• Руханият
  • 02 Қыркүйек, 2020

Адалдықтың үлгісі еді...

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшінің биік дәрежесі, жан дүниесінің тазалығы, үлгі тұтарлық әдебі туралы әңгіме жиі қозғалады. Өкінішке қарай, қоғамымызда келеңсіз жайттар кездесіп қалған тұста бүгінгі күні алдыңғы буын қатарына іліккен біз «апыр-ай, алдыңғы толқын ретінде үлгімізде кемшілік болғаны ма?» деп еріксіз ойланып қаламыз.
Ал біз кімге қарап өстік? Соғыстан кейінгі бейбіт күндерде өмірге келген біздің тұстастарымыздың бақыты – қиын кезеңдерде өсіп-жетілген, сын-сынақта шыңдалған, тіршілік тәжірибесін молынан игерген ағалардың тәрбиесін көргеніміз. Олар өздеріне сеніп тапсырылған қандай да істі зор жауапкершілікпен атқарды, уақытпен санаспай еңбек етті, жүректерін таза ұстады.
Сондай жақсы ағалардың бірі – Сапар Сағынтаев еді...

Күні кеше ғана жылы жүзімен, әдемі әңгімесімен арамызда жүрген, жасы сексеннің үстіне шықса да ақса­қалдыққа көңіліміз қия қоймайтын, сергек мінезді Сапар ағаның қоғам, мемлекет қайраткері ретіндегі тұлғасы ерекше айқындалып көрінетін.
Сөз басында есімі елге мәлім ­ерекше жанның өмірбаянына қысқаша шолу жасай кетсек, артықтығы бола қоймас.
Сапар Сағынтайұлы 1936 жылы дүниеге келген. Қазіргі Қарғалы ­ауданында ауыл баласы болып дала мінезімен тәрбиеленеді. Беріректе Ақтөбе қаласындағы №6 орта мектепті алтын медальмен бітіріп, сол білімімен мектептерде физика-математика пәнінен дәріс береді. Жазғы демалыста Чкалов атындағы ұжымшарда комбайн да жүргізеді. Кеңес армиясы қатарында әскери-азаматтық борышын өтеп келген соң комсомол қызметінде шыңдалады.
Жастар жетекшісі болып жүргенде жоға­рыдан қонақ келіп қалып, бір шаруашы­лықтан қой алдырып сояды ғой. Былай қарағанда мұнда тұрған ештеңе жоқ, екінің бірінде ­кездесе беретін қалыпты жағдай. Шаруа басқарып жүрген сыйлас азаматтар бір-бірінің сөзін жерге тастамайды. Арада аз күн өткенде «комсомол басшысы кеңшар директорынан қой алды, мемлекет меншігіне тегін қол салды» деген сыңайда домалақ арыз жазылады. Әрине, тексеру келеді. Жүзі сұсты жоғарының адамы «қылмыскерді» ұстағанына сенімді, сөзі мығым, қимылы тегеурінді. Алайда жас жігіт бұған ешқандай қысылмастан, дереу төс қалтасына қолын салып, қойдың құны төленгені туралы түбіртекті ұсына береді. Мұндайды күтпеген арыз тексеруші сасып қалады...
Біреуге орынсыз салмақ салу, кісі есебінен күн көру, өскенді аяқтан шалу, жақтырмаған адамына қиянат жасау секілді кіршең көріністерді әуелден бойына дарытпаған Сапар аға сол тазалығын өмір бойы сақтады деп айтуға болады.
Сапар Сағынтайұлының облыстың комсомол ұйымдарында басшылықта болған тұсында оның тәрбиесінде болған, қамқорлығын көрген көпте­ген кадр кейін өсіп-жетілді, елге белсенді қызмет етті. Олардың қай-қай­сысы да алғашқы мектептерін ұмыт­­­қан жоқ, күні кешеге дейін мақ­­та­нышпен айтып келгенін талай естідік.
Ал Сәкеңнің өзі жастар ұйымын­дағы жігерлі қимылын одан кейін партия қызметінде жалғастырды. Өзі туып-өскен Қарғалы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Ол кезде бұл өңірде негізінен басшылық қызметтерде өзге ұлт өкілдері тізгін ұстайтын. Ал олардың арасында қазақ ұлтының өзін көрсетуі қиын жағдай-ды. Сол ахуалды бұзған да Сәкең екенін жақсы білеміз. Ол өзінің зиялылық қалпымен, ең бастысы, білімді де, біліктілігімен, іскерлігімен аз мерзім ішінде биік беделге ие болады. Аудандағы «Передовик» секілді табысы мол, шаруасы ілгері дамыған ұжымшарды ұзақ уақыт басқарып келе жатқан ­Григорий Каструбин секілді тәжірибесі мол, ешкімнен ақыл сұрамайтын тарландардың өзі жас кадрмен санасып, оны сыйлауы өзгелердің де назарын аударады.
Сапар Сағынтайұлы облыста Ойыл және сол кезде Октябрь деп аталатын екі ауданды біраз жыл басқарды. Екі ауданда да беделді басшы, білікті жетекші атанды. Оның жұмыс стилі, кадрларды тәрбиелеудегі мектебі өзгелерге үлгі болды.
Ал 1984 жылы оның облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайлануы заңдылық іспетті қабылданды. Өйткені тәжірибесі мол, ұстанған бағыты айқын, принципті, әділдік, адалдық, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеттерімен елге танылған азаматтың мұндай деңгейдегі лауазымға келуі көпшілік сенімімен қолдау тапқан еді.
Негізінде бұл кісі лауазым қуып, таққа таласқан не ұмтылған адам емес. Оның бір мысалы ретінде сексенінші жылдардың соңына таман Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы қызметіне ұсыныс түсіп, сыпайы түрде бас тартқанын айтуға болады.
Қолына қалам ұстап, күні-түні дерлік үстел басына отырды. Бас-аяғы санаулы мерзім ішінде «Ел тағдыры – еңбекпен еншілес» атты үш кітап жазып шықты. Ол өзінің балалық шағынан бастап осы кезге дейінгі уақытын баяндады. Жай баяндап қойған жоқ, ел-жұрт бастан кешкен замана көшімен, орын алған оқиғалармен, дәмдес, қызметтес, сапарлас болған адамдармен байланыстыра тұтас бір кезеңнің келбетін көрсетті.
Сондағы көздеген мақсаты – еңбек адамын қадірлеуді жан-жағына ұғындыру еді. Ол басшылық қызмет еткен жылдарында да осы бір қағи­дасын берік ұстанған болатын. Ал зейнеткерлік жасқа шығып, кемелдене түскен тұсында да сол дәстүрінен айнымағаны бізді таңғалдырды.
Мәселен, Шалқар ауданындағы «Шетыр­ғыз» совхозының озат шопаны болған Сағынай Жайымов ақсақалды әдейі іздет­тіріп, тауып алды. Кеңестік заманда облыстық атқару комитетінің төрағасы болып тұрғанында осында келген кезін, құрдастық өзара әзілдерін еске алды. Он бес бала өсіріп, бүгінде ақсақал атанған қарияны құшақтап, Ақтөбеден арнайы алып келген шапанын кигізді.
Ырғыз ауданында Ленин орденді Зарлық Қалиев, Бүркітбай ­Санымбаев есімді бірі шопан, бірі жылқышы абыройлы еңбек иелері болды. Сол азаматтардың ұрпақтарымен ­кездесу барысында жүрек қозғар көп жақсы әңгімелер айтылды. ­Сапар Сағынтайұлының қамқорлығы нәтижесінде еңбек адамдары сол уақытта бірі «Волга», екіншісі «УАЗ» автокөліктеріне қолдары жеткен екен. Сәкең Ойыл өңіріне барғанда атақты жылқышы, «Еңбек даңқы» орденінің толық иегері болған Аманқос Мұқанғалиев туралы көп әңгіме ­айтты. Ол қазіргі Мұғалжар ауданында атақты комбайншы болған Раушан Дәулетованы ерекше құрметтейтін. 1984 жыл қуаңшылығымен есте қалды. Соған қарамастан, қазақтың қайсар қызының звеносы жанкештілікпен жұмыс істеп, олар еңбек ететін «Победа» кеңшары мемлекетке 1,5 миллион пұт астық өткізді. Ақтөбе облыстық тәжірибе стансасының ­сауыншысы Анна Нагорная әр сиырдан сүт сауудың жоғары көрсеткіштеріне қол жеткізді. Оның еңбегі лайықты бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылды, оған «Волга» автокөлігі берілді, еңбек адамының өзі жоғары партия съездеріне делегат болып қатысты. Ойылдық атақты шопан Бекіш Ғалымовтың еңбегін де қолдап, оның бай тәжірибесін көпшілікке таратуды ылғи назарында ұстады.
Сапар Сағынтайұлы еңбек адамдарына осындай қамқорлық жасауды өзінің өмірлік мақсаты етіп ұстанды. Мұны күні-түні алыстағы мал жайылымында, егіс алқаптарында жұмыс ­басында жүрген еңбеккерлер де айқын сезінді және талай рет алғыстарын да айтқанын білеміз.
Сапар Сағынтайұлы жас кезінен табиғатқа жақын өскен. Өзінің айтуынша, мектепте бастауыш сыныптарда оқып жүргенде-ақ бұзаулы сиыр табындарын бағып, далалықта көп жүрген. Атқа мінуді де ерте үйренген. Қарғалы бойындағы тау-тасты, орманды жерлерді, көлдер мен өзеншелерді жатқа білген. Бала кезде жабайы жидектерге құмар болғанын жиі айтатын. Дүниеден өткенінше бау-бақшамен шұғылданды. Ерте көктемнен ол үйде отырмайтын. Жерді де өзі қазады, күту-баптау жұмыстарын да өзі атқарады, өнімін де өзі жинайды. Қысы-жазы дастарқанында өз бақшасының өнімдері тұрады.
Дүниеден өткенінше сол өзінің бұрынғы пәтерінде тұрды. Беріректе облыс басшылары құрмет көрсетіп, үй жағдайын жақсарту жө­нінде ұсыныс білдіргенде де, оған алаңдамады.
Сапар Сағынтайұлы сексеннің үшеуінен асып барып, өткен шілде айында дүниеден өтті. Өкініштісі, әлі де мынау біз бастан кешіп жатқан тіршілік әлеміне құштар еді. Осы тұста оның Ақтөбе облыстық газетіне берген сұхбатында айтылған мына сөздерін қайталап келтіре кеткім келеді: «Менің ұстанған бір қағидам бар, соны ­айтайын. Адам баласы өз анасын алдамайды. Ал Жер-Ана дегеніміз бәрімізді асырап, мейірімін төгіп отырған, нақты айтқанда аналардың анасы емес пе?! Менің жерге деген ерекше сезімім, ерекше бағалауым балалық шағымнан-ақ күнделікті тыныс-тіршілігіммен бірге қалыптасқан. Өмір бойы жерде еңбек етуді бойымда қалыптастырдым. Мен жылда бау-бақшамда жүрмін. Өзгелер де өз бақшасының жемісін жесе екен деп тілеймін».
Қалай болғанда да жақсы адамның аты өшпейді. Оның игілікті істері, өнегелі қыз­меті ел аузында айтыла береді.
Сапар Сағынтайұлының қоғам, мемлекет алдындағы еңбектері де жоғары бағаланды. Өзі қызмет атқарған уақыттың жоғары өлшемі – Одақтық партия съездерінің делегаты болып қатысты, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Екі мәрте «Құрмет» белгісі, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», Октябрь революциясы ордендерімен марапатталды. Басқа да сый-құрметтері аз болған жоқ.
Ең бастысы, ел құрметіне бөленді. Оны білетіндер шын мәніндегі жақсы адам деп бағалады, адал көңілден сыйлады.
...Бірер жылдықта Ырғызға жолы түскенде көзі тірісінде өзі қатты құрметтеген шопан досы Зарлық Қалиевтің балалары асыл ағаларының алдынан тай алып шықты. ­Сонда Сапар аға өзінің жылы жүзімен көңілденіп тұрып, «Мен бұл тайды қабылдадым, үлкен ризашылығымды білдіремін. Менің қалауым – осы тай өз үйірінде қалады. Міне, қазір менің құрдасым Зарлықтың Сапар есімді немересінен Аяла есімді сәби дүниеге келіп отыр. Бұл бала Зарлыққа шөбере болады. Амандық болса, осы бала 7 жасқа толған тойға мен Ақтөбеден келемін. Оған дейін мына тай үлкен ат болады. Саған өз қолыммен мінгіземін. Жылқыны жақсы бағып, өсіріңдер» деді.
Бұл да Сапар ағаның бізге қал­дырған бір сабағы деп қабылдадық.

Мәлік ЖЕКЕЕВ,
Ақтөбе облысының Құрметті азаматы

814 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы