• Тарих
  • 02 Қыркүйек, 2020

Досым Зікірия, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының орынбасары: «Алтын адам» – ата-баба аманаты

«Алтын адамның» сүйегі бар, алайда басы жоғалып кеткен. «Қазақ ­тарихында Кенесары ханның ғана емес, «Алтын адамның» да басынан айырылып отырмыз» дейді «Есік» қорық-музейі директорының ­орынбасары Досым Зікірия. Ашылғанына 10 жыл толған қорық-музейдің кешегісі мен бүгіні, музей мәдениеті, тарихи тұлғалардың тарихи шындығынан бұрын аңызбен әспеттелген оқиғасы неліктен халыққа жақын болып кететіні туралы бүгінгі әңгімеде тарқатып айтуға тырыстық.

– Есіктен табылған «Алтын адамды» ел-жұрт осы күні аңызға айналдырып, шын мәнінде кім болғанын зерттеуді, айтуды ұмытып кеткендей болып көрінбей ме?

– Тәуелсіздік алғалы бері біздің тарихымыздың аңызға айналмаған кезеңі қалмады ғой, оны бәріміз біліп, көріп отырмыз. Олай етті екен деп кімге өкпе арта аласың. Төл тарихына талай жыл сусаған халық суатқа жапырлай келіп бас қойған жылқыдай тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында аңызды да, басқасын да тарих деп сіміре берді. Отаршылдықтың зардабын көп тартып, түп негізінен айырылып қала жаздаған біз үшін бұл бір заңдылық шығар. Алайда математика ғылымында «екіге екіні қоссаңыз – төрт болады» дегенге ешкім таласпайды. Шын мәнінде, тарих та солай болуы керек еді. Дерек бар ма, бас ій, дерек жоқ па, «атам айтқан еді, бабамыз солай деген еді» деген сөз тарихи куәлікке жүретін басты факт болмауға тиіс. Патшалық Ресейде, Бірінші Петр Германиядан арнайы тарихшылар жалдап, Ресей тарихын империялық бағытта жаздырды ғой. Сол Ресейден бізге жұққан ауру болар «кең дүниені кешегі өткен аталарымыз ғана билеп-төстеді» деп тарихымызды дәуірлетіп жіберген секілдіміз.

Тарихтың жаны да, қаны да дереккөздер, сол дереккөзді сараптап, талғам таразысы мен ой безбеніне салатын деректанушы, тарихшылар. Ең құнды дереккөз – заттай деректер мен архив материалдары. Одан кейінгі дереккөз – тарихи еңбектер. «Атам айтып еді» деген аңыз-әңгімелер 3-4 кезектегі дереккөздер қатарына жатады. Ара-тұра болмаса, шын тарихи еңбек жазуда көп пайдаланыла бермейді. Шын мәнінде, архив материалдарына, мойындалған ғалымдардың еңбегіне сүйеніп тарих жазсақ, өткеніміздің ақиқаты ашылатын еді ғой. Тарихқа суық ақыл мен ыстық қайрат, жігер, әділет керек. Бұл аталған қасиеттер болмаса тарихты ешкім безбендей алмайды. Өткен тарихымызда жанымызға бататын кемшіліктеріміз бар шығар, біз үшін ащы тиетін тұстар да кездесетін болар. Бірақ, бәрібір бұл біздің тарихымыз. Тарих өмірі тәтті тие бермейді. Тарихтың ащы дәмін татпаған, сан ғасырлық жолы тақтайдай тегіс келген халық жоқ. Тарихқа әділ баға берілмей, болашағыңды бағдарлай алмайсың. Есі дұрыс елдер өткен тарихының кемшін тұсын дәл бағалап, содан сабақ алады. Ал біздің сабақ алатын тұсымыз өте көп. Біз тарихымызды безбендегенде, саралағанда барынша архивтік материалдарды қамти, өзіміздің ғана емес, шетелдік ғалымдардың тарихи жазбаларына сүйене отырып жазғанымыз дұрыс шығар. Оны жаза алатын да, жазу қолынан келетін де кәсіби тарихшыларымыз бар. Біздің тарихи жазбаларымыз сақталмағанымен, сақтар заманында Ахаменидтер империясы, қытайдағы Чжоу мемлекеті, артынан Цин империялары өмір сүрді ғой. Солардың бүгінгі мұрагері болып отырған мемлекеттердің архивін қопару керек. Ал ол материалдармен жұмыс істей алатын мамандар бізде аса көп емес. Менің білуімде, көне қытай тілін түсініп оқи алатын Бақыт Еженхан, Жанымхан Ошан, көне парсы деректерімен жұмыс істейтін Ғалия Қамбарбекова деген мамандар бар. Архив, дереккөз дегеннен шығады, ҚР БҒМ Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты осыдан біраз жыл бұрын Қытай, Ресей, Мұңғыл, Иран архивтеріндегі қазақ тарихына қатысты материалдарды зерттеп, арнайы кітаптар шығарған. Соны зерттеп, пайдаланып жатқан ғалымдарымыз бар ма екен?

 «Алтын адам» неге аңызға айналып кетті?» дейсіз. «Алтын адам» тұрмақ, кешегі тұлғаларымыздың өзін аңызға айналдырып жіберген жоқпыз ба? Біз әзірге «Алтын адамның» кім болғанын, қандай тұлға болғанын, кім екенін нақты айта алмаймыз. Кемел Ақышев ағамыз ол туралы «бойы 166-168 см болатын, 17-18 жастағы ханзада» дейді. Бексұлтан Нұржекеұлы бір сұхбатында «Үйсіндердің күнбиінің ұлы» деп айтады. «Алтын адам» тұрмақ, сақтардың өзін сол заманда қалай атағанын нақты білмейміз. Парсылар «сака», қытайлар «сэ», гректер «скиф» деп атаған. Солардың ішінен парсылардың «сака» дегенін алып, «сақ» деген атау бердік. Дүниежүзінің ғалымдары, соның ішінде Кемал Ақышев пен Зардыхан Қинаятұлы ағаларымыз сақтардың бір бөлігі тиграхауда сақтарын «үйсіндердің арғы бабалары» деген болжам айтады. Кемел Ақышев өз еңбектерінде «сақ-үйсін» деп қатар қолданады.

Екіншіден, сақтар тарихын осы уақытқа дейін археологиялық, яғни заттай деректер негізінде зерттеп келеміз. 1969 жылы зерттеу жұмыстары басталып, 1970 жылдың сәуірінде «Алтын адам» табылды. Бұл дүниежүзілік сенсация болды. «Алтын адамның» табылуы ғалымдарымыздың темір дәуірін жаппай зерттеуіне серпін берді. Содан бері осы дәуірді зерттейтін ғалымдар қатары көбейді. Одан бері археологтар Қазақстаннан алтынмен апталған 12 тарихи жәдігер тапты. Олардың «Сармат көсемі», «Үржар ханшайымы», «Тақсай бақсы әйелі», «Шілікті көсемі», «Берел көсемі» және т.б. деген секілді әрқайсысының өз атауы бар. Есік «Алтын адамының» бірінші болып табылуы басты құндылығы болса, екінші құндылығы – оның қол тимей, тоналмай табылуы. «Алтын адам» табылғанда сүйегі де дін аман еді. Тек бас сүйектің бет сүйегіне ғана зақым келген. Себебі бетін жапқан бөрене шіріп құлап, көз сүйегінен төмен қарай үстіңгі жақ сүйегімен қоса талқандап өткен. Бірақ астыңғы жақ сүйегі, маңдайы, шүйдесі аман. Қалған «бәленінші», «түгенінші «Алтын адам» деп аталып жүрген тарихи жәдігерлердің арасынан «Үржар ханшайымы» ғана тоналмаған. Оның өзінде оның сәуекелесі ғана алтынмен апталған. Ал бүтін сақталған, сол дәуірдің жерлеу салты, әдет-ғұрпы, мифологиясынан толық хабар беретін Есік «Алтын адамы». Оның үшінші бір құндылығы – қабірден шыққан алтын және күміс тостаған, күміс тостағандағы 26 таңба, жазу. Бұл осы далада жазу мәдениеті болғанын дәлелдейді. Жазу мәдениеті болса, демек, мемлекетіміздің де болғаны. Бірақ сол жазудың өзін бізге қимай, лингвист ғалымдар көне парсы, санскрит жазуы деген болжам айтты. Алтай Аманжолов «Аға, саған бұл ошақ. Бөгде адам тізе бүк. Халықтың азығы, несібесі мол болсын» деп оқыды. Түрік ғалымдары да оқып көрді. Осы уақытқа дейін дүниежүзінің жиырмаға жуық ғалымдары оқуға тырысты, әрқайсысының аудармасы әртүрлі. Біразында «ошақ» және «тостаған» деген сөз ғана ортақ. Яғни жиырма түрлі оқу нұсқасы болған соң, ғалымдар бір нұсқаға келіспегеннен кейін, оның жұмбағы әлі шешілмеді деп есептеледі. Осы үлгідегі жазулар Шетентоғайдан, Оңтүстік Қазақстаннан, Өзбекстаннан, Ауғанстаннан және Памир тауынан табылды. Демек, осы аралықта үлкен империя өмір сүріп, үлкен мәдени ықпалға ие болған. Ең алғаш Есік маңынан табылған соң, бұл жазуға ғалымдар «Есік жазуы» деген ат берген.

Ерте темір дәуірі бізде археологиялық тұрғыдан ғана зерттеліп жатыр. Археологтар үшін заттай деректер маңызды, соларды зерттеп, солардың сырын ашуға тырысады. Бірақ тарих ғылымы біржақты иә болмаса тек архологиялық тұрғыдан зерттелмеуі керек. Кейінгі орта ғасырдан бастап біз туралы жазба деректер сақталған ғой. Көне дәуірге барсақ, амал жоқ заттай деректер арқылы зерттейміз. Ал бұл жерде бірнеше ғылым саласының басын тоғыстыру керек. Археологтар, тарихшылар, зоологтар, биологтар, генетиктер, деректанушылар, этнографтар, лингвистер бірлесе жұмыс істесе қаншама жаңалық ашылар еді. Бұл дәуір кешенді зерттеуді талап етеді.

Қарапайым мысал. «Алтын адамның» 1970 жылы алтынын алған, сол арқылы дүниежүзілік сенсация жасадық. Ең керемет дерек сүйекте еді ғой. «Алтын адамның» сүйегін ешкім зерттемеген. Бәлкім, ол кезде оны зерттейтін ғылым саласы әлі де дамымағандықтан болар. Бір өкініштісі, бас сүйек жоғалып кеткен. Оразақ Смағұлов сұхбаттарының бірінде «Маған бас сүйекті алып келді. Аман қалған бөлігін зерттей отырып, жетіліп келе жатқан бозбаланың сүйегі деген қорытынды жасадым. Сосын оны К.Ақышевқа қайтардым» дейді. Кемел Ақышев Ноэль Шаяхметовқа берді деген деректер кездеседі. Сонымен, қазір бас сүйектің қайда екені белгісіз.

Ал бізде зертханалар тым аз. Қазақстанда Қырым Алтынбековтің зертханасы, Археология институтының антропологиялық зертханасы, Алматы қаласындағы генетикалық зертханадан басқа мұндай орындар жоқ. Өзімізде табылған заттай деректерді зертханада зерттеу үшін Ресейге, шетелдерге асырамыз. 2018 жылы қаңтар айында бір топ қазақстандық музей мамандары қатарында «Kazmuseum» Қазақстан музейлерінің ақпараттық-әдістемелік орталығы ұйымдастырып, Түркиядағы Қазақстан елшілігінің қолдауымен Анкара қаласында арнайы тағылымдамадан өтіп қайттық. Сондағы ынтығып білгіміз келген сұрақтың бірі осы зертхана жайы еді. Оларда осы бағытта жұмыс істейтін 12 ірі зертхана бар екен. 12 зертхананың әрқайсысында 10-15 бөлімше бар. Соңғы технологияларды қолданады. Археологиялық зерттеулер жүргізгенде қаланың немесе қорғанның орнын 3D форматпен шығара алады. Біздің де ғылымның болашағы жарқын болар деп үміттенемін. Қазір магистранттар он күн, докторанттар 3 ай мемлекет қаржысымен шетелге шығып тәжірибе жинақтайды ғой. Демек, аздап болса да ғылымға жағдай жасалып жатыр. Енді он жылдың көлемінде осы ғалымдар еңбегінің алғашқы жемісін жеп қалатын болармыз. Міне, сол кезде сіз айтқан «Алтын адамның» нақты тұлғасына генетикалық, тарихи, этнографиялық толық зерттеу жасалатын болар.

– Сонда генетикалық тұрғыдан талдау әлі жасалған жоқ па?

– «Алтын адам» туралы небір аңызға бергісіз әңгіме қаптап кеткен соң, 2013 жылы өз тарапымыздан зерттеуге көштік. Ол үшін «Алтын адамның» ашылу және зерттелу тарихы: аңызы мен ақиқаты» деген жобаны қолға алдық. Архив материалдарын көтердік. Е.Жасыбаев атты қызметкеріміз осы бағытта жұмыс істеді. Ол Орталық архивте, Ғылым Ордасының ведомстволық архивтерінде талай уақытын сарп етіп, 81 істі қарап, 4122 парақ ақтарып, солардың арасынан 19 архивтік істен 77 парақтың цифрлы көшірмесін алды. Соның арқасында 1970 жылғы әйгілі экспедицияға қатысты құжат материалдарының көшірмелерін жинақтадық. Сол кездегі экспедицияға қатысқан, көзі тірі куәгерлерге толық хабарлама беріп, іздеп тауып, олардың да естеліктерін қаттадық. Ол уақытта Бекен ағамыздың көзі тірі. Олардың барлығының әр сөзін мұқият зерттеп, 2015 жылы «Тайны золотого человека» деген кітап жарық көрді. Сол деректерді іздестіріп жүрген кезде «Алтын адамның» сүйегін таптық. Сүйек қазір жабылып қалған бір институттың қоймасында кәдімгі қорап ішіне сақталыпты. Сыртында «Ноэль Шаяхметовке. 12.02.1978 жылға дейін. ЗЧ» деп жазып қойған. Бірақ бас сүйегі жоқ. Сүйектерді антропологиялық тұрғыдан реттеп болғаннан кейін Бекен атамызға көрсеттік. 1970 жылы «Алтын адамның» сүйегін бірінші ашып көрген сол кісі ғой. Ол кісі «Алтын адам» екеніне куәлік берді. Кемел Ақышевтың ұлы Әлішер Ақышев та 1970 жылғы экспедицияда болған. Ол кісі де «Алтын адамның» сүйегі екенін растады. Оразақ Смағұловты қызы Айнагүл Смағұловамен қоса шақырып, 1970 жылғы экспедиция суреттерімен салыстыра отырып, ол кісілер да «Алтын адамның» сүйегі» деген қорытынды берді. Венгриядан Кейкі батырдың бас сүйегін қалпына келтірген Андраш Бироны шақырдық. Ол жамбас сүйегі арқылы бозбала сүйегі деген қорытынды айтты. Бекен атамыздың ұлы Арман Нұрмұхамбетов және «Ел-шежіре» қоғамдық қорының директоры Нұрбол Баймұханов арқылы Копенгагендегі Геогенетика орталығына шықтық. Сол жердің Петр Даамград деген маманы Даниядан арнайы келіп қаңқа сүйекті тексерді. Ресей ҒА Археология институтының антрополог мамандары, ерлі-зайыпты Егор және Александра Китовтерге де сүйекті көрсетіп, сараптамасын алдық. Александра Китова сүйекті зерттей және 1970 жылғы экспедиция фотосуреттерін салыстыра сараптай келе «бозбала сүйегі» деген қорытынды жасап, «Алтын адам» қабіріндегі сүйек екеніне қатысты қорытынды берді. «Алтын адам» туралы аңыздардың бірінде оның әйел адам екені айтылатын. Әу баста Кемел Ақышев та, Оразақ Смағұлов та бәрі «Алтын адамның» ер адам, нақты айтқанда бозбала екенін айтқан болатын. Сонымен, сүйектің «Алтын адамдікі» екеніне көзіміз жеткен соң, Петр Даамградқа ДНҚ талдау жасап беруін өтіндік. Бір рет емес, екі рет жасаттық. Сүйектің сақтау шарттары дұрыс болмаған соң, ешқандай мәлімет қалмаған екен. Тек жергілікті халықтың өкілі екені, б.з.д. V-ІV ғасырда өмір сүргені ғана анықталды. Кейін Алматыда ашылған Жалпы генетика және цитология институтының популяциялық генетика зертханасымен де бірігіп жұмыс істедік. Оларға да екі рет тексерттік. Өкінішке қарай, толыққанды мәлімет болмады. Бұл да кезіндегі немқұрайдылығымыз, жауапкершіліктің жоқтығының кесірі. 1970 жылы іргелі ғылым дамымаған шығар, сондықтан генетикалық зерттеулер жүргізілмеген болар. Алайда сүйекті толық шарттармен дұрыстап сақтағанда бүгін оның кім екенін толық анықтай алар ма едік. Бас сүйек те табылмай тұр. Оның тісінде қаншама генетикалық мәлімет сақтаулы. Ең болмаса бас сүйекті тапсақ, сол арқылы жаңа зерттеулер жасармыз деп үміттенеміз. Сондықтан оны іздеу жұмыстарын әлі де жалғастырып жатырмыз.

– Бас сүйек қайда болуы мүмкін?

– Ол жағын нақты айта алмаймыз. Біздің болжамымыз бойынша Археология институтының қоймасында, болмаса Кемел Ақышев, Ноэль Шаяхметов, Оразақ Смағұловтардың жеке архивінде болуы мүмкін шығар.

– «Алтын адамды» ежелгі сақ дәстүріне сай, аманат ретінде жер қойнына тапсырамыз» деген әңгіме шығып еді.

– Иә, солай ойлағанымыз рас. Бірақ жай ғана жерлей салмай, сақ патшаларының дәстүрімен, арнайы қорған тұрғызып, тым болмаса Алматыдағы елшілік өкілдерін шақырып, салтанатпен жер қойнына берейік дегенбіз. Бірақ кейін ғалымдармен тағы да ақылдастық. Сүйекті көмсек, ол кейін құрып кетпей ме деп сұрадық. «Оны енді жер қойнына тапсырсаңыздар, сүйек күл болып кетеді, құриды» деді. Ғылым қазір ғарыштық жылдамдықпен дамып келе жатқанын білесіз. 2020 жылдағы ғылымның мүмкіндігінен гөрі, 2030-2040 жылдағы мүмкіндігі, технологиялық қуаты әлдеқайда жақсы болатын шығар. Сол үшін «Алтын адамды» жер қойнына бермегеніміз дұрыс деп шештік. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Есік қорық-музейі жанында Сапар орталығы салынбақ. Сол кезде бір залымызды «Алтын адамға» арнаймыз да, оның сүйегін арнайы сақтау шарттарын толық орындай отырып, қорғанның қимасын реставрация жасап, сүйекті залда сақтайтын шығармыз деп жоспарлап отырмыз.

– Қазір сүйекті қайда сақтап отыр­сыздар?

– Қорық-музейде. Арнайы темпе­ра­турасы, сақтау тәр­тібін қатаң қада­ғалауға алғанбыз.

– Есіктегі қорық-музейдің маңайында 80-ге жуық қорған бар. Ол қорғандарда өзге де «Алтын адамдардың» болуы мүмкін бе?

– Бір сөз бір сөзді қозғайды ғой. 1991 жылға дейін Есік өзенінің батыс және шығыс жағында үлкенді-кішілі 600-ге жуық қорған болған деген мәлімет бар. Сіз айтқан 80 қорған сол 600 қорғанның бір бөлігі ғана. 1991 жылдан кейін жерді сатты, үлеске берді. Қаншама қорған үстіне егін егіліп, саяжай салынып кетті. Оған ешкімнің жаны ашымады. 2011 жылы ең алғаш ашылғанымызда бізге алты-ақ гектар жер берілген еді. Директорымыз Гүлмира Райылқызы Мұхтарованың бастауымен қорғандарды аман сақтап қалу туралы бастама көтердік. Әкімшілікке арнайы хат жаздық. Бұл іс ұзаққа созылар ма еді? Журналистердің көмегі тиді. Алғаш Abai.kz сайтында «Сақ қорғанына соқа салған кім?» деген мақала шықты. «Алаш айнасынан» Дархан Бейсенбекұлы арнайы хабарласып, Қанат Әбілқайыр деген журналисті жіберіп, ол «Ақшаның қадірін білгенде «Алтын адамның» қадірін білмей ме?» деген мақала жариялады. «Қазақстан» РТРК-ның «Apta.kz» бағдарламасы да осы мәселені көтерді. Соның артын ала көптеген БАҚ-да осы мәселе көтерілді. 2013 жылдың 9 тамызындағы Алматы облыстық мәслихатының «Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының тарихи-мәдени мұра объектілерінің қорғау аймақтарының, құрылыс салуды реттеу аймақтары мен қорғалатын табиғи ландшафты аймақтарының шекараларын бекіту туралы» №21-133 шешімі шықты. Дегенмен, қорғау аумағы кіретін, сол аумақта орналасқан жекеменшік және заңды тұлғаларға берілген жер телімін қайтару ісі әлі де толық аяқталған жоқ.

Енді сұрағыңызға жауап беру үшін Оразақ Смағұловтың пікірін айтайын. Ол «Бүкіл қазақ даласында тонаудан аман қалған 100 «Алтын адам» шығуы керек» дейді. Қазір 12 «Алтын адам» табылса, әлі 88-і табуымызды күтіп жатыр. «Алтын адамның» өзі тоналып кеткен орталық қабірдің жанынан шыққан жоқ па? Демек, тағы да шығуы әбден мүмкін. Әр қорғанды қазып зерттеуге болады. Бірақ қаздыңыз екен, оның тарихи-мәдени құндылығы жоғалады да, әншейін топырақ үйіндісі болып қалады. Қайтадан өзіміз көрген шетелдік тәжірибені айтайын. 1970 жылы «Алтын адам» табылды. 1974 жылы Қытай «Теракотта сарбаздар» деген атпен белгілі «Қыш әскерлерді» тапты. «Қыш әскерлер» табылған жердің қазіргі жағдайын көрсеңіз. 2017 жылы арнайы барып, бір апта жүріп сол ғалымдардың жұмысымен жете таныстым. Олар ең алдымен қанша аумақты қазамыз деп зерттеп алған. Археологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, ең шеткі жағын анықтаған. Одан кейін үстіне алып жабық аңғар тұрғызған. Күн, жел, табиғи кедергілер қазу жұмыстарына зиянын тигізбеген. Содан кейін барып жайлап шетінен қаза бастаған. Иә, оған өте қомақты қаражат кетеді. Бірақ ол ұзақмерзімді инвестиция. Біз де сол үлгімен жұмыс істесек деп отырмыз.

– Біздің білуімізде музей ғана емес, үлкен ғылыми мекемесісіздер. Есік қорық-музейі осы тұрғыда ежелгі сақ мәдениеті мен тарихын зерттеу мәселесінде жүргізіп жатқан қандай да бір ғылыми бастама, жұмыстар бар ма?

– Ғылыми-зерттеу мекемесі болу үшін, үкіметіміздің талабы бойынша, арнайы лицензия алуымыз керек. Музейіміз ашылған 2011 жылы алғашқы лицензиямызға қол жеткізіп, Алматы облысы аумағында ғана археологиялық барлау-зерттеу жұмыстарын жүргізе алсақ, кейінгі жылдары мерзімі шектеусіз лицензияға қол жеткізіп бүкіл Қазақстан аумағында зерттеу жүргізе алатын болдық.

Оған қоса біз Қазақстандағы музей-қорықтардың ішінен алғаш болып 2012 жылы ғылыми субъекті ретінде арнайы аккредитация куәлігін иеленіп (мерзімі – 5 жыл), екінші рет 2018 жылы тағы да алдық. Осы уақыт аралығында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің арнайы мақсатты қаржыландыруымен үш бірдей ғылыми жобаларды іске асырдық. Олар «Есік қорымы және Жетісу сақтарының мәдениеті», «Жетісу сақтарының идеоло­гиясы мен мифологиясы» деп аталады. Қазір «Сақ дәуірінен ХІІІ ғасырға дейінгі Рахат археологиялық кешенінің материалы негізіндегі Жетісу материалдық мәдениетінің семиозисі» атты үшінші ғылыми жоба аясында жұмыс істеп жатырмыз. Жетісу жеріндегі Сақ-үйсін мәдениетінің ерекшеліктері, олардың әдет-ғұрпы, дәстүрі, идеологиясы, мифологиясын заттай деректер негізінде зерттеп жатырмыз. Осы зерттеу жұмыстары аяқталғанда ең кемі екі ұжымдық монография жарық көруге тиіс. Екі-үш жыл көлемінде Сапар орталығымыз аяқталса, оны жабдықтау тұрғысынан да жоспар көп. Экспозициялық залдардан өзге, шағын да болса зертхана ұйымдастырсақ деген ойымыз бар. Сиань қаласындағы Шәнши археология институты, Түркияның Акдениз университетінің мамандары жасақтауға көмектесеміз деп отыр.

Алматы облысында 25 музей болса, солармен байланыс орната отырып, музей мамандарының кәсіби біліктілігін көтеру жолында түрлі семинарлар ұйымдастырамыз. Пандемияда Алматы облысының мамандарына арнап «музей экспозициясын құру, жоспарлау және құру тәртіптері» деген екі күндік онлайн семинар өткіздік. ЖОО-лармен, білім беру мекемелерімен байланыс орнатып, арнайы кездесулер өткіземіз. Мектеп оқушыларына арнайы қосымша дәрістер оқып тұрамыз. Балаларға арнап «Сақ мәдениетінің мың бояуы» және басқа да боямақ кітапша шығарамыз. Ғылыми-көпшілік қауымға арналған және кәсіби мамандарға арналған ғылыми кітаптар басуды да қолға алуды жоспарлап қойдық.

– Жыл сайын Есік қорық-музейін көруге қанша турист келетін еді? Оларды қандай жәдігер қорымен таныстырасыздар?

– Жәдігер қорымыз – 3046. Біздің қорық музей бар болғаны 80 шаршы-ақ метр. О баста музей емес, қорғандарға шырақшы болу үшін салынған әкімшілік ғимарат еді. Директорымыз Гүлмира Райылқызының табандылығының арқасында музейге айналып отырмыз. Төрт залымыз бар. Мамандарға арналған сирек кітаптардан құралған өз кітапханамыз бар. Бекен атамыз қайтыс болған соң, ол кісінің өзінің жұмыс бөлмесін арнайы мемориалды бөлмеге айналдырдық. Жылына ақылы келетіндер саны – 18 мың адамға жуық. Әр айдың соңғы жексенбісінде тегін қабылдаймыз, Қарт­тар үйі, Балалар үйі, Мүмкіндігі шек­теулі балалар үйіне есігіміз ашық. Солардың бәрін есептегенде 26 мың адам келеді.

«Алтын адам» Есік өңірінен табылды ма, осы Есікте тұруы керек қой деп ойлаймын. Берелден табылды ма – Берелде тұрсын. Бәрін бір жерге жинағаннан көп пайда бола қоймас. Сонымен қатар бүгінгі таңда мен білетін «Алтын адамның« 8 нұсқасы бар. Кейбір нұсқалары әншейін шарж. Кім көрінген оны жасамауы, көрінген жерге қойылмауы керек. Ал «Алтын адамның» жәдігерлеріне келсек, ол қазір екіге бөлінген. Сүйегі, 19 түпнұсқа ыдыс-аяғы бізде тұр. Алтын-күмісі – Ұлттық музейде.

– Мүмкін сіздерде қауіпсіздік мәселесі жолға қойылмаған шығар. Алтынды сақтау қиын ғой.

– Келісемін. Ол да бар. Дегенмен, әр өңірден табылған жәдігерлеріміз сол аймақта тұрса, сол өңірден барлық талаптарға сай музей салуға болады ғой. Екіншіден, әр өлкенің бренді сол өңірдің инфрақұрылымын дамытуға да сеп болатын ба еді деген ой келеді.

– Есік қорық-музейінде қанша қызметкер, оның ішінде қанша ғылыми қызметкер бар? Музейдің танымдық-тарихи маңызынан өзге, ғылыми-сараптамалық жұмыс жүргізу деңгейі қандай?

– Кадрды өзіміз дайындауға тырысамыз. Шүкір, ондай мамандар бар. Біздің қорық-музей қызмет­керлерінің жариялаған ғылыми мақала саны 300-400-ден асып қалды. 2018 жылы Алматы облысы Талғар ауданы әкімінің 2018 жылдың 26 маусымындағы №06-330 Қаулысы бойынша Ортағасырлық Талғар қалашы­ғының жер телімі Республикалық «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне тұрақты пайдалануға берілді. Сол арқылы көне дәуірден ортағасырға секірдік. Зерттеу аумағымыз да, мәселелеріміз де көбейді. Қорық-музейі­міздің ғылыми қызметкері С.С.Даутова ортағасырлық Талғар қалашығына қатысты архив құжаттарын зерттеді. 1950, 1970, 1990 жылдары аталмыш қалашыққа археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген И.Копыловтың жеке архиві де біздің қорға берілді.

Қазір 32 қызметкер, 14 ғылыми кадрымыз бар. Олар түрлі зерттеулер, сараптамалық жұмыстар жүргізеді. Сараптама жұмыстары дегеннен шығады, бүгінгі таңда Есік қорық-музейі Еңбекшіқазақ ауданы бойынша жер телімдері берілер кезде бақылаушы мекемелер тізіміне енгізілген. Белгілі бір мақсаттағы жер телімі алынар кезде біздің қызметкерлеріміз сол жерді арнайы барып көріп, аумақта тарих және мәдениет ескерткіштерінің бар-жоғын анықтайды.

– Есік қорық-музейінің әлемдік музейлер тізімінде де алатын орны айрықша ғой. Осы тұрғыда әріптестік қарым-қатынас орнату, ғылыми-кәсіби тәжірибе алмасу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Ғылыми-зерттеу мекемесі ретінде ғылыми конференцияларға қатысып қана қоймай, өзіміз де сондай жұмыстарды ұйымдастырамыз. 2011 жылы Ресейдегі «Кижи» қорық-музейімен әріптестік орнаттық. Ресей археологиялық институтымен әріптестік байланыс бар. Соның арқасында қызметкерлеріміз екі жыл Ресейге барып, ресейліктер бізге келіп қазба жұмыстарын жүргізіп, тәжірибе алмастық. Сол әріптестік негізінде Рахат қалашығының жанында Жоғарғы Рахат деген сайда Рахат палеолит қонысы аршылды. Алматы облысында Майбұлақтан кейін табылған екінші палеолит қонысы. ҚХР, Сиань қаласындағы Шәнши археологиялық институтымен, Шәнши тарихи музейімен байланыс орнаттық. Соның арқасында 2017 жылдан бастап жылына 4 қызметкеріміз ҚХР-да арнайы іс-тәжірибеден өтіп келеді.

2013-2017 жылдары Оңтүстік Кореяның бес бірдей мекемесімен әріптестік байланысқа қол қойып, бірге жұмыс істедік. Құлжа жолының бойында Өрнек деген ауыл бар. Сол Өрнектің төменгі жағындағы қалың жидетоғайдың арасынан сақ-үйсін дәуірінің қабірлерін анықтадық.

– Биыл музейдің ашылғанына – 10, Алтын адамның табылғанына – 50, елге қадірлі археолог Бекмұхамбет Нұрмұхамбетовтың туғанына 85 жыл. Осы мерейтойлар аясында қандай іс-шаралар атқарылды?

– Онлайн шаралар ұдайы өтіп келеді. «Бізге он жыл» айдарымен он жылда істеген жұмыстарымызды әлеуметтік желілерде таныстырып отырамыз. Бекен атамыз туралы бірнеше шағын ролик түсіріп, жарияладық. Сонымен қатар ­Б.Нұрмұхамбетовтың жеке архивін реттеп, жүйелеп цифрландырып жатырмыз. Күзге таман дүниежүзі археолог мамандарының басын қосып «Есік оқулары» атты онлайн-конференция өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Арнайы есеп-альбом дайындап жатырмыз. Есік қорық-музейінің ғылыми каталогын жасай бастадық.

– Қалай ойлайсыз, бізде музейге бару мәдениеті қалыптасқан ба?

– Ада-күде жоққа шығарудан аулақпын. Алайда ол мәдениет толық қалыптасқан жоқ-ау деп ойлаймын. Оны өзгерту ең бірінші музей мамандарының қолында. Қазір бізге келетін адамдардың талап-өтінішін ескеріп, арнайы сараптама жасап отырамыз. Келушілерге анкета таратып, солардың жауабын саралап, ой түйеміз. Одан бөлек, келушілер де музейге суретке түсу үшін ғана емес, мәлімет алу үшін, өз тарихымен, мәдениетімен жете танысу үшін музейге бас сұқса деп армандаймыз. Музейдің кіреберісінде жеті балбалтас тұр. Түркі дәуірінің түпнұсқалары. Адамдар кіреберісте қарсы алып тұрған ата-бабасының мұрасына көз қиығын да салмастан өте шығады. Ондайда біздің жанымыз ауырып қалады. Бәлкім, «Музей дегеніміз не?» деген ақпарат та көп керек шығар. Бұл орайда әлеуметтік желілерде бұдан гөрі белсенді болуымыз керек шығар. «Abai.tv» телеарнасы қазір осы бағытта арнайы бағдарлама ашты, оны көріп сүйсініп қалдық. «Шалқар» радиосында  осы аптадан бастап Б.Жағыпарұлының бастамасымен ашылған «Жәдігер» атты арнайы хабар тарата бастайды және сол хабардың басы музейімізден басталғаны біз үшін үлкен мерей болды. Мұның барлығы көңілге қуаныш ұялатады, үміт сыйлайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан Қарагөз Сімәділ

999 рет

көрсетілді

1

пікір
Алдыңғы мақала ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ САБАҚТАРЫ
Келесі мақала ТЕҢІЗ ТІЛІ

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Мадияр

03 Қыркүйек, 2020

Ассалоумагалейкум курметти тарихшылар, осындай тарихымызды, булжытпай билетин, айта билетин агаларымыз аман болсын, коп болсын, бурмаламай накты накты айтатын

ANA TILI №48

26 Қараша, 2025

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор