• Руханият
  • 02 Қыркүйек, 2020

Қазақ автономиясына 100 жыл

Алматыда Қазақ Республикасының 100 жылдығына орай «Кеңестік Қазақ автономиясының құрылуы – Ұлы даладағы мыңжылдық мемлекеттілік дәстүрдің жаңғыруы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция өтті. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ұйымдастырған онлайн шараны институт директоры Зиябек Қабылдинов ашты.

Аталған онлайн конференцияға ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрайымы ­Жанна Құрманғалиева, ҚР Парла­менті Сенатының депутаты Мұрат ­Бақ­тиярұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев қатысты. Сонымен бірге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Орталық Азиядағы дәс­түрлі өркениеттерді зерттеу» орта­лығының директоры Талас Омарбеков «Қазақ автономиясының теориялық мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Ал Қырғыз Респуб­ликасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академияның проректоры Зайнидин Курманов «ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қырғыз және қазақ саяси элитасының ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту жолындағы күресі» тақыбырында сөйледі. Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл «Қазақстан автономиясы үшін күрес: тарихы және оның қазіргі саясатта қолданылуы» деген тақырып бойынша баяндама жасаса, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы ­Тарих институтының жетекші ғылыми қызметкері К.Раджабов «Түркістан АКСР-і мен Қырғыз (Қазақ) АКСР-і қатынасы (1920-1924)» атты тақырыпқа баяндама жасады.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, академик Диқан Қамзабекұлы «Смағұл Сәдуақасұлы – Қазақ автономиялық рес­публикасының көрнекті қайрат­кері» атты тақырыпта баяндама жасап, жалынды қайраткер С.Сәдуақасұлының тарихи рөліне, өмірі мен қызметіне қатысты фотоларды көрсетті. Ал Мемлекет тарихы инс­титутының бас ғылыми қызметкері, заң ғылымының кандидаты, профессор Е.Қалиұлы «Қазақстандағы «жоғарыдан төменге» принципі бойынша автономия­ландыру» атты тақырып бойынша баяндама жасап, ҚАКСР билік орындарының Орталықтың қаулы-қарарлары мен бұйрықтарын мүлтіксіз орындауға тиіс болғанын ашып берді.
Тарих ғылымының кандидаты Сәбит Шілдебай «ҚАКСР Кеңестерінің Құрылтай съезі: автономияны жариялау және оның бүгінгі таңдағы та­рих­намалық мәселелері» деген тақырып бойынша ­баяндама жасап: «Себебі, дәл осы күні ҚАКСР Кеңес­тері Құрылтай съезінің кешкі мәжілісінде 2 «қарсы» және 5 «қалыс» дауыспен «ҚАКСР еңбекшілері құқы­ғының декларациясы» атты бірінші Конституциялық құжат қабылданып, съезд ҚАКСР-ды жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, казактар, қызыл әскерлер депутаттары Кеңестерінің республикасы деп жариялады. Кеңестік Қазақ автономиясы – байырғы қазақ жерлерін бір республика құрамына біріктіруге тарихи негіз болды. Сондықтан жыл сайын 6 қазанда ҚАКСР-ның құрылған күнін атап өтсек дұрыс болар еді» деді.

Индира СӘТІМ

996 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы