• Қоғам
  • 02 Қыркүйек, 2020

Жоғалтқанымызды түгендейтін уақыт

Қуат Есімханов – елге белгілі тұлға. Мамандығы – инженер-құрылысшы, экономика ғылымының кандидаты. Павлодар облысының Ақсу ауданында атқару комитетінің төрағасы, қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, әкімі болды. Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстары әкімінің орынбасары қызметін абыройлы атқарды. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында басшы қызметте болды. Еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Лайықты сый-құрметті иеленді. «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» атағы бар. «Құрмет», «Парасат», «ҚР Құрметті теміржолшысы» ордендерімен марапатталған. Бірнеше облыс пен ауданның Құрметті азаматы. Бүгін Қуат Есімхановтың еңбек жолы емес, қазақ өнері мен мәдениетінің шынайы ­жанашыры, ұлтжандылығы туралы әңгіме қозғауды қош көрдік.

Кешегісіз бүгін жоқ

Қуат Есімханов қазағы қалың Май ауданының тумасы. Бұл өңірдің қасиетті де қасіретті түпсіз терең ­тарихы бар. Баһадүр батырлар мен күміс көмей әншілер, суырып салма ақындар мен тамам елді аузына қаратқан шешендер шыққан өлкеде табиғи сабақтастық үзілген емес. Адамдары бірінен-бірі өткен өнерлі, сегіз қырлы, бір сырлы. Шетінен ­шешен. Ел мен жердің тарихын жетік біледі. Қуат бала осындай ортада өсті. Оның үстіне әжесі Кәмеш пен анасы Жәкен де әңгіменің түбін түсіріп, майын тамызып айтатын еді. Аңыз әңгімелер мен жыр-термелерді де жақсы білетін. Ел басына күн туған қиын-қыс­тау, зобалаң, қасіретті күндер жайлы да әңгіме айтып отыратын. Осы әңгімелердің бәрі бала Қуаттың жадында жатталып қалды. Әдебиет пен мәдениетке, ел мен жер тарихына ­деген қызығушылығы мен құштарлығы әзиз аналардың арқасында бойына сіңді.
Қайсар, білімді, жігерлі жігіт бар-жоғы жиырма тоғыз жасында шаруашылықтың басшысы болды. Ол уақытта жауапты қызметтерге жастардың тағайындалуы сирек. Партия бар, бюро бар. Белгілі баспалдақтардан өтуің керек. Бағы мен талабы, білімі мен қайратына қарай Қуат Есімханов отыз екі жасында Ермак аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Жұмысы шашетектен. Сұрап келетіндер бар. Сынап келетіндер бар. Бәрінің де мәселесін шешуге тырысып бағады. Бастан асатын күнделікті қауырт, алашапқын жұмысына қарамастан елдің, жердің тарихына үңіліп, барын түгендеп, жоғын іздеуді де ұмытқан жоқ.
Тілі мен ділі, салт-санасы – бәрі орысшаланған Ермакта бұл уақытта ана тіліміздің аясы әбден тарылған болатын. Қазақша балабақша жоқ. Мектеп жоқ. Өсіп келе жатқан ұрпақтың басым бөлігі шүлдір-шүлдір етіп орысша сөйлейді. Ұлттық өнер мен мәдениеттен ада. Қазақтардың өзі бір-бірімен ана тілінде сөйлесуге арланады. Сөйлескеннің өзінде қойыртпақ. Осындай жанын жеген жағдайлар ауатком төрағасына күндіз-түні маза бермеді. Неден бастау керек? Қандай жұмыстар жүргізу керек? Аудан басшыларының бірі ретінде құзыреті жететін тірліктерді тізбектеп алды да, белді бекем буып, іске кірісті.
Бірте-бірте сірескен сең сөгіле бастады. Басшы үлгі болып жатса, басқалар қостамай қайтсін?!. Есімханов алдымен қазақ тіліндегі аудандық газетті ашты. Көшелер мен елді мекендерге елге елеулі еңбегі сіңген, өмірден өтіп, ұмыт қалған зиялы қазақ азаматтарының есімдері беріле бастады. Соның бірі – Мәмбет Омаров. Оның жанқиярлық еңбегі былай тұрсын, есімінің өзін көнекөз қариялар болмаса, жастар жағы естімеген. Тіпті кейбір шаруашылық басқарып отырған басшылар да білмейді. Оны айтасыз, кеңшар басқарған, Еңбек Ері атағын алған Омаровтың тіпті жатқан жерін де ешкім түстеп білмейтін болып шықты. Есімхановтың еңбегі арқасында Еңбек Ерінің есімі көшеге берілді. Бюсті ­орнатылды.
Бұл Есімхановтың бұрынғы ­Ермак, қазіргі Ақсу ауданында қызметте жүрген кезінде жүзеге асырған жүздеген игілікті, сауапты істерінің бірі ғана. Оның ұлт үшін, ұлттық мүдде үшін ештеңеден қайтпайтын, шаршап-шалдықпайтын белсенді басшы екенін байқаған ұлтжанды азаматтар жанына жинала бастады.
Есімхановтың тағы бір ерекше қасиеті – адамдарды бауырына тартып, баурап алады. Ойлы, ақылды сөзге тоқтайды. Құлақ асады. Дәлелді пікір айтқан адаммен санасады. Жұмыла жұмыс істеудің әдіс-тәсілін жақсы біледі. Оның ұйымдастырушылық қабілет-қарымын, сөзге тастай берік басшы екенін, бастаған істі аяғына жеткізгенше жарғақ құлағы жастыққа тимей тыным таппайтынын ақсулықтар әлі күнге дейін жыр қылып айтады.

Жаулаушының аты өшті...

Қуат Есімханов қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған уақытта Ермак деген жаулаушының мүсінін жойып, атын өшіруге еш тайсалмастан табанды түрде күрескен басшы. Өзі қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, коммунистік партияның жергілікті жердегі сенімді өкілі бола тұра, «Жоғары жақ не дейді екен?» деп жалтақтаған жоқ, «Қызметіммен қош айтысамын» деп қорыққан жоқ.
Алдымен Алматыға барып, белді жазушылармен ақылдасып еді, бір-екеуі «Бәлеге басыңды тығып қайтесің?» деп Есімхановтың ойға алған ісіне күмән-күдікпен қарады. Оларды да түсінуге болады. Коммунистік партияның ызғары мен ықпалы әлі қайта қоймағандықтан, сақтандырған түрлері ғой. Әйтсе де, Әбіш Кекілбаев бастаған Жазушылар одағы қолдау білдіріп, батасын берді.
Онан кейін академик, белгілі ­тарихшы Манаш Қозыбаевқа жолықты. Есімхановтың алдын ала өтініші ­бойын­ша академик Мәскеудегі тарихшы әріптестеріне хабарласып, Ермак ­туралы жан-жақты ақпарат алған болатын. Олар берген деректерге қарағанда, ­Ермак батыр емес, керісінше, ­жаулаушы, қанішер, баскесер болып шықты.
– Басбұзарлығы үшін жазаланып, Сібірге жер аударылғаны тарихи оқулықтарда жазылған. Қазақстанға еш қатысы жоқ жаулаушы бұл өңірді көрмеген де, білмеген де. Сүйегі де бұл жерде емес. Ресейдің Омбы облы-сының Тарск аңғарында қаза тапқан, – деген еді Қуат Есімханов Алматыдан оралған сапарында.
Шынын айту керек, сол уақытта Есімхановтың осындай қадамға барғаны көзсіз ерлік еді. Ойға алған ісін жүзеге асыруға ұйқысыз-күлкісіз бірнеше ай кетті. Сес көрсетіп, қоқан-лоқы жасағандар да болды. Бірақ ол алған бетінен қайтпады. Бәрін сабасына түсірді. Сөйтіп, қаланың қақ ортасында қасқайып, айбат шегіп тұрған Ермактың алып мүсіні бір түнде жермен-жексен болды. Сол уақытта облыстық газеттің қызметкері мен де осы тарихи оқиғаның басы-қасында болып, бірнеше мақала жазған едім.
Жаулаушының мүсіні алынғаннан кейін Ермактың атымен аталатын қаланың, көшелер мен елді мекендердің, аялдамалардың атын өзгерту керек болды. Осыны талқылау үшін қалалық кеңестің кезектен тыс сессиясы өтіп, сенесіз бе, жеті жарым сағатқа созылғаны әлі күнге есімде. Тіпті кейбір депутаттардың орындарынан атып-атып тұрып, Ермактың ескерткішін алуға қол қойған басшылардың жауапкершілігін қарау керектігін күн тәртібіне қайта-қайта тықпалағаны күні бүгінгідей көз алдымда. Сол кезде қаланың прокуроры Пономарев шығып, Қуат Есімханов жинақтаған тарихи деректермен таныстырған болатын. «Ермактың ескерткіші ескерткіш емес, ­мүсін. Ол мемлекеттік қорғауға алынған ­тарихи ескерткіштердің есебінде жоқ. Бұған байланысты Алматыдағы тиісті орындардан, облыстық архивтен қажетті құжаттардың көшірмесі алынды. Мүсін тіркелмеген. Сондықтан шешім заңға тіпті де қайшы емес» деп қолындағы құжаттардың көшірмесін депутаттардың алдына жайып салған еді. Сессияға қатысқан облыс әкімінің сол кездегі орынбасары, тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі облыстық қоғамның сол кездегі төрайымы В.В.Шершнева да оның сөзін нықтай түсіп, «Иә, бұл бар болғаны облыстық мәндегі мүсін» дегені есте.
Не керек, Қуат Есімхановтың ­сауатты қимыл-әрекетінің арқасында жаулаушының аты біржола өшті. Қала Ақсуға айналды. «Ұлт араздығы туып кетеді» деген сәуегейлердің болжамы далада қалды. Көп өтпей-ақ улап-шулағандардың дабыры басылып, Ақсудағы тіршілік-ахуал қалыпты арнаға түсті.

Ана аманаты

Қуат Есімханов қай қызметте жүрсе де аруақты батырлар мен алып тұлғалардың есімін жаңғыртуды жалғастыра берді. Оның үстіне бұл ­аяулы анасының да аманаты еді. Оны бір сәт те жадынан шығарған емес.
Қауырт жұмыстан қолы қалт етіп босағанда, кезекті еңбек демалысында жанға жайлы, ми тынықтыратын орындарды іздемей, керісінше, қазақтың кең даласын шарлап, елеусіз, ескерусіз қалған аруақты ата-бабалардың басына барып, Құран оқып, тәу етіп жүрді.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметінде жүргенде, қасында анасы бар, Семейге жол түседі. Кешегі кеңестік кезеңде атағы дүркіреген ет комбинатының тұсына келгенде анасының күрсіне айтқан әңгімесі ешқашан есінен кетпейді. «Осы ет комбинатының астында ұлтымыздың небір нарқасқа қайраткерлері жатыр ғой. Суырыпсалма ақын әрі әнші Кемпірбай Бөгенбайұлының да сүйегі осында. Тағы да басқа арыстарымыз осы жерде елеусіз болып, ұмыт қалды» деп анасының көкірегі қарс айырылып күңіренгенін көргенде Есімхановтың жаны жай таппаған еді.
Тарихи кітаптарды, деректерді ақтарды. Өлке тарихын жақсы білетін мамандармен пікірлесті. Академик Зейнолла Қабдоловпен кеңесу үшін әдейілеп Алматыға барып қайтты. Сонда академик: «Ол жерде Кемпірбай ақын ғана емес, Алашорда белсенділері мен әскербасылар да жерленген» деген еді. Сонымен, тарихи дәлелдер мен деректер бойынша анық-қанығы белгілі болып, қараусыз қалған арыстардың басына бел­гітас қойылып, Есімхановтың атсалы­суымен тағы бір сауапты іс жасалған-ды.

Абылай ханның
Ақ үйі

Жұмыс барысымен Солтүстік Қазақстан облысына барғанымда Қызылжардағы «Абылай ханның резиденциясы» деп аталатын мұражай кешенді аралаудың сәті түсті. Сол жолы облыстық телеарнаның директоры Ерлан Тоқшалық бұл кешеннің қайта ашылуына Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып қызмет істеген Қуат Есімхановтың ерекше үлесі бар екенін айтып қалып еді.
– Қызылжарлықтар ол кісіні айрықша құрмет тұтады. Өйткені Есімханов осы өңірден шыққан, бірақ халық жадынан ұмытылып бара жатқан, елеусіз қалған арыстарымызбен қайта «табыстырды». Дәлірек айтқанда, Қожаберген жырау мәңгілік қоныс тепкен орынды абаттандырып, арнайы мамандардың қатысуымен зәулім мазарын көтеріп, алыс-жақыннан ғалымдарды шақырып, ғылыми конференция өткізді. Ас берді. Екі томдық кітабын шығарды. Сегіз Сері ел аузында айтылғанымен, ол жайлы жергілікті жұрт жете біле бермейтін еді. Оның да артында қалған мұраларын жинақтап, кітап етіп шығаруға дәнекер болған Есімханов. Батыр Баян ше? Қазір облыста оның есімімен аталатын мектеп бар. Осы арқылы Батыр Баян да мәңгі ұмытылмайтын болды. Мағжан Жұмабаевтың 110 жылдығының тағылымды болып өткенін халық әлі күнге аузының суы құрып айтып жүр. Осы өңірден шыққан талай ақын-жазушылардың мерейтойлары елеусіз қалған жоқ. Осының бәрі Есімхановтың еңбегі, – дегені бар еді.
Ал Абылайдың Ақ үйіне байланыс­ты Есімхановтың біраз тер төгуіне, Мәскеуге шапқылауға тура келгенін жақсы білеміз. Өйткені керек деректің бәрі сонда. «Петропавлда Абылайдың үйі болмаған, бұл аңыз әңгіме» деп тарихты бұрмалап, негізсіз даурығып жүргендерге тоқтам жасау керек болды. Ол үшін нақты дерек керек. Ал Есімханов Абылайдың Ақ үйі туралы құжаттың Мәскеу архивінде бар екенінен хабардар еді.
Тарихтан белгілі, 1765 жылы ІІ Екатерина патшайымның бұйрығымен Петропавлда Абылайдың сұлтан кезінде оған екі қабатты орда салынған. Онда кеңсе, қонақүй, монша және басқа да қосалқы құрылыстар болған. Бірақ уақыт өте келе «Абылайдың ақ үйі» қоймаға айналып, шатыры опырылып ортасына түсіп, қабырғалары ғана қалқайып қалған еді. Әйтсе де, бұл орында Абылай ханның үйі болғанын көнекөз қызылжарлықтар жақсы біледі.
Барлық дерек Мәскеудің Бас барлау басқармасының архивінде. Ондағы сыйлас азаматтар Есімхановқа Абылайдың үйі туралы архивтегі құжаттың кө­шірмесін көрсетіп, тек танысуға ғана рұқсат береді. Онда бәрі тайға таңба басқандай анық жазылған болып шықты. Абылай үйінің орны, сызбасы, жұмсалған қаражаты, адам күші – бәрі толық көрсетілген екен. Тіпті 1811 жылы Абылай хан үйінің неден өртенгеніне дейін дерек бар. «Құжатты өз көзіммен көрдім» дегенге кім сене қояр дейсіз? Есімханов Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің қызметкерлерін араға салып, құзырлы органдардың араласуымен әупірімдеп жүріп қажетті құжаттардың көшірмесін алып, Астанаға жетеді. Тиісті орындарға құжаттарды тапсырады. Не керек, Қызылжардағы тарихи кешен «Мәдени мұра» мемле­кеттік бағдарламасына енеді. Бұған да бірден-бір дәнекер болған адам – Қуат Есімханов.
2008 жылы 21 тамызда Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен қалпына келтірілген «Абылай ханның резиденция­сы» мұражай кешені салтанатты түрде ашылды. Кешеннің алдында Абылайдың салт ат үстіндегі ескерткіші орнатылды. Қазір бұл қызылжарлықтардың ғана емес, алыс-жақыннан келген қонақтар мен туристер табан тірейтін ең қасиетті тарихи орын.

«Бір қыз бар Маралдыда...»

Қуат Есімханов қара жаяу емес. Домбыра шертудің шебері. Дауысы да бар. Әуелетіп ән салады. Бала кезінен солай. Оны ән-жырға баулыған әжесі Кәмеш. Әлі мектепке бара қоймаған кезінде домбыра сатып әпереді. Сол күні бала Қуаттың қуанышында шек болмайды. Ешкімнің көмегінсіз-ақ домбыра тартуды тез-ақ үйреніп алады. Арасында Иманжүсіптің, Естайдың әндерін тыңдайды. Оның бойында өнерге деген құштарлық осылай басталған. Содан бері қолынан домбырасы түскен емес.
Естайдай әнші-сазгердің мұраларын жинақтап, ел арасында насихаттауға, мерейтойларын өткізуге де ерекше атсалысып жүрген жанның бірі – Қуат Есімханов. Естай ақын ессіз ғашық болған Қорланның бейітін іздеуге де біраз уақытын сарп етті. Тынымсыз еңбек зая кеткен жоқ. 2010 жылы тапты.
Маралды ауылы қазіргі Павлодар облысының Шарбақты ауданында. Естай ақын мен Қорлан қыз бір-біріне алғаш және соңғы рет осы ауылдағы ойын-сауықта жолыққан. Ол кезде ­Маралды болысының Ұрық ауылы деп аталса керек. Бұл уақытта Ақкөл болысында (қазіргі Павлодар облысының Ертіс ауданының аумағы) тұратын Естайды Маралдыда өтетін той-думанға арнайы қонақ етіп шақырғаны туралы жазушы Қалмұхан Исабаевтың жазбаларында бар.
Павлодар облысының Шарбақты ­ауданы мен Ресейдің Алтай өлкесі шектесіп жатыр. Ол жақта қазақ ­ауылдары әлі де бар. Кезінде бір-бірімен ауылы аралас, қойы қоралас болған ғой. Алтай өлкесінде де мыңғыртып мал айдаған бақуатты би-болыстардың болғаны тарихтан белгілі. Қуат Есімханов «Естай ақынның жүрегін жаулаған хор қызы Қорланның зираты осы өлкедегі ауылдардың бірінде болуы мүмкін-ау» деп сол жаққа іздеу салады. Қателеспеген екен. Алтай өлкесінде орысша Бурлинский, қазақшалағанда Бөрілі ауданы бар. Осы ауданға қарасты «Притыка» бөлімшесін қазақтар «Қаранай» деп атайды. Бұл елді мекенді ежелден қандастарымыз мекен еткен. Ал сол ауылдан жиырма бес шақырым қашықтықта Сұлтан және Сұңқарбектің қоныстары бар. Бұл апалы-сіңлілі Құсни мен Қорланның атақонысы. Сұлтан олардың әкесі болса, Сұңқарбек әкесінің ағасы. Ал «Қаранай» ауылы Қорлан Сұлтанқызының нағашы жұрты.
Қорлан қыз Маралды жерінде Естай ақынды жолықтырмас бұрын Қаранай болысындағы Қуат деген байдың Нұрмұхамбет деген баласына атастырылған екен. Соған ұзатылар алдында апалы-сіңлілі Құсни мен Қорлан Маралдыдағы ойын-сауыққа қатысады ғой. Сол жерде Естай мен Қорланның бір-біріне деген ерекше ынтызар көңілі болғанымен, амал қанша, одан кейін екеуі кездесе алмаған.
Қорлан Сұлтанқызы атастырған жігітке тұрмысқа шығып, бес ұл, бір қыздың анасы атанады. Бірақ отыз жетінші жылғы зобалаң олардың да отбасын айналып өтпейді. Осы нәубет кезінде шиеттей балаларын аман алып қалу үшін нағашыларын жағалап барған Қорлан Сұлтанқызы сол жерде аштықтан әлсіреп үзіледі. Ал итжеккенге айдалып, қуғын-сүргін көрген жолдасы Нұрмұхамбет Ұлы Отан соғысы уақытында ауылына оралып, 1966 жылы қайтыс болған екен.
Қуат Есімханов осылайша арада 73 жыл өткен соң Естай Беркімбайұлы ғашық болған Қорланның зиратын табады. Қазақтың тағы бір ұлтжанды азаматы Ерлан Арын екеуі бір топ зиялы қауыммен бірге өлмес әннің кейіпкері болған Қорланның басына еңселі ескерткіш орнатады.

Арқарлы асуында аялдаңыз...

Иә. Талдықорғанға қарай тартылған таспа жолмен бара жатып Арқарлы асуынан асқанда аялдасаңыз, қазақтың жезтаңдай әншісі Күләш Байсейітованың Жетісу жеріне келін болып бара жатқанда алғаш аялдаған, табанының ізі қалған орынға тап боласыз. Сол жерде есерткіш-белгітас бар. Онда «Қазақтың әйгілі әншісі Күләштің Жетісу еліне келін ретінде алғаш келген сапарында Қанабек Байсейітұлы екеуінің ат шалдырып, дастарқан жайған жері» деген сөз өрнектеліп жазылған. Бұл жолдарды жазған қазақтың белгілі жазушысы – Ақселеу Сейдімбек. Ескерткішті орнатқан – Қуат Есімханов. Себепкер – Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев. Еркеғали Рахмадиевпен де Есімханов ағалы-інілі ретінде араласқаны бар. Әлемге әйгілі композитор құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін елордаға көшіп келіп, жастарға дәріс беріп жүрген болса керек. Көңіл-күйі болмай, қабағы түсіңкі жүрген күндердің бірінде Қуат Есімхановқа жолығып, ­базынасын айтқан.
– Қуат інім, сенен басқа ешкімнен қайран болатын түрі жоқ. Талай бас­шының алдына бардым, ешқайсысы құлақ аса қойған жоқ. Аманатты арқалап ана жаққа кете алмаймын ғой, – дейді Еркеғали Рахмадиев.
– Ол қандай аманат, Ераға? Ашып айтыңыз. Қолымнан келетін шаруа ­болса, көмектесуге дайынмын, – дейді Қуат Есімханов.
– Аманаттың жөні былай: Консерваторияда ректор болып жүргенімде Бөрлідегі әке-шешемнің амандығын біліп қайтпақ болып жолға жиналдым. Оны Қанекеңе, Қанабек Байсейітовке айтып едім, «Мені де ала кетші» деп қолқа салды. «Қанекеңнің де ауылы бір бағытта ғой, елге барып мауқын басқысы келген шығар, оның үстіне жолсерік болып бірге барғанымыз жақсы ғой» деп ойладым да, келісімімді бердім. Жолға шықтық. Арқарлы асуынан өте бергенде Қанекең көлікті тоқтатуды өтінді. «Жүрек жалғап алғысы келген шығар» деген оймен көлікті жолдың шет жағына қарай тоқтатып, төбенің үстіне шықтық. Дастарқан жайып, алып шыққан тағамдарымызды қойдық. Сол кезде Қанекең «Еркеш-ау, мен ішіп-жеу үшін емес, бұл жерді өзіңе әдейі көрсетейін деп келдім. 1934 жылы Күләш екеуміз бас қосып, Жетісуға жас отбасы болып алғаш рет келе жатқанда дәл осы жерде дастарқан жайып, аялдаған едік. Қасымызда серіктеріміз бар болатын. Күләш соларға қарата: «Жетісуға алғаш келін болып, жерін аттап отырмын, дастарқан жаяйын» деген еді тебіреніп тұрып. «Сол орын міне, осы жер» деді Қанекең. Күләштің өнер көгіндегі жарық жұлдыз болғанын саған айтып жату артық болар, Қуатжан. Сондай әлемге әйгілі әншінің табанының ізі қалған жерге белгі орнатуды маған аманат еткен еді. Кейін күйкі тірлікпен жүріп, сол аманатты орындаудың реті келмеді. Осыған көмек берсең қайтеді, Қуат інім, – дейді Еркеғали Рахмадиев.
– Мұны неге ертерек айтпағансыз, Ераға-ау. Бар-жоғы 24 жасында Кеңес Одағының Халық артисі болған, әлемдік сахналарда әуелетіп ән шырқап, талайларды тамсантқан Күләш Байсейітовадай күміс көмей әншіні қазақ халқы мәңгі ұмытпауы тиіс. Ескерткіш қойылады. Уәде беремін, – дейді Есімханов.
Арада көп уақыт өтпей ескерткіш-бел­гітас орнатылады. Соны көріп ­Ерке­ғали Рахмадиев балаша қуанған көрінеді.

Ақсұңқардың қанатынан үзілген бір қауырсын...

Бұл Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлының өлең жолдары. Ақсұңқар – Сәкен Сейфуллин, қауырсын – ұлы Аян.
Отыз жетінші жылғы аласапыранда Сәкен Сейфуллин «халық жауы» болып ұсталып кеткеннен кейін шолақ белсенділер әйелі Гүлбахрамға да күн көрсетпеген ғой. Лагерьге жапқан. Жер аударған. Гүлбахрамды «Отанын сатқандардың әйелдері» колониясына апара жатқанда, вагондағы адам төзгісіз жағдайды көтере алмаған Аян Көкшетаудың тұсына келгенде қайтыс болады. Гүлбахрам Батырбекқызы сол станциядағы адамдарға жалынып-жалбарып жүріп, баланы жерлейді.
Қуат Есімханов Көкшетауға бір барғанында Аянның бейітіне кездейсоқ тап болады. Қараусыз қалғанын көріп көңілі құлазиды. «Бұл жерде Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аян жерленген» деп жазуы да өше бастаған екен. «Аян асылдың тұяғы емес пе? Оның бейітін осыншалықты күйге түсіргеніміз азаматтығымызға сын емес пе?». Серіктес, пікірлес азаматтарға хабарласады. Көп ұзамай, бәрі жұмылып жүріп Аян Сәкенұлының бейітінің басына жақсылап белгітас қояды, ас береді. Белгітастың бетіне Несіпбек Айтұлының: «Үзілген бір қауырсын жатыр мұнда, Сәкендей ақсұңқардың қанатынан» ­деген өлең жолдары жазылады...
Омбы қаласында Алаштың арыс­тары өмір сүргені тарихтан белгілі. Сәкен ­Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев оқыған училище де осында. Сондай тарихи орындарды көрсету ниетімен Қуат Есімханов бір топ зиялы қауымды Омбыға апарады. Осы облыстың губернаторы Леонид ­Полежаев Есімхановтың ескі досы. Онымен қазақтың екі алыбы оқыған училищенің қабырғасына белгітақта орнатуға алдын-ала келісіп алады. Қазақстаннан барған зиялы қауымның және жергілікті тұрғындардың, жастардың қатысуымен жоспарланған іс-шаралар өткізіліп, артынан ас беріледі. Онан кейін «Бой жазайық, қаланың көрікті жерлерін көрейік» деген оймен Омбыны аралап, саябақта келе жатқанда Есімханов тағы бір жағдайға тап болады.
– Омбыға оның алдында да талай бардым ғой, дәл қазақстандық делегациямен келе жатқанда тап қылғанын көрмейсіз бе? Қолымдағы қоқысты жәшікке тастай бергенім сол еді, тақтайшадағы жазуға көзім түсті. Онда «Здесь будет установлен памятник известному географу Чокану Валиханову» деп жазылған. Өзіме-өзім сенбей қайта оқыдым. Тақта жарты ғасырдай бұрын қойылған болса керек, жазуы өшіңкіреп қалыпты. Іздегенге – сұраған. Орын дайын. «Ендігісі Шоқан Уәлихановтың ескерткішін тездетіп орнату керек» деп сол сәтте шешім жасадық. Губернаторға ниетімізді жеткіздім. Ол қарсы болған жоқ. «Тек мыстан құйылған ескерткішті тонап кетеді, сол жағын ойланыңыздар» деп құлаққағыс жасады. Бұл мәселені де Омбының Ішкі Істер министрі, генерал Виктор Камерцельмен пысықтап алдым. Оны бұрыннан білетін едім, Павлодарда қызмет жасаған ежелгі дос. Міне, осындай әзірлікпен Омбы қаласында да Шоқан Уәлихановқа ескерткіш орнаттық, бауырым, – деген еді Қуат Есімханов.

Ғалым Омарханов

1184 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы