• Әдебиет
  • 02 Қыркүйек, 2020

ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ ҰСТАЗЫ (Ағартушының педагогикалық еңбектері хақында)

Өткен ғасыр басында алашшыл Ахметтер зар қылады: «Хүкіметке жағымдысы – қол астындағы жұрттың жазу-сызуы, тілі, діні бір болу. Россия қол астында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бәрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, хүкіметке ұнамды іс болмақ» («Қазақ» газеті, 9.05.1914 ж.). Қолы ұзын, мойны озық Россияға бұлай болмасын деп дау айтар кім бар?! Тіптен неге өкпелесіп, тонымызды өртеуіміз керек, ол империяның өзіндік ішкі ісі, биліктің ұлық мақсат-мүддесі емес пе? Қайта біз рақмет айтуымыз керек: қазақтың көзі ашылды, ақ патшаға заманына сай тілмаш, старшын-болыстар дайындалды. Биліктің он ойланып, жүз толғанып тапқан «ғасыр жаңалығы» – «русская-киргизская туземная школаға» шексіз мадақ айтқанымыз жөн-ақ.

Адам баласы бауырын жерден көтергелі уақыттың құрсауында, қашанда тағдыр-талайы беймәлім бір мезеттік соңғы сәтке кіндігімен байланған. Зымыраған уақыт-сағаттың, дөңгеленген әлем-дүниенің ғасырдан ғасырға, жылдан жылға ұршықша үйіріліп, қауырт зырылдап келе жатқанын бұрынғылар айтқан. Қазіргі жалпыласу, жаппай ақпараттану заманында қайран уақыттың адымы тіптен қысқарып, сығымдалып, тіршілік те жылдамдығын үдете түскендей.
Бүгін Алаш көсемі, реформатор-ғалым, Ұлттың ұлы ұстазы ­Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Құдай қаласа, екі жылдан кейін орталарыңа келем деп, біртуар Ахаңның 150 жылдық мерейлі тойы да есік қағып тұр. Осы айтулы датаға ел-жұрт болып ертерек қам жасағанымыз бек абзал.

Ана тілі

Ауылдағы молданың алдын көрген, Торғайдағы екікластық (алты жылдық) орыс-қазақ училищесін бітірген Ахмет Байтұрсынұлы 1891 жылы, 19 жасында Орынбордағы орыс-қазақ Мұғалімдер семинариясына кіріп, оны 1895 жылы бітіріп шығады. Біз білгендегі Ахаңның тәртіпті оқу орнынан алған бар білімі осы ғана. Бұл бүгінгінің тілімен айтсақ, ­педучилищеден жоғары, бірақ ­пединституттан төменірек орталау оқу орнын тамамдады дегенді айқындайды. Ал ағартушы қалың қазағына жайған қалған ілім-білімді өз бетімен ізденіп, өзін-өзі қамшылап, жетілгенін, жетіскенін көреміз. Оның қарапайым мектеп мұғалімінен ұлт ұстазына айналу жолы, даму саты-баспалдақтары қандай еді?
Бірден басын ашып алар ақиқат – көшпелі қазақ қоғамында дәстүрлі ұлттық мектеп, оқу-ағарту жүйесі болған емес. Мұсылманша оқуды отырықшы татар ағайындардан сіңірсек, ­заманауи (өркениетті) білімді орыс отаршылдарының бұратана халықтарға (оның ішінде қазақ та бар) осы қажет-ау деген өзіне пайдалы дозасы дәрежесінде ғана тұтындық. Сол себепті де біздің оқу-ағарту жүйеміз өткен ғасырларда да, жаппай бәріміз сауаттанған кеңес заманында да, тіптен бүгінгі таңда да қалыпқа түсе алмады; білім жүйесінің жаңа моделін жасай алмай, шарқ ұрудамыз. «Реформадан көз ашпаған Білім министрлігі» деген жақауратқан, жауыр болған өкініштің астарында ұлттық мемлекет құруға деген талпынысымыздың сәтсіздігі жатқанын, ал ұлттық мемлекет құрылмаса, ұлттық оқу-ағарту жүйесі де қалыптаспайтындығына енді-енді көзіміз жете бастағандай.
Өткен ғасыр басында алашшыл Ахметтер зар қылады: «Хүкіметке жағымдысы – қол астындағы жұрттың жазу-сызуы, тілі, діні бір болу. Россия қол астында түрлі тілді, түрлі дінді, түрлі жазу-сызуды тұтынып отырған жұрттар бар. Солардың бәрі тілін, дінін, жазу-сызуын орысқа аударса, хүкіметке ұнамды іс болмақ» («Қазақ» газеті, 9.05.1914 ж.). Қолы ұзын, мойны озық Россияға бұлай болмасын деп дау айтар кім бар?! Тіптен неге өкпелесіп, тонымызды өртеуіміз керек, ол империяның өзіндік ішкі ісі, биліктің ұлық мақсат-мүддесі емес пе? Қайта біз рақмет айтуымыз керек: қазақтың көзі ашылды, ақ патшаға заманына сай тілмаш, старшын-болыстар дайындалды. Биліктің он ойланып, жүз толғанып тапқан «ғасыр жаңалығы» – «русская-киргизская туземная школаға» шексіз мадақ айтқанымыз жөн-ақ. Өйткені қос тілді, қос дінді (шәкірттер екіге жарылып, бірі Құранды жаттаса, бірі «Боже, Отче нашты» айтатын) бұл жүйе ғасырлық сынақтан өтті, өзінің өміршеңдігін, қазақ үшін әбден ділгірлігін дәлелдеді. Әйтпесе, бүгінгі самсаған аралас-құралас мектептер баяғыда жойылып-ақ кетпес пе еді!?
Табиғат-тіршілік мәңгілік болғанымен адамзат қоғамы үнемі қозғалысқа түсіп, жаңарып, түлеп отырмақ. Ғасырлар бойы бұйығып жатқан мұсылман қауымы да бас көтеріп, ХІХ ғасырдың ортасынан ауа Ресей империясының Орал мен Еділ ­бойын, Қапқаз бен Қырымды жайлаған түркі жұрты рухани инновацияға ұмтылды, модерндетіп «жәдит» желі есті. Татардың ұлы перзенті, түркі бірлігінің негізін салушы, ағартушы Исмағыл Гаспринскийдің (8[20].03.1851 – 11[24].09.1914) ұлы идея­лары барша түркі зиялыларын баурады, ол шығарып тұрған «Тәржіман» газеті (10.04.1883 – 23.02.1918) патшалықтың қол астындағы түбі бір, тілі ортақ бауырлардың қоғамдық-саяси ­жалауы­на айналды. Жамалетдин әл-Ауғани, Шиғабутдин Маржани, Мухаммед Абдо, Ғанасбек Зардаби, Махмудқожа ­Бехбуди және басқа көптеген түркі философтары мен ағартушылары И.Гаспринскийдің озық көзқарасын іліп әкетіп, одан әрі дамытты. Міне, бұлар шын мәнінде мыңдаған жылдық даңқты ­тарихы бар Тұран жұртының топырағынан жаралған қос ғасыр өліарасында өмір сүрген түркінің пассионерлік тұлғалары еді. Солардың қатарынан шалғайдағы Торғайдан ұшқан қыр қарлығашы Ахмет Байтұрсынұлының табылуы ұлтқа құт, намысқа шарқайрақ болды. Исмағыл бабамыздың іс-қимылы, жазбалары, көпке ұран шашқан үн парағы барша мұсылман түркі бауырларды өркениеттің өріне сүйресе, ағартушы Ахмет қазаққа тұңғыш «Әліппе» сыйлады, тіл табиғатын жаңаша танып, төл жазуымызға реформа жасады, қазақтың бағына туған «Қазақ» газетін жарыққа шығарды...

Ана тілі

І. Әр нәрсе «Әліппеден» басталады...

2006 жылы баспагер ретінде Минск қаласына жолымыз түсті. Халықаралық кітап көрмесіне қатыстық. Алға қойған мақсатымыздың бірі әлемдік архитектура ғаламаттары санатына енген, айнадай жарқыраған әйнекті Белорус Ұлттық кітапханасының ғимаратын көру-тұғын. Осы кітап патшалығында тағы бір ғажайып – Кітап музейі бар. Ал осы Музейде әлемнің 600 тілінде жарық көрген 1400 «Әліппе» коллекциясы көптің назарына ұсынылған... Славян халықтарының арасында алғаш болып великорусс тілінде «Әліппе» жазылған, оны Мәскеу қаласында 1634 жылы 20 тамызда (!) Васелий Бурцов атты азамат кітап ретінде бастырып шығарған... (Осы орайда Ұлы Дала төсінде V-VІІІ ғасырларда тасқа қашалып орныққан мәңгілік кітаптарымыз, күні кеше өз қолымызбен талқандаған Алматыдағы ғажайып Кітап музейі туралы айтқың кеп аузың, жазғың кеп қолың жыбырлайды).
Орынбордағы Мұғалімдер семинариясын мемлекет қаржысына бітірген ұстаз алты жыл мектепте жұмыс істеуге міндетті болатын. Ахмет Байтұрсынұлы 1895-1901 жылдары Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездерінің шалғай ауылдағы мектептерінде мұғалім болды. ­1901-1909 жылдары Қарқаралы екікластық училищесін басқарып, енді өзі мектептерге мұғалім кадрларын дайындады. (1905 жылы осы Қарқаралыда мыңдаған адам қол қойған Петиция ақ патшаға жолданғаны, Ахаңның саяси сенімсіз ретінде тыңшылардың бақылауында болғаны, сегіз ай Семей түрмесіне қамалғаны, қазақ Даласына сыймай, 1910 жылдың 9-наурызында Орынборға жер ауып келгені бүгінде көпке мәлім).
Қандай да бір оқу – құралсыз болмайды. Ахаңның ұстаздық қылған жылдарындағы тәртіпті мектептерде барша пән орысша оқытылатын. Бірақ сол нан тауып жерлік орысшаңның өзін амалсыз қазақ//татар тілінде меңгерместен басқа жол жоқ. Орыс тілінде сауат ашар кітаптар жетіп артылады: Н.Ф.Бунаковтың «Буквары», К.Д.Ушинскийдің талай басылым көрген «Родное слово» оқулығы, «В школе и доме» хрестоматиясы, т.б. Әрине, алғашқы ағартушымыз ­Ыбырай Алтынсариннің «Начальное руководство к обучению русскому языку», миссионер И.И.Ильминскийдің «Самоучитель русской грамоте для казахов» кітаптары мен алғашқы орыс-қазақ сөздіктері пайдалануда болды. Өкінішке қарай, олардың қазақшасы тым мардымсыз, қазіргі көнеден жеткен мұралар деп жалған жазбаларды жариялап, ­насихаттап жүргендердің бетін шиедей қылатын ұғым-түсініктерге толы болатын. ­Мысалы, Ыбырай атамыз аталмыш кітабында: «Первый, второй, третий және онан басқа біздің тілді «нші» қосылған сандар имя прилагательное рәуішті склонять етіледі» деп жазса, бұл автордың, болмаса біздің тіліміздің кемістігі емес, сол кезеңдегі ілім-біліміміздің дәрежесін, деңгей-шамасын білдіріп тұр.

Ана тілі
Жоғарыда айтқанымыздай, Орынборға жер ауып келген ұстаз (Ахаңның газет бетінде генерал-губернаторға айтқан «рақметі» бар: «Қырда бала оқытып жүре берсем, көп болса жүз шәкірттің көзін ашар едім, бүгінде Сіздің арқаңызда газет шығарып, алты миллион Алашқа үнім жетеді») бірінші кезекте кітап бастыру, газет шығарумен шұғылданады. Әрине, ұлт қажетінің мыңнан бірі жоқ қазақ үшін бұл оңайлыққа түспейді. «Қырық мысалды» әупірімдеп 1909 жылы Петерборда, 1913 жылы Қазаннан бастырса, «Маса» 1911 жылы Орынборда, 1914 жылы Қазан қаласында жарық көрді. Ал 1905 жылы басталған ұлы майданның нәтижесінде 1913 жылдың 2 ақпанында ғана татар ағайындардың білек күшімен «Қазақ» газеті дүниеге келді. Мұны тәптіштеп айтып жатқанымыз, 1912 жылы Орынбор қаласында жарық көрген тұңғыш қазақ «Әліппесі» нақты қай жылы құрастырылды, шәкірттер арасында тәжірибеден өтіп, қолданылды деген сұрақтарға жауабымыз жоқ. Өкінішке қарай, әзірше біздің қолымызға бұл мәселенің басын ашар архивтік құжаттар, болмаса сол заманның сырын ашар естеліктері түскен емес...
Сонымен, қазақтың тұңғыш тәртіпті «Әліппесі» (бұған дейін де, кейін де бірқатар «Әліппелер» болған, олар туралы әңгіме бұл жолы өз кезегін күтпек) – Ахмет Байтұрсынұлының араб хәрпімен жарық көрген «Оқу құралы». Оның толық атауы – Оқу құралы. Усул сотие жолымен тәртіп етілген қазақша алифба. Бірінші кітап. Орынбор, 1912 (40 бет). Бұл жердегі «усул сотие» – жаңа әдістеме деген мағынаны білдіреді.
Мектепте жүріп қиналған ұстаздың бұл жаңа жолға – «төте жазуға» училищеде әуелі мұғалім, кейін бастық болып жүргенінде көшкені, оны мың толғанып жетілдіргені, шәкірттер ортасында сынап көргені сөзсіз. Өйткені Ахаң айтады: «Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды, не жазса да қиындықпен жазады, себебі жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген, қазақ сөздерін алып орыс не ноғай жүйесімен тізсе, әрине, ол нағыз қазақша болып шықпайды. Сондай кемшілік болмас үшін әр жұрт баласын әуелі өз тілінде оқытып, өз тілінде жазуға үйретіп, өз тілінің жүйесін білдіріп, жолын танытып, балалар әбден дағдыланғаннан кейін басқаша оқыта бастайды. Біз де тіліміз бұзылмай сақталуын тілесек, өзгелерше әуелі өз тілімізбен оқытып, сонан соң басқаша оқыту тиіс» (Байтұрсынұлы А. Қазақ тіл білімінің мәселелері. Алматы, 2013, 13-14-бб.).
Бұл алғашқы төл «Әліппенің» басты озықтығы мен жетістігін бір ауыз сөзбен баяндар болсақ, араб әліпбиіндегі 28 хәріпті қазақшаға бейімдеу, әр дыбысқа жеке-жеке таңба алу. Қазақ сөздерінде қолданылмайтын, тек араб тіліне тән хәріптерден бас тарту. Қазақтың жіңішке төл дыбыстарын таңбалағанда «дәйекшені» қолданып, үлкен үнем ­жасау. Тілді оқыту мен меңгертуге қатысты терминдерді ойлап тауып, ат тағу.
Ахаң көптің де Құраннан, мұсылман­шылықтан қол үзбеуін ойласа керек, іле-шала жаңа «Әліпбиін» жарыққа ­шы­ғарады. Ол – Оқу құралы. Қазақтан басқа түркі, ғараб, фарсы сөздеріне ­жазылатын әріптерді үйрету үшін һәм оқуға төселту үшін тәртіп етілген. Алифбаға жалғас. Екінші кітап. Орынбор, 1913 (52 бет). Заман талабы солай болды ма, әлде қоғамның сұранысы болмады ма, әйтеуір біз бұл «Әліппеге» жалғас екінші кітаптың қайталап басылғанын көрмедік. Ал бірінші кітап, нағыз «Әліппеміз» талай қайталап басылды, мол данамен жаңғырып жария­ланып отырды. Күні кешеге дейін осы «Әліппемен» хат таныған ағаларымыз ортамызда жүрді. Қытайдағы қалың қазақ оны әлі де тұтынуда. Негізінен Ахаңның «төте жазуы» ресми түрде мемлекет ­тарапынан 1924 жылы ғана бекітілгенімен, оны ­1913-1929 жылдар аралығында барша бұқара тұтынды. Өйткені біздің қолымызда «Оқу құралының» бірнеше басылымы бар:
– Екінші басылуы. Орынбор, 1914, 96 бет.
– Үшінші басылуы. Орынбор, 1916, 98 бет.
– Төртінші басылуы. Ташкент, 1922, 95 бет.
– Алтыншы басылуы. Орынбор, 1923, 72 бет.
– Жетінші басылуы. Орынбор, 1925, 72 бет.
Бұның сыртында қолымызға жақында түскен ерекше құнды жәдігер – Семей облыстық «Алашорда» советінің қолдауымен Алаш (Семей) қаласында жарық көрген «Оқу құралының» 1919 жылғы (40 бет) басылымы.
Сауатсыздықпен аяусыз күрес жүргізген совет үкіметі де Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесінен» қашып құтыла алмады. Ол енді «Сауат ашқыш. Дыбыс жолымен тәртіптелген қазақша әліп-би. Сауатсыз үлкендер үшін бірінші кітап. Орынбор, 1924» (114 бет) деп аталды. Бұл үлкендерге арналған «Сауат ашқыш» түрлі суреттерімен толықтырылып, 1926 жылы Семейде (83 бет) қайта басылса, бұдан кейін «Әліп-би. Жаңа құрал» деген атпен 1927 жылы Қызылорда-Тәшкенде (116 бет), 1928 жылы Қызылордада (116 бет), соңғы рет 1936 жылы тағы да астана Қызылордада басылып шықты.
Әрине, бұлардың баршасының ­басын қосып, толық тиражын есептеген ешкім жоқ әзірге. Түркістан АССР-да жанқиярлықпен ондаған төл оқулық шығарып, халықтың көзін ашқан ағартушы Халел Досмұхамедовтің де Ахаңның еңбектерін бірнеше рет ыждағатпен, мол тиражбен Тәшкен қаласында бастырып шығарып, таратқанын есте тұтсақ, бұл «Әліппелердің» қазақ халқы үшін рухани сауабы шексіз деуге қақымыз бар.
Бұл «Әліппелер» мен «Сауат ашқыш­тар» (үлкендер үшін) сыртында ағартушы көптеген әдістемелік құралдар жазып, «Баяншы», «Әліппе астары», «Тіл жұмсар», «Нұсқаушы» кітаптарын шығарғанын келесі бір талдамада толықтыра кетерміз.
Сонымен, Ағартушының жазған-сызған, баспа бетін көрген жарияланымдарына сүйене отырып, оның тұтас филологиялық (тіл мен әдебиет) ілімінің эволюциясы хақында төмендегідей сатылы жүйе түзуге болады:
– Дәстүрлі араб әліпбиіндегі көптеген таңбалардың басы артық екенін сезінуі.
– Қазақ тілінің дыбыстық жүйесін (фонетикасын) ден қойып зерттеуі.
– Қазақ тіліндегі үндестік заңдылығын (сингармонизм) танып-білуі.
– «Бір дыбыс – бір таңба» немесе керісінше «бір таңба – бір дыбыс» принципіне тоқталуы.
– Қазақ әліпбиін (алфавитін) жаңаша түзуі.
– «Дәйекше» таңбасын ойлап табуы.
– Жаңа оқу әдісі (усул сотие) жолымен тәртіп етілген тұңғыш қазақша «Әліппе» – «Оқу құралын» жазуы.
– «Оқу құралының» «Қазақтан басқа түркі, ғараб, фарсы сөздеріне жазылатын хәріптерді үйрету үшін» «Әліппеге» жалғас екінші кітабын жарыққа шығаруы.
– Үлкендер үшін төте жазулы «Сауат ашқышты» дайындауы.
– Қазақ мектебінің мұғалімдері үшін қосымша «Баяншы», «Әліппе астары», «Тіл жұмсар», «Нұсқаушы», «Оқу құралы» (Хрестоматия. Т.Шонановпен бірге, үш басылым көрген) сынды әдістемелі құралдар құрастырғаны.
– «Тіл – құрал» атты үш кітаптан тұратын (Фонетика, Морфология және Синтаксис) қазақ грамматикасын түзуі.
– «Әдебиет танытқыш» (Ташкент, 1926) атты қазақ әдебиеттануы мен фольклоры бойынша оқулық жазып, бастыруы.
– Көп еңбектерінің («Қазақ тілінің теориясы», «Мәдениет тарихы») қолды болуы және мол мұрасының тиянақты іздестірілмеуі.
Бір марқаятынымыз – ұлттың ұлы ұстазы қазақ топырағында алғаш дүниеге келген бұл ізденісті ізашар еңбектерінде әрбір ғылыми ұғым-түсінікке атаулық мән беріліп, қазақ тіл білімі мен әдебиет­танымының тұтас терминдік жүйесін қалыптастырды.

Ана тілі
Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов ғасыр басында: «Ахаң соңғы жылдары уақыты­ның бәрін қазақтың мектебіне сарып қылып, істеген ісі де, жазған жазуы да жалғыз соған арналған... Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұран ... өнер-білім, саясат жолындағы қажы­маған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын» деп заманауи бағасын берген-тұғын. Ағартушының осы ерен еңбегін біз қалайша ұмытамыз?! Ұлы ұстаздың «Оқусыз [бүгінше айтсақ, «білімсіз»] халық қанша бай болса да, біраз жылдан кейін оның байлығы өнерлі халықтардың қолына көшеді» деген көрегендігінен қорытынды шығара алдық па?! Алаш көсемінің «Олжалы жерде үлестен қалғанымыз, жоралы жерде жолдан қағылғанымыз – бәрі надандық кесапаты» дегені алдымыздан шығып жүрмей ме?! Тағы да Ахаң айтады: «Қазақта білімді адам жоқ емес, көп; бірақ солардың көбі бар білімін халалға емес, харамға жұмсап ғадеттенген». Ойланайық, ағайын! Әсіресе бүгінгі білім күні баламыз көзін «Әліппемен» тырнап аша ма, кіндігімен «Букварьға» байлана ма?! Бүгінгі күннің ең ауыр, ең салмақты сұрағы осы болса керек...

(Жалғасы бар)

Ғарифолла ӘНЕС,
профессор

1424 рет

көрсетілді

75

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы