• Тұлға
  • 27 Тамыз, 2020

Әкім ЫСҚАҚ: ЖАҚСЫЛЫҚ ІЗДЕП ЖҮРМІН

 «Ана тілінің» сұхбаты айдарының бүгінгі кейіпкері – ҚР Парламенті Мәжілісі бірінші шақырылымының депутаты, қазақ тілінде тұңғыш жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы, мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Ысқақ. Көпшілік хабардар болар, дәл осы көші-қон туралы заңның арқасында алыс және жақын шетелдерден 300 мыңға жуық отбасы, яғни 1 миллионнан аса қандасымыз атамекенге оралды. Мемлекеттік қызметтен бөлек, шығармашылық саладағы еңбегі де ұшан-теңіз. Жеті өнер түйіскен оның қаламынан туған «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін», «Көңіл қымбат», «Алтыным» атты кітаптары өз оқырманы бар шығармалар қатарында. Сонымен, бүгінгі сөз ұстаздар әулетіндегі отбасы өнегесінен басталып, қоғамдық келелі тақырыптарға ауысты.  

– Сөз басын әке өнегесі, ана мейірімі, отбасы тәрбиесінен бастасақ дейміз. Олар сізге не үйретті? Қандай ортада өстіңіз, нені армандап, кімді үлгі тұттыңыз?

– Шынында да, мен бақытты ­ортада өмір сүрген адаммын. Өз ұяма, қара шаңырағыма ризамын, қарыздармын. Атам жарықтық елге сыйлы, белгілі ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі атанған азамат еді. Күллі республика таныды. Әкем атамның жолын жалғады. Мен де солардың жолынан алысқа ұзап кете қоймаған секілдімін.

Әкеміз бен анамыз үйленгеннен кейін алты жылдан соң дүние есігін ашыппын. Әке мен шешеге бала қайда, оның үстіне әкем – атамның жалғыз ұлы, қазақтың дәстүрімен ата-әженің бауырында өстім. Үлкендерге құрметі болар, әрі өз заманының тәрбиесі солай ғой, анам ешқашан атымды атаған емес, «Үлкен бала» дейтін.

Көзі тірісінде атам жарықтық үнемі әлдене жазып отыратын. Қайтыс болған соң, жұмыс үстелінің ­тартпасында сақталған қалың жазбасын таптық. Ұрпағына арнаған өсиеті екен. Кейін тоқсан жылдығына сол өсиеттерін кітап етіп ­бастырдым. «Айналайын­дарым менің, «атам бізге арнап жазған екен» деп мән беріп, зер ­салып оқысаңыздар ең ізгі бір арманымның орындалғаны деп білемін» деп ­басталыпты... Атамның сол өсиеті менің кейінгі ғұмырымда жаныма жалау болды. «Ойсыз көзбен қарасаң, өмір сүреңсіз, ойлы көзбен қарасаң, әрбір сәттің астарында мағына бар, өнеге бар», «Наданның көзімен қарасаң, өмір тіпті қызық емес, ал өмірге іңкәр адамның көзімен қарасаң, іздегеніңді табарың хақ», «Қара­ғым, асыл арманды, мағыналы мақсатты көздегенде ғана мұратыңа жетесің», «Өмірді адамдықтың ­жолына арнағанда ғана мәртебең биіктейді»... Ата сөзі дана­лыққа үйретті. Кішкентай кезімде Қасым деген інім екеумізге: «Ана қарлығаш не істеп жүр: Балапандарына жем тасып жүр. Анау құмырсқа не істеп жүр: Қыстың қамын ойлап жүр. Мынау бал арасы не істеп жүр: Балын жинап жүр. Адам да қарап отыр­мауы керек, еңбек еткені жөн» деп отыратын. Ата өнегесі мен үшін үлкен өмір мектебі еді.

Балалық шаққа оралсам, сол бір мұңсыз, бақытты қара шаңырақ көзге елестейді. Атамның берген тәлім-тәрбиесі ерекше еді. Төрт-бес жастағы кезім. Атам мектеп жақтан сөмкесін, географиялық картасын қолына ұстап келе жатады. «Ата-а-а» деп, алдынан қуана жүгіре шығамын. Қолындағы сөмкесі мен картасын алып, үйге алып кіремін де бөлмесіне апарып қоямын. Қайта шаттана шығып атамның қолына су құямын. «Әп-бәрекелде! Әкімтай үлкен жігіт болды, міне, атасының қолына су құюға жарады, бағың ашылсын» деп батасын береді. Былай қарасаң, жай ғана көрініс, бірақ атамның сол батасында үлкен тәрбие бар екен ғой.

Атамның өлеңдері де бар. Мына өлеңін әлі күнге жатқа айтамын:

Дарын болып қала білші, ағайын.

Жалын болып жана білші, ағайын.

Күнім болып күлімдеші, ағайын.

Пенделігің білінбесін, ағайын.

Көңілімнің қошы болшы, ағайын.

Өмірімнің досы болшы, ағайын

Жақсылығың көз ілмесін, ағайын,

Жамандығың сезілмесін ағайын.

Атам нағыз ұстаз еді. Әлі күнге дейін менімен бірге жүрегімде өмір сүріп келеді. Атам Төле би ауданы «Қазақстан», ­«Ди­қанкөл» мектептерін адамдарды жұмыл­дырып жүріп өзі салдыртқан. Солардың алғашқы директоры болды. 1940 жылы Бөржар ауылында мектеп салдыртып, кімнің атын береміз дегенде, мектеп ­директоры ретінде Абайдың есімін атапты. Ол кезде «Абай жолы» жарық көрмеген. Абай өлеңдерін, Абай атын көп ешкім біле бермейді, азын-аулақ адамға ғана ­таныс. Содан көп адам қарсы болады, ­аудан бекітпепті. Атам облысқа барып, Абай өлеңдерін жатқа оқып, Абай есімін мектепке бергізген екен. Республикадағы Абай атын иеленген тұңғыш мектеп – сол мектеп.

Сегізінші сыныпта оқып жүргенде атам қайтыс болды. Жүрегім қан жылап, өзімше өлең жаздым.

Мектеп жақтан күлімдеп келе жататын,

Үйге жете дауыстап тіл қататын,

«Ата» деумен жүгіретін немере,

Осы көрініс мол қуаныш табатын...

Әжем мен мектепке бармай ­тұрып-ақ ертегі-жырды оқып, құлағыма құйып тастаған еді. Ол кісінің балаға деген мейірімі өте ерекше болатын. Ауырып қалсақ, айналып-толғанып шыға келеді. Ыстық қылып кеспе көже жасап, айран қосып ішкізетін. Одан кейін көрпеге орап жатқызып қояды. Терлеп ұйықтап қаламыз. Сәлден соң көзімізді ашсақ, қасымызда тағы да үйіріліп-төгіліп отырады: «Алтыным, тіфай-тіфай, жақсы болып қалдың ба?» деп мейірімін төккенде, тіпті ауырып жата беруге ұялып кететін едік.

Кейін есейдік, студент атандық. Әжем сонда да мен деп алаңдауын қойған емес. Ибрагим деген досым бар-тын. Сенбі күндері әртүрлі сылтаумен, ерекше өтінішпен төрт-бес шақырым жердегі «Ықылас-Темір» ауылына алып кететін. Оның сүйген қызы бар дегендей, жастық дәурен ғой. Мен серік болып бірге жүремін. Сонда таңға жуық үйге келіп, сыртқы дарбазаны абайлап ашып жатсам, есіктің алдындағы орындықта әжем күтіп отыратын. «Балам, келдің бе? Енді сен де ұйықта, мен де ұйықтайын» дейтін. «Неге ұйықтамағансыз?» десем, «Айналайыным-ау, төсегің бос тұр, қалай көз ілемін» дейтін. Әжемнің 1963 жылы атымды ­жазып тоқытқан кілемі бар. Кілемді көрген ­сайын өткеннің өнегесін, өмірін көргендей боламын. Өткеннің маған артқан үміті, маған сыйлаған махаббаты еске түседі. Төрт сыныптық білімі болса да әжем көкірегі ояу, көзі ашық жан еді. Түрлі мерекелерде ашықхатқа тілек жазып, құттықтайтын. Бірде архивімді ақтарып әжемнің өз қолымен жазған бір бума құттықтауын ­тауып алдым. «Айналайын, Әкімтай! Мерекең құтты болсын, қатарыңның алды бол, денсаулығыңды күт. Өмірің білім мен шуаққа толсын, армандарың орындалу ­жолында аянбай еңбек ет, балам. Құдай сенің қызығыңды көруді жазсын. Апаң, 23-ақпан, 1981 жыл» депті. Иә, мұны мен де балаларыма, немерелеріме деп сақтап отырмын.

Әкем өте қарапайым, бірақ білікті ұстаз, кәсіби маман. Атам ауыл мектебін жиырма жыл басқарса, әкем де сол ­мектепте отыз жыл директор болды. Әкем ­мектепте ғана емес, үйде де нағыз ұстаз еді. Біреуімізге ­дауыс көтерген емес, бәрін ақылмен шешетін.

10 сыныпта жүргенде Алматыға, ҚазГУ-ға барамын дей бастадым. Әкем жайлап қана: «Әкімтай, Алматы деген үлкен қала. Ол жерден адасып кетуге де болады. Оның үстіне ол жақта ешкімді танымаймын. Жақындау жерге барсаңшы» деді. Атаның баласы болып өскен мен өз айтқанымда табандап тұрып алдым. Сөйтіп жүргенде мектебімізге Жұмабек Еділбаев деген ­жазушы келіп, үлкен кездесу өтті. Жазушы болсам, журналист болсам деген арманым бар ғой. Қатты қуандым. Әкем де Жұмабек ағайды үйге шақырып, қонақ етіп күтті. Біраз әңгімелесіп отырған соң, «Әкімтай, жазушы ағаңа өзің шай құйып берші, мектепте шұғыл шаруам бар еді» деп шығып кетті. Әкем менің қуанышымды сезіп, жазушы ағасымен оңаша қалсын, ақтарыла сөйлессін деп шешкені екен ғой. Әңгімелесіп, арманымды айтып, қуанышым қойныма сыймай мен отырмын. «Кім болғың келеді?» деп сұрады жазушы ағам. Журналист болғым келетінін айттым. Жазған-сызғандарымды жинап жүретінмін. «Жазғандарың бар ма, қане, оқып көрейін» дегенде орнымнан ұшып тұрып, сыртына Абайдың суретін өзім салған (сурет салуды өте жақсы көретінмін) папканы қолына ұстаттым. «Қабілетің бар екен, ниетіңе жетуге тілектеспін» деді. Содан әңгімеден әңгіме шығып, ҚазГУ-дің журналистика мамандығына оқуға барғым келетінін айттым. Жұмабек ағам сәл ойланып отырып: «Менің мамандығым заңгер. Бойыңда талантың болса, журналистикадан бәрібір кетпейсің. Ал басқа мамандыққа барсаң, әрі қосымша білімің де болады, сол саланың да мәселесін індете жазар едің» деді. Міне, содан ауылымызға жақын Шымкент пединститутына құжат тапсырдым. Түске дейін сабақтамын, түстен кейін облыстық газеттің редакциясына құстай ұшамын. Әдебиет, мәдениет, өнер бөлімінің меңгерушісі – Мархабат Байғұт ағамыз. Күндіз институттың білімін алсам, түс ауа сол ұстазымның өнер мектебінде шыңдаламын. Институт бітіргенде облыстық газетте жұмыс істеуіме ұсыныс та болды. Бірақ ата жолы – ұстаздық жолдан бас тарта алмадым. Себебі 1975 жылы төсек тартып жатып қалған атам қасына шақырып алып: «Кім боласың?» деп сұрағанда журналист боламын деген арманымды жасырып қалып: «Сіз сияқты мұғалім боламын, ата!» деп едім. «Ой, бәрекелде!» деп риза болған атам, батасын беріп, маңдайымнан сүйген болатын. Осылайша, біз үйде үш буын ұстаз жолын жалғадық. Атам география, әкем химия, мен физика-астрономия мен еңбек пәнінің мұғалімі болдым. Он жыл ұстаздық қызмет еттім. Бұл менің ата ­жолын, әке жолын жалғаудағы азаматтық ­борышым деп білдім. Иә, мұғалім бола жүріп шығармашылығымды тастаған емеспін.

– Әкеңіз елге белгілі ұстаз болған екен. Сіз де бастапқыда сол жолмен жүріп, мұғалім атанғаныңызды білеміз. Бала оқыту, балаға тәрбие беру нені үйретті?

– Ұстаз болу, балаға тәрбие беру жауапкершілікті үйретті. Баладай ойлауды үйретті. Баладай аңқау, адал болуды үйретті. Баланың жанын жараламауды үйретті. Балаға қамқор болуды үйретті. Ұстаз болу өнерге, шығармашалыққа іңкәрлігімді тіпті тереңдете түсті.

– Журналистикадағы жолыңыз «Жас Алаштан» басталды ма, әлде одан ілгері уақытта аудандық, облыстық газеттердің жұмысына араласып көрдіңіз бе? Жастар басылымының мектебі сізді қалай қайрады, қаламыңызды қалай ұштады?

– Аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда оқушы, студент күнімде өлең-мақалаларым шығып тұрғанымен, жұмыс істемеген едім. Мектептің мұғалімдігіне кірісіп кеткенде, қанша қарбалас болса да, түрлі тақырыптарда мақала жазып тұрдым, сатиралық өлеңімді тастамадым. Бос уақыт деген менде мүлде болмайтын. Қоғамдық жұмыстарға, жастар ісіне кірісіп кететінмін. Мұғалім болып жүріп, «Коммунизм таңы» (қазіргі «Ордабасы оттары») атты аудандық газеттің жанындағы Қосжан Мүсірепов атындағы әдебиет және өнер бірлестігінің бетін шығаратынмын, мақалалар дайындайтынмын. Басылымның қызметкеріндей болғаныммен, бірақ газетте істеген емеспін.

Шынында, республикада белсенді жастардың бірі болдым. Қазақстан комсомолының съезіне делегат болып қатысып, қазақша сөз сөйледім. Тіл мәселесін, жер-су аттарын қазақшалау мәселесін көтердім. Содан жақсы көзге түстім ғой деймін, Қазақстан жастары орталық комитетінің бюро мүшесі болып сайландым. Ол – үлкен қоғамдық жұмыс. Ауылда тұратын жай ғана қарапайым мұғалімге деген құрмет. Сол қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүрген кезде «Лениншіл жастың» сол кездегі бас редакторы Уәлихан Қалижан ағамыз телефон шалып, оңтүстік өңірлердегі тілші болуымды сұрады. Бас тарттым. Бірде комсомол жастарының орталық комитетінің жиналысы өтетін болды. Комсомолдың бірінші хатшысы Иманғали Тасмағамбетов. Уәлихан Қалижан да бюро мүшесі. Бюро жұмысы аяқталған кезде «Кімде қандай сұрақ, ұсыныс бар» деп Имекең сұрап еді, Уәлихан Қалижан қол көтерді: «Еліміздегі ең үлкен өңір оңтүстік облыстар – Шымкент, ­Жамбыл, Қызылордадағы «Лениншіл жастың» меншікті тілшісінің орны бос тұрғанына жарты жылдан асты. Лайықты адам да ­табылып тұр. Бірақ өзі қарсы» деді. Имекең «Ол кім?» деп сұрады. «Қазақстан комсомол жастарының Орталық Комитетінің бюро мүшесі Әкім Ысқақтың қолынан келетін іс» деді Уәкең. «Пионер» журналының сол кездегі бас редакторы Фариза Оңғарсынова «Әкімнің қолынан жазу келеді, әрі керемет балалар ақыны. «Пионер» журналына бірнеше бет өлеңдерін бердік» деді. Мұхтар Шаханов «Ер адамдарды ақын болуға қабілеті барлар деп, қабілеті жоқтар деп екіге бөлемін. Әкімнің қабілеті бар. «Жігер» фестивалінде өзін дәлелдеді. Лайықты кандидат» деді. «Арай – Заря» журналының бас редакторы Әшірбек Көпішев қолдады. ­«Ленинская смена» газетінің бас ­редакторы Олег ­Никанов та қарсы болмады. Сол уақытта Имекең: «Бюроның қолдауымен Әкім Ысқақ «Лениншіл жастың» оңтүстік облыстардағы меншікті тілшісі болып бекітілсін» деді. Жиналыс біткен соң Уекең жанына ертіп алды да, ұжыммен таныстырып, қолыма қызыл куәлікті табыс етті. «Батыр ойларыңды бере беруіңе болады» деді сенім артып.

Бірден іске кірістім. Жамбыл ­облысына барғанда Қарақал­пақстаннан, Тәжікстаннан көшіп келіп жатқан қандас­тарымызды байқадым. «Атамекен, елім бармысың?» атты журналистік зерттеу жаздым. Жамбыл облысына көшіп келген қандастарымызға немқұрайлы қарап, намысына тиетіні, ал Өзбекстаннан келген түрік-месхетин босқындарына бар жағдайды жасағаны туралы салыстыра зерттеу жүргіздім. Үлкен сын материал жарияланған соң оларға жағдай жасалды. Мәселе шешімін тапты.

«Темір табыт» деген мақаламда Қазығұрт ауданында тұратын аға шопан ­Перне Тілемісовтің отбасындағы жағдайды көтердім. Ақсақалдың үш ұлының екеуі: Сатылхан мен Қадірхан Кеңес армиясы қатарына алынып, құпия жағдайда өлім құшып, бірінен соң бірі елге темір табытпен келген екен. Екі ағасының қапияда қаза тапқаны бала жанын жаралаған кенже ұл Әділ армияға барудан бас тартады. Оны дизертир деп соттатып жіберген. Осы жайтты қаузап «Темір табыт» деген мақала жаздым. «Көз алдымнан Сатылхан мен Қадірханның қажетті құжаттарын ала алмай, Әділі енді аман келе ме, жоқ па, оны мерзімінен бұрын босата ма, босатпай ма деп күн сайын біресе аудандық комиссариатқа, біресе атқару комитетіне, енді бірде аудан прокурорына жаутаңдай қарап, бүгежектеп жүрген Перне қарияның бейнесі кетпей қойды. Алыс ауылдағы малдың соңында жүрген, орысша жөнді білмейтін бұл кісіге кім қол ұшын бермек?» деп аяқтадым мақаламды. Осы мақалаға орай жүздеген хат келіп, балалары әскерде жүрген аналар редакцияға ағылды. Олардың өтінішімен мақала орыс тіліне аударылды. Қазақ теледидарының әскери-патриоттық бағдарламасы (жүргізуші – Қынабай Аралбаев) үн қосып, бірнеше материал шықты. Осы жағдайдан соң, сол кездегі Қазақ КСР Әскери Комиссариатының басшысы Леонид Бакаев сонау Қазығұрттағы Тілемісовтердің отбасына арнайы барып, екі боздақтың өлімі үшін кешірім сұрады. Кезекті пленарлық мәжілісінде Жоғары Кеңес депутаттары осы мақаланы әңгіме өзегіне айналдырып, Көкшетауда түрмеде жатқан Әділдің бостандыққа шығуына мұрындық болды. Сонда Перне ақсақалдың көзінен жас парлап, еңіреп тұрып жылағаны есімде. «Саған да, газетіңе де мың рақмет» деді. Ол рақмет ақсақалдың ғана емес, күллі елдің алғысы сияқты болып естілген еді.

Қайраткер Асанбай Асқаровтың әйгілі «Желтоқсан оқиғасынан» кейін жазықсыз жапа шегіп, түрмеде жатқан уақытында оның өзін ғана емес, қызметтестерін де қудалау науқаны басталды. Соның бірі бұрынғы Шымкент облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, іскер басшы Нұрдәулет Сәрсенов еді. Оның негізсіз қудалауға ұшырағаны туралы бір беттік мақала жазып, атын «Асқаровтың кадры» деп қойдық. Бұл жүректерде қатқан мұздың еруіне себеп болды-ау деп ойлаймын. Өйт­кені азамат басы сергелдеңге түскен Н.Сәрсенов ақталып, қайтадан қызметке кірісіп, кейін Парламент Мәжілісінің бірнеше шақырылымының депутаты болып сайланды...

Арнайы журналистік зерттеу жүргізіп, өзге ұлтқа телініп кеткен Екінші дүниежүзілік соғыстың батыры, Орталық Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Рақымов туралы сериялы очерктер жаздым. Нәтижесінде батырдың туған жері Көкібелдегі мектепке, ондағы «Коммунизм» кеңшарына генерал есімі берілді.

Бірде кабинетімде отырсам қысқа етек көйлек киген бір қыз кірді. Рұқсат сұрамастан темекі тұтатып, шеге бастады. «Сенің жазғаның маған ұнайды» деді ай жоқ, шай жоқ. Көңілі орнында емес екенін сездім. Үнсіз тыңдадым. «Жазғандарыңды оқып жүрмін, жақсы. Бірақ мен өмірден тойдым, өлгім келеді» деді. Ақтарыла сөйледі. Ақтарылып, жеңілдеп қалды ма: «жарайды саған келер жолы күнделігімді алып келейін» деді. Рұқсат берген тұстарын негізге ала отырып «Ерте есейген қыз» деген мақала жаздым. Ол да үлкен шу болды. Комсомол, жастар ұйымдары қызу талқылады. Кейін әлгі қызды бер-екі рет жолықтырдым. «Жазғаның дұрыс болды, өзіме сырт көз есебінде қарадым, рақмет, өмірге деген көзқарасым өзгерді» деді. Ол қыздың өмірінің шет-жағасын білемін. Ана, үлкен жүректі адам, өмірге құштар жан...

Бірде Шардараға іссапармен бардым. Кешкі биде «қара бауыр қасқалда-а-ақ» деп ел иығын жұлып жеп билеп жүретін уақыт. Сол әннің авторымен кездесіп қалдым. Шардара ауданында біреу ­таныса, біреу ­танымайтын сазгер жігіт екен. Сұхбатқа тарттым. «Қара бауыр қасқалдақ әнін жазған кім?» атты көлемді материал жарияладым. Нәтижесінде өз әні өзіне қайтарылған Лесбек Амановты республика білді, әннің Желтоқсан оқиғасына арналғаны белгілі болды. Лесбек Амановқа Шардара аудандық партия комитеті арнайы үлкен үй бергені есімде. Ол «Лениншіл жасқа» жауап ретінде жарияланды да.

1985 жылы республикалық «Жігер» фестиваліне барған кезімде жас таланттармен «Лениншіл жас» газеті ұжымымен кездестік. Кезек маған келгенде сол кездегі бас редактор Сейдахмен Бердіқұловпен емін-еркін сөйлестім де «Рингте папасы мен мамасы» деген сықақ өлеңімді оқып бердім. Сейдағаң ерекше ықыласпен тыңдап, мәз болып күліп, «Мынау деген керемет қой, біздің «Сүзеген сөз» деген қосымшамызға таптырмас автор екен» деп, сол заматта Көпен Әмірбекпен таныстырған еді.

Осылайша, үлкен өмірге, шығармашы­лығыма сәт сапар тілеген Сейдахмет Берді­құлов болса, осыдан журналист шығады деп журналистикаға жетелеп әкелген Уәлихан Қалижан еді. «Лениншіл жаста» жұмыс істеп жүрген кезімде қаламы жүйрік Ерғали Сағаттың да орны бөлек болды. Көпен ағам сатирадағы қаламымды ұштады.

– Тұңғыш рет қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» заңының авторы екеніңізді «Ана тілінің» көзі қарақты оқырманы біледі. Осы отыз жылда қазақ тілінде жазылып, қабылданған заңның ­екеу-ақ болуы көңілге қаяу түсірмей ме?

– Осы орайда жылға жуық талқыланған сол заң жобамды қолдай білген бүкіл қазақ баспасөзіне, соның ішінде «Ана тілі» апталық газетіне ризашылығым ерекше. Журналист Сәкен Сыбанбайдың «Әкім Ысқақ… баяндамасыз сөйлеген тұңғыш «баяндамашы» болды...» деп басталатын мақаласын шеттен келген ағайындар жатқа айтып жүрді.

Әрине, қазақ тіліндегі заңның ­екеу-ақ болуы көңілге тиеді. Қазақ тілінде заң жазуға ештеңе де кедергі емес. Бұл туралы талай рет айттық, бастама да көтердік. Үкімет «Енді заңды тек қана қазақ тілінде жазамыз» деп уәдені үйіп-төкті. Бірақ бәрі де «жабулы қазан» күйінде қалды. Қазақ тілінде жазатын заңгер, Құдайға шүкір, көп. Тек қазақ тілінде жазылған заңды талқылағанда оны орыс тіліне аударып беретін маман аз. ­Мысалы, сол «Халықтың көші-қоны туралы»  заңды орысшаға ­аударуда қатты қиналдық. Біздің аудармашылар заң тілін орысшадан қазақшаға аударуға машықтанғанымен, қазақшадан орысшаға аударатын маман тапшы екен. Аппарат мәжілісінің кезекті отырысында осыны мәселе етіп көтеріп едім, сол кездегі аппарат басшысы Мағзұм Қасымов ­«Маманды өзіңіз табыңыз, қалған көмектің барлығын ұйымдастырып береміз» деді. Әділет министрлігінде қызмет ететін заңгер Күмісай деген қыз бар еді. ­Арнайы келісімшартпен алып заңды Күмісай орыс тіліне аударды. Бұл Коржавамен шайқасып жатқан кез-тұғын. Талқылау басталғанда «орыс тіліндегі аударма дұрыс емес» деп шу шығарды. Не десек те, осы заң қазақтілді зиялы қауымның басын біріктірді. ­Газетке заңның толық нұсқасын басып, көпшілік талқысына ұсынған ­«Егемен Қазақстанның» сол кездегі бас редакторы Уәлихан Қалижанға рақмет. «Қазақ елі» газетінің сол кездегі бас редакторы Бақыт Сарбалаевқа да алғысым шексіз.

– Алыс және жақын шетелдерден Қазақстанға оралған қандастарымыздың азаматтық, пәтер, білім алуына, жұмысқа орналасуына және т.б. жұмыстарына тікелей қамқор болдыңыз ғой. Осы саланың кем-кетігін айтып беріңізші...

– Шеттен келген ағайындардың бір ерекшелігі – патриоттық сезімі басымдау, өте еңбекқор. Оларды солтүстік облыстарға көптеп орналастыру, жағдай басап, баспанасын беріп, алдына мал-мүкамалын ұсыну керек деп есептеймін. Қызылжар, Керекуге бара қалсаңыз, қазақ тілінде сөйлейтін, қазақша жазып жүрген адамдардың көпші­лігі шеттен келген ағайындар екенін бай­қайсыз. Демек, олар біздің еліміздің ұлттық дәстүрін, шығармашылық қуатын, тілін кеңінен сақтап, насихаттаушылар. Біз олар­дың осы бір ерекшелігін ұмытпасақ екен.

– Бүгінгі мемлекеттік қызметкердің келбеті қандай болуға тиіс деп ойлайсыз?

– Мемлекеттік қызметкер жауапкерші­лігін ұмытпауы, мемлекеттік қызмет ісінің этикасына сай болуы керек. Бүгінгі мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігінің мемлекеттік тілге шорқақ екеніне ­жаным ауырады. Олар біз үміт күткен, қазақстандық жүйені толық қазақшалайды деп сенген жас буын емес пе еді? Бірде Павлодардың Баянауыл ауданына бардым. Қабылдау бөлмесінде орыс қыз отыр екен. Аты – Настя. Үйреніп қалған әдетпен орысша амандассам, «Сәлеметсіз бе, Әкім аға» дейді. Жерге кіріп кете жаздадым. «Қазақ тілін қалай үйрендің?» деп сұрасам, «Қазақстанда тұрып қазақ тілін білмесек, өзімізге ұят, арымызға сын емес пе» деді. Мемлекеттік тілді білмеу ұят, арыма сын дейтін жастардың көбейгенін қалаймын. «Қазақ үні» газетінің бас редакторы, ақын Қазыбек Иса деген досым бар, сол көтеріп жүрген мәселелер өте орынды. Мемлекеттік тілдің жанашыры болмай, мемлекеттік қызметкер бола алмайсың.

– Шығармашылық туралы да сұрақ қойғымыз келеді. Сазгерсіз, қаламгерсіз. Шығармашылыққа уақытты қайдан табасыз?

– Кейде жұмыста түннің жарымына дейін отырып қаласың. Үйге келгенде шығармашылыққа деген құштарлық бәрібір жазу үстеліне жетелейді. Кейде екі-ақ сағат ұйықтаймын. Бірақ оның денсаулыққа кері әсері бар екен. Сондықтан сенбі, жексенбіні пайдалануға тырысамын. Кейбір қонаққа барудан бас тартуға тура келеді. Шығармашылығыммен айналысқан сағаттар – менің бақытты сәттерім.

– Тырнақалды кітабыңыз жарық көрген сәт есте болар? Қандай сезім ­билеп еді, заман­дастарыңыздың, аға буын қаламгер­лердің пікірі қандай болды?

– Оқушы кезімде алғашқы мақалам шыққанда қатты қуанғанымды айтсаңызшы! Аудандық газетке бір хабарым шығыпты. Ерекше қуанышқа бөленгенім бар. Өлең­дерім алғаш рет топтама жинаққа енді. 1987 жыл еді. Сабақ беріп тұрғанмын. Біреу есікті қағып, сыртқа шақырды. Мектепте кітап­ханашы болып істейтін қарындасым екен. «Ұжымдық жинаққа өлеңдерің еніпті» дейді. «Қарлығаш» деген жас ақындар топ­тамасы көзіме сондай ыстық көрінді. Мұны облыстық газетке ақын Әбілда Аймақ жа­һанға жар салып, «сүйіншілеп» жариялады. Мұның алдында 1985 жылы «Жігер» фестивалінде Әбілдә Тәжібаев батасын беріп еді.

1993 жылы тұңғыш «Бір физиктің ­махаббаты» атты жеке кітабым жарық көрді. Ол да шалқар шабыт сыйлады. «Абзалдық әліппесі» шыққанда сыншы Зейнолла Серікқалиев, жазушы ­Мархабат Байғұт, ғалымдар Зейнехан Күзекова, Әділхан Алдамұраттардың жылы пікірі жүрегімді жылытты. Бәрінен де үнемі ыстық ықыласын, әсіресе балаларға жазған өлеңдеріме, тіпті республикалық газетке эссем, мақалам шықса да жақсы пікірін Фариза апай айтатын. Балаларға арнаған бір топ өлеңімді арнайы алдыртып, «Пионер» журналының айқара бетіне жариялады. «Абзалдық әліппесі» (кейіннен «Жүректегі жазулар») кітабымның қолжазбасын оқығанда ыстық лебізін «Жас Алашқа» берді.

Одан беріде біраз кітаптарым жа­рық көріп жатыр. Пандемия кезінде үйде отырған халықтың көңіліне демеу ­бо­лайын деп «Алтыным» жинағымдағы шығарманы өз дауысыммен оқып, ­аудио нұсқасын әлеуметтік желіге салдым. Онда өз оқырмандарым құрған «Әкім аға және тілеулестері» атты топ бар. Әсіресе, балаларға арнаған «Күн ұлымын», «Біздің Бапақ» атты өлеңдер жинағы, ­«Алтыным» кітабы бойынша бейнероликтер жасап, ­онлайн сабақ өткізген еліміздің бүкіл ұстаздар қауымына, бастамашы болған С.Мұқанов мектебіне директоры Табылды Нәзира Қаратайқызына, сондай-ақ сол кезден мектеп оқушыларының маған жазған хаттарын кітап етіп шығарған «Алматы-Болашақ» баспасының президенті Ырым Кенебайға, құрастырушысы Дәулетхан Бекболатұлына, мерейтойыма қатысты шығармашылығымнан республикалық онлайн-байқау жариялап жатқан Ордабасы ауданы әкімі Нұрбол Тұрашбековке, бастамашы Жастар Орталығының басшысы Әсел Баймахановаға айтар алғысым шексіз.

– «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін», «Алтыным» атты кітаптарыңыз жасөс­­пірімдер мен жастардың сүйікті кіта­бына айналды, тіпті «Өзін өзі тану» пәнінің қо­сымша оқулығы есебінде оқытылып жатыр екен. «Жүректегі жазулар» кітабыңызда ­«Қа­шанда адамдық бейнеңді көрсетер үш серігің бар. Ол: сана-сәулеңе, парасат-пайы­мыңа, ақыл-таразыңа байланысты...» дейсіз. Осы күні адамдық бейнені іздеуден қалып бара жатырмыз-ау деп қауіптенбейсіз бе?

– Иә, адамдық бейнені іздеуден қалып бара жатырмыз-ау деп алаңдаймын. Мына індет адамзатқа екі нәрсені еске салды ғой деп ойлаймын. Біреуі – өмірдің, екіншісі – адамның қымбат екенін ұқтық. Жақсы сөз адамға қай уақытта да демеу болады. Әлеуметтік желіде он жыл бұрын «Алтыным» деп басталатын жақсы сөз жазуды бастадым. Кейін іссапарда болып, бір аптадай қол тимей кетті. Сонда оқырманның іздегенін қатты байқадым. «Жақсы сөз жарым ырыс» деп қазақ бекерге айтпаған. Құдайға шүкір, жақсы сөз айтатын жақын-жуығым көп. Оған қоса шәкірттерім, рухани балаларым да жеткілікті. Абай Сейфолла, Бекзат Ахмет, Ерқасым Зұлпыхаров, Берік Бейсенов, Әліби Манаш, Арайлым Мұратәлиева, Мейіржан Нұраддинов, Дәулетхан Бекболатұлы, Сүндет Сейітов, Арнагүл Жанат, Айбек Молдасапаров, Рахат Арғынбай, Арман Құдайберген, Жанель Садықова деген дарынды шәкірт-балаларым бар. Алпысқа келдіңіз ғой деп «Өмірдегі ең бай әке» деп маған арнап кітап жазыпты. Ал Мафтуна Нәжиева деген шәкіртім «Алтынымды» өзбек тіліне аударып, міне, Ташкенттен «Олтиним» деген атпен кітап боп басылып шықты.Бұл да жақсылық іздеп жүрген адамның жанына медет, көңіліне демеу ғой деп ойлаймын.

– Демек, өмірден жақсылық іздейсіз ғой?

– Әрине, мен адамдарды жақсы көремін. Жақсы көрмеуге қақым жоқ. Мен білетін Адам деген атта адамға тән жақсы қасиеттердің бәрі бар. Адамға керегі – мейірім, жетпейтіні де – мейірім. Адам деген құрметті атты ұстап тұрған да осы мейірімнің арқасы. Сондықтан да ұдайы жан-жағымнан жақсылық іздеп жүремін. Айналама тек жылы сөз, жақсы сөз айтсам деймін. Мына өмірдің өзегі де, қуаты да – жақсы Адамдар деп білемін.

– Әңгімеңізге рақмет.

 Әңгімелескен

Қарагөз Сімәділ

3464 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы