• Әдебиет
  • 02 Қыркүйек, 2020

Танымға тамызық тастаған...

Жақында Астана қаласындағы «Кәусар» баспасынан Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, ақын Батырбек Мырзабековтің «Аманат» атты романы жарық көрді. Кітаптың көлемі 24,0 баспа табақ. Таралымы 2000 дана.
Романға, шамамен, XIX ғасырда Ұлытау өңірінде өмір сүрген, ел ішінде «Төрт босаға» атауымен танымал болған, аймақ жұртының бейбіт, берекелі тірлігі үшін тер төккен, бірлікті, татулықты ту еткен Сандыбай батыр Төлекұлы, Қадір би Түрікпенбайұлы, Шегір би Шалабайұлы, Бабыр би Бөкеншіұлы мен Ерден батыр Сандыбайұлы сияқты тарихи тұлғалардың тағдырлы өмір жолы мен сол кезеңнің қилы-қилы оқиғалары арқау болады.

Бірден айтайын, қарымды журналист, қаламгер Б.Мырзабековті ақын ретінде де бағалаймын. Аз жазса да саз жазатынын білемін. Осыдан тура 25 жыл бұрын Абайға арналған мүшәйрадағы өлеңі айрықша ұнап еді. Кейде бір ән әншінің бағын, керісінше, бір әнші әннің бағын ашатыны сияқты, сол туынды Батырбек ақынның шығармашылық қуатын танытатын һәм шығармашылығында маңызды орынға ие болған өлең деп ойлаймын. Ал сол ақын Батырбек Мырзабековтің мына «Аманат» романын аздаған күдікпен қолға алғанымды жасырмаймын. Өйткені оның қаламынан шыққан ­романды оқыған да жоқпын, естіген де жоқ едім.
«Аманатқа» арқау болған жайттар, негізінен, өмірде болған нақты оқиғалар мен құбылыстар. Мазмұнымен, адамзатқа үлгі болар рухани шүйгіндігімен осы төрт босаға Уақыт пен Кеңістік сияқты тарихи-философиялық ұғымдарды бұрынғы, бүгінгі, ертеңгі деген сәттерге бөлген. Үштағанның тереңдігі Ұлытау өңірінде өте ежелден-ақ бастау алып, исі түркі, исі Алты Алаш пен қазақ қауымының ұзақ-сонар тарихын біртұтас тәсілмен қарастыруға алғышарттар жасаған. «Төрт босаға» («Бағаналының төрт босағасы») – батырлық, билік, әділдігімен ел құрметіне бөленген аса ірі тұлғалардың ортақ атауы. «Олар тарихта аты мәлім болған Кәдір би, Шегір би, Бабыр би, Сандыбай батыр деп республикалық, облыстық, өңірлік энциклопедияларда көрсетіліп, дәйектелген. Екіншіден, ­роман өзегіне XIX ғасыр мұғдарындағы осынау ірі құбылыс арқау болған да, ежелгі тарих сілемдері баяндау тәсілімен өте ықшам берілген. Уақыт жағынан біздің қазіргі заманымызға бір табан болса да жақын болғандықтан, фольклорлық мұраларда әсірелеу аз. Үшіншіден, басқасын айтпағанның өзінде, сол «Төрт босаға» биінің бірі Шегірдің алып кеңістікте орналасқан Ұлытау, Бетпақ, Есіл, Сыр бойын мекендеген халқына пәрменді билігімен, уәлі тілімен, тұтқиыл шешімімен танылуы, Кәдір бидің ұлттық топырақтан тамыр тартып, шешендігі мен әділдігі арқасында бағзыдағы грек, рим жүйріктерімен иық тіресе алатындығы, би, әрі мырза Бабырдың ­Кенесары қозғалысына қатысты көзқарас, әрекеттері, өңірдің кенді аймағын игерудегі еңбектері, Сандыбайдың, оның ұлы Ерденнің сол уақыт аясындағы қоғамдық-әлеуметтік, ­тарихи, саяси жағдаяттарды өздері ­қа­лып­тастырудағы рөлі – бәрі де осынау тарихи тұлғалардың әрқайсысына тарихи туын­ды арнауға болатынын дәлелдеп тұр.
Роман авторы сюжеттік-компози­циялық құрылымның тұтастығына мазмұн мен пішіннің бірлігін сақтау арқылы қол жеткізуге тырысқан. ­Роман эпикалық тұрғыдан аса ауыр әлеуметтік әрі проблемалық жүкті мойнына алғандықтан, автор ғаламат дерек, ақпараттар тұтқынында қап, келте қайырудан сақтанған, сөйтіп сюжеттік желілерге эпизодтық шегіністермен Манас батыр, Көкенайдың асы, Тұран сұлтаны Апрасяп, т.б. тұсындағы тарихи, саяси хал-ахуалды білдіретін жайттарды енгізіп отырған. Басында негізгі нысаннан ауытқып, ауа жайылушылық элементтері белең алып кеткен жоқ па деп күдіктенгенімізді жасырғымыз келмейді. Пайымдай келе, бір ақиқатқа ден қойдық: ол – арғы-бергі тарихта адам баласына Уақыт атты құдіреттің өз дегенін орындатуға тырысатындығы. ­Демек, әртүрлі уақыт аясындағы адам-сана-қоғам үштағаны бұрыннан болмысыңа ұя сап келе жатыр екен, ал ол тиімді ме, жоқ па, жел қуалаған қаңбақтай жөңки береміз де, жөнсіз әрекетке қарсы қояр амалымыз қандай болмақ деген ақыл-ойды алдыңғы шепке шығарады екен.
Романда Сандыбайдың жекпе-жекте Қоқан батырын өлтіруі, арада недәуір уақыт өткен соң, қайтыс болған ­Сандыбайды жерлеу рәсімі алдында Алапанның (Дарухытай) елінен білдірмей кеп, батырдың ақтығын ұрламақшы ниеті, қолға түсуі, билердің алдында өзін Дүрді жүзбасының жұмсағанын мойын­дауы, өлімнен қорықпай ақиқатқа мойын­сынуы сияқты тартысқа толы бөлім мен Ресейге қараған Бағаналы елін губернаторға арыз арқылы жамандап, іріткі салуға қоқан билігінің жанталаса кірісуіндегі орын алған тартыс Жақсылықпен қатар Зұлымдықтың да иық тіресіп, бірге жасайтындығын, өкінішке қарай, көп реттерде соң­ғысының мәртебесі үстем боп шыға­тынын роман сюжеті еш әсіресіз терең емеурін, ишаратпен жеткізе алған. ­Роман соңындағы уақыт аясында қазақ жеріне дендей еніп келе жатқан алапат өзгерістер, Ресей отаршылдығынан Қоқан, Бұқара, т.б. сияқты туысқан елдерді қазақтың қалқан боп қорғауы ешкімнің санасына ой салмағаны анық. Өктемдік саясаты мысықтабандап еніп, қазақтың мықтыларының арасына да жік салғаны аға сұлтан сайлауы кезінде байқалғанын автор ұзақ-сонар баяндауларға салынбай-ақ салмақты штрихтармен тиімді түрде бере алған. Құнанбай, Есеней, Алшынбай, Ерден, Шыңғыс, Қоңырқұлжа, т.б. ірілердің осынау тұстағы сөзі, пікірі, ұстанымы, губернатордың ішкі пиғылының Ерденге ашылуы (Ерденді есіркегендіктен емес), Шоқан-Ерден қарым-қаты­насы, ал сол дүрбелеңнің алдында Кенесарының Ұлытау өңіріне келуі, хан сайлануы, сол уақыт аясындағы өзгерістер, Құлшық-Кенесары, Ерден-Кенесары, жалпы «Төрт босаға» билерінің ықпалындағы Бағаналы жұртының Кенесары қозғалысына деген көзқарасы, Ерден Сандыбайұлының, Кәдірдің, Шегірдің, Бабырдың, т.б. ірілер мен ұлылардың кесек іс-әрекет­терінің сырын немен түсіндіруге болады?
Түйгеніміз не? Романды оқып болғаннан кейінгі әсеріміз бен байламымыз қандай? Ірілер де, ұлылар да мына опасыз жалғанның тым келте екенін түсініп, Алланың берген ұлы сыйы – Өмір атты керуен-көште арттарына өшпес із қалдыруға тырысқан екен. Ал ондай ізгілікті әрекетке бастап тұрған жайт – АМАНАТ екен. Ата-бабалар АМАНАТЫ. Ғасырларды көктей өтіп жеткен АМАНАТ. Кешегінің бүгінгіге, бүгінгінің ертеңге деген АМАНАТЫ...
Қаламгер Б.Мырзабековтің ­«Аманат» романындағы құндылық та, айтар ой да, пайым мен пікір де осы болса керек.

Мәуен ХАМЗИН,
филология ғылымының докторы,
профессор, ҚР Мәдениет қайраткері

Қарағанды

1219 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы