• Тұлға
  • 27 Тамыз, 2020

САҒАТПЕН СЫРЛАСУ

1.


Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
сы уақытқа дейін көзімізге түспеген, нақ сол өмір сәттерінде бізбен бірге отырып қымыз ішпеген жаңа бір жұмбақ Сағат бар, Әшімбаев әлемі бар. Жоғарыда мұның тек атын атап, затын шет жағалап қана айтып кеттік. Енді осы Сағатпен, Әшімбаев әлемімен жақын жүздессек, ақын Абайдың мына бір жолдарының алдымызды кес-кестері бар:

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма.

Біздіңше, осы шумақта айтылған, Абай басынан өткерген ахуал Сағатқа да ортақ. Абай аузынан шыққан бұл сөзді Әшімбаев айтса да, артық емес-ау...

Біз «Шығармалардың» үшінші томындағы Сағаттың жаңа жазбаларын: маржан ой үзіктерін, мыңдаған гүлдерге қонып, нәр жинаған арадай бал-білім түзіктерін көріп, көп тұстарда-ақ «ортаға тартылған» жұмбақ жүрек сырын, жылдар өтуіне орай өзгеріп-өсіп отырған жан диалектикасын тап басамыз. Осы жазбалардың жариялануына тікелей септескен Дүйсен Мүсірәліұлы былай деп орынды айтады: «Ол соңында әрқайсысы кемі 100 беттен 250 бетке дейін баратын бастан-аяқ Сәкеңнің өз қолымен жазған жазуға толы 45 қалың дәптер қалдырған. Орта есеппен алғанда жалпы саны 8000-9000 беттен асатын бұл дәптерлерде не жазылған сонда? 1974 жылдан басталып 1991 жылдың тамызына дейін жүргізілген бұл жазбаларды күнделік деуге келе қоймас. Күнделік – жеке адамның күнде немесе анда-санда көрген-білгенін, өзінің көңіл күйі мен белгілі бір оқиғаларға қатысты ой-пікірін жазып жүретін дүниесі ғой. Ал Сағат ағаның бұл жазбаларын «жұмыс дәптерлері немесе шығармашылық лаборатория, шеберлік мектебі» десек те болғандай...».

Бұлар да – қыруар құнды мұра, әрине, мемуар – күнделіктер емес; десек те, мұнда да «ет пен сүйектен жаралған» Сағат жанының сәулелері, ой дорбалап, білім қордалап, білік ұштау жолындағы тура 17 жылға созылған «әурелері» бар. Ара-­арасында әлгі сәуле ұшқындап, шырақ болып жануға ұласып, қуатты еңбектер, шуақты эсселер түзсе, әлгі «әурелер» жаңа тірек-тұғырлар тұрғызып, авторын – Сағат Әшімбаевты жаңа бел-белестерге шығарып отырған. Келесі жаңа биікке көтерілген Сағат, әрине, бұрынғыдан да зәулім шыңдарға көз тастап, тереңірек көреді, алысырақты байқайды. Қоғам өміріндегі алалықты, шалалықты түсініп, елдің ақыл-ойы саналар зиялылар көңіліндегі даналыққа қоса «балалықты» сезіп, бас шайқайды. Сағат енді тікелей әдебиет мәселелерін қаузаудан асып, қоғамдық-елдік осалдық-олқылықтарды сынап, ұлттық-азаматтық сананы оятуға, яғни ұлыстық-әлеуметтік мәселелерді қозғауға көшеді.

1974 жылдан басталған алғашқы дәптерлерде, әрине, әдебиеттегі елеулі деректер мен сыншы-қаламгерге керектер басым:

«Уәли сөз – әулие сөз, пайғамбардың сөзі дегенді білдіреді екен. Абайда бар, «Өлең – сөздің патшасы...» деген өлеңін қараңыз. Уәжді – уәли».

«Л.Толстой 34 жасында үйленген. Ол 1970 жылы Бірінші Петр туралы роман жазуға отырған...».

«Л.Толстойдың әйелі 15 бала көтеріпті».

«Л.Толстой «Детствоны» 24 жасында жазған».

«Л.Толстой А.А.Феттің үйінде (1861 жылдың көктемінде) отырып И.С.Тургеневпен ұрсысып қалып, оны дуэльге шақырыпты. Содан екеуі 1878 жылы қайта татуласқан».

«В.Г.Белинский «Горе от уманы» дра­малық шығарма ретінде мойындамаған».

«Н.В.Гоголь «Өлі жандарын» 17 жыл жазған».

«С.Есенин 1921 жылы Айседора Дунканмен (Американың бишісі) танысады. Екі жыл бірге болады. Дункан 1927 жылы өлген. Есенин 1925 жылы 30 жасында Ленинградта қайтыс болады».

«А.Горький 34 жасында «академик россииской словесности» болған. Бірақ патша өкіметі бұл атағын қайтарып алған. Ол 38 жасында Америкаға бар­ғанда 70 жастағы М.Твен Горькийді құр­метті қонақ ретінде қарсы алу жөніндегі комиссияның төрағасы болады».

«Бірінші дәптерден», 1974 жыл)

«Шәкәрім Құдайбердиев Лев Николае­вичпен хат жазысқан екен».

8.06.1975 ж.

«Ғабдулла Тоқай 27 жасында дүние­ден өткен. Осы жасына қарамас­тан ­татар әдебиетінің ұлы ақыны, классик дәрежесіне ие болған».

«1941 жылы 24 июньде А.Н.Толстой И.В.Сталинге хат жазып, И.А.Бунин ­туралы өте жақсы пікірлер айтқан».

«Л.Н.Толстой Шекспирді, оның пьесаларын ұнатпағаны мәлім. Ал Ф.М.Достоевский керісінше Шекспирге қатты табынып, былай деген екен: ­«Шекспир – это пророк, посланный богом, чтобы возвестить нам тайну, о человеке, души человеческой...».

26.10.1976 ж.

«М.Шолохов 1923 жылдан бастап жаза бастаған. 1924 жылы алғашқы әңгімелері жарияланған. Сонда 21 жасында роман жазуды бастаған. 29 жасында 4 кітап (эпопея) жазып бітірген.

Білімі – ерлер гимназиясында ғана оқыған. 8 түрлі мамандықта жұмыс істеген. Статистник, мұғалім, грузчик, прод.инспектор, каменщик, счетовод, канцелярским работником, журналист – 8 түрлі мамандық».

Л.Толстой қайтыс болғанда Англия­ның «Таймс» газеті «Мир потерял точку опоры» деп жазған екен».

24.05.1976 ж.

(«Екінші дәптерінен»,

1975-1976 жылдар).

Байқайсыз ба, көбінесе әдеби деректер. Солай болса да автордың талғамы мықты. Ұлы орыс әдебиеті мен туысқан кеңес орыс әдебиеті тұлғаларының көбірек назарында болуы – түсінікті. Бірақ талғам қандай: кілең алыптар, ұлы ақын-жазушылар. Оның ішінде де Л.Толстой алғашқы орында болса, одан кейін В.Белинский, Н.Гоголь, С.Есенин, А.Горький қамтылып жатса, бұл Сағаттың осы уақытта-ақ Л.Толстойды қызығып та, қадірлеп те оқығанын, орыстың ұлы сыншысы мен С.Есенин, М.Горький сияқты толағай тұлғаларын қатты қадірлегенін білдіреді. Мен бірінші дәптерді қалай болғанда да Абайдан бастап, екінші дәптерде-ақ ағылшынның алыбы Уильям Шекспирді елеп жатқанына разы болдым. Ал оның 1975 жылғы 8 маусымда сол кездері тыйым салынған, оқуға да рұқсат жоқ Шәкәрім Құдайбердіұлын ескеруі тіпті ғажап емес пе?!

Екінші дәптерді оқыған соң еске түседі, жас кезімізде татардың Ғабдолла Тоқайы тым мәшһүр еді. Жырларын жұрт жаппай оқыған-ды. Тәуелсіздігіміз нығая бастаған бүгінгі күні ше? Сол Тоқайды мүлдем ұмыттық қой... Сағаттың жазбаларымен танысқан соң, еріксіз салыстырасың: қазір наданырақпыз ба, әлде 1975-76 жылдары адамырақпыз ба? Әрине, әдебиетті оқу жөнінен. 1970 жылдардағы АҚШ пен Батыс кешегі Қазақ КСР-ін айтпағанда, «ең оқырманы көп ел» Кеңес Одағынан да мәдениеттірек елдер болған сықылды. Әйтпесе орыс ­жазушысы Алексей Горькийді 1906 жылы АҚШ-қа барғанда арнайы комиссия құрып, 70-тегі Марк Твен құрметтеп қарсы ала ма, әйгілі Лев Толстой қайтыс болғанда Ұлыбританияның атақты ­басылымы «Әлем тірегінен айырылды» деп жазар ма?

Сағат Әшімбаев осы уақыттардан бастап-ақ кемеңгерлер мен кемелдердің өз көңілін тербеткен озық ойларын орысшадан қаз қалпында көшіріп алып, авторын, кітабын, жылын, беттерін көрсетіп жазып қана қоймай, осындай оқу үстінде туындаған өз ойларын да қойын дәптерлеріне түсіре бастапты. Осы ретте ІІІ томдықты құрастырушының 45 дәптердің кейбір беттерін суретке түсіріп, ұсынулары да орынды болған. Сағаттың мұндай жазбаларын сәл зейін қойып оқысақ, бұлардың терең мағынасы ащы да тәтті өмір шындығын, адам қоғамының даму заңдылықтарын тосын қырынан түсіндіре түседі, бәрін келтіре бергің келеді. Өйткені әрбір дәйексөз (цитата) үкілі үзінді – бір қаралық. Мәселен, әйгілі неміс философы Гегельдің «Сана дегеніміз – білім», кеңес адамдары үшін құбыжық етіп көрсетілген Зигмунд Фрейдтің: «Психология ... бақытқа жетудің негізі», орыстың жүйкетанушы ғалымы атақты И.Павловтың: «Бізді адам еткен – сөз», «Комсомольская правда» газетінен алынған белгісіз біреу Л.Игнатовтың қателікке қатысты лебізі таңдандырумен бірге тәнті де етпей ме?! Қош, осымен қанағаттанайық. Құныққыларыңыз келсе, Сағаттың осы үшінші томдығын алып, өздеріңіз жалғастыра оқырсыздар.

Біз енді Сағаттың тікелей өзінің маржан ойларының бірсыпырасын алға тартайық:

«Адам жанындағы астарлы сезім­дерді бүкпесіз көрсету керек».

«Роман – әдебиеттің симфониялық оркестрі».

«Ағашты шапқан балтаның сабы да ағаш».

(Бірінші дәптерден)

«Адамның ең жақын досы – уақыт. Уақыт – досты сыйлау өзіңді сыйлау деген сөз. Алайда уақыттың аздығы – достың аздығы емес».

«Ненің жазылып, ненің жазыл­мағанын білу үшін де білім керек».

(Екінші дәптерден)

«Әр дәуір әдебиетінің өз міндеттері болған. ХІХ ғасыр әдебиетінде жаман­дықты әшкерелеу басым болса, ХХ ғасыр, бүгінгі совет әдебиетінде өмірдегі жаңалықты (көрдіңіз бе, жақсылықты емесБ.С.) марапаттау басты бағыт болуға тиіс».

18.02.1977 ж.

«Тақырып жанрға тәуелді немесе ­бі­ріншісі екіншісін таңдайды».

23.04.1977 ж.

(Үшінші дәптерден).

 «Өзіңнің қанатың болмаса, өзгенің қанаты көтермейді».

«Жақсылықтан басқа жаманшылық жасамаппыз».

«Ерін бөлген ел оңбас,

Елін бөлген ер маубас».

«Бүгінгі кемшілік – кешегі кемші­ліктің жалғасы; ендігі міндет – кешегі мен бүгінгі келешекте жалғаспауы керек».

«Сөзін тыңдап өзін танитын, өзіне қарап жазғанын жазбай танитын дәрежеге жеттік».

«Елді ел теңгермейді,

елді ер теңгереді».

«Тамшы тас теседі, сөз бас кеседі».

12.12.1978 ж.

(Төртінші дәптерден)

«Кішкененің үлкен ойы үлкеннің кішкене ойына қозғау салады».

 12.06.1978 ж.

«Жеке адам – жалқы, халық – қашан­да талқы».

25.10.1978 ж.

«Шекспирдің ұлылығы бір ғана ­Гамлет образын жасаудан көрінеді».

«...Тарихты білу өте қажет. Тарих­тағы үлкенді-кішілі оқиғалар жердің білінбей айналатыны сияқты басқа формада қайталанып келіп отырады».

 5.10.1978 ж.

«Сыншы – жеке адамның творчес­тволық құпиясын ашып қоюшы ғана емес, ең бастысы: бүкіл әдебиеттің ­дамуына жол ашушы адам».

 10.04.1980 ж.

«Адал жүріп, әділ сөйлесең, қор болмайсың».

«Көркем шығармадағы азаматтық ­пафос – суреткердің биік азаматтық тұлғасы мен терең парасаттың нәтижесі».

28.06.1979 ж.

«Ақиқатты айтқан адам айыпты емес, ақиқатты көріп тұрып көзін жұмған адам қауіпті».

«Сын әдебиет арқылы туады, ал әдебиет сын арқылы дамиды».

 21.02.1980 ж.

«Біліп тұрып айтпаған біліксіздік болса, көріп тұрып айтпаған көрген­сіздік екені анық».

«Ақиқат – адамның еркінен тыс нәрсе. Сондықтан да оны айтпау, болмаса аяқасты ету мүмкін емес».

8.08.1981 ж.

«Жас жазушы көп те, жаңа жазушы аз болып жүр. Сол сияқты ескі тақы­рыпты жаңаша жаза алмайтындардың саны жаңа тақырыпты ескіше жазатын­дардың санынан кем түспейді...».

5.12.1981 ж.

«Жақсының жақсылығын айтпау – ездікке парапар,

Жаманның жамандығын айту – ерлікке парапар».

«Қазақтың ең данышпан сыншысы – Абай»»

Абайды өлең оқу үшін оқудың қажеті жоқ, оны ойлану үшін оқу керек».

21.09.1982 ж.

«Қазақты түсіну үшін Абайды оқу қажет! Ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт».                                

9.03.1984 ж.

«Бірін-бірі сыйламаған елдің баласын бірде-бір ел сыйламайды. Москва».

16.09.1984 ж.

«Өлең оқу оны жазудан оңай емес. Демек, жазу қандай қиын болса, оқу да оған парапар».

15.12.1984 ж.

«Талант дегеніміз – адамгершілік!»

15.03.1985 ж.

«Азаматтардың аздығынан азап шегіп келе жатқан елдің баласымыз».

24.12.1987 ж.

«Бұл дүниенің азабын азаматтар көріп, рақатын рақымсыз жандар көреді екен».

«Тайпалық тар сезімнен, рулық улы сезімнен арылуымыз керек те, ұлттық ұлы сезімді алға қоюымыз керек».

«Тәрбие жоқ жерде тәртіп жоқ, ал тәртіп жоқ жерде Тәңірі жоқ. Қасірет осыдан келіп шығады».

21.06.1991 ж.

«Дүниеге келу – бір парыз; ал лайықты өмір сүру – мың парыз».

(Қалған дәптерлерден)

Сағаттың 45 дәптерінде осындай маржан ой көп. Жүрегіңді тебірентіп, биікке бойлар пікірлер жеткілікті. Десек те, көлем деген кедергі бар. Сондықтан сол інжу-гауһардың бәрін келтіре алмаймыз. Бейнелеп айтсақ, көлем мазмұн – адамның киімі іспетті. Ал кейінгі уақытта бізде ойға, оқиғаға, образдарға бағынып, соларға қарап көлем беру – киім тігу емес, киімге, яғни берілген көлемге қарап оқиғаны, образдарды өлшеп кесіп шұнтиту, ойды зорлап сыйдырып, құнтиту салтқа айналып кеткен. Рас, қампиғанмен шарқы оқиғалар да, шала образдар да, шағын ойлар да әдебиетімізде жеткілікті. Сондықтан да барлық гәп, мәселенің мәні нысана – шығармаға нақ, шақ көлем еншілетуге саяды. Міне, осыдан шығарып айтарым – Сағаттың оймақтай болғанмен, орамды да озық ойларын мақала көлемі көтермейтіндіктен амалсыздан қысқартып, тек нұсқа беруге мәжбүрмін. Соның өзінде де сыншы, ойшыл, философ, ғұлама, азамат Сағаттың базбір ойлары өз орындарына әрең ­сыйып, өз көйлектерін сөгіп жіберердей нығыздық сездіреді. Дені – асыл да алаштық ойлар. Дені – Алматыда тұрып-ақ Астанамыздан асып, Қытайға қадам басып, Ресей мен АҚШ-қа да жетіп, көрінетін бойлар. Сағаттың өзі «Әрбір творчес­тво адамның өз ренессанс дәуірі болады» (10-дәптер) дегендей, мақаламды өз әдетіме бағып кейіпкерімнің ой-жүзіктеріне арналған қайырымдарын бір лебіз-тұжырымымен тиянақтауға келгенде қатты қиналғанымды жасырғым жоқ. Сағаттың осынау сан алуан сыр-тұжырым, қилы-қилы ой-жүзіктері өмірінің соңына қарай бірінен-бірі асып салмақтана түсіп, түйіндеуге мен лайықпын дегендей сымбат-сыңай ­танытты. Мәселен, оның «Қазақты түсіну үшін Абайды оқу қажет! Ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт» деген тұжырымы ол тұсау кескен 1984 жылдан бері ескірмегенін, есті, сесті, десті бола түскенін былай қойғанда, биыл Абайдың 175 жылдығы болғандықтан, қалайша тиянақ-түйін болуға жарамайды?! Алайда адамдығы селдіреген, азаматтығы сетінеген қазіргі қазағымызға ақын Абайдың ақылынан гөрі әдеби ерекше ескертпе, халықтық абай болуын (абайлауын) ұқтырар «Азаматтардың аздығынан азап шегіп келе жатқан елдің баласымыз» деген нұран сөз, «Тайпалық тар сезімнен, рулық улы сезімнен арылуымыз керек те, ұлттық ұлы сезімді алға қоюымыз керек!» деген ұран сөз, немесе «Тәрбие жоқ жерде тәртіп жоқ, ал тәртіп жоқ жерде Тәңірі жоқ...» деген құран сөз көбірек керек шығар.

Осылай толғана келе мен таңдауды оқырманның өзіне қалдыруды жөн көрдім. Өйткені оқырман болу да «шындыққа сүйсіпеншіліктен туады» (Жиырма төр­тінші дәптерден). Қай-қайсымызға да «дүниеге келу – бір парыз, ал лайықты өмір сүру – мың парыз» (Қырық бесінші дәптерден). Біз Сағат Әшімбаевтың ­шы­ғармаларының үшінші томына енген төл оймақтай ойларын, кемеңгерлерден қотарып әкеліп бізге де ұсынған небір ­парасатты пікірлерін оқу арқылы көзі ашық көпшілігіміз адам болып лайықты өмір сүруіміздің бір парызын орындайық та.

Әшімбаев

 2.


Мен, қадірлі оқырман, сіздерге осындай өтініш жасағанмен, өз басым тағы бір парызды өтеп, Сағат досымның алдындағы бір қарызымды қайтармасам – қайраткер, азамат Әшімбаевқа қарыздар боп қала беретінімді түсініп, оның 1986 жылы 25-дәптерге түсірген жан арпалысын арнайы айтуды жөн көрдім. Мұның себебі – Жиырма бесінші дәптер – ­кенен қаламгер кемел қайраткер Сағат Әшімбаев өнері мен өміріндегі үшінші бетбұрыстық, иесін Елдің Еріне айналдырған, шығармашылығындағы жаңа биік қорытынды кезеңді бастап берген оқиғалар мен ойларды алға тартып кейіпкеріміз сойындағы қызыл кеңестік құрықты үзген рухты бедерлеп көрсетуімен құнды. Бұл тұстағы Сағат – батыр Сағат, дауылды 1986 жылғы желтоқсанның 17-і – 18-інде Алматыда болған қазақ жастарының Мәскеуден теңдік сұраған, елдік жолында ақ қар, көк мұзға қан-қан болып құлаған көтерілісін қорғаған Сағат Әшімбаев.

«Алматы бұл екі күнде өзін-өзі танымай қалған шығар.

17-18 декабрь! 1986 жыл! «Желтоқ­сандағы жер болу».

Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытатын шығар­мын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың пайдалы шығар!

Мына оқиға бізді оятып кетті».

22.12.1986 ж.

Осы жолдарды сүйіне отырып, күйіне отырып қағазға түсіргенде ол 39 жаста еді.

Біз – қазақ халқы – қашанда жақсыға кедей, таланттан кенде болып көрмеппіз. 1986 жылы да солай еді. Ақиық ақын-жазушыларымыз жүздеп (асыра айту емес, шындық) саналатын. Ал, тамаша туындылар жазғандықтан қазаққа аса танымал, КСРО Мемлекеттік сыйлығы мен халықаралық беделді сыйлықтарды иеленген атақтыларымыз да, ірі қызметтер құлағын ұстаған белгілілеріміз де баршылық-тын. Биліктегі, өнердегі, мәдениет саласындағы кемеңгер де ­кемелдер де жоқ емес-тін. Бұларды алдымен атап жатқанымыз – халық осыларға еретін, айтқандарына сенетін. Абайымыз: «Не болады өңкей нөл» деп айтқандай, халық – «единицалар»: бірліктер (яғни көсемдер мен көшбасшылар) бастаса, мықты ұлтқа айналып, жер қорғай алатынын айтпағанда, жер бетіндегі өзге, тіпті озық ұлттармен тең болып, төрткүл дүниеде төрде – тиесілі орнында отырмай ма? Мұны айтып жатқанымыз: біз – қазақ 1986 жылы өзімізді озық ұлт сезінбесек те, өзімізді КСРО көлеміндегі көп ұлттардан кем санамайтынбыз. Көп оқитын болсақ та керектілерді оқымағандықтан (дұрысы – оқытпаған) шығар, әсіресе жастарымыз бодан екенін білмейтін. Бұл – әрине, кеңестік идеологияның мықтылығының, ақпараттың сананы билегенінің нәтижесі еді. Солай болса да халқымыз 1960-80 жылдар арасында Кеңес Одағындағы білімді, мәдениетті ұлттар қатарына қосылған еді. Сондықтан да ақылы аз, кеудемсоқ Бас хатшы М.Горбачевтің надандығы шоқтағы қозды жандырып, өзі басқарған жылдарда республикамыздың ел болуына үлкен үлес қосқан Дінмұхамед Қонаевтың басшылықтан түсіп, орнына «көлденең көк аттының» – белгісіз Г.Колбиннің қойылуы намысқа тиіп, жалындаған қазақ жастары көшеге шықты. Демократияға, қайта құрудың рас екеніне сеніп қалды олар. Түсіндірсе, Колбинді әкетіп, ­орнына қазақстандық өз орысымызды қойса да көнетін жастарымызды топас орталық арандатты. Бұларға – қан төгіп, бізді қорқыту керек еді. Алайда алаштық ­намысы қайралып, бойындағы батыр қаны қызған қазақ жастары қайтпады. Қанын төксе де көтеріліс жасап, елдегі ұлттық сананы оятты.

Тарих үшін, дұрысы – қоғам үшін, оның көшбасшылары – зиялы қауым өкілдері, Абай таңбалаған «единицалар» мен ерлер үшін бұдан артық қандай тарихи сын, халықтық сынақ керек? Тілеп алмаған, төбелеріне ­озбыр Мәскеу түсірген «тар жол, тайғақ кешу». Осындай өте қиын сәтте, дар мен ардың бірі таңдалар сағатта қайран Сағат Әшімбаев қаһармандық танытып, Ары – Алашы жағына, әділет пен шындық жағына шықты, ұлтының болашағы үшін бас тікті. Бас тікпесе – Рубикжан Харисұлына арнайы тапсырма беріп, 17 желтоқсан күнгі Алматының Бас алаңындағы буырқанған оқиғаны лентаға түсіртер ме еді?! «Керек боп қалар» (Сағаттың сөзі). Бас тікпесе – жарылатын бомба сол кассетаны сенімді жерге жасыртып, сақтатар ма еді? «Жарыққа шығаратын күн туар әлі» (Бұл – Сағаттың ішкі сенімі). Бас тікпесе – сол күні ОК хатшысы Закаш Камалиденовке телефон соғып, милиция мен жасақшылардың жастарға көрсетіп жатқан зорлық-зомбылығына наразылығын айтар ма?! Бас тікпесе – келесі 18 желтоқсан күні тағы бір «мәртебелі жиынға» барғанда оңашаланып тұрған Орталық Комитеттің екінші хатшысы О.Мирошхинге – ­жанында Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Марат Меңдібаев, КОКП Орталық комитетінің сектор меңгерушісі А.Разумов, Қазақстан КП ОК Үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі А.Устинов бар – жолығып: «Олег Семенович, солдаттарға өрімдей қыздардың шашынан сүйретіп, тепкілеткеннен өткен қатыгездік болмас. Бұл – неткен сұмдық жазалау» дейді кіжініп. Мирошхин қапелімде не айтарын білмей, абдырап тұрып қалады.

...Сол бір алмағайып күндерде орта жастағы біздердің орталықтың жасырып келген шын сұрқия бейнесін көріп, алданып келгенімізге іштей ашынып, сақтанып қана қоймай, орыс қарамағынан құтылғанымыз жөн екенін ұқсақ, өзіміз таудай көріп арқа сүйеп жүрген ағаларымыздың жазықсыз жастарымызды қорғауға жарамай, тіпті сатып кеткеніне қабырғамыз қайысқан. Сондай үрейлі, үміт әлсіреген уақытта Қазақстан Жазушылар одағында желтоқсанның 31-і күні өткен, жаңа Бірінші хатшы Геннадий Колбин қаламгерлермен кездескен жиында ақиық ақын Жұбан Молдағалиев қана еліміз аспанын түнектей тұмшалаған қара бұлтты серпіп, жаралы жүрегімізге сәуле түсірген еді. Мұндайды күтпегендіктен бе, жұрттың бәрі демін ішіне тартып, залда шыбын ызыңы естілерліктей тыныштық орнаған; Г.Колбин қорыққандықтан ба, құп-қу болып кеткен. «Жастардың не кінәсі бар?! Жазықсыз өрімдей ұл-қыздарымның итке таланып, сапер күректерімен соғылғанын көргенше, кешегі сұрапыл соғыстан тірі қайтпағаным жақсы еді...». Мінберден саңқылдап айтылмаса да, осы сөз көкті қақ жарған найзағайдың күркіріндей ­болып естілген.

Ал осындай азаматтық мінезді алғаш көрсетіп, ОК хатшыларына алдаспан сөздер айтқан – Сағат Әшімбаев екен...

 3.

Менің осы жолы жазып отырған дүнием – Сағат Әшімбаев туралы үшінші мақалам. Жұрт мұны біле ме, жоқ па, одан хабарым шамалы. Бірақ мен Сағат Әшімбаевтың шығармашылығы туралы бірінші мақаламды оның тұңғыш «Сын мұраты» кітабы жөнінде жазғанмын. «Биік мұрат белесінен» деп аталған бұл еңбегім өзімнің «Қызыл алма» («Жалын» баспасы, 1981 жыл) атты алғашқы жинағымда жарық көрген еді. Сол мақаламда-ақ мен жас сыншы Сағат Әшімбаевтың шығармашылық басты ерекшеліктері «Білім. Парасат. Талант!» деп байыптаппын. Творчестволық тұлға бойына біткен мұндай қыр-артықшылықтарын дамытып, толықтырып, өсіре түспесе, кері кетпесі – өнер өміршеңдігінің көріністері деп білсек, менің ол туралы «Кенен қаламгер, кемел қайраткер» деген екінші мақаламда оның осы білімділік, парасат, таланттылығы өріс кеңейтіп, өресін биіктетіп, жемісті қырларға, жасампаздық сырларға айналғаны, сыншы Сағат Әшімбаевтың суреткер сыншы болып қалыптасып, туған әдебиетіміздің белді сардарының бірі екені дәлелденді десем, асыра айту болмас. Мұның шығар күндей шуақты шындығын, Сағат Әшімбаевтың қазіргі таңда да қатарымызда нық тұрып, сөз өнерімізге әсері кемімей, шынайы да шалқар шығармашылық әлемі жаңа қыр-қасиеттермен толығып, тереңдей және биіктей түскенін, оның бұдан бір-екі жыл бұрын жарық көрген «Шығармаларының үш томдығы» – таңдамалы туындылары мен топжарған озық ой-пікірлері, жарқын Азаматтық тұлғасы, өзгеше Алаш арысы ретіндегі үлгі-өнегесі өзіміз жарығымыз азайып жұтаң тартып, жарлы-жақыбай болмасақ, суреткер сыншы Сағат Әшімбаев жасампаздығы біздің адам атымызға лайықты өмір сүріп, Алаш азаматы болып күн кешуімізге көмектесерін осы жолы да жақсы аңғара түстік деп білеміз.

Сонда олар – қосылған қандай жаңа қыр-қасиеттер? Әрине, бұл тұрғыда мазмұн – негізгі нәрсе, шешуші фактор. Үш томдықтағы жаңадан қосылған шығармалар – осы айтқанымыздың айғағы. Біз мұны жаңадан жазылған осы жолғы мақаламызда айтып, жеткізген тәріздіміз. Амалсыздықтан бұған дейін де айтқанымызды тиянақтай түсу үшін қайталасақ, шын сыншы адам ретінде өмірді – әдебиетті, өнерді өліп-өшіп сүюге тиіс десек, ол – Сағатта молынан бар, тіпті оның тұла бойы – ыстық сүйіспеншілік. Шын сыншы бұған қоса шындықты ­жалындап жақсы көруге тиіс болса, Сағат бұл тұрғыда да маздақ ­махаббат иесі ­болды; есін біліп, сөз өнеріне араласқалы әділдіктен таймады. Тіпті әділдіктің әрқашан ту ұстаушысы болды. Яғни шынайы адамгершілік асқарынан табылып, Азаматтық танытып отырды.

Бұл пайымдаулардан, шындық­тан байқалары – қаламгер Сағат Әшімбаевтың Білім, Парасат, Талантқа қоса төртінші жақсы қыр-қасиеті – Күрескерлігі. Ал, қайтпас және қайратты күрескерліксіз – өнерге сүйіспеншілігің бос сөз, шындыққа іңкәрлігің – қауқарсыз, әділдікті жақтауың – қиял ғана. Білімің – пайдасыз, парасатың – зая, талантың – желек жаймаған ағаштай жеміссіз. Ендеше бұған дейін мұны айттық қой, жеткілікті айғақтадық қой демей, Сағаттың күрескерлігіне жаңа мысалдарды алға тартып, алға тартып қана қоймай, Сағаттану ілімінің іргетасы берік қалануына көмектесетін, бұдан да бұрын бүгінгі Әдебиетіміздің түзеліп, ұлтымыздың озық ұлттардан кем болмай, тең болуын жүзеге асыратын шара-шаруа­ларды қамдамасақ болмайды.

Қазақ сынының қалыптасуына, ­дамуына бір кісідей еңбектері сіңген Ғаббас Тоғжанов, Ілияс Қабылов, Қажым Жұмалиев, Есмағанбет Ысмайылов, Темірғали Нұртазин, Мәлік Ғабдуллин, Ысқақ Дүйсенбаев, Айқын Нұрқатов, Қалжан Нұрмаханов, Ілияс Омаров, Сәйділ Талжанов, Баламер Сахариев, Бекмұрат Уахатов секілді белгілі сыншылардың туған жылдарын дәстүрлі датаға орай шынайы ықыласпен атап өту, мұраларына мұқият болып, оларды мұнтаздай етіп шығару мәселесімен айналыспай отыруымыздың өзі тіпті ұят-ақ нәрсе...

Дау жоқ, бұл тұрғыда 2020 жыл ­басында жарияланған Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың Абай ­туралы аса маңызды маздақ мақаласы – жақсылықтың нышаны. Алтынды ердің қасы; бәлкім, бұзылған сеңнің басы...

Кенен қаламгер Сағат туралы сөз, асыл адам, абзал азамат, кемел қайраткер Сағат Әшімбаев туралы айта берсек, сөз жалғаса береді. Өйткені Сағат мұрасы, Әшімбаев тұлғасы – кешегі күндері елге қыруар бергенімен ғана емес, бүгінгі күндері де мол, жомарт беріп жатқанымен байып, тереңдей және биіктей түскені аксиома. Келешекте де Сағатханның осы елді елері, осы берері толастамайды, көбеймесе, кемімейді. Мұның себебі – ол артына өлмейтұғын көл-көсір сөз қалдырған классик; өшпес өнеге, телегей тағылым, кезегімен келіп жатқан толқын-толқын жас ұрпақты тәрбиелеп, зерек болса – адамға, зерделі азаматқа айналдырар тез қалдырған Толық Адам (Абай). Тағы да басын ашып, басып айтуға тура келеді: Сағат – осының бәріне қоса, Сыншы. Ал, сыншылық – аса сирек, айрықша қуатты, сарқылмас шуақты, тіпті талай-талай Толық Адамдарда табылмайтын көсем санаткерлік.

Міне, адамзаттың алғашқы біз білетін ақыны – кім? Гомер ме? Ұлы сыншы Адамзаттың соңғы пайғамбары – кім? Мұхаммед пе? Ол да Ұлы ұстаз – Сыншы. Әбунасыр әл-Фараби. Рудаки. Гете мен Абай. Пушкин мен Науаи. Бәрі – бірінші кезекте сыншылар. Белинский Пушкинді ғана ашушы емес, күллі орыс әдебиетінің дамуына идеялық жол ашып беруші. Ал Пушкинді оқып, көңілге тоқып, ұлылығын білу арқылы орыс халқының да ұлылығын білесің. Біздің Сағат Әшімбаев та осындай жемісті еңбектен, қазақ кеңес әдебиетінің алдына ақ жол ашып беруден құралақан ба? Әрине, жоқ. Оның бұл тұрғыдағы сіңірген еңбегі тіпті көп. Әдебиет – ардың ісі. Ісі ғана емес, Күші. Тағы да қайталау болып кетсе де, қайталаймыз: Сағат бұл еңбекке телегей Білімі, биік Парасаты, тегеурінді Таланты арқылы жетті. Сағаттың көзі тірісінде әрбір күні, тіпті түндері де елінің бақыты мен жас ұрпағының бостандығы үшін қиын да жеңісті күреске толы болған жоқ па?!

Бақыт пен бостандыққа жеткізер осы жолда қоғамдық өмірде «мыңмен жалғыз алысып», әдебиеттік өмірде миллионмен (надандықпен) қарысып жүргендіктен де 1991 жылдың тамызында Тамыз бүлігі кезінде Сағаттың бұрыннан да сырқат жүрегі шыдамай жарылды да, жанып кетті. Сөнбейтін Жалынға айналып. Оның көзі тірісінде де, бақиға аттанған кейінгі онжылдықтарда да бодандыққа бағынбай азат және ақшуақ (бақытты) өмір сүргені күмәнсіз.

Әшімбаев Сағаттың келешекте де бостан және бақытты өмір сүруге хақысы бар. Бірақ бұл үшін надан болмай, адам болған алдағы жас ұрпақ өкілдері көмектесуі керек. Өйткені Батыстың бір данышпанының мына айтқаны – Айдай анық, Күндей танық ақиқат: ХІХ ғасырда «Бу мен теміржол қашықтығын жойды, кітап басу ісі уақыт алшақтығын жойды; соның арқасында біздің бәріміз замандаспыз. Бүгінде мен Гомермен, Цицеронмен емін-еркін әңгімелесе беремін; ал болашақтың Гомерлері мен Цицерондары бізбен де сұхбаттасатын болады». Біз ол үшін тарихын табанға таптамас, Арыстарын ұмытпас адам болсақ болды. Көз көреді. Көңіл жетеді.

Сау болып тұр, Сағат дос! Келесі сырласқанша күн жақсы болсын!

 Бақыт САРБАЛАҰЛЫ

 

956 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы