• Тұлға
  • 02 Қыркүйек, 2020

Нью-Йорктегі Күнтуған

Орақ пен балға

1992 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып, әлемдік қауымдастыққа кірді. Тәңір қолдаған Тәуелсіздікті баянды етудің әрекеті басталды. БҰҰ ғимараты алдында Қазақстанның кеңестік дәуірдегі орақ пен балға бейнеленген туы көтерілді. Жаңа Елтаңба мен көк Туды қабылдау әлі ойластырылып жатқан еді. Сол кездегі Қазақстанның БҰҰ-дағы Елшісі Ақмарал ­Арыстанбекова Нью-Йоркте тұратын бірен-саран қазақты қуанышқа ортақтасу үшін салтанатты рәсімге шақырды. Жиынға бір-екі серігімен ғұмыры осы қалада өтіп келе жатқан қазақ-қоңырат Күнтуған қария да келді. Күнекеңе ілесіп төрт-бес өзбек ағайын бой көрсетті. Нью-Йоркте 20 үй қазақ және 200 үй өзбек тұратын. Діні бір, ділі бір мұсылмандардың қуанышында шек жоқ еді. Олар бәрінен бұрын елге діннің қайта оралғанына қуанды. Олардың бірі неге кеңестік ту көтеріледі, қазақ мұсылман, орақ пен балғаға табынбаған деп кейістік білдірді. Елші Ақмарал жаңа Елтаңба мен Тудың жасалып жатқанын түсіндірді. Күнтуған қария да кеңестік тудың көтерілгенін жақтырмады. Сабыр сақтап, соңында бәрі ойдағыдай болатынына сенді.
БҰҰ-дағы Қазақстанға қатысты салтанатқа шақырылған Күнтуған кім, туған жері қай құрлық, АҚШ-қа қалай келген, кәсібі не, немен айналысқан деген сауалдың кімді де болса бейжай қалдырмайтыны анық. Олай болса бұл тағдыры ерекше қазақ туралы бәрін басынан бастайық.

Атомға қарсы акция

1994 жылы қазан айында АҚШ сапарында мен Күнтуған қариямен ойламаған жерде жолығып, оншақты күн бірге болып, бірге жүрдім. Өмір-тағдыры жайында жеке кітап жазуға тұратын бір таңғажайып қазақты Құдай Тағала өзі кездестірді. Міне, сондықтан көп өтпей 1997 жылы «Жұлдыз» журналында ол кісі жөнінде менің эссе-естелігім жарияланды. Ол кезде журналда бірге қызмет ететін жазушы, марқұм Рамазан Тоқтаров: «Құнды дерек, қызық оқиғасы бар, кейіпкерің америкалық қазақ жөніндегі сенің эссе-естелігің маған қатты ұнады» деп, алған әсері жөнінде ой бөліскен еді.
Бірде Жазушылар одағында белгілі ғалым-сыншы, деректі эссенің хас шебері Құлбек Ергөбеков кездейсоқ кездесіп қалды. «Күнтуған жөнінде жазғаныңды оқыдым. Ол бізге туыстық жағынан жақын болады» деді. 1999 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойы қарсаңында Құлекең Күнтуған туралы жазғанымды тағы да еске алып, мұражайға ол жөнінде деректеріңді, өзіңе сыйлаған қалам, блокноттарыңды тарту ет деді. Өкініштісі үйіме жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты жертөлеге шығарған біраз кітаптарым, Күнтуған жөніндегі «Нью-Йорк күнделігі», «Атомға қарсы акция» атты кітап қолжазбалары жертөледегі құбыр жарылып кетіп, құбырдан аққан судан езіліп, тіпті жұрнағы да қалмаған еді. Ішім удай ашыды, өкінгенмен не пайда.
«Атомға қарсы акция» қолжазба кітабымның біраз жерінде Күнтуған туралы айтылатын. Өйткені Нью-Йоркте БҰҰ-ға Семей полигонының қасіреті жөнінде шеру өткізіп, халықаралық ұйымға петиция тапсыру акциясының кезінде Күнекең сол шараның қақ ортасында жүріп, белсенділік танытқан еді.
Амантай қажының «Аттан» жорық штабының мүшелерін өз көлігімен анда-мұнда алып жүрді. Өзі де шерушілермен әрқашан бірге болды. Атомдық жарылыстардың құрбандары жөнінде естіп, білгенде еріксіз егілетін еді.
Нью-Йоркте тек Семей полигоны ғана емес, Қазақстанмен шектесетін Қытайдағы Лобнор полигонына да қарсы қаланың әйгілі алаң-көшелерінде батыл шерулер жалғасын тапты. Әрине, бұл өте қауіпті еді. Өйткені біздің әрекетіміз шетелде жүріп, Қытайдың ішкі саясатына араласу болып табылады. Қытай консулдығы тұрған жерге Күнекең ешнәрседен сескенбей, өз машинасымен, осы елдің қызыл туы ілінген ғимаратқа бір топ шерушіні бастап әкелді. Өкініштісі консулдық үйі жабық болғандықтан, акция осы маңдағы бір оңтайлы жерде өтті.

Жойқын жарылыс

2001 жылдың басында Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығы ғимаратында тарихта бұрын-соңды болмаған террористік акт жасалды. Апатты жойқын жарылыс әлемді үрейге бөледі. Зәулім екі ғимаратқа соғылған ұшақ оның күл-талқанын шығарды. Америка қара жамылды.
Біз келген қазан айының дәл ортасында қазір күлі де қалмаған 110 қабатты ғимарат ол кезде көкпен таласып, асқақтап тұрды. Осы әйгілі әлемдік сауда орталығына Күнекең «Линкольн» атты қымбат көлігімен бізді өзі әкеліп, орталықтың тарихымен таныстырды. Ғимараттың дәл алдына келгенде ол маған қарап: «Былтыр, 1993 жылы бір араб ұлтының өкілі осындағы автотұрақты жармақшы болғанда қолға түсті» деп, өткен оқиғаны алды.
Осыдан кейін Күнекең бәрімізді ішке алып кіріп, ғимараттың тарихымен толы­ғырақ таныстырған еді. Оның әңгімелеуінше, ғимарат 1974 жылы салынған. Жобалаушы-инженерлер жапондықтар болыпты. Дүниежүзілік ­сауда ғимаратының сол кездегі суреті менде сақтаулы. Оны 25 долларға сатып алған едім.
Атомға қарсы акция шеруі қалада ғана емес, Гудзон өзеніндегі кеме үстінде де жалғасты. Өйткені Манхеттен ауданын мұхит суы қоршап жатыр. «Азаттық» ескерткіші кішкене аралдың қақ ортасында тұр. КСРО-дан келген еврейлер, кавказдықтар, орыстар, тағы басқа ұлт өкілдері қоныстанған Брайтон-Бричтегі акция кезінде Күнекең жоспарланған жердің бәріне көлігімен өзі апарды.

Түбі бір түркілер

Бір жылдары зауытта жұ­мысшы, бір жылдары қалада таксист болған Күнекең шаһарды бес саусағындай жақсы біледі екен. Көлі­гімен келе жатқанда, ол бізге: «Мынау қала әкімшілігінің үйі, анау үндістердің мұражайы, анау газет-журналдар кеңселері» деп, қаланың басқа да көрнекті орындарын байырғы қазақ тілінде түсіндіріп, таныстыратыны қайран қалдырды. Және бір күні қала ішінде ирелеңдеп ағып жатқан өзен үстіндегі көпірден көлігімен өтіп бара жатқанда: «Мына көпірді салған итальяндықтар» деп, қала тарихына қатысты қызықты әңгімелерін одан әрі жалғастырды.
Нью-Йорктегі мәдени-рухани орта­лықтардың бәрі жөйттердің-еврейлердің қолында екен. Оның айтуынша, қалада ағылшындар, француздар, итальяндықтар, яғни еуропалықтар көп. Мұсылман елде­рінен келіп, тұрақтап қалғандар да біршама.
Америкаға түркі халықтарының қалай келгені жайында тарихи деректердің бар екені рас. Ғалымдар қазіргі үндістерді түркі халықтарына жатқызады. Белгілі ғалым Әділ Ахметовтың «Америкалық үндістердің алтайлық тегі» атты еңбегінде үндіс деген атпен тарихқа енген халықтың о бастағы шыққан жері Алтай, Азия құрлығы екені дәлелденеді.

Тұтқынға қалай түсті

Күнтуған көкем соғыс кезінде тұтқынға түскен түркі ұлттарына байланысты бір қызықты әңгіме айтты. Соғыс бітіп, Германия жеңілгеннен кейін немістер тұтқын­дарды қай аймаққа, қай елге жіберуді ойластырады. Өйткені соғыс сойқанына байланысты тұтқындардан тез құтылу керек болады. Сөйтіп, түркіден тарайтын тұтқындардың білімділерін жинап, оларды мемлекеті бар қай ұлтқа бауыр, туыс екенін білу үшін сараптама жүргізеді. Тұтқындардан «қасық» деген сөздің қазақ, татар, өзбек, қырғыз тілдерінде қалай айтылатынын сұрайды. «Қасық» деген сөз кішкене дыбыс айырмашылығы болмаса, аталған ұлттардың бәріне ортақ атау екеніне сарапшылардың көздері жетеді. Осылайша, тұтқын түркі ұлттар үшін ең жақын туыс ел Түркия екенін біліп, оларды осы елге баруға мәжбүрлейді.
Мұстафа Шоқайдың Түркістан легионында болған көп тұтқындардың бірі Күнтуған да басқа елге кетеді. Онда көп тұрмай, қайтадан Германияға келеді. Күнекеңнің немістерге қалай тұтқын болғаны оның өміріндегі қанды оқиғаны елестетеді. Соғыстың алғашқы жылы қиян-кескі бір шайқаста Күнекең жараланып, майдан даласында қалады. Неміс солдаттары қансырап жатқан жауынгерді орнынан тұрғызып, аты-жөнін сұрап, қалтасын қарайды. Төс қалтасынан комсомол билеті шыға келеді. Немістер сауатты одан соғысқан дивизиясының әскери күштері жөнінде мәліметтер алғысы келсе керек.
Қол көтеріп тұтқынға түспей, соғысып, жараланып далада қалған Күнтуғанды өлтірмей, офицерлер мінетін арғымақтарды күтіп-баптайтын атқора жұмысына жегеді. Құдай адамның тағдырын қалай өзгертем десе, солай болады екен. Бір күні немістер әлдеқайдан төрт-бес асыл тұқымды арғымақ әкеледі. Офицерлер әлгі арғымақтарға жақындаса, олар үркіп, аналарды жолатпайды. Ал, керісінше, Күнтуған жақындаса, аттар мойынсұнып тұра қалады. Бұған неміс офицерлері таңданып: «Сен бұлардың тілін білесің бе, неге бізден үркіп, саған келгенде жуаси қалады?» деп сұрайды. «Иә, тілін білемін» деп әзілдейді Күнекең. «Біздің халықта: «Қазақ пен жылқы егіз» деген» түсінік бар. Мен бала кезімнен тай мініп, ат баптап, қымыз ішіп, сайын далада ежелден жылқымен бірге жасап келе жатқан ұлттың өкілімін» дегенде немістер Күнтуғанның бұл әңгімесіне әрі таңданып, әрі сүйсініп қалады. Кейіннен Мұстафа Шоқайдың атақты Түркістан легионына келуіне осы оқиға себеп болады. Мұстафаны көзімен көріп, оның сөзін тыңдайды.

БҰҰ ғимараты алдында

200-ге жуық елдің жалауы желбіреген БҰҰ ғимараты алдындағы Шаранский алаңында акция өткізу оңай болған жоқ, қауіпті еді. Бұл жайында кезінде егжей-тегжейлі жазылғандықтан, оны қайталап жазуды жөн көрмедім. Өте қиын әрі күрделі, тәуекелге барған қарсылық акциясы кезінде Күнекеңнің «Аттан» жорық штабының бір мүшесі ретінде үнемі бізбен бірге жүруі ерлікпен пара-пар еді. Жиналмалы ұран-плакаттарды, қапшықтарды білдірмей алып жүру сақтықты талап етті.
Акция аяқталуға жақындаған кезде Күнекең бәрімізді үйіне қонаққа шақырды. Ұлты неміс әйелі өте қонақжай екен. Жақсы қарсы алып, туған-туысындай күтті. Үйінде отырғанда Күнекең АҚШ-қа келген қазақтың белгілі тұлғалары туралы әңгімелей келіп: «Менің үйіме 1960 жылы қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов, 1970 жылы қазақтың ұлы режиссері Шәкен Айманов, 1980 жылдың соңында Қазақстанның Оқу министрі Шайсұлтан Шаяхметов қонақ болып, дастарқанымнан дәм татты. Міне, енді сен келіп отырсың інім» деп, әңгімесін жалғастырды. Айтпақшы, сонда ол өзінің үйінде танымал журналист Нұрмақан Оразбековтің де болғанын есіне түсірген еді.
Өткен ғасырдың 70-жылдары «Атаман­ның ақыры», «Қыз Жібек» фильмдері экранға шыққан кезде Шәкен Айманов АҚШ-қа іссапармен келеді. Мұны естіген Күнекең атақты режиссерді іздеп барып, үйіне қонаққа шақырады. Қызық әңгіме-дүкен құрып, шарап ішіп шаттанған Шәкең Күнтуғанға қатты риза болып, кетерінде: «Орыстар менің жаңа шыққан фильмдерімді Америкада көрсетуге неге құлықсыз болды деп ойласам, бұл шовинистік пиғылдан туындайды екен ғой» депті. Күнтуғанның ай­туынша, осы сөз ертеңіне Мәскеуге бір-ақ жетеді. Осыған қарағанда делегация құ­рамында КГБ-ның жансыздары болса керек.
Кеңес үкіметі шетелдерге кеткендерді Отанын сатқандар деп қаралайтын. ­Күнту­ған да солардың қатарында болды. Алайда саясат қанша қараласа да, Күнтуған Отанын ұмытқан жоқ. Әрқашан елі есінде жүрді. Өткен ғасырдың 60-жылдары есебін тауып, Ташкент арқылы туған еліне келіп кетеді.
Нью-Йоркте Абайдың өлеңдерін жатқа айтып, Абылай ханды пір тұтып сөйлейтін Күнекеңнің бойында ұлттық ұлы қасиет мықты еді. Нью-Йоркте тұратын керей-қазақ Әбдіуахиттің үйінде онымен алғаш кездескенде ежелгі қазақ салты бойынша ол кісі көзіне жас алып, мені қапсыра құшақтап көрісіп, мауқын басқан еді. Күнекеңнің сондағы елге деген сағынышы, 60 жылдай шетте жүрсе де қазақтың тілін, салт-дәстүрін көздің қарашығындай сақтағаны күні бүгінге дейін жүрегімді елжіретеді. Күнекеңнің елін, жерін шексіз сүйетіні оның мына бір сөздерінен де айқын аңғарылатын: «Жер-суға ие бола алмай, оны атомға ұя қылғандарыңа мен қапалымын ғой!» деп күрсінетін.

«Құдайсыздар қоғамынан келдің»

Күнекеңнің жар сүйіп үйленуі, некеге тұруы да өте қызықты оқиға.
Ол өзі сүйіп, үйленуге келісіп, соңында шіркеуге келіп некеге тұруы, тағы да басқа Еуропалық ғұрыптың орындалуы адам айтса таңғалдыратын бір өнеге тәмсіл екенін дәлелдейді.
– Неке қию рәсімінде шіркеуде ұялға­нымнан жерге кіруге тесік таба алмадым, – деп әңгімесін бастады бірде Күне­кең. Шіркеу попы менің аты-жөнімді, туған елімді сұрап білген соң «қай дінді ұстанасың» деп сұрады. Мектепте атеистік тәрбие алып, «Құдай жоқ» деп комсомолға өткенмен дінге байланысты сұраққа жауап бере алмадым. Содан соң: «Орта Азия мұсылмандарының қасиетті кітабы бар, сол жөнінде түсінігің барма?» деді. Бұған тағы жауап бере алмай өзімше бір нәрселерді айтып міңгірледім. Соңында Пайғамбар жайында сауал қойды. Діннен мақұрым мен не айтарымды білмей терлеп-тепшіп кеттім. Білмегенім үшін ұялғаным соншалық – егер жерде тесік болса кіріп кетуге әзір едім. Бәрінен бұрын некеге отырғызбай «үйленуге болмайды» деп пәтуа шығарса – маған сол қайғы еді.
Менің түрімнің бұзылып, көңіл күйімнің түсіп кеткенін көрген поп бір кезде маған қарап былай деді: «Сен жігіт менің сауалдарыма жауап бере алмадың. Бұған сен кінәлі емессің. Өйткені поп пен молданы ит жеккенге айдаған, шіркеу, мешітті қиратқан құдайсыздар қоғамынан келдің. Бірақ сен қашанда біліп жүр. Сендердің діндерің ислам, қасиетті кітаптарың Құран, ал Пайғамбарларың Мұхаммед» дегенде ғұлама дін өкіліне қатты риза болып, одан кешірім сұрадым. «Білмегенің үшін сені ­айыптамаймыз бұған қоғамдағы дін­сіз саясат кінәлі» деп соңын­да некеге тұруға келісім берді.
– Шіркеуде ежелден ата-бабаларым ұстанған дін жөнінде ешнәрсе білмей, одан мақұрым қалғаным үшін ұялғаным әлі есімнен кетпейді, – деп үйленген христиан неміс әйелі жөнінде біраз әнгімеледі.

Сұмдық-сойқан оқиға

Германияда тұтқын болып, көрмегенді көріп, Кеңес үкіметі кеңшілік жасаса екен деп елге қайтуды Күнекең күндіз-түні ойлайды. Бір күні Кеңес үкіметінің тұтқындарға рақымшылық жасайды деген хабары тарайды. Әсіресе қазақтардың қуаныштан жүректері жарыла ­жаздайды. «Біздің ­Абылай хан да жауына тұтқын болған. Оны елі кешірген» деп әлгі хабарға имандай сеніп, мәре-сәре болады. Абы­лайдың оқыста жау қолына түскені рас. Осы оқиғаны тәмсіл қылып, өткенді еске алып, құдайдан бір жақсылық болса екен деп жаратқаннан жалына тілеген ғой тұтқындар.
Германиядағы тұтқындар екі эшалон болып, пойызбен елге кетудің қамына кіріседі. Бірінші эшалонмен Күнекеңнің тұтқын өзбек досы кетеді. Күнекең он шақты күннен кейін жүретін екінші эшалонмен кетуді жөн көреді. Арада бір апта өткенде бет аузында тамтық жоқ, күйіктен түр-түсі өзгерген, бір қолы сынған тұтқын өзбек лагерге қайта оралады. Күнтуғанды көріп, еңкілдеп жылап көріседі. «Не болды? – деп сұрайды. – Брестке келгенде эшалонның тең жартысы өртеніп кетті. Соңғы вагонда отырған біз, вагоннан секіріп, өрттен аман қалдық. Бұл жауға түскен тұтқындардың көзін жою үшін әдейі ұйымдастырылған қанды жаза, сойқан сұмдық екенін кейін білдік. Тұтқындарды амалын тауып, қырып тастау жөнінде Сталиннен арнайы нұсқау берілген екен. Мұны бізге неміс офицерлері айтты. Күнтуған, мұны өзіңе ғана айтып отырмын. Елге қайтуды ойлама» деп жалынады. Бұл сұмдықты естіген Күнтуған екінші пойызға отырмай Германияда тұтқындар лагерінде қалып, енді мұнда қалай өмір сүрудің қамына кіріседі. Сөйтіп, бағына шетелдік иманды азаматтар кездесіп өлмеудің жолына түседі.
Жауға түскен тұтқындарды жазалаудың құлағы естіп, көз көрмеген сталиндік бір сұмдығын Күнекеңнен білгенде көпке дейін эшалондағы өрт қырғыны ойымнан кетпеді.

Ораз Қауғабай,
жазушы

919 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы