• Тарих
  • 27 Тамыз, 2020

ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ САБАҚТАРЫ

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ
«Ana tili»

30 тамыз – Конституция күні. Қолданыстағы қазіргі Конституция жалпыхалықтық референдум негізінде 1995 жылдың 30 тамызында қабылданып, сол жылдың 5 қыркүйегінде күшіне енді. Ол 9 тарау және 98 баптан тұрады. Конституцияның 3-бабы 1-тармағында «мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» делінген. Бүгінгі біз тілдескен мамандар халықтың құқықтық мәдениетін дамытудың жай-жапсарын айтады.

АҚПАРАТТАНДЫРУДЫҢ МАҢЫЗЫ

Қазақстан Республикасының Конс­титуциясында айтылған құқықтық мемлекет құрудың көрінісі еліміздегі құқықтық мәдениеттің қалыптасу деңгейімен айқындалады. Құқықтық мәдениеттің мүмкіндіктері арқылы құқық бұзудың алдын алып, қоғамдық тәртіпті күшейтіп, қылмысқа қарсы күрестің тиімділігін арттыра аламыз. Қазір құқықтық сауаттылық та мықты болуы керек. Құқықтық мәдениет жоқ жерде құқықтық жүйе де қауқарсыз.
Расында, адамның құқықтық белсенділігі құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейін көрсетеді. Қоғамда көп айтылып, көп сынға ұшырайтыны көбінде білім, денсаулық, ішкі істер, жергілікті атқарушы билік қызмет­керлері. Бұлармен барлығымыз тығыз байланысамыз. Осы саланың мамандарын халық арасында жеккөрінішті қылып көрсету қаншалықты тиімді? Бұл туралы заң ғылымының кандидаты, профессор Нұрлан Апахаев түсіндіріп берді.
«Білесіз бе, біз бұлармен барлығы­мыз байланысамыз. Білімді, медицинаны, полицияны, әкімдіктерді жамандағанда басқа баратын жеріміз қайсы? Мысалы, білім саласын жаманатты қылып, баламыздың алдында ұстаздың беделін түсіргенде ұтарымыз не? Сол мұғалімге өз баламыз, сол дәрігерге, билікке, полицияға өзіміз бармаймыз ба? Мысалы, мемлекет басқару оңай емес. Билікті жамандап жүргендер бір ұйымды басқарып көрсінші. Директоры болып, 30 адамды басқарып көрсін. Мүмкін сонда түсінер. Адамдар жамандайтын билікте біздің өз туысқанымыз, құда-жекжатымыз, әйтеуір бір танысымыз қызмет етіп жүр. Әркім өзінің мәдениеті мен білімінің деңгейінде жұмыс істеп жатыр» дейді адвокат Нұрлан Жылқайдарұлы.
Құқықтық мәдениетті қалыптас­тырудың негізі – құқықтық білім беру мен құқықтық насихат жасау арқылы зияткерлік әлеуетті ­арттыру. Бұл өз кезегінде БАҚ, ресми уеб-сайт сияқты ақпараттық ресурстарда және көпшілікпен өткізілетін ­семинар, конференцияларда көрініс табуы қажет. Өйткені қоғам құқық пен заңды білмейінше, құқықтық мәдениет қалыптаспайды. Құқықтық білімі бар және оны күнделікті қолдана алатын құқықтық мәдениеті жоғары азамат заңдылықтың бұзылуына жол бермейді. Профессор Нұрлан Апахаев құқықтық мәдениетті қалыптас­тыру ақпараттандырумен тікелей ­бай­ла­нысты екенін алға тартты.
«Қоғамдағы құқықтық мәдениетті дамытудың бірден-бір жолы мемле­кет­тің құқықтық идеологиясын қалып­тастыру керек. Жоғары сот Төрағасы Жақып Асанов «адамдар қайта-қайта соттаса бермеуі ­керек» деп жақсы идеология қойған. Біз соны қолдауымыз керек. Соттасу құны қымбат болуы керек. Бізде 4000 теңге төлеп соттаса бересің. Қымбат нәрсенің қадірі болады ғой» дейді Н.Жылқайдарұлы.
Мамандардың айтуынша, құқықтық мәдениет дегеніміз жеке және жалпы жағдаятты сипаттайтын әлеумет­тік құбылыс. Өйткені біз құқықтық мәдениет арқылы қоғамның жағдайын көреміз.

Құқықтық мәдениетке мынадай нәр­селер кіреді: құқықтық сана-сезім, ­құ­қықтық психология, құқықтық идео­логия, құқықтық білім, құқықтық эмоция және құқықтық нигилизм мен зандық идеолизм. Құқықтық мәдениет өте үлкен нәрсені қамтиды. Құқықтық мәдениеті жоғары адамдар, негізінен, өте білікті, өмірлік тәжірибесі мол, құқықтық сана-сезімі, құқықтық білімі жоғары. Ондай адамдар айғайға айғаймен жауап бермейді, ережемен, тәртіппен жауап қатады. Елімізде құқықтық мәдениетке аса мән беріліп жатқан жоқ. Бұл туралы адвокат былай дейді:
«Бір ғана мысал, кешегі Қарағандыдағы педофилизмге қатысты істе қазақстан­дықтар бәрін қиратып тастады. Заң-ережеге бағынған жоқ, керісінше бәрін қирату арқылы мемлекетімізге үлкен шығын әкелді. Менің бұл пікіріме орай педофилизмді жақтап отыр деп айыптайтын шығар. Бірақ, кешіріңіз, олар мемлекетке әкелген шығын сіз бен біздің есебіміздегі ақша. Біз төлеген салықтан жасалған мемлекеттің дүниесін қираттық. Ал оны бей-берекет қирату дұрыс емес. Бұл жерде мен құқықтық мәдениет туралы айтып отырмын. Кешегі Белоруссия­ны қараңызшы, ештеңені қиратпай, ешкімнің бетін тырнамай, ешкімге пышақ тықпай-ақ құқықтарын талап етіп жүр. Біздің құқықтық мәдениетіміз ғана емес, құқықтық психологиямыз да өте нашар болып тұр. Неге? Өйткені біз құқыққа сенбейміз. Кімнің ақшасы бар, сол күшті деп ұғынып алғанбыз. Өзімізбен көп жұмыс істеуіміз керек. Құқықтық мәдениетімізді, білімімізді, тарихымызды терең зерттеуіміз қажет. Әлихан Бөкейхан «адамдар заңға қызмет етпеуі керек, заң адамға қызмет етуі керек» дейді. Бізде қандай да бір заң шығарса, ол адамның жағдайын жақсартуы керек. Шенеуніктер жұмыс істемей жатыр, заңды шенеуніктер жазып жатыр дейміз. Ал оларға заңды жаздыратын кім? Халық!» дейді Нұрлан Апахаев.

30

ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТТІ ДАМЫТУ

Қоғамдағы мәдени қарым-қаты­настардың басым көпшілігі заң арқылы реттеліп, басқарылып жатады. Заң – мәдениетінің негізгі мақсат-мүддесін анықтап, оның орындалу бағыттарын реттеп отырады. Заңның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін – заңға тәуелді нормативтік актілер. Сондықтан құқықтық мәдениетті дамыту үшін мемлекет барлық басқарушы аппараттың жұмысын жақсартып, нормалар мен құжаттардың дұрыс екеніне көз жеткізеді, қоғамдағы мәдени процесті реттейді. Құқықтық мәдениетті дамыту жолдарын құқық саласында қызмет етіп жүрген заңгерлер Ләззат Ахатова мен Таир ­Назханов түсіндіріп берді.
«Мәдениет жүйесін құқықтық реттеудің, басқарудың негізгі бағыттары:
– қоғамның құқықтық сана-сезімін дамыту;
– құқықтық шығармашылықты жақсарту;
– нормативтік актілердің дұрыс орындалуын қамтамасыз ету;
– мемлекеттің құқықтық жұмысының нәтижесінде халықтың рухани және материалдық мүдделерінің орындалуын жақсарту.
Осы көрсетілген төрт бағыттағы құқықтық жұмысты қоғамдық болсын, жеке адамдар тұрғысынан болсын ғылыми шығармашылық процесс деп білу керек. Сонда ғана мәдениет дұрыс, прогрестік жолмен дамып, адам қоғамының рухани және материалдық жетістіктерін біріктіріп мемлекет дамуына мүмкіндік жасайды» дейді Ләззат Ахатова.
Оның айтуынша, құқықтық мәдениет­тің ең жоғары деңгейдегі түрі – кәсіби заңгерлер. Бұл топқа жататындар: заңды қорғайтын мемлекеттік органдарда қызмет атқаратын азаматтар мен заңгерлердің кәсіби-ғылыми ұйымдарында жұмыс істейтін мамандар. Олардың көпшілігінің құқықтық сана-сезімі, білімі, тәжірибесі өте жоғары. Сондықтан олар нормативтік актілерді қабылдауға, қорғауға, орындауға зор үлес қосады, қателікке, кемшілікке жол бермейді. Бұл бағытта, әсіресе маман заңгерлердің рөлі өте жоғары. Олар құқық теориясын ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеп, дамытып отырады, нормативтік актілердің сапалы болып шығуына, орындалуына көп үлес қосады.
Ал Таир Назханов құқықтық сана-сезімді қалыптастыруда жоғары мәде­ниеттің жетіспеуінің себептерін талдап берді.
«Біздің Ата Заңымыз – Конституция. Мынадай салыстырмалы мысал келтіруге болады. Мәселен, ағаштың тамыры бар, діңі бар. Оның жапырағы, жемісі бар. Сол сияқты Конституция тамырымыз, діңіміз. Ал қалған жапырақтары – басқа заңдар. Бірақ оның бәрі тамырдан – Конститу­циядан нәр алады. Кейбір мемлекеттерде жазбаша заң жоқ. Мысалы, Ұлыбританияда жазба түріндегі Консти­туция жоқ. Бірақ ежелгі заңдары бар. Оны Конституция деп санайды. Өйткені бәрібір негізге қараймыз ғой. Біз қазақ жерінде Тәуелсіз мемлекетті құрып отырып, Конституциямызды жарияладық. Әр адам заң көмегін алуға құқығы бар. Қазақстан демократиялық жолды таңдаған ел. Әр адам, әр ұлттың құқықтары мен міндеттері бірдей, тең.
Өкінішке қарай, кеңестік-тота­литарлық кезеңнен өттік. Сондықтан сана-сезім бір күн ішінде өзгере ал­майды. Демек, құқықтық сана-сезімді әлі де толық қалыптастырып болмадық. Сондықтан құқықтық жоғары мәдениет кемшіндеу.
Құқықтық мәдениетті дамыту үшін әркім өзінен бастау керек. «Сен кінәлісің, мемлекет кінәлі, үкімет кінәлі» дегеннен не ұтамыз? Өзімізге үңіліп көрейікші. ­Мысалы, жемқорлық дейміз. Бірақ сені МАИ қызметкері ұстаса, оған ақша бермей-ақ қой, кінәлі болсаң айыппұл төле, екінші рет ереже бұзба. Өйткені әрбір сұрақты заң негізінде шешу керек. Заңсыз жолмен ештеңені шешуге болмайды. Батыста өр­кениет дамыды дейміз. Неге? Өйткені олар заңға бағынады» дейді Таир Назханов.

ҚҰҚЫҚТЫҚ МЕМЛЕКЕТ ҚҰРУ

Қазақстан Республикасының Бас заңында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде ор­нықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған 29 жылда құқықтық мемлекеттің негізі қаланды ма? Толық құқықтық мемлекет қандай болады деген сауалға жауап іздеп көрдік. Ал мамандар мықты құқықтық мемлекет құру үшін ғасырлар кетеді дейді.
«Тәуелсіздігімізді алғаннан бергі уақытты санасақ 29-30 жастағы азаматпыз. Мемлекет құру оңай емес. Мықты құқықтық мемлекет құру үшін ғасырлар кетеді. Төле, Әйтеке, Қазбек сияқты үш бидің кезінен сансақ 300 жыл... Өйткені біз аштық, езгі, сатқындықты көрдік. Тамырымыздан үзіліп қалған терек сияқтымыз. Тамырымызды қайта жалғап жатырмыз. Біз жақсы, мықты мемлекет құру үшін әлі де жұмыс істеуіміз керек. Балам немесе немерем құқықтық мемлекетте өмір сүретін шығар. Қазақстанда халықтың шамамен 35-41 пайызы бір-бірімен соттасып жүр. Жоғарғы сотқа қанша арыз түсті деп іздеп қарасаңыз, күніне 6 мың арыз түсіп отыратынын байқайсыз. Көп соттасамыз, ол құқықтық мәдениетіміздің жоғары екенін дәлелдемейді. Біз бір-бірімізбен айтысып жүретін, бір-бірімізге әлденені дәлелдегісі келетін қоғамға айналып барамыз» дейді Н.Жылқайдарұлы.
Ал Таир Назханов кеңестік-тоталитар­лық кезеңнің әсерін былай атап өтті:
«Мысалы, Ұлыбританияның сот-құқық жүйесі 800 жыл бұрын басталған. Ал біздің Тәуелсіз Қазақстанымызға 29 жыл. Иә, революцияға дейін қазақ құқығы болды. Билер соты ежелден келе жатқан сот жүйесі. Бірақ 70 жылдың ішінде Кеңес өкіметі оны жойып тастады. Алдымен билерді, сосын саяси жетекшілеріміздің көзін құтты. Сондықтан осы жылдар ішінде тарихи тамырымыз үзілді. Қазір, менің ойымша, ең жақсы үлгіні алу керек. Мысалы, Батыс Еуропаның, Ұлыбританияның мысалын қарайық. Оған қоса ежелден бар қазақ құқығын ұмытпайық».
Заңды, тәртіпті, басқаның құқығын сыйлау – тамыры тереңге жайылған дәстүріміз. Қазақ халқының ғасырларға жалғасқан шежірелі тарихы, ұлы ұстаным­дары, адамгершілік пен иманға толы ұлттық құқықтық мәдениеті бар.

ҚҰҚЫҚ ПЕН ДІН

Дін – мемлекеттік саясат пен қоғамның рухани өмірінде маңызды орын алатын фактор. Қазақстан Республикасының азаматтары экономикалық, саяси, әлеуметтiк және мәдени өмiрдiң барлық салаларында өзара тең. Азаматтардың дiнге көзқарасына қарай олардың құқықтарын тiкелей немесе жанамалап шектеу, қандай да бiр артықшылықтар беру, өшпендiлiк пен жеккөру сезімін туғызу, азаматтардың сезiмiне селкеу түсіру, сондай-ақ қайсыбiр дiндi ұстанушылар қадiр тұтатын заттарды, құрылыстар мен орындарды қорлауға болмайды, ондай жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сай жауапкершiлiкке тартады.
Ал құқықтық мәдениеттің әртүрлі ұлттық деңгейінің Қазақстандағы шешімі, реттейтін нормасы әртүрлі деп айта алмаймыз. Өйткені заңның алдында бәрі тең. Олай болмаса мәселе ушығады.
«Мысалы, Қылмыстық кодексте ұлтаралық наразылықты тудыру деген бап бар. Ұлтаралық наразылықты тудырған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұрын, бала кезімізде шешенмен, кәріспен төбелессек, әңгіме сол жерде қалатын. Қазір олай емес. Жақында ғана бір жағдай болды. Екі көршінің баласы төбелесіп қалған. Біріншісі хабарласып «сотқа беремін, ол басқа ұлт» деп баяндап жатыр. Оны сабырға шақырдым. Балалалар төбелессе, оны ұлттық жағдайға көтерме. Өйткені Конституцияның 14-16 бабында «Заң алдында бәрі тең» деп нақты жазылған. Міне, көрдіңіз бе, мемлекеттің құқықтық идеологиясын жасауымыз қажет. Әрбір азаматқа адамның құқығын, санасын, арын таптамауымыз керек деген идеологияны сіңірейік. Пандемия кезінде «маска тағып жүріңіздер» деп жазып, барлық жерге іліп қойды ғой. Сол сияқты «адамның хақы Алланың хақы», «ертең ұлы күнде Құдай мүйізі бар қой мен мүйізі жоқ қойдың ақысын алып береді» деген сөзді айту керек. Мүйізі бар қой мен мүйізі жоқ қойдың сүзіскендегі ақысын алып беріп жатқанда сіз бен біз кім болыппыз?.. Бізді сол үшін жаратты ғой» дейді Нұрлан Апахаев. Сондай-ақ заңгер қазір адамдардың арзан дүниеге қызығатынына қынжылаты­нын жасырмады. Айтуынша, мешітке баратын адамнан мейрамханаға баратын адам көп:
«Қазақстанда 2000 мешіт бар екен. Мешіттің имамынан сұрағанымда, бес уақыт намазға 30, жұмаға 500 адам келетінін білдім. Енді 2000 мешітті 500 адамға көбейтсек, шамамен 1 млн ғана. Ал 30 мың мейрамхана болса, оны 15 облысқа бөлеміз, әр облыста 2000 тойхана-мейрамхана бар екен. 30 мың тойханаға қанша адам барады? 200, 300, 500 адам. Сонда 9 млн адам тойшыл екен. Қалған тойламайтындар – балалар мен қарттар, науқастар, абақтыдағылар. Сол тойда «прокурор келді», «судья досым келді», «ана кісі Президент аппаратында істейді» деп мақтанамыз.
Мен әңгімені не үшін мешітпен, ақыретпен келтірдім? Өйткені біздің деңгейіміз осы. Сыртымыз, әшекейіміз, үйіміз, киіміміз өзгеріп жатыр, бірақ өзіміз, ішіміз өзгеріп жатқан жоқ. Ал құқықтық мәдениет адамның ішкі дүниесімен, сана-сезімімен байланысты» дейді ол.

5280 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы