• Қоғам
  • 02 Қыркүйек, 2020

Басты бағытымыз айқын

Мемлекет басшысы Президенттік ­лауазымында екінші рет халыққа ­Жолдау жасап, жариялады. Жолдауды тыңдадық, сараптама жасадық. Негізінен реформалық бағытқа құрылған бұл Жолдау былтырғы Жолдаудың жалғасы іспеттес. Соның ішінде екі-үш салаға кеңірек тоқталайын.
Бірінші – Мемлекеттік басқару жүйесін реформалау. Әрине, кез келген мемлекеттің өзіне тиісті басқару жүйесі болады. Біздің мемлекетте де басқару жүйесі соңғы 28-29 жылдың ішінде бірнеше рет өзгеріске түсті. Көп жағдайда осы басқару жүйесін өзгерткен кезде кемшіліктерге бой ұсынып жатады. Мысалы, 2007 жылы министрліктерде жауапты хатшы қызметі енгізілген. Оның негізгі мақсаты ­министр ауысқан кезде кадр мәселесінде тепе-теңдікті сақтап қалуға негізделген. Тәжірибе көрсеткендей, 12-13 жылдың көлемінде қаншама министр­лер ауысады, ауысқан сайын келесі министрлердегі негізгі департамент ­директорлары, комитет төрағалары, вице-­министрлер ­ауысып жатады. Сондықтан да жауапты хатшы лауазымы формальді түрде ғана керек болды. Біз оны көріп жүрміз. Бұл мәселе ақпарат құралдарында да ­айтылып, депутаттар да көтерді. Сол себепті ­жауаптыхатшылық ­институтынан бас тарту мәселесінің қаралуы бекер емес.
Мемлекеттік басқару жүйесіндегі екінші мәселе – ауыл әкімдерін сайлау. Мұны алғаш рет мен көтерген едім. Қазір депутаттар да көңіл бөліп жүрген үлкен мәселе. Ауыл әкімін сайлауға мұқият қарау ­керек. Қазіргі сайлау бойынша ауыл әкімін аудандық мәслихат депутаттарына аудан әкімі ұсынады. «Міне, мына ауыл әкімін мен сіздерге ұсынамын» дейді. Аудандық мәслихат депутаттары қол көтеріп сайлайды да, ол азамат ауыл әкімі болып шыға келеді. Тым құрығанда, кемінде 2-3 адамның ішінен біреуін таңдап алу керек. Көп жағдайда бұл жүзеге аспайды. Меніңше, ауыл әкімдерін аудан әкімінің көңіліне, ниет-пиғылына қарамай, сол ауылдағы тұрғындардың пікірлеріне байланысты сайлаған дұрыс деп есептеймін. Ол сайланған әкім ауылдың беделді, белсенді азаматтарымен бірлесіп, ауылды көркейту мақсатында жұмыс істеуі керек. Тіпті арнайы кеңес құрылып, жоғарыдан берілген ақшаның қай бағытқа жұмсалатынын (бәлкім жол жөндейді, бәлкім тазалық жұмыстарын жүргізер, бәлкім көшет отырғызар) бірлесіп шешкені жөн. Бұл жергілікті өзін-өзі басқарудың бір қағидасы.
Бізде «Жергілікті өзін-өзі басқару ­туралы» заң бар. Президенттің Жолдауында да жергілікті басқаруға байланысты пікірлер айтылды. Жергілікті өзін-өзі басқару деген не? Бұл бір сөзбен айтқанда, облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттардың рөлі. Қазір елге барғанда облыстық, аудандық мәслихаттардың рөлі төмен екенін көріп жүрміз. Оларда қадағалау функциялары жоқ. Әсіресе бюджетті қадағалау. Облыстық, аудандық, қалалық бюджетті бөлген кезде сол жергілікті, уәкілетті мәслихаттардың рөлі болуы керек.
Келесі мәселе – мемлекеттік қызметкер­лердің санын қысқарту. Қысқарту ­керек ­деген мәселе осыдан он жыл бұрын басталған әңгіме. Бірақ ол іске аспай, сөз жүзінде қалып қойған еді. Президенттің былтырғы Жолдауында да айтылды. 2025 жылға дейін мемлекеттік қызметкерлердің санын 25 пайызға қысқарту туралы ­Президент кешегі Жолдауында тағы тоқталды. Енді оның тетіктері жасалуы керек. «Қай сала қысқарады? Қалай қысқарады? Қандай министрліктегі, әлде Орталық аппараттан қысқартыла ма? Облыстық деңгейде ме, ауданда ма, қалада ма? Ауылдық жерлерде қысқарту бола ма?». Елдің көкейінде мұндай сауал көп. Оның бір бағдарламасы, дәл болжамдық мәселелері болуы керек. Меніңше, оны Үкімет жасайды. Парламент бұл мәселеге келгенде өз пікірін айтады.
Білім саласына байланысты Президенттің сынын естіп, көріп отырған боларсыздар. Онлайн жүйесінде оқытуға байланысты сын айтылғанымен, бұл амалдың жоқтығынан жасалып отырған қадам. Әсіресе орта мектеп оқушыларына қиындық тудырып отыр. Мәселен, мен туып-өскен өңірде интернет жүйесі мүлдем жоқ ауылдар бар. Аудандардың өзінде интернет жүйесі ескі технологиямен істейтіндіктен жүктемеге шыдамай, істен шығып қалады. Сабақ оқу мүмкін емес. Көп балалы отбасыларды айтпағанда, кейбір мұғалімдердің де мүмкіндіктері келе бермейді. Елімізде жарияланған ­карантинге байланысты мектеп оқушылары 4-тоқсанда қашықтан оқығанда бұл мәселе алдымыздан шықты. Дәл осы мәселе қазір де өзекті. Телеарналар арқылы, «Балапан» арнасы арқылы оқытуға көштік. Мұның өзінде «ол баланы кім бақылап отырады, төменгі сынып оқушылары қалай оқиды?» деген сауалға жауап беру де қиындық тудыратыны сөзсіз. Ноутбук, планшет, т.б. алып бергенімізбен, ол мәселеден шығудың жолы емес. Сондықтан біз цифрландыруға байланысты біртұтас онлайн жүйесін ­жасауымыз керек. Оны кеше Президент те айтты.
Бұдан өзге, диплом сататын, дұрыс білім бермейтін жоғары оқу орындарына байланысты да жақсы айтылды. Бұл бағытта министрлік жұмыс істеп жатқанын жоққа шығаруға болмас, дегенмен, нәтиже нашар. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі оң қолымен ЖОО-ға лицензия береді, сол қолымен оны алып қояды. Олай ­болмайды. Сондықтан да лицензияны беретін құзыреті бар органдар бөлек болғаны, ол тікелей ­Премьер-Министрге бағынғаны дұрыс шығар. Сондай-ақ лицензияны алып қоятын қадағалау органдары да бөлек ­болуы керек. Олар бір-біріне тәуелсіз болғаны жөн.
Отбасы құндылықтары, үлкенді сыйлау, бір сөзбен айтқанда, тәрбие мәселесінде кемшілігіміз көп. Ұлттық мүдде жолында ұлттық тәрбиені уыстан шығарып алдық. Біз қазір оқу, балл қуып кеттік. Ағылшын мектебі жақсы дейміз, ол жерде тәрбиені қалай береді, оған мән бермейміз.
Қалай айтсақ та біздегі мақсат біреу, ол – осы мемлекетті тығырықтан алып шығудың жолы, өркениетке жетелеу. Зиялы қауымның да, биліктің де, Парламенттің де мақсаты осы болу керек деп есептеймін.

Мұрат Бақтиярұлы, Сенат депутаты

703 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы