• Тұлға
  • 27 Тамыз, 2020

ҚАРА СӨЗДЕРДІ ҚАЙТА ОҚЫҒАНДА

Қазақ халқының ғасырлар бойғы тіршілік еткен қоғам үлгісі Ресей отаршылдығы тұсындағы өмір сүру тәсілінен де, Совет заманындағы социализм үлгісінен де ерекше еді. Батыстың, оның ішінде совет ғалымдарының рулық-патриархализм деп таға салған айдары шындықтан шеттеу жатқан тұжырым екенін білгендер кезінде айта алмай кетті.
Адамзаттың сүттей ұйып тұрған тірлігін Америка үндістерінен көрген Морганның зерттеу жазбалары адам ұрпағының болашағы туралы тәтті арман туғызып, марксизм ілімін дүниеге әкелген екен.

Міне, осыған үндес қоғам, қазақы қоғам, ғасырлар бойы қазақ даласын мекен еткен көшпенділердің өмір сүру тәсілі болғаны анық. Мыңғырған мал айдаған көшпенділер ру деп (колхоз, совхоз да дедік қой) аталған коллектив боп өмір сүрген. Рудың негізі – туысқандық, бірлестік болса, сол ру коллективте туысы басқаның, тіпті бөтен жұрттың өкілдерінің өмір сүруіне шек қойылмаған.
Әр осындай ру коллективтің өзіндік басқару жүйесі болған. Мұнда жеке адаммен коллективтің ара-қатынасы әрі жіктелген, әрі жымдасқан. Бұл еркін өмір сүрген қазақы қоғамдағы халықтық демократияның нағыз көрінісі еді. Бұл қоғам әділеттілікке негізделген. Қоғамның қай мүшесі болса да сол әділетсіздікті сезсе өз еркімен туыстас екінші ру коллективке кетіп қалған. Мұның өзі коллективті басқарушы бай, не би, не ақсақалдың турашыл болуына мәжбүр ететін жағдай еді. Туыстасы кетіп қалған ондай бас­шының мал-мүлкі дұшпанның табан асты­нан талауына түсіп, жемі болатыны анық.
18 мың жылқы біткен Арқаның атақты байы Адамбай – Тұрсынның ауылдастарына «Уа, Кернейдің баласы, Қызыр жанап мына мал өсті. Мұны енді бір опат болмаса даланың бөрісі мен ауылдың ұрысы тауыса алмайды. Бұл орталарына келген сендердің ырыстарың. Қолыңнан қақпаймын ағайын. Жұмса, же. Бірақ жалпы қарамына ие бол» дегені осының көрінісі.
Ру – коллективтегі мал жеке де, әрі коллек­тивтік меншік еді. Әр отбасының малы бола тұрса да онысын сол ауылдың бас­қа­рушысы бай, не би, не ақсақалдың малмен қосып баққан, тіпті сөйтіп жүріп өзі байып, жеке ауыл боп кеткендері де жеткілікті. Маясар ақынның әкесі Жапаққа жалға жүрген Шетбай біраз жылда бес жүзге тарта мал жинап алған. Шетбай ұрпақтары кейінде кәмпескеге ұшырады.
Қазақы қоғамда руласының ішіп-жемі ауыл иесінің мойнында болған. Ағайынға сенген мал иесі тіпті малшы ағайынның көңі­ліне қарап малын санамаған да екен. Оған ертеректе 40 мың қой біткен Ботбай­дың немесе саяси лагерьде 33 жыл отырған Құнанбай Бейсенұлының сөзі дәлел. Осы жолдардың авторына 2 жарым мың жылқы біткен Құнанбай ақсақал «малымды санап көрмедім, тек атақты айғыр мен билердің амандығын ғана тапсырушы едім» деген еді.
Қазақы қоғамда мүшелерін шетінен жалқау етіп көрсету – қате. Ондай қоғам өрістей алмас еді, өнбей жатып өшер еді. Өртке, апатқа, жауға қарсы қас қаққанша бар ер азамат атанатын болған. Одан қашу – қатты жазаланған. Ру ішіндегі ағайынның еңбекке қабілеті де әртүрлі. Азаматына жылқы бақтырса, кейбіріне қозы-лақ тиген. Қайсыбірі бие сауса, қолынан келері үйшілік еткен, отын тасыған, әйтеуір ешбірі жатып ішер бола қоймаған.
Өзінің ішкі тәртібі, басқару механизмі бар, береке дарып, сүттей ұйыған осы қо­­ғам­ның күні өткенін ұлы Абай жақсы түсінген. Қазақы қоғамның өрісін тарылтып шұ­райлы даласына бекіністер салып, линиялар­мен қоршап, отаршыл орыс империясы шынжырмен буып тастады да, іштей ірітуге көшті.
Шұрайлы жерінен айырылып, берекесі қашқан елдің енді бұрынғы қазақы қоғамдағыдай мал-жанын ортақтастыра өмір сүруінің дәурені өткенін, қазаққа «ақыл бірлігі», яғни саяси-ой бірлігі, әрі-беріден соң өз тәуелсіздігі қажет екенін меңзегендей Абай қазақы қоғамға жат қылық «біріне-бірі пәле іздеу» қоғамның негізі шайқалғанының көрінісі екенін жақсы түсінеді.
Бұл туралы Абай Алтыншы сөзінде «Бірлік қандай елде болады... Қазақ ойлайды, бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не зиян? ...Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік – ақылға, малға бірлік емес... Бірлік малға сатылса антұрғандықтың басы осы... Әуелі біріне-бірі пәле іздейді» дейді.
Өктемімен қоғамның іргесін шайқаған отаршылдық оның мүшелері қазақты да дел-сал күйге түсіріп, өр мінезді, жомарт сері көңілді қазақтың берекесін қашырып, бейшара тірлікке қарай сүйреді. Қазақтың осы халіне Абай қатты қорланды. Ол Екінші сөзінде «ең тәуір халық біз екенбіз» деп қазақ боп туғанына бұрын қуанса, енді басқа жұрттың артында қалған елінің халіне өкініп, «ноғайға қарасам солдатқа..., кедейлікке шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге шыдайды. Біздің ең байымызды сенің лас аяғыңа қойған еден жоқ, шық, сасық қазақ» деп, үйінен қуып шығады. Оның бәрі... шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып зор болғандық әсері. Орысқа айтар сөз жоқ, біз құлы, күңі құрлы да жоқпыз. Бағанағы... мақтан қайда?» деп жұртының зарын тартады.
Қазақы қоғамның іргетасын қопарып, оның орнына Ресей империясы құрған елді басқару жүйесі, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан өз жөнімен дамуына жол бермейтін, өрге емес, өшіруге бағытталған үрдіс еді. ХІХ ғасырдың екінші жартысында орыстың бұл саясатын әшкерелеп, қазақтың басты идеологына айналған Шортанбай жырау:
Аяқты қия бастырмас,
Орыстың салған жолы бар.
Ендігі туған жігіттің,
Маңдайының соры бар, – деген.

Бұл жағдайды жақсы түсінген Абай да орыс үкіметінің қолшоқпарына айналған билеушілерді сынай отырып, олар ұстанған жолдан түңілген. Ол сегізінші сөзінде «Осы ақылды кім үйренеді. Біреу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де үздік кісіміз... деп сайланды... ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба... деген бейнетінің бәрі басында.
Байлар,.. бір күн болса да дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Көңілдері көкте, көздері аспанда. Оның діні, құдайы, халқы, білімі, ары, жақыны бәрі – мал. Сөзді қайтып ұқсын.
Енді ұры-залым, сұм-сұрқия өздері де тыңдамайды. Онша-мұнша қой жүнді қоңыршалар күнін де көре алмай жүр. ...Ғылым кедейге керегі жоқтай-ақ «бізді не қыласың» дейді» деп, сол заманның әлеуметтік халін, өзін-өзі билеуден қалған қазақ қоғамын, тығырыққа тірелген қазақ халқының жағдайын ашына жазады.
Ру – коллектив боп өмір сүруден қалып бара жатқан елінің жағдайын, ағайын арасындағы өршіген қаскөйлікті жеке баюдың жолына түскендердің арам пиғылын ұлы Абай үшінші сөзінде ­былайша көрсетеді. «Осылар бір-біріне достық ойлай ма? Кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айырылған­дар көбейсе, қыстауы босар еді деп,.. іші­мізбен қас сағындық. Әрі-беріден соң сыртымызға шықты, жауластық, дау­ластық, партияластық... болыстық билікке таластық».
Қазақы қоғам отаршылдардың тепкі­сімен ыдырау үстінде еді. Ел ел болудан қалып бара жатқанын Абай тағы сол үшінші сөзінде момынның баласы «Өзі басын өзі осындай таласпен кісі көбейтеміз деп партия жиғандардың бүгін біреуіне, ертең біреуіне кезекпен сатады да жүреді. Ұрылар тыйылмайды... Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп ақтап, арамдығын жақтап сүйемін десе, соған жақ болып, бұрынғыдан ұрлығын әлденеше есе асырады» деп, орыстың заңы мен ұлығына табынып, әбден бүлінген елін «сөз танымайтын елге сөз айтқанша өзіңді танитын шошқа жақсы» (Он тоғызыншы сөз) деп түңіледі.
Жұртының қамын жеген іші толы «у мен дерт» Абай «...жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді біріміз аңдып өтеміз бе? Жоқ, қазақ ортасында да ұрлық, өтірік, өсек, қастық қалып,.. өрістерлік күн болар ма екен?» деп күйіне армандайды.
Ұлы Абай «өрістерлік күнді» армандап қана қоймайды, осы тығырықтан шығар жолды да іздейді. Бұл үшін ол Ресей патшасы енгізіп отырған басқару жүйесін қазақ иігілігіне жаратқысы келеді. Абай тап сол тұста орыс отаршылдығын лақтырып тастау мүмкін емесін жақсы түсініп, отаршылдық билеу саясатын пайдалана отырып, жақ-жақ боп дауға көшіп берекесі кеткен елді біріктіру мақсатын көздеген.
Ол үшін Абай үшінші сөзінде болыстыққа Еуропа білімінен хабардар адам болуын тілесе, ондай оқыған, көкірегі сәулелі азамат табылмаса болыстың «губернатордың назначениесімен» қойылуын жақтайды. Абай бұл жерде орыстың билігі өссін деп емес, елдің дау-шардан арылып, халықтың ес жиып, бірігуін көздеп отыр.
Қазақты бір-бірімен араздастырып, «бөліп ал да билей бер» деген отаршылар принципімен жұмыс істеген тұста да есті адамдар бұған өз хал-қадірінше қарсы әрекет еткен. Жалпақ жатқан Қояншытағай елінің кешегі Кенесары ханмен бірге болған биі Дүйсенбай ақсақал болыс сайлауы кезінде елді болыстыққа таластырып, қырылыстырмай әр атаның баласын кезекке қойып, болыс сайлатып, ел бірлігін ұстаған екен.
Қазақта «бай құт емес, би құт» ­деген мақал бар. Ел арасының дау-­шарын бітістіруші, халықтың ғасырлар бойғы бірлігін сақтаушы, береке басы, ырыс-несібесін ұйытушы халық билері екен. Қазақта биді ешкім сайламаған. Қазақтың көне заңдарының білгірі, әрі өте әділ де, шешен адамға ел жүгінген. Би деп танылған адам өмір бойы сол биліктен түспеген. Орыс заңының қазақ ғұмырына қайшы келгенін көрген Шоқан Уәлихантегі де сол көне билікті қалпына келтіру туралы жазған еді.
Елді береке, бірлікке шақырған көне билік жолын отаршылар біржолата қиратып, әр ауыл старшынға би сайлап қояды екен. Мұның өзі «халыққа көп залал болғандығы көрініп, сыналып білінді» (Үшінші сөз). Елді көрінгеннің жемі болудан сақтап, бірлігін көксеген Абай би болар кісінің «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі ­жолын, Тәуке ханның...» «Жеті жарғысын» білмек керек» деп талап қоя отырып, «билікке жыл кесілмей сайланса, олар жаманшылығы әшкере білінгендіктен түссе, әйтпесе түспесе» (Үшінші сөз) деп, бүгінгі күнде үшінші билік саналып жүрген сот жүйесін ұсынады. Міне, бұл жағдайлардан ұлы Абайдың тек ақындық өнерінің шыңына жеткен адам емес, қазақ мемлекетінің жобасын жасап, болашағын көздеген аса ірі тұлға екенін көреміз.
Ғасырлар бойы қалыптасқан тіршілік ету жолынан айырылған ел ХІХ ғасырда күрт кедейлене бастады. Мал азайды. Кәсіпсіздік ұрлықтың өсуіне әкеліп соқты. Ел қайыршылыққа ұшырай ­бастады. Осы тұста Абай бұл тірелген тұйықтықтан шығудың жолы қолөнер деп білді. «Егер мал керек болса, қолөнер үйренбек керек». «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» дейтін зауыт-фабрикасы жоқ тұста Абай қолөнерді дамытып, қайыршылықтан, босудан сақтағысы келеді. Ол қолөнердің ар жағында өндірістің де тұрғанын, қазақты соған қарай бұру керек екенін жақсы түсінген.
Міне, осы тұста Абай жақ-жақ боп айтысып, араздасып-қарыздасып, берекесі кеткен еліне «Құдайтағала... адам баласын өсіп-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолында адамның талап қылып ізденер қарыздар ісінің алды әуелі көбейтпек. Кімге достығың болса, достық достыққа шақырады, ең аяғы ешкімге қас сағынбастық» деп үйретеді.
Ел болмасын деп қазақтың хандығын жойып, әділдік іздемесін деп көне билікті біржола құртып, жауластыруға жеңіл болсын деп ақсақалдың аузын жапқан Ресей үкіметінің шараларын жақсы түсінген Абай осы тұйықтан жол іздеген.
Әлемнің әдебиеті мен филосо­фиялық-саяси ойынан мол хабары бар Абай сол кездегі мемлекет құрылымы жөнінде үздік пікір айтқан Руссоны да, Монтескьені де оқыған. Руссоның «халықтық суверинитет» жөніндегі ойы. Үкіметтің парламентке тәуелділігі жөніндегі пікірі, Монтескьенің биліктің үш тармағы, олардың бір-біріне тәуелсіздігі жөніндегі ұстанымы оны ой жетегіне сүйрелей түскен. Абай өз халқына тән, оның ғасырлар бойғы дәстүріне лайық жол іздеген. Ол бұл жолды тағы да қазақтың көне дәстүрінен тапқан да, соны халқына ұсынған, түсіндірген, насихаттаған.
Ол отыз тоғызыншы сөзінде қазақта «ол заманда ел басы, топ басы» деген кісілер болады екен. Көш қонды болса, билік алады болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халық та оны сынамақ, бірден-бірге жүгірмек болмайды екен... «Бас басыңа би болсаң, манар тауға сыймассың, басалқыңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мал айтып тілеу тілеп, екі шылбыр, бір тізгінді бердік саған. Берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зер тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң,.. солардың қамын ­жемей қайтеді» дейді.
Халық әділ билерге ғана жүгінген. Бір рет әділетсіз шешім еткен биге жұрт жүгініске енді қайтып бармай қойған да, ол би ешкімнің қаулы-қарарынсыз-ақ мәңгілік биліктен айырылған. Әділдікпен, шешендікпен, білгірлігімен атағы шыққан билер ел басылыққа көтерілген. Қазақ «бай құт емес, би құт» дегенде, бай да, қара да бидің беделіне (полициясы, әскері, жазалаушысы болмаса да) бағынғанын айтқан.
Әділ би – ел басылар хан сайлауына қатысып, негізгі атқарушы үкіметті белгілесе, әрі заңды қараушы, оны ­то­лық­тырушы жеті жарғыны (заң шығарушы орган) кесімсіз мерзімге сайлаған.
Сөйтіп, қазақ даласында бір-бірімен біте қайнасқан биліктің бұл үш түрі ертеден қалыптасқан. Міне, Абай осы жолды халқына қайта ұсынып, қазақ халқының дербес даму бағытын «жақсылық жамандықты айыра алмай» адасып қалған еліне насихаттаған.
Абай осы Отыз тоғызыншы сөзінде «басы бәрі де өз малы болған соң» бүкіл ру – коллективтің қамын жей­тінін айта келіп, қоғамдасып өмір сүру қажеттігін, әр отбасын жеке-жеке ­жі­бергісі келген патша саясатының тек ағайын арасындағы мәңгі бітпес жау­лыққа апаратының ашық айтып, елін сақтандырып отыр.
Сол кезде-ақ Абай сөзіне мойынұсын­ғандар болған. Соның бірі – Қарқаралы ояздығының қазағы, байлығы, білгірлігі ешкімнен кем емес, Қоянды жәрмеңкесін уысында ұстаған Ақайдың Қасені орыстың қыспағына түскен, құнарлы жерінен айырылған қазақтың ендігі тірлігінің қатерлі екенін, жеке-жеке босып жүріп, босқа құритынын түсінген. Жеке басымен ұрпағына жетерлік байлығы бола тұрса да, қазағының қамын ойлаған Қасен 50-60 отбасының басын біріктіріп, қауым құрған. Бұрынғы бойкүйездіктен арылып, қауымның әр мүшесі барынша еңбек еткендіктен, бірігіп тірлік еткен қауымның шаруашылығы өрістеп шыға келген. Бұл орыстың билігіне ұнамаса керек, «осы жерге зауыт саламыз» деген желеумен орыстар қауымның жерін тартып алған. Алған бетінен қайтпаған Ақбайдың Қасені басқа бір жерден тағы да қауым құрған екен, бұл шаруашылық та орыс билігінің қаһарына ұшырап, жерден айырылып, тараған.
Мойымаған Қасен үшінші рет Қу тауының күнгейіндегі, қазіргі Егіндібұлақ ауылының тұрған жерінде, үшінші рет қауымдастық ұйымдастырған. Шаруашылығы өркендей бастағанда «бұл жерге орыстың Хлебородный деген поселкосы орнайды» деп, тағы да қуғынға түсіп, жерді орыс билеген тартып алған.
Соңынан жандарымның жансыздары мен сасық тыңшылар өріп жүрген заманда Абай ашық түрде хан үкіметі керек деп жар сала алмады. Бірақ оның бүкіл жазғандары мен ой түрткілері хан үкіметін жақтағаны анық көрініп тұр. Ол Қырық бірінші сөзінде отаршылдықтың әсерінен азып болған «қазақты я қорқытпай, я параламай» (жақсылық жолына кетер қаржыны өзің төлеп – К.Ж) ақылмен не жерлеп не сырлап айтқанмен ешнәрсе көндіру мүмкін де емес... Өздерінің ырбаңынан басқа қызықты нәрсе бар деп ойламайды, сөз айтсаң түгел тыңдап тұра алмайды. Енді не қылдық, не болдық?» деп «мыңмен жалғыз алысқан» шарасыздығы да ­жасырмайды.
Абай қазақ үшін Абылайдай қайсар да ақылды хан керек деп білген. Яғни биліктің бір бармағында отырған ханның билігінің пәрменді болуын қазақ елінің өрістеуінің, ілгері кеткен Еуропа жұртының табысын тезірек меңгеріп, қарыштап кетуінің кілті деп білген.
Ол қазақты ел қылам дегенге «Әуелі – бек зор өкімет, жарлық қолында болу ­керек. Үлкендерін қорқытып, жас ­балаларын еріксіз... Медреселерге беріп,.. дүниедегі ғылымның есепсіз жолдарына» салып, тегеурінді саясат жүргізуді жақтайды (Қырық бірінші сөз).
Орыс билігі іштей тоздырған қазақ қоғамын сынаған Абай Отыз сегізінші сөзінде «...балаларды ата-аналары қиянат­шылыққа салдырып алады да, соңынан моллаға берген болады. Бұл қиянатшылар жарым адам, жарым молла, жарым мұсылман. Олардың адамшылығының кәмелет таппағы – қиынның қиыны» десе, Жиырма сегізінші сөзінде «әрбір ақылды кісіге иман парыз, иманы бар кісіге ғибадат парыз» дейді.
Алғаш сауатын медреседе ашқан, Камараддин секілді ғұламадан Шығыс шайырлары жарыса жазған «кемел адам» туралы түсінігі ерте қалыптасқан Абай өзі өмір сүріп отырған тұстағы тәрбие мен адамның кейпін ашына жазған.
Абай Отыз жетінің сөзінде «Сократқа у ішкізген... пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал» дейді. Би екеу болса, дау төртеу дегендей, білімді-білімсіз, бірі аңқау, бірі қаскөй жұртты жапа тармағай билік дауына ­салып жібермей, Абай «ел басы, тап басы» кісілердің, әділ билердің ел тағдырын шешуін жақтайды. Мына біздің бүгінгі тәуелсіз елімізде парламентке атақ үшін, кейбірі қалтасы мен құлқынын толтыру үшін сайланып жүргендерден құылып, «ел басы, топ басы» деп елі таныған элита бара алса қазақ шаңырағы берік болар еді.
Абай бір жағы төніп келе жатқан орыстың шоқындыруынан, қазақты ұлт ретінде құртуды ойлаған орыс билігі құрған тығырықтан шығудың жолын іздеген. Сан түрлі идеялар, саяси ағымдар қақтығысқан ХІХ ғасырда Еуропада марксизм дүниеге келсе, Қазақ даласында көшпенділердің ерікті өмірінің ендігі бағытын Абай өзінше сілтеген. Абай сөзі – қазақтың көксегені. Абай сөзінің ар жағында қазақы қоғамның идеологтары Бұқар жырау, Шортанбай, Дулаттардың «елім» деген қайғысы мен мұңы, шексіз арманы жатыр.
ХХ ғасырдың басында қазақ туын көтерген Алаш Орда азаматтары Абай тағылымын негізгі бағыты етіп алған еді. Алаш Орда азаматтары Абай тағылымын негізгі бағыты етіп алған еді. Алаш азаматтары Абай жолын толық зерттеп, халық игілігіне айналдыра алмай, дегеніне жетпей кетті. Абай нұсқап кеткен жолдың, Абайизмнің барлығына дау туғызу жетесіздің ісі. Ол жолды танып білу, терең зерттеп ел игілігіне айналдыра білу бүгінгі ойлы азаматтың ісі болуға тиіс.
«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың» (Отыз жетінші сөз) деген Абай. Бүгінгі жекеше­лендіру дәуірінде көзді жұмып жіберіп, байлыққа белшесінен батқан, өз құлқынын ғана ойлағандар да ХІХ ғасырда Абай сөзінен тыс қалмапты. «Сарсаңдықпен, арамдықпен әйтеуір мал тапсам» дегендерің пиғылын «қазақ түгіл, көңіл жиіркенетін ісі» деп тұжырымдаған екен.
Абай Қырық екінші сөзінде «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы. Ол ауылдан ауылға... тамақ аңдып, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпен адам аздырмақ үшін... пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар... малын өңкей малшы, бала-шағаға тапсырып,... өзі пәле шығаруға, я сондайлардың сөзін естігенім деп елге жайып жүруге, айтып ырбаңдауға пысық өнерлілерге қосылғандай көрінеді» дейді.
Шығыс өркениетінің негізі болған имандылықты, ихсандық кемелдікті берік ұстаған Абай әр адамның ұстанымы бір Аллаға ұқсап бағуға тырысу керегін Отыз сегізінші сөзінде баса айтқан. «Өзіңді оның құлы біліп... өз пиғылдарыңды соған өз хәліңше ұқсатуды шарт қыл. Белгілі жақсы адамдық үш сипатта ­болар, шыншылдық, ізгілік, даналық та болар. Бұл үш сипаттың иелерінің алды Пайғамбарлар, онан соң әулиелер, онан соң хакимдер, ең ақыры мұсылмандар».
Иман мен ихсанды өз шығармала­рының басты ұстанымы деп білген Абай Отыз сегізінші сөзінде «Құдай тағаланың жолы деген жол шектеусіз болады. Бірақ сол жолға жүруді, өзіне шарт қылып кім қадам басса, ол таза мұсылман, толық адам делінеді» деп тұжырымдайды.
Мына колхоз сияқты қауымы жоқ, не баяғыша би, яки ақсақалы жоқ заманда бәрі онжылдықты бітірген «сауатсыз» білгіш, сол Абай айтқан жұмыссыздыққа, бойкүйездікке салынбас па деп көңіл күпті.
Қайтсек ел боламыз, қайтсек қазақты­ғымызды сақтаймыз? Армансыз ел болмайды. Арман бастаушы идеология. Бүгінгі идеологиялық тоқырауға ұшыраған заманда сол идеологияны жаттан іздеп те, қолдан жасап та керегі жоқ. Қазақтың көксегенін Абай айтқан. Қазақтың идеологиясы – Абай жолы, ол – Абайизм!

Кәмел Жүністегі

1071 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы