• Әдебиет
  • 02 Қыркүйек, 2020

Қашғар-жүрек аңсары (Үшөрім)

І. ХАТ

Ол күн сайын келетін поштаны асыға күтетін. Әдетте, газетті ертеңгі сағат онға қарай әкелетінін біледі. Шілде таңы бүгін тіпті қапырық па, қалай өзі деп ойға шомды да, аяңдап басып ­почта жәшігіне жетті. Газеттерді суы­рып алғанда арасынан бір хат жарқ етіп көзіне шалынды. Тек мерекелер қарсаңында, онда да анда-санда дос­тары ашықхат жолдайтыны болмаса, бұған хат жазатын да ешкім жоқ сияқты еді. «Бұл не хат болды екен? Кімнен?!» деген сұраққа жауап іздеп, сәл ойланды да конвертті қолына алды. Жетер адрес жас баланың қолымен әрі ірі әріптермен жазылыпты. Кері адресіне үңілді. «Қашғар қаласы» деген жазуға көзі түскенде жүрегі шым ете қалды. Демек, бұл хат туыстарынан келгені хақ. Қарт енді тіпті дегбірсізденді.
Ол кері адресті тағы бір қайтара оқып шықты. Хат інісінен келіпті. Газеттер болса сол күйінде почта жәшігінде ұмыт қала берді. Сонау бір отызыншы жылдардың соңында өзі еккен, осы күні қартая бастаған алмұрт ағашының астындағы орындыққа жайғасқан қария көзілдірігін ілді де, қолы дірілдеген күйі конвертті әрең ашты. Інісімен хат алмаспағанына да, міне, жиырма бес жылға жуықтапты-ау.
Хат тіпті шолақтау жазылған. Тәрізі, інісі мұның тірі екеніне толық сенімді емес. «Бәріміз аманбыз, інілерің де, қарындасың да аман-есен. Балалары өсіп жатыр. Мұндағы ағайын-туыстың бәрі өзіңді – үлкен ағамызды сағындық» деген мазмұнда қысқа қайырыпты.
Қария терең ойға шомды... Кеудесін біреу бейне қысқашпен бүре түскендей ме, бұрын сезіп білмеген бір шаншу қадалып ауа жетпей бара жатқандай, сонау алыста қалған естеліктер санасына самғай оралып, тіпті мазасы кетті.
Он жеті жасар бозбала еді бұл. 1934 жылғы сәуір айы. Қашғар үшін қантөгісті соғысқа қатысқаннан кейін жан сауғалауға мәжбүр болған. Туған жерінде өзінен кіші үш інісі мен қарындасы қалып еді. Иә, 1950 жылы ол Қашғарға бір рет хат жолдаған. Сонда елде қалған інілерінің үлкені бұлардың әке-шешесінің қырқыншы жылдары қайтыс болғанын, ал өзі университеттің экономика факультетін бітіріп облыстық банктің төрағасы қызметінде жүргенін айтып жауап жазған. Кенже інісі қаладағы мектептердің бірінде химия пәнінің мұғалімі дейді. Ортаншы інісінің тұрмысы бәрінен ауыр болса керек, қала маңындағы ауылдардың бірінде диқаншылықпен айналысатын оның бала-шағасы да көп көрінеді. Ал енді бәріне сүйікті жалғыз қарындасы жасынан-ақ жақсы діни білім алыпты, кейін белгілі бір қашғарлық қариға тұрмысқа шығыпты.
...Бұл алыстағы туған-туыстарымен он жылға жуық хат арқылы хабарласып тұрды. Алайда алпысыншы жылдардың басында арадағы байланыс кілт үзілген. Сол кезде інілері мен қарындасын сарыла ойлаған бұл талай түндерді көз ілмей өткізіп еді ғой. «Бауырларымның халі нешік? Тірі ме өздері? Қытайдағы мәдени революцияны қалай өткерді екен?» дейтін сұрақтар санасын сан рет сансыратқан.
Қарт бүгін үйінде жалғыз қалған. Зайыбы көрші ауылдағы құрбысына барып келмек болды. Үлкен балалары жұмыста, кенжесі университеттегі оқуында.
Бір сағаттай уақыт өтіпті. Бақшаға қаладан оралған студент ұл ентіге басып кіріп келгенде терең ойдың тұңғиығына шым батып кеткен бұл оны тіпті байқамай да қалды. Ал кіші ұлы болса... көзіне жас алған әкесін өмірінде бірінші рет көріп... «Дада! Дада! Сізге не болды?» деп жанұшыра сұраған.
Әкесі оны тіпті естімегендей күйде отыра берді. Бозбала әлгі сұрағын енді дауыстай қайталағанда барып қария терең ұйқыдан әйтеуір әрең оянғандай болды-ау.
«Не дейсің? А-а, бұл сен бе едің? Мен мына... Қашғардан хат алып...». Ол басын тұқырта төмен салды да, қайтадан терең ойға шомды.
Баласы болса қайтерін білмей, кеудесіне адам түсініп болмайтын бір алаң кіргендей күй кешкен. Үйге бір кіріп-шықты да, бақшаға қайта оралды. Әкесі сол орнында тапжылмай отыр, тіпті жазғы аптапты мүлде елемейтіндей. Күн анау тақ төбеге шығып алып қуырып барады. Оның алмұрт жапырағының арасынан түскен сәулесі шексіз мұңға батқан осынау қарт адамның келісті кескінін нұрландыра түскендей ме, қалай. ­Болаттай бозарған әкесінің түріне қарап бозбала өзінің өткен өміріне, жеке тағдыры туралы естеліктерге терең бойлағанын түйсігімен сезді.
Осы жылдар аралығында ол туған Отанын ең болмаса бір рет көріп, көне Қашғардың қуықтай көшелерін тым болмаса бір рет аралап шығуды, анасы мен әкесін, туыстарын бір сәт қапсыра құшақтауды қаншама аңсағанын кім есептей алар дейсіз... Бірақ ол қазір сонау 1934 жылғы ұйғырлар үшін қаһармандықтың үлгісіндей болған қанды қырғын туралы ойлаған.
«Отанымды, туған-туыстарымды тастап кеткенім қалай болды өзі, дұрыс па еді осы ісім?» деген сауал оның жанын жегелі қай заман, тіпті өзі мына фәниден көшер-көшкенше қажай беретіні де анық. «Иә!» дейді ішкі бір ойы – «Егер сонда Қашғарда қалсам, жау мені қайдан тірі қалдырсын. Мына балаларым да өмірге келмейтін еді, мына ағаштар мен жүзімдік те өстіп жайқалып тұрмас еді. Алайда, осылай жат жерде күн кешіп жүргенше, сол кезде өз Отанымда өлгенім дұрыс па еді, қалай өзі?»
Бала әкесін мазалау енді ағаттық болатынын түсінген. Қария сол күйінде басын қолымен сығымдай тіреп, жылап отырды. Ол өзінің ащы тағдыры, Отаны туралы ойлады, сол баяғы ескі сұраққа жауап таба алмай дағдарды.
Қария бақыт туралы әңгіме айтуды қаламайтын. Иә, ол отбасын құрды, балаларын өсірді, сенімді достар тапты, ауылдастарының құрметіне бөленді... бәрі жақсы. Бірақ оның бақыты сонау алыстағы балалық шағында, сонау алыстағы туған Отанында қалып еді.
Бозбала жүзімдік астындағы сәкіге жайғаса жатып қолына кітап алды да, оқуға зауқы соқпаған соң жанына ысыра салды.
Оның әкесі Қашғарды өмір бойы аңсап келеді. Бұл ол қаланы тіпті көрген емес, сөйте тұра әлгі бір аңсар мұның кеудесіне де ауыса қонақтағандай ма, қалай? Әкесі туған қаланың қисық көшелері, ескі мешіті, қам балшықтан салынған үйлері кейде түсіне кіретіні қызық. Өткен жиырмасыншы, отызыншы жылғы Қашғар туралы әке әңгімелерін сүйсіне тыңдай жүріп, бұл да осы қаланы соншалықты жақсы көріп кеткенін өзі де сезбей қалыпты. Әрі әкесімен бірге сол қалаға бір барып қайту ең басты арманына айналғандай.
Әкесі өз балаларын жақсы көретін, дегенмен, ұлдарға келгенде қаталдау болды. Оларды ешқашан шолжаңдатып еркелеткен емес, азан шақырып қойылған атын да бұрмаламай толық айтатын. Шыншылдыққа, әділдікке, ерінбей еңбектенуге баулыды. Өз ұлтының тілі мен мәдениетін бойына жастай сіңіруге тырысты. Ал қыздарын аялап өсірді, оларға үнемі құрметпен «сіз» деп сөйлейтін.
Қарияның ересек төрт баласы да жоғары білім алған, мына кенжесі бұйыртса университетті келесі жылы бітірмек.
Ауылдастары әкесін құрметтейтінін бала біледі. Өйткені ол ұзақ жыл бойы осындағы мешітте имам болды. Бұл дін ордасы сонау қырқыншы жылдары Қазақстанда ашылған алғашқы мешіттердің бірі саналады.
...Кенет бұлт үйірілді де майда жаңбырдың лебі сезілді. Әлгі ойлардан күрт арылған бозбала енді «Әкем не күйде болды екен?» деп алаңдап, бақшаға жүгіре кірген. Қария ештеңеге селт етпейтіндей күйде отыр екен.
– Дада! Дада! Жаңбыр жауа бастады ғой, үйге кірейік те, – деп дауыстады ұлы.
Ол басын көтерді. Мағынасыздау қараған көзінен жанын әбден қажаған азап пен мұңның табы сезілді. Сол заматта отырған орындығынан ауа сырғып құлап бара жатты. Бұл ұшып барып әкесін әрең ұстап қалды да: – Не болды сізге, дада? – деді үрей аралас дірілдеген үнмен.
– Жүрегім сияқты, кеудем күйіп барады, – деген сөзді қария үзіп-үзіп әзер айтты да, естен танғанын байқатып көзін жұма берді.
Жаңбыр үдей түсіп, күн күркіреді. Аспан асты демде әлей-түлей болды да кетті. Бозбала әкесін көтерген күйі үйге апара жатып оның қуарған жүзіне тамған жаңбыр тамшыларына қарағанда ол әлі жылап бара жатқандай сезіліп еді-ай сонда. Не деген азап еді бұл?!
Ол әкесін бөлмеге көтеріп апарып, диванға жатқызды.
– Балам! Әкеңе не болды? – деген абыржыңқы дауыс естілді ту сыртынан. Жаңбыр суына малшынған анасы да бөлмеге ентелей басып кірген екен.
– Әкем қысылып... халі нашар­лап кетті. Кеудем жанып барады дейді. Жүрегі-ау, сірә... Апа, сіз қасында бола тұрыңыз, мен ауруханаға қоңы­раулатып, «жедел жәрдем» шақы­райын, – деді баласы.
Есін жиған қарт қасындағы ­зайыбын көріп сәл езу тартты да: «Алаңдама, қазір халім жақсы» деді. Әйелдің көзі оның уысында қатты умаждалып қалған хатқа түсті.
Осы аралықта «жедел жәрдем» де жетіп келген. Қарияны дәрігер қарап жатқанда бозбала ұл:
– Әкемізге не болыпты? – деп сұраған.
– Байқаймын, сіздің әкеңіз бүгін жүрек бұлшық етінің талмасына ұшыраған тәрізді, – деді дәрігер.
Бұл қарияның өміріндегі алғашқы жүрек талмасы болатын.

ІІ. ЖҮЗІМДІК АСТЫНДАҒЫ ЖАНТӘСІЛІМ

...Ол өзінің ақтық сәті жеткенін, тұла бойындағы тіршіліктің нышаны біртіндеп семіп бара жатқанын сезді. Жүрек бұлшық етінің талмасы ауруы оны, міне, үшінші рет алып ұрғанын білді. Алдымен оң жақ иығының тұсынан басталған бір шаншу бүкіл кеудесін көктей өтіп, жүрек тұсына келіп тірелген. Енді оны біреу әлеуетті уысымен мыжып жібергендей, тура жүзімнің бір шоғын аяусыз сыққандай күй кешті. Аузына тат дәмі келді. «Бұл менің ең соңғы мезетім» деп ойлап үлгерді қария.
Қас-қағым сәтте шешесі мен әкесінің, туыстарының, осыдан қырық жеті жыл бұрын өзі тастап шыққан сүйікті Қашғарда өткен балалық шағының бейнесі көз алдынан зу етіп өте шықты. Өзі өскен үйдің ауласындағы жүзімдік те есіне түсті. «Міне, кетіп барамын... соңғы сәтте туыстарымның бет-жүзін ең болмаса бір рет көріп, әлгі жүзімдіктің астында бір сәт жатар ма едім, шіркін» деп қынжыла ойлады ол.
Мына шаншу тіпті жан шыдатар болмаған соң, оның қинала ышқынған дауысы қаттырақ шықты да, есінен танып бара жатты. Отыз жылдан астам отасқан зайыбы оғаш естілген үннен үрейлене оянып: «Дадасы, сізге не болды?» деп атып тұрды. Қарт болса үн-түнсіз.
Жексенбі болатын. Қарияның бес баласы – үш ұлы мен екі қызы да үйде еді. «Балалар, әкелерің қысылып жатыр, тезірек «жедел жәрдемді» шақырыңдар!» деп, анасы бәрін оята айғай салды. Кіші қызы телефон шалуға жүгірді, қалған төртеуі ата-анасы жатқан бөлмеге аптыға басып жетті.
Әкелері сұлқ түсіп жатыр екен. Өңі де, аппақ сақалы да боп-боз, келісті келбет-кескіні тіпті айқындала түс­кен­дей. Кенет ол есін жинап, көзін ашты. «Алла» деп баяу күбірлеген соң, есте­ліктер әлеміне қайта кіріп кеткен еді.
Жүзімдік, иә сол баяғы жүзімдік тура көз алдында тұрғандай көрінді. Оны осыдан бірнеше жүз жыл бұрын Қашғардағы ескі үйдің ауласына мұның арғы бабалары әкеліп еккен делінетін. Сол ата-бабалары бұл жүзімдікті ұзақ жыл бойы асқан сүйіспеншілікпен күтіп-баптаған, кезең аралатып ­жасартып отырған деседі. Отанынан алыс кеткеннен кейін де мұның түсіне ылғи осы жүзімдік кіретін.
Бұл туған қаласынан он жеті ­жасар бозбала кезінде, 1934 жылы кеткен. ­Содан кейін Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың біраз өлкесін шиырлай шарлап, ақыры осы тау етегін­дегі Қарғалы ауылына келіп тұрақтап еді.
Қарияның ес жиғанын көріп балалары қуанып қалды.
– Сізге не көмек керек, дадасы? – деді әйелі.
– Ұлдар мені аулаға шығарып, ана жүзімдіктің астындағы сәкіге жат­қыз­сыншы, – деген тілегін білдірді бұл.
Үш ұлы аялай көтеріп, әкелерін далаға алып шықты. Осы мезетте қария және бір есінен танып барып қайтты да, жүзімдігінің астына жай­ғасқанын көріп ақырын езу тартты.
Шілденің ерте таңы еді. Өзен аңғарынан тербеле соққан таудың жібектей жайлы самалынан таза ауаның лебі сезілді. Бақшада сайраған құстардың үні де бір рахат сезіміне бөлейтіндей. Қария жылдың дәл осы кезін, күннің де дәл осындай сәтін ерекше ұнататын.
Тау баурайындағы Қарғалы ауылына ол 1935 жылы келген және содан бері бұл жер өзінің екінші Отанына айналды. Ол осы бір көркем ауылды да, оның ақкөңіл, қонақжай тұрғындарын да өте жақсы көретін. Ауыл асау Қарғалы өзенінің аңғарын бойлай, тау шатқалына сұғына орналасқан. Жазда қоңыр салқын, қыста анау төмендегі алаптан әлдеқайда жылы. Мұндағы халық та жасыл желек көмкерген бейне бір үлкен бау-бақшаның арасында жүргендей әсер қалдыратын. Бірақ бұл маңда бұрын жүзім өсірілмепті.
Қария осы ауылға қоныстанған алғашқы ұйғырлардың бірі болатын. Сондықтан да шығар, ұзақ жыл бойы жалғыздықтың кермек дәмін тартты, туған елі мен жерін сағынып ерекше зар кешті. Жақын тартып сыйласқан қазақ достарына да өз тілінде сөйлейтін. Олар да мұның ішкі мұңын әріден аңдай ма, өзіне көбінесе ұйғырша жауап қайтаруға бейім тұратын. 1950 жылы ол Кіші Ақсу ауылынан көршілес Шамалғанға оқу іздеп келген ұйғырдың бір шырайлы қызын ұнатты, екеуі ақыры жарасып отау көтерді.
Жүзім оның туған жерінің, бақытты балалық шағының бір бөлшегіндей көрінетін. Сондықтан тау етегіндегі осы ауылға алғаш келген сонау отызыншы жылдары-ақ жүзім өсіруге ниеттенген. Алайда бұл мақсатына тек 1950 жылы жетті. Сол жылы күзде Шелектегі досының үйіне қонаққа барғанда алдына қойылған жүзімнен өзіне бала кезден таныс дәмді бірден сезді де, соның қалемше шыбығын ауылына әкеліп екті. Өз Отанында жүзімнің бұл сұрпы «Аппақ Хусайне» деп аталатын, ал мұндағы халық орысшалап «дамские пальчики» дейді екен.
Бір қызығы, сол жүзім осы ауылға тез жерсінді. Елуінші жылдардың ортасында қаулап өсіп бүкіл ауланың алдын бейне бір шатырдай жауып қалды. Мұның жүзімдігіне қызыға қарайтын ел ары өтіп, бері өткенде әйтеуір бір көз тоқтататын. Өйткені оның бір шоғының өзі өте ірі, күпсекті әрі тарам-тарам болып өсті. Сопақша келген жемісі де ірі, шырыны мол, тіл үйірер тәтті еді. Бұл осы ауылда өсірілген алғашқы жүзімдіктің бірі болды. Төменгі алапта ол тамыздың аяғында, ал қарияның тауға жақын ауласында қыркүйектің соңында пісетін. Тура сол мезгілде бұл да өзінің жақын достарын қонаққа шақырғанды жаны қалап тұратын. Олар да жүзімнің әрбір жемісін тамсана татып, бұған деген игі тілектерін жаудыратын. Айхай десеңізші, ол кезде мұның өзі де, құдай қосқан мына зайыбы да жас, келген қонақтарының алдына лағманы мен мәнтісін қалағанынша тартып, достарының арасында көне Қашғар туралы естелік айтудың өзі бір ғанибет емес пе еді. Сол сәттің өзі бұған да, ­достарына да бір мереке тәрізді еді ғой, шіркін!
Қария осы жүзімдігін жанындай жақсы көретін, барын сала баптайтын. Сонау бала кезінде өзіне әкесі үйреткен тәліммен оның әрбір артық сабағын кесіп, қысқы суықтан қорғау үшін мұқият қымтап жабатын. Қыркүйекте мәуелі жемісінің әрбір шоғын әртүрлі жемір құстардан, жабайы ара мен бал арасынан қорғау үшін дәкемен орап тастайтын. Сондықтан да болар, осынау көп ұлт өкілі қоныстанған ауылда «нағыз ұйғырдың ауласы жүзімдігінен белгілі» деген сөз тарап кетіп еді.
...Енді міне, қария жүзімдіктің астында жатыр. «Мен өлген соң мына жүзімнің жайы не болар екен?» деп ойлады ол. «Ұлдарым мұны сақтап қала ала ма?». Осы бір уайым оны енді тіпті қамықтырып жіберді. Жүрегі де терең бір тұңғиыққа тартып бара жатты. Сөйтті де тағы есінен танып қалды.
...Ол көп ұзамай ес жиып, көзін қайта ашты. Жүзімдіктің астында жат­қанын көріп, жаны саябырсы­ғандай болды. Жүзімінің әлі пісе қоймаған же­місіне қарап биылғы дәмнің өзіне бұйыр­майтынын білді. Қынжылғанмен не енді...
«Ұлдарымның арасында бұл жүзімдікті қайсысы сақтап қалар екен, а?» деп ойлады ол. Бұл іс мүмкін кенже ұлдың қолынан келетін шығар, мен осыны күтіп-баптаған кезде үнемі қасымда жүретін еді ғой» деген бір шешімге тоқтады қария. Сөйтіп, өзінен кейін де бұл жүзімдіктің қурап қалмайтынына сеніп, жаны байыз тапқандай болды. Расында, тура ­солай болса екен деген пәруана тілекпен жаратқан Аллаға жалбарынды.
Енді бір сәтте кеудесіне қанжардай қадалған шаншу тартып әкетіп бара жатқандай, біреу жүрегін тағы да уыс­тай қысып, дәл осы жолы қопара суырып алғандай болды. Көз алдынан өзінің бүкіл ғұмыры, туған Қаш­ға­рының бейнесі соңғы рет зымырап өте шықты да сол әсем көріністі таудың асау өзенінің ағыны жуып кетті.
Қарияның жүрегі соғысын мәңгіге тоқтатты.

ІІІ. ҚАШҒАРҒА ЖОЛДАНҒАН ҚАРАЛЫ ХАТ

Бұл міне, жеті күннен бері дұрыстап көз ілмепті. Ұйқы қысып, кірпігі айқасып бара жатады да, күрт оянып кетеді. Көз алдына қайтыс болған әкесінің сұлбасы келіп тұра қалғанда ұйқысы бейне бір таңғы шықтай ғайып болады.
«Маған жақсылап демалу керек-ау, мына өмір деген енді әкесіз де жалғаса береді ғой. Мына түрім ол кісіге тіпті ұнамас еді. Ол мені әрқашан мықты, ерік-жігері берік азамат болуға баулыды емес пе» деп ойлады бозбала.
Жеті күн бұрын оның жан әкесі өмірден өткен. «Үшінші инфаркті бұл кісі көтере алмайды» деп еді бұған дәрігерлер. Ақыры солай болды.
Жақын адамынан айырылған ең алғашқы оқиға еді бұл оның өміріндегі.
Қария аптапты шілденің сол күні сағат он бірден қырық минут өткенде қайтыс болды. Жүрегі жарылып кетті. Иә, өмір бойы айналасына жақсылық жасауға ұмтылған, туған Отаны мен туыстарына жете алмай азап пен сағыныштан әбден зарыққан сол ғазиз жүрегі...
«Әкемнің барлық туыстары Қаш­ғарда қалды. Біздің ұйғырда баласына әке-шешесі мен жақын туыста­рының есімін беру дәстүрі жоқ еді ғой. Алайда әкем мені өзінің сүйікті нағашы аға­сы­ның есімімен атады, үлкен әпкем мен ағама өз әке-шешесінің атын қойды.
Ол өмір бойы өзі туған сол қаланы ең болмаса бір рет көрсем деп армандады, туыстарымен, балалық шағының достарымен ең болмаса бір рет кездессем-ау деп зарықты. Кім біледі, өлер алдында Қашғарын бір рет көрсе, мүмкін мына өмірден бақыттымын деп аттанар ма еді» деп ойға шомды бұл.
Көз жұмар алдында әкесі барлық баласы мен зайыбын қасына шақырып алып ақырғы аманатын жүктеген, жерлеу рәсімін қалай өткізу керектігін тапсырған. Бұл отбасы үшін өте ауыр сәт еді, бірақ қария тым байыпты қалпынан айнымаған күйде ол ­туралы әдеттегі бір шаруа жайын сөз еткендей-ақ әңгімелеген.
– Менің жаназамды Әбдімүтәліп имам шығарсын, өзім оны әрқашан құрмет тұттым. Сүйегімді жууға дос­тарымды кіргізіңдер. Денемді төменгі қыраттағы зиратқа жерлеңдер. Бейіттен өзім ашқан мешітті және Қашғарға апарар жолды көріп ­жатайын. Сендерге артар аманатым осы, – деген қария селт етпей.
– Жарайды, дадасы, біз сіздің айтқаныңызды орындаймыз, – деп еді сонда көз жасына булыққан шешесі.
***
Қарияны ақтық сапарға аттандыру үшін мыңға тарта адам келді. Көбісі көз жасын тыя алмай, зиратқа дейін оның сүйегін иығынан түсірмей көтеріп апарды. Әкесімен расында қайғыра қоштасқан әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған ауылдастарының осынау рия­сыз құрметін қазір бозбала тебірене еске алып отыр. Одан кейін жетілігіне де көп адам келіп кетті ғой. Соларды бауырларымен бірге қарсы алып, шығарып салғаны да күні кеше.
Осы рәсімнен кейін ол өзі өскен шаңырақтың табалдырығынан ішке аттап енді. Бұл 1955 жылы салынған екі қабатты еңселі үй еді. Қария айтса да қолы ұсынықты, шебер құрылысшы болатын. Өзі салған осы үй көп жыл бойы ауылдағы ең үлкен және әдемі үйлердің қатарында саналды. Бірінші қабаты жартылай жертөле тәрізді, қыста жылы, жазда қоңыр салқын.
Аула бүгін қатты ыстықтан қапырық­ты көрінген соң бозбала аптаптан қашып үйге кірген. Содан көп ойлан­бай-ақ бұрын әкесі жататын диванға қисая кеткен. Күндіз ұйықтау мұның әдетінде жоқ еді, ал осы жолы сонша шаршағандықтан болар, қалың ұйқыға шым бата жөнелгенін тіпті білмей де қалды.
***
Түсінде әкесі тірі екен дейді. Әйтсе де, бұл оның қайтыс болғанын білетін көрінеді. Қария әбден шаршаған, науқас. Өмірінің соңғы кезінде тура өзі көрген кейіпте.
– Дада! Сіз тірі ме едіңіз?! Біз сізді осыдан жеті күн бұрын жер қойнына тапсырып едік қой!
– Балам, тоқтаған тек жүрегім ғана, алайда мен әлі өмір сүрудемін. Қазір халім өте нашар. Басым да, бүкіл тұла бойым, сүйектерім де, жүрегім де ауырады. Міне, жеті күн болды, Отаныма қалай жетем деп аласұрып жүрмін. Бірақ туған қалама жете алар түрім жоқ. Ол жақтағылар мені мүлдем ұмытқан сияқты. Алдымды кес-кестеген асқақ таулардан, шөлдер мен көлдерден, өзендерден өте алар емеспін. Көмектесші маған, балам! Қашғарды әбден сағындым, жүрегім де қатты ауырып тұр...
– Дада! Сіздің жүрегіңіз тоқтады емес пе! Жарылып кетіп еді ғой. Ол Қашғарды қайтіп сағына алады?
– Балам, ұйғырдың тоқтап қалған жүрегі де туған Отанын сағына береді. Осыны ешқашан ұмытпа! – деп, қария терең күрсінгендей болады.
– Дада! Менің сізге көмектескім-ақ келеді, бірақ қайтіп?! Соны білмей тұрмын ғой...
– Көмектес, балам! Көмектес!
– Дада! Мен білмеймін ғой, сізге қайтіп көмектесерімді білмеймін! – деп бала жан дауысы шыға айғай салады.
– Айтыңызшы, қалай?!
Қария ұлына шарасыздау мұңлы жанарымен бір қарады да жөткірінді, содан кейін өз мәнерімен бәз баяғыша жұмсақ жымиды да үнсіз қалды.
***
... Бозбала оянып кетті. Жоқ, оны біреу оятып жіберді. Көзін ашқанда анасын көрді.
– Балам, саған не болды? Ұйықтап жатып неге сонша айғайладың? Қорқынышты түс көрдің-ау деймін?
– Апа, түсіме әкем кірді, – деп, бұл түсінде болған оқиғаны түгел айтып берді.
– Балам, біз әкеңнің Отанына хат жазбадық қой. Туыстарына қайтыс болғанын әлі естірпедік, содан кейін де шығар, рухы туған еліне, үйіне жете алмай қиналып жүргені, – деді шешесі.
Бұл сол күні-ақ әкесінің өмірден қайтқаны туралы қаралы хабарды алыстағы туыстарына тәптіштеп ­жазып, Қашғарға хат жолдады.
Содан кейін-ақ баяғы қалың ұйқысы өзіне қайта оралды.
Араға ай салып бозбала Қашғар­дағы кіші әкесінен хат алды. Олар да қабырғасы қайыса отырып, ағаларының қырық күндік нәзір садақасын осындағы өз отбасы сияқты тура бір күнде атап өтуге әзірленіп жатқанын айтыпты.

Исмаилжан ИМИНОВ

Орысшадан аударған Рәтбек САҒИД-УАҺАС

978 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы