• Тұлға
  • 09 Қыркүйек, 2020

Инемен қара сөзді сабақтаған...

Жұмыр жердің бетінде қаншама ұлт пен ұлыстар ғұмыр кешіп жатса, түркі тектес ұлттардың көне салт-дәстүрін сақтаушы бірден-бір ел, бұл қазақ халқы десек артық айтқандық емес шығар. Қазақтың, «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас», «Қарғыс алма, алғыс ал» деген екі ауыз сөзінің астарында қаншама ғұламалық, даналық жатқанына зер салып көріңізші?
XVIII ғасырда ұлы жүз ішіндегі Жалайырдың Мырза тайпасынан шыққан аса көрнекті қайраткер, өр мінез, өжет батырлығы, от ауызды, орақ тілді шешендігімен көзінің тірісінде-ақ атағы алты Алашқа жайылған Қабан жырау (Қабылиса Асанұлы) еді. Ол XII ғасырда Түркі ұлыстарының басын біріктірген ұлы тұлға, Шыңғыс қағанның сенімді де, сүйікті бас қолбасшысы болып, Цзинь империясын тізе бүктіріп, Бейжіңді алып, тоғыз шашақты туды желбіретіп, қытай елін билеп, Ұлық әмір атанған Мұқылай баһадүрдің ұрпағы болатын.

Қабан жырауды Хан тәңірі ­бауырынан Қаратауға дейінгі аралықтағы қазақтың от ауызды орақ тілді ақындары, би, шешендері ұстаз тұтты, құрметтеді сыйлады. Қабан жырау,батырлық, даналығымен қатар айтыстың қай түріне болса да жетік, асқақ ойдың шебері еді.
Ғалым ­Мырзатай ­Жолдасбеков өз зерттеулерінде: «Қабан жы­рау­дың көшіне лесіп, кішкене сары бала жеті күн жүріпті. Бұны байқаған жырау, «Мына бала қай бала, неғып жүр сұраңдаршы» деп, кісі жіберіп, алдына алдырады. «Мен сіздің жұрағатыңыз едім. Өзіңізден бата алғалы көшіңізден қалмай жүр­мін» дейді бала. «Ой, мынау болғалы тұрған бала екен. Алдыңнан ақ күн тусын, еліңнің абыройы бол, Алла тілеуіңді берсін» деп алдына алып, болашақ ақын жеті жасар Сүйінбайға батасын беріп, қайтарады деп жазады. Сүйінбайға берген батасы қабыл болды. 1850-ші жылдардың соңында Қырғыздың Орман ханы ата, анасына «Ас» бермекке сауын айтып, үш жүздің игі жақсыларын шақырады. Осы жиында Сүйінбай қырғыз ақыны Қатағанмен айтысқа түседі. Сол айтыста бүкіл қазақ – бір атаның ұрпағы, бір тамырдың бұтағы екенін тілге тиек етіп, елдің ауызбіршілігін, батырлығын жеріне жеткізе айтып, қырғыз ақынының аузына құм құяды. Сүйінбай ақынның ұлтын сүйген ұлы қасиеттерін бағалаған ғұлама Мұхтар Әуезов: «Сүйінбай айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп баға берді. 2015 жылы Сүйінбай ақынның 200 жылдық мерейтойы аталып өтіп, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик, қазақ ғылымының абызы Қирабаев Серік Смайылұлынан сұхбат алғанымда: «Сүйінбай ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы тілі өткір, қазақтың үлкен ақындарының бірі. Марабай деген, Ер Тарғынды жырлаған сұмдық үлкен ақын болған. Сол Марабайдың бір екі ауыз сөзін келтіріп, «Ақындық деген аз жазып, көп жазғаннан емес, тауып айтқан, образно айтқан адамның бәсі биік» деген Мұхтар Әуезовтің бір сөзі бар. Әлгі, Абайды біз мақтаған уақытта, «Қыс» деген өлеңінде, Қыстың өзін бір тірі адам сияқты суреттеп, аяғын сықырлатып, келіп қалған бір жанды дүниедей етіп бейнелейді дейміз ғой. Сүйінбай одан бұрын кәріліктің өзін жанды бейнеге айналдырған ғой: «Әуелі кәрілік келіп тісімді алды, Сонан соң тіземдегі күшімді алды. Құдай қосқан жарыңнан бөлек жат деп, Қасыма көрпемді ашып кіріп алды» дейтіні бар. Кәдімгі бір жанды бейне келіп, сенің бойыңдағы іске жарайтын нәрсеңнің бәрін біртіндеп алып жатыр. Міне, мұның барлығы әдемі образ» деп баға берген еді. Сүйінбай ақынның елдің ауызбіршілігін жырлап, әділдіктің ақ туын желбіретуі Қабан жыраудың ақ батасының қабыл болғаны демей не деуге болады. Сүйінбайды Қабанның тікелей шәкірті екенін, жырау Кенен де өзінің «Жамбыл жыр» деген өлеңінде:
Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,
Бас иген ұлы жүзде тамам ақын.
Нағашысы Жалайыр Қабан ед деп,
Жамбыл атам айтатын маған атын.
Атағың үлкен еді-ау, Қабан жырау,
Жамбылдың айтқан сөзі есте тұр-ау,
Жиені Сарбас ақын сөйлегенде,
Әдеті мұртын қағып, құлақ бұрау, – деп өзіне түсінде бата берген Сарбас ақынды да айтып өтеді. Қазақтың «Баталы құл арымас» деген әпсанасының төркіні осыны байқатса керек.
Мойындау, пір тұту, құрмет сияқты лебіздерді Жетісу жерінің арғы-бергі ­заманында өткен: Мәулімбай, Қыдырәлі, Есенгелді, Қалқа, Темірғали, Артық, Әбікен және т.б. айтыскерлер жиі айтып отырған. Солардың ішіндегі ақын Сараның мына бір толғамын еске алғанымыз жөн:
Қасиетті Қабылиса Асанұлы,
Мырзадай іргесі кең елден шыққан.
Кем болмас ештеңеден мұны ұққан,
Жалайыр Қаблисаны еркелетіп,
Қабан деп лақаптап атын тұтқан, – деп дәріптейді. Келтірілген осы шумақтар мен толғамдардан-ақ Қабан ақынның талай қырлары ашыла түседі.
Ол өр мінезімен, өжет батырлы­ғымен, от ауызды, орақ тілді сөзімен көзінің тірісінде-ақ Қабан ақын атанған. Ел басшылары Ескелді, Балпық билермен қатар «әулие» деген атқа ие болған. Өйткені әр жерде шашырап, көшіп-қонып жүрген жалайырлардың басын қосып біріктіруде, тұтас бір ел етіп топтастыруда оның еңбегі, қажыр-қайраты үш ғасыр бойы аңыз-әңгімеге айналған. Ел үшін, жер үшін қанын төгуге, жанын қиюға әзір екенін мына бір көріністен-ақ байқауға болады. Ақынның шөбересі Мәрима Рақметқызының айтуына қарағанда, қазақ-қалмақ соғысы кезінде жалайырдың бір батыры жекпе-жектің шартын сақтамай, қарсыласын қас пен көздің арасында шаншып өлтіреді. Мұның арты дау-дамайға айналып, қалыптасқан салт-дәстүрді бұзғаны үшін әлгі жас батырды қалмақ жағы байлап беруді талап етеді. Ел ағалары бұл талапқа мойынсұнып тұрғанда, Қабан ақын алға шығып: «Бұл батыр ел қорғаны бола алатын азамат екен, жолына жан пида – мені байлап беріңдер!» дейді де, өз еркімен жау қолына аманатқа кете барады (журналист Ораз Исмайылұлының жазбасынан). Филология ғылымының докторы М.Жолдасбеков Қабан ақынның алдағыны болжайтын әулиелігін бейнелейтін мынадай аңыз келтіреді: «Бірде Жетісу өлкесінен шыққан атақты батырлар Өтеген, ­Райымбек, Қараш және Қабан төртеуі бас қосып отырады. Райымбек пен Өтеген құрдас, Қараштың жасы олардан сәл кішілеу, бәрінен үлкені Қабан екен. Райымбек сөз бастайды: «Өтеген, «ел аралаған – сыншы» деген, жер-дүниені шарлап келдің, жасымыз болса тақады, батыр атағың бар, көпті көрдің, өле қалсақ жағдайымыз қандай болады, қайсысымыз қай жерде қаламыз, айта аласың ба?» дейді. Өтеген: «Аға тұрып сөйлеген ініден без» деген, бұл дүниенің жарығын бізден бұрын көрген алдымызда Қабан ағамыз отыр, сол кісі айтсын!» депті. Сонда Қабан: «Екеуің біріңді-бірің түрткілеп, ақыры мені сөйлеттіңдер ме?» деп сөз бастайды. «Әке-шешем қойған атымды өзгертіп, ел мені Қабан атандырды: мен бір бастаудың басында, шоқ қамыстың түбінде қалармын. Үш күн денем жерде жатады, үш күннен соң табылады. Ал, Өтеген, сенің мінезің жайлы, жүзің жылы еді, жылжып аққан судың жағасында жатасың, бірақ түбінде сені де жылжытып басқа жерге қояды. Райымбек сен көпшіл ең, қиямет-қайымға дейін басыңнан дабыр, үстіңнен дүбір кетпейтін үлкен жолдың бойында боласың» деген екен. Бұл аңызды Кенен Әзірбаев пен Әмірқұл Құлшықов айтқан». («Асыл арналар», Алматы, «Жазушы» баспасы, 1986, 152-153-беттер). Бұл аңыз рас болса, Қабанды шын әулие деуге қақымыз бар. Себебі Өтегеннің қабірі «жылжып аққан су» Іле өзенінің бойында-тұғын, беріде Қапшағай теңізінің астында қалатын болған соң, ұрпақтары «жылжытып» биік төбенің басына қойды. Райымбек Алматыдан Ташкентке қарай шығатын үлкен жолдың бойына жерленген екен, ол маңай бұрын да, қазір де дабыр-дүбірдің орны болды, ары-бері өткендер, арнайы келушілер тәу ететін қасиетті мекенге айналды. Қабанның өзі Іле өзені бойындағы шоқ қамыстың ішінде, бұлақ басында жатыр. Тағы бір мысал айталық: «Бірде ақын ауылына Ұзынағаш жақтан бір топ мейман келеді. Бала-шағалары жақын ауылға тойға кетіп, үйде жалғыз қызы Қоянкөз бен Қабан ақынның өзі қалады. Қонақтарға шай қайнатылып, ет асылғанда ерке қыз құда түсуге келгендерге ылғи қойдың қол етін қазанға салыпты. Алдарына ас келгенде қонақтар тіксініп: «Жақсы әкеден де осындай көргенсіз бала туады екен-ау» деп, бір-біріне қарасады. Соны аңғарған ақын табан астында:
Балам білмей қонаққа қол асыпты,
Қол асса да қой етін
мол асыпты.
Саннан бұрын өмірге
келеді қол,
Соны біліп ертеңге
жол ашыпты,
– дейді.
­Ишаратты түсінген ­қо­нақтар: «Мына қыз осал болмады. Қазақтың ескі салтын бұзып, жаңа жоралғы жасап отыр екен, қойдың жамбасын, төсін, сан етін аспай, қазанға қолын салуын­да да мән бар екен ғой» деп құдандалық рәсімін жасап, елдеріне қайтыпты. Сыр бойында туып-өскен ақын ел басылары Ескелді, Балпық, Орақтылармен бірге жалайырларды Іле мен Қаратал өңіріне көшіріп әкелгенде, барлық саналы өмірін Шаған тауының шатқалдарында, Лабасының баурайында өткізсе керек. «Құйма құлақ қариялардың айтуына қарағанда, Қабан қапсағай денелі, айбарлы, ақылды адам болған» деп жазады Ораз Исмайылов.
Қабан, ең алдымен, адал сөйлейтін, билігі, байлығы бар адамдарды өтірік мақтап жағынбайтын, қара қылды қақ жарған ақын болған. Оған бір мысал: «Марқұм Иманғазы қарияның айтуынша, бір жолы ақын ауылына барымташылар баса-көктеп кіріп, жылқыларын айдап әкетеді. Қабан бастаған жаужүрек жігіттер барымташыларды қуып жетіп, айқаса кеткенде аналардың бір жігіті сойылға жығылып, мерт болады. Барымташылар құн даулап, Әділ төреге жүгенген. Төре Қабанды шақыртып: «Құнын неге қайтармайсың дегенде, ақын ойланбастан:
Ұрыға құн жоқ,
Ұрыға құн болса,
Момынға күн жоқ.
Өзі ізденіп келіп, өлген немеге,
Маған салсаң, дым жоқ! – деген екен. Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» есіне түсіп, төре ары қарай дау айтпапты. ХІХ ғасырда өмір сүрген Бақтыбай ақын айтқандай, «инемен қара сөзді сабақтаған» Қабан ел-жұртты имандылыққа, шариғат жолына шақырып, көп өлеңдер шығарған. Оның ислам дінін жетік білгенін, кітап оқыған сауаттылығын, өлеңдерін жазып та шығарғанын талай толғауларынан, өсиет өлеңдерінен аңғару қиын емес. Амал не, қолжазбалары сол күйінде сақталмаған, жеке жырлары ауыздан-ауызға көшіп өзгергені, бұрмаланғаны, кейбіреулердің өз жанынан қосқандары да байқалады. Қабанның ел есінде қалған даналық сөздері көп.
«Менің ақындығым балаларыма дарымайды, қызым мен жиендеріме көшеді» деген екен Қабекең. Онысы да әулиелік болып шыққан. ХІХ ғасырдың өрен жүйрік ақыны Бақтыбайдың түсіне кіріп, аруағы қонатынын Қабекең, әрине, білген жоқ. ХХ ғасырдың жыршысы қалқа ақынның да Қабанға сиынып, «пірім» деп отырады екен.

Қошан Мұстафаұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

54 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала test
Келесі мақала Он үшінші диссидент

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №39

24 Қыркүйек, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор