• Тарих
  • 27 Тамыз, 2020

Бабалар ізін жалғаған

Мен – жылқышының немересімін. Атам Қасымғали жылқы баққан, ат баптаған, ұжымшардың әртүрлі жарыстарына ат қосқан мықты жылқышы болған екен. Әкем Рахымжан да аттың құлағында ойнайтын. Өзі үнемі «Әкем қауіптенгендіктен мені шабандоз етпеді» деп отыратын. Бірақ жылқыны өте жақсы көрді. Үйімізде де жылқы мүсіні көп. Жазғы демалыста әпкем Жансая екеумізді Астанадағы ипподромға апарып, атқа өзі отырғызып үйретіп еді.

Жақында анам Facebook желісін қарап отырып: «Қызым, қарашы, бізде керемет жаңа іс басталып ­жатыр екен» деді. Әлгі жаңалықты оқып әрі қуандым, әрі таңғалдым, әрі сүйсіндім. Қуанғаным, кезінде бізде болмаған мүмкіндік қазіргі мектеп оқушыларының маңдайына бұйырыпты. Таңғалғаным, осы бір үлкен, сауапты істің басы-қасында жаңашыл ұстаз Амандық Есқали жүр екен. Қасына көмекші жинап, демеуші тауып бір өзі іс бастапты. Сүйсінгенім, бұл біздің елде бұрын-соңды болмаған жоба. Сонымен, жақында Атырауда ат спорты және садақпен ату мектебі ашылмақ. Бұл жобаның ерекшелігі – Атыраудың елу мектебінің әлеуметтік жағдайы төмен 100 оқушысына атқа міну мен садақ атуды тегін үйретеді екен. Бұл оңай жұмыс емес. Себебі қазір қолында тек жер телімі бар Амандық Бағытұлы демеушілер көмегімен он екі жылқыға арналған қора-жай салу, азық-шөп дайындау, қалалық білім бөлімінен оқушылар құжаттарын әзірлеу жұмысында жүр. Бұл оның негізгі ұстаздық қызметінен бөлек, қоғамдық жұмысы екенін ұмытпаған ләзім. Қол соғып қуанатын-ақ шаруа.
Атбегілік, мергендік – қазақтың қанына біткен қасиет. Бұл іске Амандық Бағытұлы кездейсоқ келмепті. Бұған дейін елімізде тағы да тұңғыш рет мектеп оқушыларынан құралған ­«Бабалар ізімен» атты аттылы экспедиция ұйымдастырған. Оқушыларын жылқы малын баптауға, құрметтеуге, туған өлке тарихын терең түсінуге үйреткен ұстаз ісі көпге өнеге. Бұл орайда азаматқа тек қана сәттілік тілейміз...

Айжамал Отарбаева,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің
І курс студенті

1230 рет

көрсетілді

161

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы