• Тұлға
  • 02 Қыркүйек, 2020

Жақсылықты жырлаған Жақсылық

Ақындығы мен азаматтығы жақсылыққа жол ашқан, сезімі мен сенімі жарасқан Жақсылық Айжан ақын туралы сыр

Өткенді «кешегі кеңес дәуірі» деп сөз бастау дәстүрге енді. «Дәстүрге бас бұр» деген тәмсілге тиек салып, біз де осылай бастамақпыз. 1970 жылдың қазан айы. КазГУ-дың филология факультеті. Ауылшаруашылығы жұмысынан келіп, аудиторияға енді ғана дендеп отыра бастаған кез. «Фонетика» пәнінен бізге ғылым докторы, профессор, белгілі жазушы Әзиза Нұрмаханова деген апамыз дәріс оқитын болыпты. Студенттік барлау жұмысы өз күшінде. «Қатал екен, мінезі қиын, кекшіл, қайсар ұстаз» деген сөз желдей есіп, қыздардың көңілін күзгі жапырақтай қалтыратып, ұлдардың көңілін күпті етіп, санамыз сан-саққа жүгірген. Бір күні келді. Дүр қозғалып, сәлемдесу ишарасын жасап, апайға барлап қарай бастадық. Еуропалық сәнде киінген, кеңсе өтілінен өткен, өзіне сенімді кісінің жүзін көріп, әрі қарай не болар екен деген таңсық ой меңдеп, әліптің артын бағып отырмыз. Аудитория тынып қалды.

– Балалар, мен «Фонетика» деген пәннен дәріс беремін, аты-жөнім Әзиза Нұрмаханова, бұл өте күрделі сабақ, тілдің музыкасы да, ырғағы мен әуені де өте тылсым құбылыс, сендерге оңай тимес, бірақ шын ниетпен оқысаңдар, жақсы меңгеріп кетесіңдер, – деді сөзін дәл, нақпа-нақ қадап айтып. – Бәрің де ауылдан келген боларсыңдар, туған жерлеріңді сағынған шығарсыңдар, бүгінгі сабақты туған жер тақырыбынан бастайық, әркім өзінің туған жері туралы шығарма жазсын, соңына авторын қойып, тапсырыңдар, келесі сабақта бірлесе талқылаймыз, – деді сәлден соң. Дереу қаламға жүгініп, кірісіп кеттік.
Келесі сабақта ұстазымыз ауди­то­рияға кіріп амандасқан соң, асықпай орнына отырып, біз жазған шығармаларды үстелдің үстіне жаймалап қойып, бізге күлімсірей қарап, біраз ойда отырды. Сосын ақырын ғана сөйлеп, «Жақсылық Айжанов деген қайсың?» деді. Мінезі бұйығылау, жұмбақтау, бірақ үнемі сөйлеген кезде адамға күлімсіреп қарайтын Жақсылық қысыла көтеріліп, «мен едім» деді ақырын. Апайдың жүзі нұрланып сала берді, жүзінде жылы шуақ жүгіріп, «сенің шығармаң өлеңмен жазылған екен, сондай ұнады, ақын болғалы тұрсың, айналайын, тақтаға шығып, енді өлеңіңді өзің оқып бер» деді жайдарлана сөйлеп. Біз де күдік торынан босап шығып, көңілденіп қалдық. Жақсылық шығармасын дауыстап оқып шықты. Апай бір сәт үнсіздікке бой алдырып, бір нәрсені есіне түсіргендей болып отырып қалды. Енді не болар екен деп біз отырмыз.
– Сенің өлеңдеріңде образ, сезім, көңіл күй жақсы көрініс тапқан, туған жердің құдіретін ашыпсың, жырыңның ырғағы мен ішкі ағысы Төлеген Айбергеновті еске түсірді. Ғажайып ақын еді, маңдайға сыймай кетті. Сен осы мектептің ақыны боласың деп ойлаймын, сенемін, – деді апай толқи сөйлеп. «Төлеген ерекше дарын еді, кезінде маған өлең арнаған шәкіртім болды, сол кезді есіме салдың. Іздене бер, оқы, осы қалпыңнан айырылып қалма, сені мақтан ететін болайық» деді. Кейін біз Төлеген Айбергеновтің «Мен туған жердің ардағы» деген Әзиза апамызға арнаған құйма жырын ­дауыстап оқып, құлақтың құрышын қандырдық.
Мен туған жердің ардағы,
Жарқылдап жүрген жақсы апам.
Айтатын алғыс бар-дағы,
Қоятын кінәм жоқ саған...
Сендегі жарқын, пәк талант,
Кешегі сайлы министр,
Бүгінгі ойлы докторант, – деп төгіліп келетін жыр жолдары бір кезеңде Қарақалпақстан АССР-інде Оқу министрі болған Әзиза апайымызға Төлегеннің арнаған өлеңі екен. Оны Жақсылықтың өлеңіне, соған ұқсатқанын сол жерде ұстазымыз айтып, бір сәт көңілі босағандай болды. Қатал деп жүрген адамның сол сәттегі көңіл күйін көрген біз оның жаны нәзік кісі екенін сезініп, бір серпіліп қалдық. Ал досымыз Жақсылықты жаңаша танып, оған деген құрметіміз жаңа белеске көтерілген еді. Өзі де көрнекті қаламгер, Әлия Молдағұлова туралы «Шығыс шынары» деген деректі роман жазған, одан кейін қазақ қыздарының тарихы мен тағдыры жөнінде «Қыздар» атты көркем роман берген Әзиза Нұрмаханованың қазақ әдебиетіндегі қаламгерлік рөлі бір төбе болатын. Оның жазушылық еңбегі хақында әлі күнге дейін арнайы зерттеу, ғылыми еңбектің кемшіндігі алдын көрген шәкірттері – біз үшін, сын болса керек.
Жақсылық Айжановтың алғашқы ақындық қадамы осы кезеңнен бас­тап шынайы шығармашылық жолға түсті деп айтсам, артық болмайды. Ол талғап, таңдап, азаң жазатын, алған тақырыбын барынша ойлы образға орайтын, сезімі мен сенімі қатар өріп, адам жанын баурайтын, туған жерінің табиғатынан аумайтын ақын. Тегінде өлең, өнер топыраққа қонатын болса керек. Ақтөбе облысының Байғанин ауданынан шыққан ақындардың көші қазақ поэзиясының қазыналы керуені секілді. Нұрпейіс Байғаниннен тартып, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Мұхтар Құрманалин, Сәбит ­Баймолдин, Жақсылық Айжанов, прозашылар Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұқамбетқалиев, Мәди Айымбетов – бір ауданның түлектері. Бұлардың қазақ әдебиетіне салған сыбағасы оқырманның жан дауасын тауып, жүрегіне жеткен. Осы топқа кезінде шетін жағдайда ата-анасы қоныс аударып кеткен Төлеген Айбергеновті қоссаңыз, талант таразысы одан сайын салмақ тартады.
Өткен ғасырдың 70-ші ­жылдары, студенттік кезімізде, жастар Төлегенмен «қатты ауырды». Өлең сүйген жас толқын бас қосқан жерде оның жырларын жатқа оқып, жанарлары боталап, көздерінде бірде мұң ұялап, бірде сағыныш атойлап, енді бірде албырт сезім аялап, ақын өлеңдеріндегі ағыстар мен қағыстарды самсатқан саналы серпін қиянға, қиялға тартып әкететін. Ақынның сол кезде шыққан «Мен саған ғашық едім» атты жыр жинағы әр жастың қолынан көшіп, мұқабасы ақжемденіп, көне кітап секілді ­болып көрінетін. Біз оның өлеңдерін түгелге жуық жатқа білдік. Соның бірі – Жақсылық. Оның өлеңдері Төлеген өлеңдерімен араласып, бейтаныс оқырман екі ақынның арасында адасып та қалатын. Жақсылықтың ақындық мектебі туралы айтқанда, мектепте оқып жүргенде оған ақын Өтежан Нұрғалиев сабақ берген, облыстық газетке жарияланған өлеңдеріне ақын Есенбай Дүйсенбаев бата берген, алғашқы «Балауса» жыр жинағындағы туындыларына ақын Сағи Жиенбаев сәт-сапар тілеген.
Студенттік жылдарда Жақсылық екеуміз қазақ жырының классиктері Әбділда мен Хамиттің, Сырбай мен Ғафудың, Мұқағали мен Қадырдың, Сағи мен Тұманбайдың, Өтежан мен Бекеннің алдында талай рет толқи тұрып қанат қақты туындыларымызды бірге оқыдық. Жылдар өте ол Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Тележурналистиканың ардагері, еліміздің «Құрметті журналисі» деген атақтарды лайықты иемденді.
Туған жерінің тарихи тұлғаларын тірілтудегі еңбегі жөнінде айтсам, Есет, Бөкенбай, Асау, Барақ, Бармақ батырлардың әз есімдерін елге тереңнен танытуға мұрындық болып, сансыз уақыттарын саудаға салмай осы іске арнады. Айтыс өнері жаңадан қайыра қанат қаққанда 9 жыл қатарынан Ақтөбеде ­айтыс ұйымдастырып, оны облыстық ­телеарна арқылы қалың қауымға жет­кізуде азаматтық белсенділік, теле­жур­налистік тұрақтылық танытты. Тарихи-танымдық тақырыптағы «Бармақ батыр», «Дәуіт дәуірі», «Аманат», «Домбыра-жүрек», «Жарқамыс», «Ұлы дала тектілері», «Үстірт хикая­лары» кітаптары оның іскерлік-ұйым­дастырушылық, жазба­герлік қайрат­керлігін толық танытты.
Әр халық меншіктеп айтатын тәмсілді жаңғырта айтсам, «Ақындар ауылда туып, астанада танылады». Жақсылық дипломын алғасын елге тартты. Ақтөбеге де ақындар керек деген пікірді ұстанды. Өмірлік музасын да елден тапты, өлеңін де өріске шығарды, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп, олардың бойына өнердің дәнін екті. Ұзақ жыл облыстық телеарнаның бас редакторы болып қызмет істеді. Өмір тек өлеңнен тұрмайды ғой, ол тірліктің қарапайым прозасымен де дендеп айналысты. Телеарнада жүрген кезінде өңірдің тарихи тұлғалары: ақындар мен жыршылар, батырлар мен билер, сәулетшілер мен күйшілер, әулиелер мен емшілер туралы бірнеше ондаған хабарлар, телеочерктер, телебаяндар, деректі фильмдер түсіріп, жазып, көрсетіп, кәнігі өнертанушыға, кәсіби өлкетанушыға, тынымсыз тарихшыға айналды.
Кез келген өлкетанушы көрген-білгенін келістіріп жаза алмайды. Қаламгер өлкетанушы болса, онда сәттілік қатар келгені, ал ақын болса, онда төбедегі төртеудің түгел болғаны. Осы тұрғыдан келгенде, Жақсылықтың туған өлкенің тау-тасын, өзен-көлін, сай-саласын, тарихи-мәдени орындарын, күмбірлеп тұрған күмбездерін, сөйлеп тұрған сәулет мұраларын ақындық жүрекпен, перзенттік тілекпен жазып, жеткізуі тіптен бөлек. Ол ұзақ жыл бойы Ақтөбе өңірінің тарихи тұлғаларының туындыгерлік бейнелерін бейнеткештікпен жинап, қаттап, рухани қазынаға айналдырып, көп дестелі айналымға қосты. Сонымен қатар өңірдің аңыз-әфсаналары, жыр-термелері, олардың авторлары мен жеткізушілері туралы да жалықпай жинап, жазып, кітапша, альбом, прос­пект, буклет етіп шығарып, халықтың қолжетімді мұрасына айналдырды. Жеті өнерді меңгерген Жақсылықтың тек пен түр танудағы, су мен ну танудағы ізденістері сұраған жанға толық мәліметтік дерек береді. Батыр құмар, биге ынтық қаламгер. «Өкшемді терістікке қаратып жерлеңдер, жауымды жеріме жібермей тіреп жатайын» ­деген Ердің соңы Есет батырдың әз есімін халқымен қайта қауыштыруға белсене атсалысқан қайраткерлігі атап өтерлік.
Керек жерінде археолог, керек жерінде мұратанушы, керек жерінде тарихшы, керек жерінде жолшы-ізші, керек жерінде адвокат, керек жерінде саятшы болып та кетіп жүреді. Бірақ бәрінде де оған көмекке ақындық таланты, қаламгерлік қуаты көмекке келеді. Генеология мен генетиканы, этнология мен этнографияны да ұштастырып, іздене жүріп, ізгілікке ұмтылуды естен шығармайды.
Жақаң жастарға ақылшы, өз қатарына қамқор, үлкенге ізетшіл, кішіге қошеметшіл, ойын-сауыққа ордалы, ағайын-досқа қормалы кісі. Жайдары, жайсаң мінезді болғасын болар, жетпістің есігін қағып тұрса да шашын ақ шалмай, көзінің қиығындағы жұмбақ күлкісін жоғалтпай, құрбыларға деген назын жазға, сөзін сазға айналдырып келе жатқан азамат. Өткен жылы университетке түскенімізге 50 жыл толуын Алматыда атап өткенде, Жақаң Ақтөбеден асып, Қызылорданы ­басып поезда келе жатқанда «Қармақшы арулары» деген сырлы да нұрлы өлең жазып, оған Құныпия досымыз ән шығарғанда, курстас қыздар «Неге біз Қармақшыда тумадық екен?» деп, қызғаныштан қызарып кетіп еді. Өлеңін естіген анау Атыраудың Тайсойған деген тау құмында Толағайдай болып жатқан Халидолла деген ақын, әнші, сазгер досымыз баянды жыртып жіберердей тартып-тартып, «Мен де ән жазамын бұл өлеңге» деп қанатын қомдап, көңілін толғап қойыпты. Өлең кейіпкеріне жақындығым болғасын «Байғазыға байдың қызы» деп мен отырмын. Сонда Жақаң былай деп мөлдіреткен:
Сырым боп өрілесің,
Сәуле боп төгілесің.
Ақ сезім желкені боп,
Жүректе керілесің.
Қармақшы арулары –
Үкілі үміттерім,
Қол бұлғап шақырады,
Даланың жігіттерін.
Таңғалтып барасыңдар,
Жүзіңде жарасым бар,
Арман боп қаласыңдар,
Қармақшы арулары.
Осы өлеңді оқығанда ­ойыма Сырбай Мәуленовтің: «Сен мені ойладың ба, түсімде көрдім, Тобылдың қойнауында, тобылғы ішінде көрдім» деген тамаша өлең жолдарының сазы мен назы түседі. Оның поэзиясында осындай нәзік иірімді, сыршыл да мұңшыл, ішкі ­динамикасы жан діріліне толы жырлары жетерлік. Ол қайнаған өмірдің, астанадан алыс өңірдің бел ортасында келе жатқан қаламгер. Мүмкін оқырман оның есімін жалпылық салтта жыға ­танымай қалып жатса, оның себебін осы жерден іздеу керек. Елде тұрып еленген, алыста тұрып абыройлы болған ақындардың тізіміне Жақсылықты қуана қосамын. Бұл жерде маған көмекке оның өлеңдері келеді.
Ақынның «Оралу» атты жыр кітабы қасиетті қазақ жырына деген құрметінің нәтижесінде Тәңір сыйлаған тағдырына мойынсұнып, поэзия бекетіне қайыра бас иген жанның сыры мен мұңын жан-жақты ашып көрсетеді. Өмірге ақын болып келген адамның сол сапардан қайтуы екіталай. Жақсылық та жырақта көп жүрді, бірақ туған тағдырына қайта оралды. Аруана – бауыр дүниеге боздап оралды, жанының шоғы қоздап оралды.
Тайыздан жеріп кеткенмін,
Парасатыма өлшетем.
Теңіз боп тереңдіктердің,
Тұңғиықтығын көрсетем. ­Осылайша серт беріп, серпінді жыр жазды.
Боздайды ойсылқара жазығымда,
Тербеуде боз даланы сазы мұнда.
Жүрегім сол әуенмен тілдеседі,
Тұрған соң Алтын Орда қазығында, – деп сыр ашады маған ақын Сарайшықта тұрған сағынышты тербелісінде. Өлеңін маған арнағанмен, жалпы назары туған тарихымызға тұнған базына болатын.Сырдың ұшығы мен тұшымы жанға ұя салады.
Жақсылық – лирик ақын. Жүрегінде сыр мен мұң, шаттық пен шапағат, ­махаббат пен мархабат қатар құйылыс тауып, көңіл бұлағы лайланбай ағатын қаламгер. Ол кейде айлар бойы өлең жазбай кетеді де, бір кезде Електей екпіндей ағып, Жайықтай жайыла толқып, өлеңді төгіп тастайды. Өзінің оң жамбасына келген жырын сымсыз телефон арқылы маған қарай ұшырады. Мен де оқи сала қоңыраулатсам, ол енді ауласында қызанақ үзіп, қияр қиялап, сәбіз суырып немерелерін мәз етіп жатады. Оған «агроном ақын» деп ат берейін десем, оным аздық ететін сияқты, балықшылығы, саятшылығы өкпелеп қалуы мүмкін. Жақаң жеті тілді білмесе де, жеті өнерді меңгерген жан.
Жақсылық Айжанов ақын ретінде де, азамат ретінде де жылдар бойы жақсылықты жырлап, ізгілікті ту етіп, түйіндей айтқанда, Жақсылықтың жалаугері болып келе жатқан қаламгер. Жемісті жеті ондығы осылай зерленді. Алдағы күндерде де оның нұрлы нысанасы аумайтынына біз кәміл сенеміз. Ақынға жақсылықты жырлаудан асқан қымбат тақырып бар ма? Әрине, жоқ.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

 

1485 рет

көрсетілді

71

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы