• Қоғам
  • 02 Қыркүйек, 2020

Президент нақты міндет жүктеді

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздегі және дүниежүзіндегі экономикалық-саяси, рухани-мәдени және өзге де тақырыптарды жан-жақты саралап берді. Дүниежүзі мемлекеттері кездесіп отырған қиындықты жұмыла көтеруге шақырды. Нақты біздің сала бойынша да арнайы тапсырмаларды да назардан тыс қалдырған жоқ. «Алдымызда тұрған міндет – 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық маңызы бар жолдардың бәрін қайта жөндеп, жол бойындағы қызмет көрсетумен қамтамасыз ету» деп ерекше атап көрсетті. Осы орайда былтырғы жылдан бері атқарылып келе жатқан жоба-жұмыстарымыз туралы да айтып өткенді дұрыс шығар деп есептеймін.
2019 жылы «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аяқталған болатын. Оның аясында республикалық маңызы бар 3000 шақырым автожол салынды, 10 мың шақырымға жуық тас жол жөнделді және 100 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
Қазіргі таңда республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым күре жол құрылыс жұмыстарымен қамтылған. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 641 шақырым жолда көлік қозғалысына рұқсат берілді. Сондай-ақ 1,1 мың шақырым автожолға орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталмыш жұмыстардың нәтижесі бойын­ша республикалық маңызы бар автожолдың 88%-ы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жетті. І және ІІ техникалық санаттағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 34%-ға (8,2 мың шақырым) дейін артты. Яғни «Нұрлы жол» бағдарламасының 2015-2019 жылғы жоспарлары жүзеге асып, сәтті аяқталды.
Қазіргі таңда «Нұрлы жол 2020-2025» бағдарла­ма­сының аясында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның негізгі мақсаты – республикалық маңызы бар тас жолдардың 100%-ын, ал облыстық және аудандық жолдардың 95%-ын жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізу.
2020 жылы республикалық маңыздағы ­автожол желісін дамытуға 332 млрд теңге бөлінді. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында 4 мың шақырым автожолды қайта жаңарту және құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл жалпы ұзындығы 2,6 мың (2593) шақырым тас жол бойынша көлік қозғалысына рұқсат беру ісі жоспарланған. Олар: Талдықорған-Өскемен – 765 км; Қалбатау-Майқапшағай – 415 км; Қарағанды-Балқаш – 363 км; Балқаш-Күрті-Бурылбайтал – 382 км; Мерке-Бурылбайтал – 266 км; Ұзынағаш-Отар – 96 км; Нұр-Сұлтан-Петропавл – 66 км; Ақтөбе-Атырау-Астрахань – 120 км; Қостанай-Қарабұтақ – 60 км; Үшарал-Достық – 60 км.
Бүгінгі күні республикалық маңызы бар автожолдардың бойында 1838 сервис нысаны бар. Оның 52%-ы (930 нысан) Ұлттық стандартқа сай. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша биылғы жылдың соңына дейін жол бойындағы сервис нысандарының 58%-ын аталмыш стандартқа сәйкестендіру жоспарланып отыр.
2020 жылдың бірінші жартыжылдығында сервис нысандарының саны 1803 нысаннан 1838 нысанға, ал стандартқа сай 883 нысанның қатары толығып, 930 нысанға жетті. Жыл басынан жаңа 35 сервис нысаны пайдалануға берілді.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ барлық сервис ­нысандарын Ұлттық стандартқа сәйкестендіру мақсатында 2025 жылға мынандай жұмыстар кешенін жүргізіп жатыр:
– ИИДМ мен Облыстық Әкімдіктер арасында серіктестік туралы келісімдерге қол қойылды;
– Демалыс алаңдарының маңайынан сервис нысандарын салу үшін 240 бос учаске анықталып, инвесторлар тартылып жатыр;
– Қайта жаңарту учаскелеріне кәсіпкерлерді тарту және жұмыс істеп тұрған бизнес көздерін дамыту үшін санитарлық-гигиеналық тораптары бар 126 жаңа алаңның орны анықталды;
– Кәсіпкерлердің өтініштері Qaj.kz корпоративті сайты арқылы онлайн тәртіпте қабылдануда. Бүгінде жалпы сомасы 22 млрд теңгені құрайтын 83 өтініш қабылданды;
– 2025 жылға дейін 93 автожанармай құю станциясының құрылысы туралы желілік АЖҚС-пен келісімшартқа қол қойылды. 14 автожанармай құю станциясы қолданыстағы станциялардың маңынан, ал 21 станция жаңа ­демалыс алаңдарында орнатылатын болады.
– ҚР-ның «Автомобиль жолдары туралы» Заңына жол бойындағы сервис нысандарының Ережесін бекіту туралы өзгерістер пакеті мақұлданды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда айтқан тапсырмаларының жүзеге асуы­на бәріміз де үлкен жауапкершілікпен атсалысуымыз қажет.

Ұлан ӘЛІП,
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы

728 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы