• Қоғам
  • 02 Қыркүйек, 2020

Шекара – ел егемендігінің белгісі

Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасы ҚР-ның Шекара күніне орай облыстық мәдениет басқармасының әлеуметтік желідегі парақшасында «Шекара қауіпсіздігі – мемлекет дамуының кепілі» ақпараттық сағатын өткізді.

Шекара – ел егемендігінің символы. Кез келген мемлекеттің бастау алар нүктесі – мемлекеттік шекара. Оның беріктігі – мемлекеттің мызғымас кепілі. Сан ғасырлар бойы аумалы-төкпелі кезеңдерді бастан өткізген Қазақстанның бүгінде шекарасы толық Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңның ­19-бабында және «Қазақстан Республикасының Шекара әскерлері туралы» заңдарында шекаралық аймақ пен шекаралық өңірге кірудің ортақ тәртіптері айқындалған. «Қазақстан Рес-публикасының Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағы қазіргі шекарасында тұтас, оған қол сұғылмайды және бөлінбейді» деп басталатын Ата Заңның аясында ҰҚК Шекара қызметі өздерінің міндеттері мен құқықтарын жүзеге асырып келеді.
Елдің тыныштығы мемлекеттік шекараның берік күзетілуімен тікелей байланысты. 1992 жылдың 18 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен шаңырақ көтерген ҰҚК Шекара қызметі осы жылдар аралығында талай белестерді артқа тастады. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы – Қазақстан территориясындағы құрлықтың, судың, жер қойнауының және әуе кеңістігінің шегін анықтайтын түзу сызық, сол сызық арқылы өтетін жазықтық. Қазақ елінің шекарасы құрлықта 5 мемлекетпен шектесіп, теңізде 4 елмен тоқайласқан. Бүгіндері оны қамтамасыз етіп отырған Шекара қызметінің жер-жерлердегі бөлімдерінің қызметіне бақылауды арттыра түсу мен оны басқаруды ұтымды ету үшін «Батыс», «Шығыс», «Оңтүстік», «Солтүстік» және Жағалау күзеті өңірлік басқармалары құрылды. Мемлекеттік шекарамыз барлық ендіктері бойынша толықтай күзетіліп, ала жіпті аттап, алауыздыққа бармау үшін көздің қарашығындай құрметтейтін шекара шебін шегендеп, айбыны асқақ ала бағандар орнатылып, заманауи үлгіде қорғау мақсатында талапқа сай бақылау жүйесімен жабдықталған. Іргелес жатқан барлық елдермен бір мәмілеге келіп, шекаралық ынтымақтастықты арттырып отыру дәстүрге айналған. Бүгінде атадан балаға мирас болып қалған осынау ұлан-байтақ жеріміздің әр пұшпағын жау шаппасын деп, бөгде елдің азаматы баспасын деп, ауа райының ыстық-суығына қарамай күзетіп жүрген шекарашыларымыздың қырағы қызметіне лайықты құрмет көрсетіліп келеді.
Шарада «Мемлекеттік шекара – ең қастерлі құндылық» кітап көрмесіне қойылған кітаптар арқылы еліміздің Қарулы Күштерін құрудағы және ҚР аймақтық және жаһандық қауіпсіздік рөлі туралы ақпарат берілді. Және шара қонақтары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің Ақтөбе облысы бойынша департамент офицері подполковник Мұрат Бисенбин мен ҚР ҰҚК Шекара қызметі Ақтөбе облысы ­бойынша департаментінің аға офицері майор Азамат Қабылғазыұлы біздің шекарамыз достық пен тату көршілік шекарасы екенін, біз ендігі жерде ұлан-байтақ Еуразия құрлығының қақ жүрегінде әлем қауымдастығы мойындап, құрмет тұтатын Тәуелсіз Қазақстан бар екенін мақтан тұтатынымызды айтып, оқырманды ісіне адал, сөзіне берік болуға шақырады.
Басты мақсат – «Ежелден ел тілегі – ер тілегі, адал ұл ер боп туса – ел тірегі» демекші, әр баланың бойында адамгершілік, батылдық, шыдамдылық, төзімділік қасиеттерін дамытып, жеке тұлғаны қалыптастыруға үлес қосу. Әр мемлекеттің тағдыры шекарасының бүтіндігіне, тыныштығына тығыз байланысты. Біздің елдің шекара шебінде білікті маман, сарапталған, қайралған шекарашылар қызмет атқаратынына сенеміз.

Индира Темірбаева,
Н.Байғанин атындағы облыстық балалар кітапханасының кітапханашысы

Ақтөбе

1896 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы