• Қоғам
  • 02 Қыркүйек, 2020

Өзекті мәселелер шешімін табуға тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің медицинасына қатысты маңызды дүниелерді атап өтті. Әсіресе коронавируспен күрес жолындағы нақты дайындық жұмыстары мен алдағы жоспарлар жайлы сөз қозғалды.
Биыл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі індетпен бетпе-бет келіп, біз де барымызды салып оған тойтарыс берген едік. Бастапқыда жіберілген қателіктерден сабақ алып, келешекте нық дайындықта болуға тырысып жатқан жайымыз бар.
Мемлекет басшысы медициналық инфра­құрылымды дамыту бойынша үлкен инвестиция салынып, айтарлықтай жұмыс атқарылғанын айтты. Атап айтқанда, жыл соңына дейін елімізде 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, ал 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға берілмек.
Коронавируспен күрес әлі біте қоймады. Алдағы уақытта екінші толқын күтілуде. Оның қалай өршитіні және немен бітері беймәлім. Дегенмен, қолымыздан келгенін жасап, індетке қарсы нәтижелі күрес жүргізбекпіз.
Сондай-ақ Жолдауда Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев бастапқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарау қажеттігін айтқан болатын. Бұл медициналық көмектің халықтың барлық тобына, оның ішінде ауыл тұрғындарына қолжетімді болу керектігін атады.
Мына пандемия сирек мамандықтардың дәрігерлерін, атап айтқанда, инфекционистерді, эпидемиологтарды, реаниматологтар мен кардиологтарды әзірлеу мәселесін ашып бергендей. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкіметке шамамен 10 жылға медициналық меке­мелерді кадрлармен қамтамасыз ету бойынша ұзақ мерзімді болжам жасауды тапсыруы – уақыт талабы.
Індетпен күрестің ең қиын күндерінде біздің дәрігерлер мен медбикелердің жанкешті және нағыз ерен еңбектері еш елеусіз қалмайды. Білім мен біліктіліктерін жоғары деңгейде көрсете білген медицина қызметкерлері халық­ты аман алып қалды. Мемлекет басшысы дәрі­герлердің жалақысына үстемақы үшін 150 ­мил­лиард теңге бөлуді тапсыруы қуантарлық. Мұны енді жүйелі түрде енгізіп, келешекте дәрігер­лердің жалақысы айтарлықтай өсіп отырса дұрыс болар еді.
Жолдаудағы өзекті мәселелер тез арада оңтайлы шешімін табуы тиіс. Қарқынды дәуірде өмір сүріп жатырмыз. Коронавирус пандемиясы бізді өздігінше тәрбиелеп тастағандай. Жайбарақат әрекетке еш жол жоқ.
Алдағы коронавирустың екінші толқынына дайын болып, аса қырағылық танытуымыз ­керек. Ешкім де бізге екінші мүмкіндік бермейді. Коронавирустың әлі де ортамыздан оңайлықпен кете қоймайтыны белгілі. Бұл жерде медицина кадрларымыз жеткілікті, қажетті дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарының қолжетімді болғаны аса маңызды.

Төрегелді ШАРМАНОВ,
ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

853 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы