көп жайттан хабардар етсе керек. Демек, Мәкең өзі айтқанындай еліне адал қызмет жасаған, бойындағы бар күш-жігерін туған елінің өркендеуіне арнаған ардақты азамат.
Реті келіп тұрғанда қолымызға түскен бір өлең жөнінде айта кетсек дейміз. Өлеңнің аты – «Сарыарқа». Авторы – Садық Жәкенұлы. Жәкен кім десек, ол Ерденнің Мақатының баласы. Сонда Садық Ердекеңнің немересі болады. Садық 1905 жылы туған. Соғысқа дейін мұғалім болған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, қолына қару алып елін қорғауға бекінеді. Алайда бір шабуылда ерлікпен қаза табады. «Сарыарқа» өлеңін майданда жүріп, туған жерін сағынып жазған. Өлеңді оқығанда, Садық жыр тудырумен ерте жастан шұғылданғаны байқалады. Себебі ой, сурет бар.
Енді кезінде өзіміз жолыққан Ерденнің бірге туған ағаларының бірі Шүртенің немересі Нұртай Дәрімбетов жөнінде айта кетейік.
Шүртенің баласы Дәрімбет, одан Сақтаған, Сақтағаннан Нұртай туады.
Нұрекең еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, поселкелік кеңестің төрағасы секілді жауапты қызметтердің тізгінін ұстаған.
Нұртай ағамыз жастайынан өнерге жақын өскен. Жігіт шағында ән салған. Өлең де жазыпты. Бірақ оларын еш жерге ұсынбайды екен. Өзі үшін ғана жазыпты.
Бірде Нұрекең маған бір топ өлеңдерін әкелді. 2000 жыл еді. Ол кезде ағамыз жетпістің төртеуінде.
Өлеңдері атақты бабалары, олардың ерліктері туралы. Тәп-тәуір-ақ дүниелер. Айтар ойы бар. Ең бастысы бір әулеттен тараған Төлек, Сандыбай, Ерден батырлар жөнінде біршама мағлұмат алуға әбден болады. Бір ғажабы әрі таңғаларлығы, ерлік жасау, намысшылдық пен қаһармандық атадан балаға, одан немереге жалғасқан.
Ерден елу бес жасында дүние салды. Оның өлімі жөнінде әртүрлі сөз бар. «Үзеңгісіне у жаққан» дейді. «Асына у салған» дейді. Соңғы уәжді айтатын Ердекеңнің қарындасы Құлпы. Ол ағасы дүние салғанда қатты жоқтайды. Сол жоқтауында мынадай жолдар бар: «Қошеметтеп, құрметтеп у қосып берген асына». Осы сөзде шындық бар ма деп қаламыз. Былай қарағанда Ерденнің қартайып отырғаны шамалы. Елу бес жас – аса көп жас емес. Ауыратындай да себеп жоқ секілді. Жағдайдың бәрі бар. Ішкені алда, ішпегені артында дегендей. Біздікі болжам ғана.
Ердекеңнің мәңгілік қоныс тапқан жері Ұлытау етегіндегі Қарағанды сайдың биігі. Алғашқыда жақсы мазар тұрғызылған. Алайда кешегі бай-шонжарларға қырғидай тиген заманда оның кірпіштері талан-таражға түскен. Қабырғалары әбден құлаған. Тек 1999 жылы ғана мазар қайта қалпына келтірілді. Қызыл кірпіштен салынды. Сегіз қырлы күмбезі бой көтерді. Оның ашылуы үлкен той ретінде өтті. Қарағанды сайына адам көп жиналды. Ол кезде аймақтық «Мысты өңір» газетіне басшылық жасайтынмын. Біз газеттің тұтас санын деуге болады, осы оқиғаға арнадық. Ерден жөнінде естеліктер берілді, ұрпақтары сөз алды. Ақын Ибрагим Бекмахановтың «Сағымсары» атты поэмасынан үзінді жарияланды. Тарихтан белгілі, әр батырдың өзінің жақсы көретін тұлпары болған. «Сағымсары» деп ат қойылған жүйрік те Ердекеңе ерекше ыстық еді. Көзінен таса қылмай, қамқорлығын аямаған. Поэманы оқып отырып, батырдың «Сағымсарысына» деген пейіл-ықыласына анық көз жеткізесіз.
2017 жылы, дәл Тәуелсіздік күні Ұлытауда үлкен қуаныш болды. Аудан орталығына кіреберіс жолдың бойында Ерден ескерткіші бой көтерді. Жұртшылық ескерткішті дайындау мен орнату шығындарын көтерген атпал азаматтарына алғыстарын айтты. Сәулет туындысының авторлары Қазақстан Дизайнерлер одағының мүшелері Шаһибаден Сейіткенов пен Өмірхан Жүнісбеков екенін айта кеткеніміз жөн.
Тәуелсіздіктің дәмін жаңа-жаңа татып жатырмыз. Тарих қайта жазылып жатыр. Олай болса кешегі күндері көп ауызға алына бермейтін Ерден секілді ерлердің, бірегей тұлғалардың елге сіңірген қызметі, жасалған жақсылықтары жөнінде алдағы уақыттары кеңінен қанығармыз деген сенімдеміз.

256 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Биро Андраш Жолт, Мажар-Тұран Қорының президенті, антрополог: МАЖАР ХАЛҚЫНЫҢ ЖАН ДҮНИЕСІН ШЫҒЫС МҰРАСЫНСЫЗ ТҮСІНУ ЕКІТАЛАЙ
Келесі мақала Ұлытауым – Ұлы дала киесі

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №48

26 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор