• Білім және ғылым
  • 27 Тамыз, 2020

МЕКТЕПТЕР ОНЛАЙН ОҚУҒА ДАЙЫН БА?!

Алматы қаласы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, 2021 жылғы оқу жылына дейін МЖӘ аясында 12 900 орынды 8 мектеп салу жоспарланған. Ал 2020 жылдың өзінде оқу жылының басына қарай 1800 орынды 2 мектеп, қолданыстағы мектептерге 2017 орынды 5 қосымша құрылыс салынған. Міне, ­санаулы күндерден соң жаңа оқу жылы басталып, алғашқы қоңырау қағылады. Ал биыл мына төтенше жағдайда білім күні қалай аталып өтіледі? Онлайн оқуға білім ошақтары қаншалықты қамданып жатыр? Осы және басқа да сұрақтарға жауап іздеп, №148 мектеп-гимназия директоры Фатима Мәметқалиқызымен жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Фатима Мәметқалиқызы, өткен оқу жылының соңында онлайн-оқуға көштіңіздер және бұл шараға дайындықсыз кірістіңіздер. Қандай кедергілер болды?

– Иә, жер-жаһанды жайлаған індет адам ­баласын әбігерге салды. Оқу жылын онлайн оқып аяқтадық. Өзіңіз айтқандай, дайындықсыз, аяқ астынан қашықтан оқуға кірістік. Қиындық көп қой. Көктемгі демалыс уақытында оқушылар еліміздің шалғай аудандарына кетіп қалған. Ол жақта ғаламтор желісі болмағандықтан, олармен сынып жетекшілері байланысқа шыға алмай, шыққан күнде де телефон арқылы ғана сөйлесті. Оқушылардың «Балапан» арнасынан видеосабақтарды көріп, тақырыптарды меңгеруіне ықпал жасады. Одан кейінгі қиындық туғызған мәселе – Алматы қаласында біраз үйде интернет желісінің болмауы. Zoom платформасы арқылы сабақ өту үшін немесе сынып жетекшілері аптасына бір рет сыныптың жағдайын қадағалау үшін мобильді тариф өте тиімсіз болды. Көбінесе WhatsApp желісі арқылы оқыдық. Оқушы мен мұғалім бетпе-бет отырып сабақ оқымағаннан кейін, жасыратыны жоқ, кей оқушы сабаққа уақытында қосылмай қалып жатты. Бұл енді ата-ана тарапынан кеткен қателік.

– Төртінші тоқсанда оқушылардың жалпы үлгерімі төмендеп кеткен жоқ па? Ерекше аттестатқа бітіруге үміткер оқушылар ҰБТ-да өз деңгейлерін қорғай алды ма?

– Төртінші тоқсанда оқушылардың жалпы үлгерімі де, мектебіміздің білім сапасы да жоғары болды. Еліміздегі жағдайға байланысты  оқушыларға сабақ жеңілдетілген түрде берілді. Биылғы оқу жылында 9 оқушы «Алтын белгі», 12 оқушы «Үздік аттестат» алды. Бұл оқушылардың барлығы ҰБТ-да 103-тен 128-ге дейінгі балл жинап, мемлекеттік грант иегерлері атанды. ҰБТ-ның өзі ерекше жағдайда өткенін білесіз. ҰБТ тапсыру үшін қосымшаға барып, оқып жүрген бала үшін өте қиын болды. Өз бетімен дайындалған қандай, мұғаліммен дайындалған қандай? Айырмашылық бар, әрине. Дегенмен, Zoom платформасы арқылы дайындықтарын жалғастырған оқушылар да болды.

– Сіз басқарып отырған мектептен жыл ­сайын 10-20 түлек ерекше аттестат алады екен. Қала ­бойынша алдыңғы үштіктесіздер. Бұл сіздерге үлкен жауапкершілік жүктемей ме?

– «Ұстаздан шәкірт озар»  дейді ғой халқымыз. Мектеп-гимназиямыз ашылғалы бері мектепті ерекше аттестатпен 27 оқушы, Алтын белгімен 63 оқушы бітірді. Жыл сайынғы өтетін олимпиада, ғылыми жобалар сайысында да республика көлемінде әркез жүлделі орындар алып жүрміз. Таратып айтсақ: 2008 жылы ашылғаннан бері ғылыми жоба бойынша қалалық кезеңнен 105 оқушымыз, республикалық кезеңнен 13 оқушымыз, халықаралық кезеңнен 36 оқушымыз жүлделі орын иеленді. Олимпиададан 10 жыл ішінде 81 оқушымыз қалалық кезеңнен орын алды. Республикалық кезеңнен 10 оқушымыз жүлдеге ие болып, халықаралық кезеңде 2 оқушымыздың мерейі үстем шықты.

Оқушыларымыз ғана емес, ұстаздарымыз да түрлі сайыстарға қатысып, шығармашыл ұстаз екенін дәлелдеп жүр. Назигүл Мергенбаева Республикалық «Үздік педагог» конкурсының жеңімпазы атанып, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған «Әлемің үздік педагогі» конкурсына еліміздің атынан қатысуға жолдама алды. Алматы қаласы мектептерінің арасында өз абыройымыз, беделіміз бар. Оның дәлелі ретінде 2016 жылы Алматы қаласы мектептерінің арасында «Үздік ұжым», 2017 жылы «Алматы қаласының орта білім беретін үздік ұйымы» грантын жеңіп, «Үздік мектеп» атанып, қала әкімінің 19 567 000 теңге грантын жеңіп алдық.

– Жаңа оқу жылын да онлайн оқитындарыңыз қай кезде белгілі болды? Оған дайындық қалай?

– Жаңа оқу жылын онлайн оқитынымыз шілде айынан белгілі болды. Төртінші тоқсанда жіберген кемшіліктер мен қателіктерді сараладық. Мектебіміздегі информатика пәнінің мұғалімдері ең тиімді платформаны таңдап, таңдалған платформамен қалай жұмыс істейтінімізді, қалай сабақ өтетінімізді мұғалімдерге түсіндірді. Әр бірлестік сабақ тақырыптарына слайд жасап, видео дайындау үстінде. Барлық оқушының тиісті құрылғымен қамтамасыз етілгені туралы да бар мәліметті жинап, көп балалы, аз қамтылған отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз.

– Мұғалімдер мен оқушыларды планшет, ноутбокпен қамтуға бюджеттен қанша қаржы бөлінді? Мектеп қажетті құралдармен қанша пайыз қамтылды?

– Өз мектебіміздің жаңа оқу жылына дайындығы туралы ғана айтайын. Мектеп қазіргі таңда көп балалы, аз қамтылған отбасылардың 162 баласына қашықтан оқуға жағдай жасау қарастырылып жатыр. Мектеп бюджетінен 85 ноутбук алу жоспарланған және мектеп балансынан 45 ноутбук қайтарымды негізде беріледі. 281 балаға жергілікті бюджет есебінен ноутбуктар қайтарымды негізде алып беруге жұмыс істеп жатырмыз. Қашықтан оқыту кезінде мұғалімдеріміздің пайдалануына мектептен 77 компьютер берілмекші. Демек, мектеп-гимназия бойынша қажетті құралдармен 100%  қамтуға мүмкіндігіміз бар.

– Оқушылар оқулықпен толық қамтылды ма?

– Иә, мектебіміздің бар оқушысы 100% оқулықпен қамтылды. Барлық сынып оқулықтарын түгел алды. 11-сынып жаңа оқыту жүйесіне көшуіне байланысты жаңа мазмұнды оқулықтармен қамтылып жатыр.

– Оқулық кітаптардың сапасына, мазмұнына, безендірілуіне, түптелуіне  көңіліңіз тола ма?

– Қолданыста жүрген бар оқулық тиісті сараптамадан өткен, министрлік бекіткен. Жалпы алғанда көңіл толады. Жаңартылған білім беру жүйесіне көше салған бетте оқулықтардың ішкі мазмұнына көңіл толмаған кез болған. «Көш жүре түзеледі» демекші, оқулықтар біртіндеп қалпына келді. Мазмұны да, тақырыпқа сай берілген тапсырмалары да, безендірілуі де көңілге қонымды.

– Мектеп оқулықтарына қатысты қандай ұсыныс, талап бар?

– Түптелуіне көңіл бөлсе екен деймін. Кей оқулықтардың мұқабасы жұқа, жылдан-жылға оқушы қолына ауысқанда бастапқы қалпы тез бұзылып жатыр.

– Мектептегі мұғалімдер құрамы, санаттық деңгейіне тоқталсаңыз?

– Мектеп-гимназияға мұғалімдер конкурстық негізде қабылданады. Ұжымда жоғары білікті мамандар өте көп. Қазір 143 мұғалім қызмет етеді. Санаттық деңгейіне тоқталсам: 7 педагог-мастер, 34 зерттеуші, 17 сарапшы, 9 модератор, 27 жоғары санатты мұғалім бар. 9 мұғалімде бірінші санат, 17 мұғалімде екінші санат.  Сонымен қатар 25 магис­трант бар.

– Сіз басқарып отырған мектепте қанша ер мұғалім бар? Жалпы мектептерде ер мұғалімдердің аздығы туралы ойыңыз қандай?

– Мектеп-гимназиямызда 23 ер мұғалім қызмет етеді. Әрине, бұл өте аз көрсеткіш. Қазіргі таңда мұғалімдердің жалақысы өсіп, үй алуға т.б. әлеу­меттік жағдайлар жасалып жатыр. Сондықтан ер мұғалімдердің де саны артады деген үміт, сенім бар.

– «Білім туралы» заңға арнайы баптар енгізілді. Сол жеткілікті ме, әлде қосымша ұсыныстарыңыз бар ма?

– Педагог мәртебесін айқындайтын Заң негізгі 4 бағытты қамтыды. Осы 4 бағыт еліміздегі жарты милионнан аса ұстаздың құқығын қорғап, жеке дамуына, білім беру процесін одан әрі жетілдіруге мол мүмкіндіктер туғызып отыр.

– Мектепте тәртібі қиын оқушы бар ма? Болса олармен қандай тәрбие шараларын жүргізесіздер?

– Мектебімізде тәртібі жағынан қиындық туғызатын оқушы жоқ. Мектеп 2 ауысыммен оқиды. Әр ауысымға 2 тәрбие ісі  жөніндегі орынбасар жауапты. Таңғы ауысымды да, түскі ауысымды да әр сынып жетекші түгендеп, қабылдайды. Шектен шығып, тәртіп бұзған, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспекторлардың есебінде тұрған оқушы жоқ.  Мектебімізде «Өзін өзі басқару» ұйымы бар. Жыл сайын 10-сынып оқушыларынан құрылған ұйым  ДТІЖО-ларымен бірлесе отырып оқушылар арасында түрлі білім сайыстарын, спорттық ойындар, футбол жарыстарын ұйымдастырады. Бұдан бөлек, мектеп-гимназиямыз ашылғалы бері түрлі үйірмелер, атап айтқанда: домбыра үйірмесі, ән, би, театр үйірмелері,  шахмат, тоғызқұмалақ үйірмелері, таэквондо, дзюдо, баскетбол, бокс секілді спорттық үйірмелер бар. Оқушыларымыз білімін түрлі олимпиадалар мен білім сайыстарында дәлелдеп қана қоймай, спорт, өнер саласы бойынша да өздерін көрсетіп, дәлелдеп жүр. Мысалы:  «Шолпан би жұлдыздары» атты би үйірмесінің бишілері халықаралық конкурстарда талай Бас жүлде алды. Таэквондодан «Райымбек спорт клубының» таэквондистері ҚР чемпионатында чемпион атанып, Араб елінің Фуйджера қаласында өткен халықаралық турнирде, Германияның Гамбург қаласында өткен халықаралық додада жүлделі орынға ие болды. Күні кеше ғана онлайн ұйымдастырылған қалалық  «Абай оқуында» ән үйірмесіне қатысушы қызымыз бен көркемсөз үйірмесіне қатысушы оқушымыз Бас жүлде алып, республикалық кезеңге өтті. 

– Осы мектептен түлеп ұшқан, бүгінде жетістікке жеткен мемлекеттік қызметкер немесе кәсіпкер, ­коорпорация басшысы секілді шәкірттеріңіз мектепке көмектесе ме?

– Жыл сайын түлектердің 95% ЖОО-на түседі. Оның 60-70% грант иегерлері.  Мектеп-гимназиямыздан түлеп ұшқан шәкірттеріміздің алды енді ғана жоғары оқу орындарын бітіріп, үлкен өмірге жаңа араласып жатыр. Себебі, біздің ашылғанымызға небәрі 11 жыл. Сол себепті сіздің сауалыңызға алдағы уақытта жауап бере алармыз.

– Ата-аналарымен байланысыңыз қандай деңгейде?

– «Мектеп – оқушы – ата-ана» деген үштік бағытта жұмыс істейміз. Яғни әр оқушының ата-анасымен тығыз байланыстамыз. Әр сынып жетекшінің өткізетін ата-аналар жиналысынан бөлек, білім ошағының басшысы ретінде жалпы ата-аналар жиналысын өткізіп тұру – айнымас үрдіс. Әр ата-анамен бетпе-бет жүздесіп, ұсыныс, сұрақтарын тыңдап, шешім табуға тырысамыз.

– Көп балалы немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балаларына мектеп тарапынан қандай көмек көрсетіледі?

– Көп балалы немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын жылда тегін мектеп формасымен, оқу құралдарымен  қамтамасыз етеміз. Одан бөлек, ыстық тамақпен тегін қамтылады. Биылғы оқу жылында мектеп формасының орнына қашықтан оқуға мүмкіндігі болсын деп планшет алып беру жағын қарастырып жатырмыз.

– Мектеп асханасындағы тағам бағасының қымбат екені жөнінде оқушылардан естіп қаламыз. Мектеп асханасы кімге бағынады, олардың тағамдарының сапасын кім бақылайды?

– Мектеп асханасының мәзірін жергілікті Білім басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық станция (СЭС) бекіткен. Күнделікті берілетін тағамдардың сапасы мен құрамын мектептен құрылған комиссия мен мектеп медбикесі тексереді. Ал бағаларына келсек, оны мектеп басшысы шешпейді. Себебі мектептегі асхана –  жалға алушынікі. Демек бағаны қоятын – жалға алушы. Әрине тамаққа қатысты өз пікірімізді білдіріп, оқушылар ұсынысын жеткізіп, бақылап отырамыз.

– Мамандықты қайта таңдау мүмкіндігі болса, қайтадан мұғалім болар ма едіңіз?

– Әлбетте! Мектеп табалдырығын 6 ­жасында аттап, қанаты қатайып түлеп ұшқанын көргенде «ұстаздық еткен жалықпас» деген сөздің мағынасына тереңдейсің ғой. Әр бала жанып тұрған шырақ. Әр оқушы – жеке тұлға. Біз, ұстаздар, тұлға тәрбиелейміз. Бұл – шынында да керемет сезім. Танымайтын адам менен «Сіз мұғалімсіз бе?» деп сұрайды. Мен зор мақтанышпен «Иә, мұғаліммін» деп жауап беремін. 

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан

Нұрболат Абайұлы

4155 рет

көрсетілді

641

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы