• Тұлға
  • 27 Тамыз, 2020

ЖОЛДАУ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауында мемлекетіміздің алдағы мерзімдегі бағыт-бағдары айқындалып, ішкі, сыртқы саясат пен экономикадағы басымдықтары белгіленетіні белгілі. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты алғашқы Жолдауындағы басты басымдықтардан нені байқадық? Иә, қоғамдық диалог тақырыбы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауының өзегі деуге болады. Елдегі саяси жүйені кезең-кезеңімен жаңғырту мәселесін айтқан Президент: «...Елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша, табысты экономикалық реформаларға қол жеткізу мүмкін емес» деп атап көрсетті. Жолдауда одан өзге көппартиялықты одан әрі дамыту, қоғамдық келісімді сақтау, халықпен тиімді байланыс орнату, митингілер, БАҚ, сайлау туралы заңнаманы жетілдіру сияқты мәселелер де көтерілді. Тұңғыш Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі қоғамдық келісімді нығайтудың негізгі кілті – тіл мәселесіне де ерекше тоқталды. Ендеше, сол Жолдауда көтерілген негізгі мәселелер бүгінде қалай жүзеге асты? Саяси-экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан ол мәселелердің механизмдері қалай талданып, жіктелді? Бұл туралы сарапшы-мамандар жан-жақты айтып береді...

Нұрлан СЕЙДІН, саясаттанушы, «Ғылым ордасы» РМК Бас директорының ғылым және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымының кандидаты

ЕЛДІК МӘСЕЛЕЛЕР КЕҢІНЕН ҚАМТЫЛҒАН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнап жариялаған ­алғашқы ­Жолдауына да бір жыл толып отыр. Жолдауда алдағы дамуымызға қатысты саяси, экономикалық, әлеуметтік, аймақтардың дамуы сияқты басымдықтар анықталған болатын, биылғы әлемді жайлаған қиындықтарға қарамастан, сол бастамалар мен тапсырмалар жүйелі түрде іс жүзіне асып жатқанын байқап, сезініп отырмыз. Президент осы кезеңде сабақтастықты сақтай отырып, халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастырып жатыр. Мемлекеттік органдар жаңа форматта жұмыс істеп, халықтың көңілінен шығу үшін аянбай қызмет етіп жүр. Елде тұрақты ­дамуды қамтамасыз ету үшін саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды қатар алып жүруіміз керек деген бастамасы іс жүзіне асып, Ұлттық кеңес осы бағытта нәтижелі қызмет атқарды. Былтырғы Жолдауда партиялық құрылыс үдерісін жалғастыру мәселесі көтеріліп, бүгінде отандық саяси партиялар жұмыстарын жүйелеп, «Нұр Отан» партиясы өз дамуында жаңа сатыға көтеріліп, партияішілік сайлау, праймериз өткізеді. Бұл өз кезегінде басқа партияларға үлгі әрі түрткі болады деп сенемін. Қоғам ішінде еркін бәсекелестікті қалыптастырып, азаматтық қоғамның сапалық тұрғыда жаңа деңгейге өсуіне әсер ететіні белгілі. Жолдауда көтерілген минингілер, сайлау, саяси партиялар жөніндегі заңдар қоғам ішінде кеңінен талқыланып, қоғам өкілдерінің ұсыныстары мен толықтырулары таразыланып, парламентте қаралып, қабылданды. Азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздіктерін қамтамасыз етуге байланысты Жолдауда көтерілген жайттар бүгінде шетінен іске асырылып, құқық қорғау саласына қатысты мәселелер Ұлттық кеңестің арнайы жұмыс тобы мен қоғамның талқылауынан өтті. Әлемді жайлаған індеттің салдарынан жарияланған пандемияның салдары бізге де кесірін тигізді, соған қарамастан Жолдауда айтылған қаржы-экономикалық бағыттағы бастамалар жүйелі түрде іске асып келеді. Ең басты айтатынымыз – әлеуметтік салаға бағытталған бастамалардың барлығы тұтастай іске асып, халық бүгінгі қүрделі кезеңде мемлекеттің қамқорлығын сезініп отыр. Әлемнің өзге мемлекеттерімен салыстырғанда білім беру, денсаулық сақтау саласы халыққа тегін қызмет көрсетіп отырғаны белгілі. Жолдауда айтылған ұстаздардың, дәрігерлердің, мәдениет пен әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақылары өсіп, биыл да жалақы көтерілмек. Иә, бәрімізге белгілі, ұстаздар мәртебесіне қатысты арнайы заң қабылданды, еңбекақылары едәуір өсті. Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер болды. Көп балалы және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларды қолдау да оң нәтижесін берді. Былтыр атаулы әлеуметтік көмекті 485 мың отбасы алды. Мемлекет басшысының «Қазақстан ­Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту туралы» Жарлығына сәйкес 500 мыңнан аса отандасымыздың 300 мыңға дейінгі қарыздарын жауып, 1,2 млн азаматтың айыптары мен оның өсімдері кешірілген, бұған мемлекет тарапынан 149 млрд теңге бөлінді. Жалпы өткен жылдың сынақтары мен қиындықтарына қарамастан, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған алғашқы Жолдауы мазмұны мен ауқымы жағынан елдік мәселелерді тұтас қамтып, жыл ішінде нәтижелі іске асып, алдағы дамуымызға қарқын берді деп нық сеніммен айтуға болады.

Сапарбай ЖОБАЕВ,
экономика ғылымының кандидаты

ӘЛЕУМЕТТІК ЖОБАЛАР ІСКЕ АСЫРЫЛДЫ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауында сөз болған әлеуметтік жобалардың барлығы бірдей жүзеге асты. Шағын және орта бизнесті дамыту арқылы халықты жұмыспен қамтамасыз етуге қаржыны көбірек жұмсадық. Естеріңізде болса, Президентіміз Төтенше жағдай бастала сала елдің әлеуметтік жағдайын түзеуге 5,9 трлн қаржы бөлді. Бұл бюджеттік шығынды 20-30 пайызға көбейтті. ­Ендеше, ол қаржыны қайдан алдық? Бюджетке өткен жылы 8 трлн табыс түссе, көп кәсіпорындардың жұмысын тоқтатқаны салдарынан биылғы бюджет алты жарым трлн ғана ­болайын деп тұр. Біз бюджеттегі жетпеген қаржыны Ұлттық қор трансфертінің көлемін көбейту арқылы алдық.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы Жолдауында өте үлкен инвести­циялық ­жобаларды іске асыру мәселелері де сөз болған еді. Өкінішке қарай, биылғы әлемдік пандемияның кесірінен, көп саланың жұмысы тоқтап қалуынан әрі мұнай бағасы түсіп кеткендіктен, бюджет төмендеп кетті. Жалпы ішкі өнім жоспарлы 4-5 пайыз өсімнің орнына биыл 2-3 пайызға төмендейді деген болжам бар. Бірінші жартыжылдықта өткен жылғымен салыстырғанда ЖІӨ 2-3 пайызға төмен­деді. Демек жобалаған өсім болмай қалды. Сондық­тан, өкінішке қарай көп инвестивциялық жобалар, оның ішінде жол салу, кейбір өндірістерді құру мәсе­лелері тоқтап тұр. Иә, бастап қойған жобалар баяу болса да жалғасып жатыр. Ал аса ауқымды, үлкен жобаларды тоқтатуға мәжбүр болдық. Мәсе­лен, Жамбылда үлкен металлургиялық зауыт бар еді, соны әзірге тоқтатып қойдық. Әрбір өңірден, облыстан осындай мысалдар келтіруге болады.
Екінші мәселе, Самұрық-Қазына, Бәйтерек секілді үлкен квазимемлекеттік кәсіпорындардың қаржыландыруымен жүретін кейбір жобалар да кідіріп тұр. Ол да пандемияның кесірінен бюджетті үнемдеу мәселесінен туындаған іс-шаралар дер едім. Олардың біреуін мысалға алайын. Оны біреулер қате жоба деп те айтып жүр, жеке ­басым қате жоба дей алмас едім – көпшілік ЛРТ деп атап кеткен астанадағы жеңіл транспорттық жүйе. Оның құрылысына бюджеттен де қаржы бөлінетін. Транспорттық жобалар қазірше тиімді емес екеніне көпшіліктің көзі жетіп отыр. Бұл кәсіпкерлік жоба болғанымен, субсидиясы бар жоба. Болашақта құрылысын жалғастырармыз, әзірге тоқтатуға мәжбүрміз.
Қорыта айтқанда, Жолдауда айтылған әлеуметтік саланың барлығы орындалып жатыр, пандемияның экономикалық кедергілеріне бола үлкен кәсіпорындар мен инвестициялық жобаларды үнемдеуге көңіл бөліп отырмыз.

Гүлнафис Әбдікерова,
әлеуметтанушы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, әлеуметтану ғылымының докторы

ИНКЛЮЗИВТІ ҚОҒАМНЫҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың был­тырғы Жолдауында көптеген өзекті мәселе көтерілді.
Жолдауда алға қойған міндеттер әлемдік пандемия жағдайында онлайн-шараларға ауысты. Яғни онлайн түрде де бірқатар жұмыс атқарылды. Панде­мия кезінде туындаған мәселенің көпшілігі қалып­тасып келе жатқан ақпараттық қоғамның өзекті тұстарын айқындап берді. Бұл технологиялар мен ақпараттарға қолжетімділік мәселесі. Қаламен салыстырғанда ауыл – ақпараттық-технологиялық, әлеуметтік жағдайы тұрғысынан проблемалы территорияға жатады ғой. Пандемияда, негізінен, ауыл, шалғай өңірлер кедергілерге көп кезікті. Сөйте тұра Жолдауда айтылған әлеуметтік көмек көрсету мәселесін ұмыт қалдырған жоқпыз. Оны да ұмытпайық. Жағдайы төмен отбасыларға әлеуметтік көмек беру сол Жолдауда айтылған әлеуметтік қолдаудың бір жолы деп есептеймін. Қоғамда жағдайы төмен отбасылардың, әлеуметтік топтардың көбейіп кетуі әлеуметтік кауіпсіз ортаның қалыптасуына кедергі келтіруі мүмкін. Әлеуметтік қауіпсіздікке қатысты жайттарды қатаң ескеру керек. Жақсы өмір сүруі, жақсы орта қалыптасуы үшін адамдар өзін әлеуметтік қауіпсіз сезінуі қажет. Ал әлеуметтік жағдайдың төмендеуі түрлі қылмыстарға ұрындырып, әлеуметтік қауіпсіздік тепе-теңдігі бұзылады. Бұл өте маңызды мәселе.
2020 жыл «Еріктілер жылы» деп белгіленгенінде де үлкен бір жанашырлық жатқандай. 2020 жыл шынымен еріктілерге мұқтаж болған жылға айналды. Жастар ғана емес, күллі қоғамның барлық жастағы мүшесі жұмылып еңбек еттік. Азаматтық қоғам концепцияларына қатысты проблемаларды айтуы да Президентіміздің бүгінгі күннің тамыр бүлкілін дөп басуы дер едім. Қоғамдық сананың көтеріліп келе жатқанына, халықтың белсенділігінің артқанына куә болып отырмыз.
Жолдауда көтерілген басым бағыттардың ішінде дәл өзіме, әлеуметтанушы ретінде маған ерекше ұнағаны – инклюзивті қоғам құру мәселесі. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да инклюзивті қоғам құруға байланысты көптеген іс-шаралар өткіздік, өзіміз де конференциялар ұйымдастырып, қатыстық. Мысалы, «әл-Фараби әлемі» атты жыл сайын өтетін конференция аясында инклюзивті қоғамға байланысты арнайы іс-шара ұйымдастырдық. Студенттер белсене қатысты. Инклюзивті қоғамға байланысты көп мәселелер көтеріліп, әлі де айтыла түсуі керек деп ойлаймын. Пандемия жағдайындағы қашықтан оқытуды алайық. Көп адам қатты қиналды. Ал мүмкіндігі шектеулі, өзіндік ерекшелігі бар адамдарды оқыту мәселесіне кім алаңдады? Қашықтан оқуға байланысты олармен қалай жұмыс жүргізілді? Осы проблемаларды да ұмытпайық.

1047 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы