• Руханият
  • 02 Қыркүйек, 2020

Берік Шаханұлы

31 тамызда 80 жасқа қараған ­ша­ғында белгілі жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Берік Шаханұлы Шаханов қайтыс болды. Қарымды қаламгер саналы ғұмырында қалам сертін қалтқысыз атқарған шебер журналист, жаны жайсаң азамат еді.
Берік Шаханұлы 1941 жылы 5 қа­рашада Жамбыл облысы Сарысу ­ауданы Жайылма ауылында дүниеге келген.
1961 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің журналистика бөліміне оқуға түскен. Еңбек жолын 1966-1970 жылдары Жамбыл облысының «Еңбек туы» газетінде әдеби қызметкер ретінде бастаған. Ал 1970-1973 жылдары қазіргі «Жас Алаш» («Лениншіл жас») газетінде әдеби қызметкер, 1973-1989 жылдары «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, 1989-1991 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, ­1991-2002 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында аға референт, осы аралықта Қазақстан Жазушылар одағы кәсіподақ комитетінің төрағасы болған.
Сонымен қатар 2002 жылы 27 сәуірде шақырылған Қазақстан Жазу­шыларының кезекті ХІІ құрыл­тайында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төраға­сының орынбасары болып сайланды. 2007 жылы 6 маусымда шақырылған Қазақстан Жазу­шыларының кезекті ХІІІ құрылтайында Қазақстан Жазушылар одағы басқар­масы төрағасының орынбасары болып қайта сайланған.
Танымал жазушылардың таңдаулы шығармаларын ана тілімізде сөйлетіп, «Ғашықтың тілі», «Ақ иірім», «Қара­таудың самалы», «Көрген түстей дүние» кітаптарымен талғампаз оқырманның жоғары бағасына ие болды. 1991 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Құса» атты повестер мен әңгімелер жинағы үшін 1992 жылы Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығына ие болған.
Қазақстан Республикасы Президен­тінің жарлығымен «Қазақстан Республи­касының Тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медалімен (2002), «Ерен еңбегі үшін» медалімен (2003), «Астанаға 10 жыл» медалімен (2008) марапатталған. Сонымен қоса Берік Шаханұлына Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылы 5 желтоқсандағы жарлығы бойынша «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілген.
Адамгершілігі зор, ортасына сыйлы ағамыздың жарқын бейнесі қалың елі қазағының жадында мәңгі сақталады. Берік Шаханұлының көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын.
Марқұмның топырағы торқа, жатқан жері жайлы, жаны жаннатта болсын!

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі

***

Жүрегі жомарт жан еді...

Таңғы сағат 8-ден өте Берік Шаханов­тың телефоны шырылдады.
Жүрегім қобалжығандай болды... «Жөпелдемеде орынсыз мазалау мінезінде жоқ адам. Жайшылық болса жарады...» деген оймен ұялы телефонымды қостым... «Аға, папамнан айырылып қалдық» деп, еңкілдеген ер азаматтың дауысын естідім. Бекеңнің үлкен ұлы – Бердібек...
Қазақ көркемсөзінің беделді өкілдерінің бірі, ұлт прозасының ауыр салмағын көтерісіп, қаршадай кезінен өзін әдебиеттің ыстық-суығына қатар салып келе жатқан қабырғалы қаламгердің жүрегі тоқтап қалған. Бердібек айтқан суық хабарға сенер-сенбесімді білмей: «Апыр-ай, осыдан төрт-бес күн бұрын сөйлесіп едім ғой...» дедім. «Біз де сенбей отырмыз, аға» деді үлкен ұлы.
Біреудің ала жібін аттауды білмейтін, мына қызығы мен қасіреті қатар жүретін дүние жалғанның күнгейіне де, көлеңкесіне де сабырмен қарап, ойын жұптап, сөзін екшеп айтуды дағдысына айналдырған Бекең марқұмның бейнесі көз алдыма келді...
Бізден бес-алты жас үлкендігі болғанымен, жүрісі ширақ, сөзі нық, ағайын-туыс алдында абыройлы, әріптестеріне қадірлі жанмен дәм-тұзымыз жарасып, ширек ғасырдай уақыт Жазушылар одағы дейтін қара шаңырақта қызметтес болдық. Алаштың арыстары – Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден секілді ұлыларымыз іргесін қалап, ұлт руханиятының бағыты мен бағдарын анықтаған, өрті мен серті қалың дәуірлерде халқымызды желеп-жебеген ұйымның «өтпелі» дейтін аса күрделі кезеңі – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары біздің буынды сынға салды. Ұйым тағдырына жауап беру міндеті иығымызға түсті. Құндылықтар өзгеріп, ұлт руханиятының өрісіне өрт тигендей болған со бір ауыр жылдарда Бекең – Берік Шаханов ұйым басшылығы құрамында болып, Төрағаның орынбасары қызметін атқарды. Бұрын сыпайы жүрісімен елге сыйлы, талантты жазушының шығармаларын білгеніммен, өзін жыға танымайтын ем. Қызмет – кімнің кім екенін танытатын таразы! Салған жерден аз сөйлеп, көп іс тындыратын, ісқағазына ұқыпты, үстіне қыл қондырмай жүретін Бекең маған ұнады. Ұйымның басы дауға түсіп, Қалаубек Тұрсынқұлов ағасы мен Ғабиден Құлахмет інісі үшеуі жиі-жиі сот босағасын тоздырып жүрген күндер есімде... Сол қиын кезеңде бірінің мінезі біріне үйлесе бермейтін жаратылысы бөлек ортамен Бекеңнің қалай тіл табысып, өз жұмысын қалай жүргізгенін көзімен көрген әріптестері ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймын. Бітімі таза, мінезі кең, әділетсіздік көрсе, төзбейтін, ретті жерінде «бетің бар, жүзің бар» демей, айтарын тура айтатын, жақсыға ағынан жарылып қуана білетін, қайғы жұтқан адамның қасынан табылар жомарт жүректі, адал азамат еді, қайран Бекең!!! Өз басым осы жылдар ішінде Бекеңе әбден бауыр басып, қабағы мен сөзі жарасқан дос-жар адамға айналдық.
Сол Бекең... Қазақты, қазақ руханияты мен әдебиетін жанындай жақсы көретін, ұяты мен ұлтының сөз өнерін барынша жанымен, жүрегімен түсініп, санасы арқылы өткізе білетін, жомарт бітімді, сабыр мен салауатты серік еткен Бекең – қазақ сөз өнерінің көрнекті өкілі Берік Шаханов ойда-жоқта мына жарық Жалғанды ұлты мен ұрпағына тапсырып, Бақиға аттаныпты дегенді естігенде – қалам мен ғалам тілдескенде туған мына бір қоштасу өлеңімен ­жазушыны білетін қалың қауымға көңіл айтып отырмын.
Берік өтті...
Бекең өтті – Шын адам:
Ойы – таза...
Бойы – таза күнәдан.
Шын қайғырып, шын қуанып, күрсінген,
Өтті бір жан айнымайтын тұмадан.

Адамдарды аялаған сөзімен,
Жаңылмаған жүрісінен, тезінен.
Тілін тапсаң, қазыналы өзге әлем,
Сыр атқақтап, нұр таматын көзінен.

Бойлап кетсе, жазылмаған
мұңды өлең,
Ойлап кетсе, жел тербеген,
түнгі емен.
Өз өмірін өрнектеген сөзімен
Өтті бір жан бүгілуді білмеген.
Үгілуді «мін» деген!

Жар құшақтап, ұрпақ сүйіп, шалқыған,
Қазақ десе, қорғасындай балқыған.
Қайсарлығы қара тастан айнымас,
Өтті бір жан өзгермеген қалпынан.

Берік өтті...
Сарысуын сыр тұтқан.
Қаратау мен Сарыарқаны Пір тұтқан.
Беу, Дүние-ай!
Жетімсіреп Алматы,
Алатауға себездеді үркіп таң!

Өтті бір жан!
Қазақ елін Пір тұтқан!
Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын, ардақты Беке!
Шын Мекенің мәңгілікке жұмақ болсын, жомарт жүрек иесі!

Нұрлан ОРАЗАЛИН

***

Өмірді сол қалпында суреттеді

Берік Шаханов қазақ әдебиетіне зор еңбек сіңірген аса көрнекті жазушыларымыздың бірі. Өмірінде атақ, мансап үшін жүгірмей, өте адал еңбек етті. Жазушылықта әлдекім­дердей күрделілікке ұрынбады, ел-жұртты сендіріп, иландырып жазды. Қызыл сөзді іздемей, өмірдің өз болмысын сол қалпында суреттеді.
Кезінде орыс әдебиетінде Шукшин, Распутиндер бастаған деген әңгімелер де болды ғой. Біздің Берік Шаханов та сол бағытта жұмыс істеген қаламгер. Шеберлігі сондай, тіпті кейбір әңгімелерінде жағымсыз кейіпкердің өзін жағымды етіп жібереді. Бұл тек қана жүрегі жұмсақ, жан дүниесі бөлек жаратылған жазушының қолынан келетін дүние деп ойлаймын.
Адамгершілік қырына келсек, артық сөзі жоқ, біртоға, сабырлы, көп дау-дамайға араласпайтын, өзінің жолын білетін азамат еді. Өзі де, жазуы да қоңыр болды. Жастарға қамқор болып жүретін. Ұмытып бара жатқан адамдарды еске салып: «Әй, осы ұмытылып барады. Ол туралы жазу керек, айту керек» деп отыратын.
Айналайыны аузынан түспеген азамат. Сондықтан өмірінің барлығы адамгершілікке, қарапайымдылыққа негізделді. Шығармаларының жұрттың да, әдебиеттегі оқырманның да көңілінен шыққан себебі – Бейімбеттің бағытын ұстанған жазушы. Елге түсінікті жазғаннан кейін оқырманы көп болды. Жүрегі нәзік, жұмсақ еді. Келесі жылы 80-ге келетін еді, амал не, оған жетпей кетті. Артындағы ұрпағы, ағайыны аман болсын!

Қали Сәрсенбай

***

Адалдығы өн бойынан есіп тұратын

Берік Шаханұлы ағамызбен талай жыл сыйлас, қанаттас жүріп едік. Сырласқан сәттеріміз де аз емес-тін. Бірге жұмыс істедік, қандай сәтте де адалдығынан айнымаған жан болатын. Соңғы ширек ғасырдан артық уақыт Қазақстан Жазушылар одағында жауапты қызметтер атқарды және дегдар, бекзат болмысымен көпке үлгі болды. Бекең жайшылықта қарапайым көрінгенімен, адалдықтың сөзін айтатын кезде ештеңеден тайсақтамайтын.
Оның қызметіндегі жауаптылығы, мұқияттылығы, адалдығы өз ­алдына, шығармашылық еңбегі бір төбе болатын. Хикаяттары, әңгімелері көптің көңілінен шығып, іздеп жүріп оқитын дүниесіне айналды. Қазақ психологиясын, ауыл табиғатын, қазақтың жанын, болмысын Бекең асқан сезімталдықпен, махаббатпен жазды. Мұхтар Мағауин осы кісіні аса құрметпен айтып отыратын. Бекең Мұхаңмен дос, іні-бауыр болды. Мұхаңның жетпіске келген мерейтойында жеңгеймен Прагаға барып, тойына қатысқан санаулы қаламгердің бірі еді.
Берік Шаханұлы тойларда жең­геймен бірге Қаратаудың ұмы­тылып кеткен әндерін айтатын. Екеуі салған ән талай жүректі тербейтін. Екеуінің жарасымды жұбы талай жанға үлгі болатын. Ол қарапайым өмір сүргенмен, бойында биік парасат, ұлы сезім бар еді. Талантты жастарды, талантты шығармаларды көрсе ерекше қуанып жүретін аяулы жан еді. Жақында ғана жұмыс орнымызға келіп тілектестігін білдіріп, жаңа шығарма жазып бастағанын айтып кетіп еді.
Өмірдің соңы қашан да өкініш!
Ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ

1533 рет

көрсетілді

105

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы