• Әдебиет
  • 09 Қыркүйек, 2020

Өзен де өзен, өзен жыр

Жер-судың аты жадыңа,
Бабаның жазған хатындай.
Киелі сөздер қайда бар,
Айшықтап қойған атындай?!

Аруақты жерді ардақтап,
Қоймаған қазақ жаман ат,
Байырғы атау – байлығың,
Атадан қалған аманат!

Өлкені кезген өзендер,
Өсірген елдің өркенін,
Атамыз атын дәл қойып,
Қалдырған сөздің көркемін.

Өлеңнің жайып қанатын,
Жер бетін шарлап кезейін
Өзіме қызық көрінген,
Өзенді жырлап берейін!

***

Ана тілі

Ертіс пен Обь

Ертісім еркін, ер еді,
Екпіндей ағып келеді,
Бұралып шыққан алдынан,
Арудай айдын көреді.

Өрімдей ерке Обь еді,
Ебімен Ертіс өбеді,
Белінен орай құшақтап,
Бөгелмей алға жөнеді.

Қос ғашықтай табысты,
Қатарласып, жарысты,
Айналып ұлы айдынға,
Мұхитқа бірге барысты

Мұхитқа жеткен өр Ертіс,
Картада неге жоқ Ертіс?
Қос өзен бірге қосылған,
Аталу керек Обь – Ертіс!

Еділ мен Жайық

Ағады Жайық,
Құшағын жайып ғаламға,
Айдыны жайлы,
Қайығы лайық адамға,
Жайығым бар деп,
Қаламын байып жайыммен,
Жайыны тайдай,
Тулайды қойдай табан да!

Ақ Жайық егіз
Айдыны шалқар Еділмен,
Ежелден елім
Еділім-ай деп егілген...
Жағасы жасыл,
Сыңсыған қамыс, тоғайы,
Судырлап желмен,
Сылдырлап сумен,
Сағыныш жыры төгілсе,
Көктегі бұлт та сөгілген!

Есіл

Кең даланың
Төсінде еркін көсілген,
Ерке самал
Ескен сайын Есілден,
Елестейді
Есіл ерлер ежелгі,
Дес бермеген,
Ессіздерге есірген.

Есіл, Есіл,
Еселейді, еседі,
Ағады жайлап,
Арнаны жалғап кешегі,
Есілген сайын
Еңсеңді тіктеп, ой кешіп,
Көкжиек кеңіп,
Көркейіп көңіл өседі.

Өзен-өрнек

Өзендер өлке кезіп салады өрнек,
Су бойын, сусаған ел, қонады өрлеп.
Жетісу – жеті мың су, санай білсең,
Ағады арна қуып, дала кернеп,
Бұрқырап Бурақожыр Даңғырлақпен,
Көлқамыс, Тастықара, Қаракөлдек.

Жалғамыс, Өсек, Қайшы, Тереңқара,
Байсерке , Қаратал мен кең Қарқара,
Байменей, Байынқол мен Ботабөрім,
Күйгенсай, Кескентерек, Еренқара,
Қарғалы, Қарасай мен Қарақастек,
Қарасу, Қаратұрық – өңкей қара.

Көп судың көгі де бар, ағы да бар,
Қызылағаш, Сарбұлақ сары да бар.
Ақешкі, Алажиде, Ақсайменен,
Ақсеңгір, Ақтоғаным тағы да бар.
Көктерек, Көксуат пен Көктал, Көкжар,
Көкмойын, Көксу, Сарқан бәрі де бар.

Өзен су ел мен жердің шөлін басқан,
Қосылса қардың суы, үйден асқан,
Жып-жылы жаздыгүні момақан су,
Сылдырлап, жан сарайын күймен ашқан,
Күйгенсай, Қора, Қорғас, Қопа, Қазан,
Белқұрақ, Быжы, Бұрқан, Бүйен, Басқан.

Еркелеп көктен шуақ тосады айдын.
Қуатын мөлдір суға қосады Ай, Күн.
Қуратпай жердің бетін, жан бітіріп,
Айнала ақ маржанын шашады-ай мың.
Жайы осы Жіңішке мен Жалпақшидің,
Жиделі, Шынжылы мен Шошанайдың.

Көргенде кепкен жерді көңіл күпті,
Өзендер өрнектеген өңір құтты,
Құрөзек, Құрлыжар мен Құрғақшолақ,
Құтырған, Қусақ, Тентек, Темірлікті.
Киікбай, Қожамберді, Үлкенқақпақ,
Қоғалы, Қотырбұлақ, Желдіайрықпен,
Майтөбе, Қазақсаймен жерім мықты!

Днепр мен Жанысбай

Бармайды дәм бұйырса арыс қайда,
Тосыннан тағдырымен табыспай ма?
Кезінде тың игеру бір үлкен көш,
Келіпті көктемеде Жанысбайға.

Жанысбай жылап қана ағатұғын,
Арнасы жазда құрғап қалатұғын,
Даланың бір кішкентай өзені екен,
Жайылып қар суымен толатұғын.

Тыңгерлер түспек болды тағы сынға,
Қайтқанды таңба санап намысына.
Тып-тыныш, іштен тынып өзен жатыр,
Қатқан мұз бөгет болып ағысына.

Ер жігіт тетіктерін бұрап түрлі,
Ерттеді ДТ деген трәктірді.
«Апырым-ай, Нестеренко не істер екен?!»
Жүзінде жолдастардың сұрақ тұрды.

Азуын айға батыр білеп, күлді,
Өтпекке бір-ақ періп білек түрді.
Көрсін бе бұйым құрлы шағын суды,
Соғыста кешіп өткен Днепрді!

Немістер атқылаған, бомбылаған,
Қақ жарып қайықтарды оңдырмаған,
Қайтпаған қанды судан ерлер бірақ,
Көндік деп, осы болса соңғы қадам!
Атойлап, от-жалынды шыққан жарып,
Көріне қас дұшпанды тыққан барып.
Даниил Днепрден өткені үшін,
Алыпты Алтын Жұлдыз бағы жанып.

Ер жігіт жайылған су тереңдігін,
Елемей күш-қуаты ерендігін,
Салды кеп трәктірін жұмбақ жолға,
Жан білмес, құлайтынын неден кімнің.

Шақырлап шынжыр табан, гүрілдеді,
Жер мен көк, судың беті дірілдеді.
Сыздаған саз беттеніп қаракөк мұз,
Сазарып, селт еткені білінбеді.

Трәктір тайғанақтап барқырады.
Қатқан мұз қабырғасы қақырады,
Сіресіп әрең тұрған сең қозғалып,
Жойқын су бұзып-жарып сарқырады.

Сере мұз кәбеңкені кетті кесіп,
Артында аңыз қалды, өмір көшіп...
Дария кешіп өткен Даниялдың
Ажалы қара судан жетті десіп!

Айнала сай-саладан жиылғанда,
Тарылып ағыс-арна тиылғанда,
Кетеді-ау құдіретті күшке айналып,
Момын су бөгет бұзып құйылғанда.

Жар сүзер арғы жағын ойламаған,
Қайтерсің, қаперсіз ғой қайран адам,
Дұрысы – алдын буып, жолын кесіп,
Қара су қаһарымен ойнамаған.

Шарын

Шатқалда шаршау білмей шарылдаған,
Шарын деген – ағын су арындаған.
Табиғат құдіреттің жаратқаны,
Сала алмас мұндай сурет дарынды адам.

Шарынның шым-шытырық шатқалынан,
Талай сыр шартарапқа ақтарылған.
Бір белгі бізге жеткен тылсым жұмбақ,
Сақтардың шарықтаған шақтарынан.

Ғажайып, қызыл, сары, жақпар, жақпар,
Өткен шақ, тақ пен тағдыр қатпар, қатпар,
Шарыннан сарын болып боздайтындай,
Балшыққа батып мәңгі қатқан ақпар.

Қамалдай қалың әскер ала алмайтын,
Қиялмен жұмбағына бара алмайсың.
Көз жетпес бір шетінен бір шетіне,
Теңдесін жер-жаһаннан таба алмайсың.

Толғанып, таңдай қағып тоғайынан,
Шыға алмай толған ойдың орайынан,
Жүргенде елестейді Шарын маған
Атар таң, батар күннің арайынан.

Текес

Текестің түп, түбірі теке ме екен?
Тастан қарғып, тау асып кетер ме екен?
Арқырап атылғанда бұрқ-сарқ қайнап,
Ақ көбігі аспанға жетер ме екен?

Текестің түп атасы Хан-Тәңірі,
Сарқырайды атаның болса әмірі,
Жаңғыртқан төңіректі асқақ әні,
Ағын су таулы аймақтың әнсәмбілі.

Елек пен Шелек

Өзеннің атын бөлектеп,
Ат қойған атаң Шелек деп,
Бөгетті бұзған ағын су
Аталды қалай Елек боп?

Електің суын електеп,
Шелектің суын шелектеп,
Есебін алу керек деп,
Өлшеген жанды елестет!

Киесі бар деп сүйетін,
Өзенді елім өбектеп,
Еркелей ағып барады,
Елек пен Шелек ерек боп!

Ырғыз

Ырғыздың аты ызғарлы,
Көрді ме талай ызбарды?
Сырына судың бойласаң,
Түбіне тұнған сыз бар-ды.

Зым-зия көшкен заманнан,
Суында қандай із қалды?
Ұзатып салған уақыт-ай,
Ырғызды кешкен қыздарды.

Құт қонған кәрі Ырғызға,
Жымыңдар көктен жұлдыз да,
Ағынмен келер сағыныш,
Сазды әуен болып бір қызға!

Кеген мен Бөген

Екі өзен екі жақта Кеген, Бөген,
Екеуін мен қосайын өлеңменен...
Өзгермей, өз атымен бізге жеткен
Кедергі бөгендерден бөгелмеген.

Өз елім өзегім деп елеңдеген,
Өзенге өзге сулар теңелмеген.
Табиғат неткен жомарт, неткен шебер,
Өлкені өзендермен шегендеген.
Түрген

Түргеннің түбі түрден бе?
Түрленіп түнді түрген бе?
Түрлі де түрлі түрге еніп,
Арнаны түріп жүрген бе?
Арындап алға атылып,
Тау-тасты жарып бір демде.
Аңқасы кепкен алқапты,
Түрен боп әлде тілген бе?
Түрлентіп жерді түлеткен,
Қадірі бөлек білгенге!

Қапал

Білмейді біздің елде Қапалды кім,
Өзгерген түрі дейді Қопалының,
Қатқылдау Қапал деген аты мықты,
Түзетпей-ақ қояйық қаталығын!
Тұрғандай еске салып Қапал аты
Тарих пен табиғаттың қаталдығын.
Атының ізі қалған атамыздың,
Ардақта жер-суыңды ботам, бүгін!

Ақ сулар

Ақсуат, Ақтөбемен мақтанамын.
Аты қандай Ақбұлқақ, Аққабаның.
Ақ пейілмен ат қойған Аққұйық деп,
Архивін аталардың ақтарамын.

Аталы Ақмырза мен Ақсүйегі,
Ақырса аударатын ақ түйені.
Арынды Ақсай, Ақжар жармен ойнап,
Ақтасты, Ақтастысай тасты үйеді.

Ақшоқы, Ақ Оба мен Ақ Берелім,
Ақсудың арнасымен ақты өлеңім.
Ақшолақ, Ақтайлақпен дала кезіп,
Аңқылдақ Ақбастауға тап келемін.

Ақ сулар, ақ өзендер дала кезген,
Ақ сөзі жанға жақын бала кезден,
Атаның ақ ниеті танылып тұр,
Ағынды ақ су деген дана сөзден.

Қара сулар

Қара өзен жорғалайды қара жермен,
Атауын қара нардай бабаң берген.
Бар-жоғын бір-ақ сөзге сыйғызатын,
Қазағым ат қоюға қандай мерген!

Қақ жарып Қараадырды ағады да,
Жайылып Қарақыстақ алабына.
Қараөзек, Қарабұлақ үндес бәрі,
Қара Оба, Қарақаба, Қарабұға.

Қарақау, Құздықара, Көздіқара,
Қалдырған Қаракеңгір ізді қара
Сақтаған Қарасуын Қарашықтай,
Қаракөз қазақ қандай ізгі, дана!

Балық бар Қарасуда, несібе бар,
Қаракөл, Қарауыл кеп, көсіледі ал.
Қаратал, Қарасайды кезіп келіп,
Қарабау, Қарашекпен шешіне қал!

Талқара, Қандықара, Мойнаққара,
Қараүңгір, Қарасайда ойнақтама,
Қарақол, Қарақұдық, Қарақобда,
Қарада қасиет бар, ойлап қара.

Қаражан, Қараңғылық, Қарағанды,
Қарадан қалың қазақ тараған-ды.
Қараеспе, Қараменде атын берген,
Біз дұрыс ұғамыз ба бабаларды?!

Көк сулар

Атамыз тұнық суды көк санайды,
Көксу мен Көкөзекті көп санайды,
Көгіне қондырады көңілінің,
Көкжар мен Көкқиясай, Көксарайды,
Көктасты серік қылып үйлесімді,
Қол созып көкке Көктал тосқан айды.
Көктұма, Көксала боп кең далаға,
Көк сулар тарам, тарам боп тарайды.

Қызыл сулар

Өзенге бастау болып, бұлақ аққан,
Қызыл су жылға болып, жылап аққан,
Қыза, қыза, қанатын кеңге жайып,
Көктемеде күшейіп тулап аққан.

Қызылсудың бұрқырап Қызыл жалы,
Құлатардай соғады ұзын жарды.
Қызыл суға толғанда Қызылжарсай
Құлпырып Қызылқайың бүрін жарды.
Қызыл жел соққан кезде қар кетеді,
Қызыл су қармен толса селдетеді.
Әр сөздің бояуына сыр тұндырған,
Атам қазақ алыстан әндетеді!

Сары сулар

Арнайын сұлу суға тағы өлеңді,
Сарысу, Сарыжылға, Сарыөзенді,
Ақ өлең, қара өлеңді білуші едік,
Өзеннен кезіктірдім Сарыөлеңді!

Сарысай, Сарыкеңгір, Сарыбұлақ,
Сарбие, Сарыжылға, Сарықұрақ.
Сарыторғай – ұшқан сөз, қағып алған,
Сарықобда секілді кәріқұлақ.

Сақтаған сары алтындай Саралжынды,
Ойлаған ескіні еске алар күнді.
Сөз қадірін білетін аталарым,
Судың атын соншалық санар құнды!

Қоңыр сулар

Қоңыр күй, қоңыр әуен, қоңыр өлең,
Қоңыр күз, қоңыраулы Қоңыр өзен.
Арқырап ай-хай жастық өткеннен соң,
Көшеді қоңыр күйге өмір деген.
Қоңыр деп судың атын қойды ма екен,
Қоңыр шалдар қоңырлау көңілменен!

Ащы сулар

Ащысай, Ащылысай, Ащылы ағын
Ащыөзек, Ащымиір, Ащықарын,
Ащытасты деп қалай атады екен,
Ащы ғып жіберген бе тастың бәрін?
Атаңнан осындай бір сөз қалмаса,
Апырым-ай, кім біліпті тастың дәмін.
Бір аунап Ащысуға, достарыңмен,
Келеді жағасында ащылағың.
Ащыны тұщыменен табыстырған,
Кім ұғар Ащыағардай қарттың жанын!

Қатын сулар

Ағынды, қара суды сапыратын,
Бірталай өзендер бар, аты қатын,
Судың да әйелі мен ері бар ма,
Апырым-ай, қойған қалай қатын атын?!

Қатындай адуынды, долы ма екен,
Жоқ әлде, әйел ағып өлді ме екен?
Болмаса жағасында бала тауып,
Разы боп, атаң атын берді ме екен!?

Қатынсу, Қатынөзен, Қатынадыр,
Қараймыз қайран қалып затына бір.
Қазағым, ат қоюға қандай шебер,
Тұндырған әр өзеннің атына жыр.

Жан-жануар сулары

Қарғалы, Қараторғай, Қаршығалы,
Жарқырап Бүркіттінің тамшылары.
Құсты өзен құстай ұшса, қалмайын деп,
Қойбағар Қошқар, Теке қамшылады.

Шортанды Шабақтымен алысқан -ды,
Құндызды Жабысайға жабысқан-ды,
Жыланды Жайындымен жайланғанда,
Ақырды алдарынан Арыстанды!

Киікбай, Жабағылы жарыса ма?
Қарақой, Ешкіқырған бәрін сана,
Бозінген, Ойсылқара, Қарасиыр,
Ботақан, Құланөтпес табыса ма?

Суының дәмі қандай Соналының,
Түбіне Итаяқтың қарады кім?
Ат қойған суға сұлу сыңғырлаған,
Сөзінің мәні қандай саналының!?

Жұмбақ сулар

Жымықы, Жәмші, Матақ, Маңдайқақтың,
Манақа мәнін ойлап, таңдай қақтым.
Қонақай, Құрбақанас, Қусақ, Хамир,
Қойылған құрметіне қандай заттың?

Сүртісу, Қалжыр, Күрті, Күршім, Нарын,
Шажағай, Шағырлының ыршығанын,
Шегелек, Шақараты, Үйдене, Үржар,
Жұмбақ сөз жымдастырып жыр шығардым.

Ахтуба, Шарон, Бажан, Қауылжырмен,
Топарды толқытайын тәуір жырмен.
Жембарақ, Ақанбұрлық, Бабықбұрлық,
Қозғайын Иманбұрлық бәрін бірден.

Атамыз Ахтуба деп ат бере ме?
Негізі Ақтұма ма, Ақтөбе ме?
Борлық, Бұрлық мәні де бұлдыр-бұлдыр,
Шарон мен Бажан сыймас жақсы өлеңге.

Байылдыр, Құрманақа, Көбелейім,
Өлеңді Өлкейекке себелейін,
Өгем мен Бұғыл, Шоңқай, Мәт, Тенеке,
Өрлете Обағанды жебелейін.

Әйет пен Қамыстыәйет, Бағырлайды,
Бағамдап, Талдыманақа тамыр жайды,
Аталар қойған аттың қапысы жоқ,
Тіл сыны, тылсымы да бәрі ыңғайлы.

Аңқаты

Қаңғытып қолын, қыр кезіп,
Қан тұтып қара қолқасы,
Қаптаған қалың қалмаққа,
Халқының қамал-жартасы,
Даңқымен дара батырлар,
Аңқытып қиқу салғанда,
Қан жұтып құлап қолбасы,
Аңырайған антаңдап,
Ойылған жаудың ортасы.
Қырғын да қуғын, сүргіннен,
Ағылып қанды сорпасы,
Ақтабан аты ақсаған,
Қауқиып тірі қаңқасы.
Ажалдың демін сезініп,
Айбалта тиген арқасы,
Аңызақ, аптап қақтаған,
Аңқайып кеуіп аңқасы,
Бір жұтым суды аңсаған,
Арманды ердің алдынан,
Аңқылдап шыққан Аңқаты!

Аңқасы кепкен адамға,
Татыған балдай Аңқаты,
Жағада жатып, ес жиған,
Жуылып сумен қан таты.
Жарадар болған жаранның,
Ап қалған жанын Аңқаты.
Атауы қандай байырғы,
Сақтаған мәнін Аңқаты,
Аңғары жайлы, құт қонған,
Аңқыған самал Аңқаты!

Өлеңті

Өріліп түскен өлеңге,
Өлеңті суы терең бе?
Өрнекті сөздің өзегі,
Өлкені кезген өзенде.

Өзгеше өрісі де Өлеңтінің,
Өлмеген өзекті ерге берер тыным,
Өлеңмен тебірентіп айлы түнді,
Өлеңменен қарсы алған келер күнін.
Өз елімді мен қалай жырламаймын,
Өзен қылып ағызған өлең түрін!

Сілеті

Қайдан пайда болды екен,
Сиқырлы атау Сілеті,
Қойды ма екен бір бейбақ,
Шілдеде қатқан сілесі?

Сілекейі шұбырып,
Сусыны сонда қанды ма?
Сілеусін дұшпан кезігіп,
Семсерін сілтеп қалды ма?

Суында сілті бар ма екен,
Аяғы сорға айналған.
Сілтідей тынбас бұл аймақ,
Сілеті суға байланған.

Балалық кезден білетін,
Көңілден кетпес суреті,
Асықпай кезіп даланы,
Аға бер мәңгі Сілеті!

Қылшақты

Қылыштай өзен Қылшақты,
Сызылып аққан жарқырап.
Даладай жайлы мінезі,
Атпайды көбік сарқырап.

Арнасында аңыз боп,
Қылыш аққан Қылшақты.
Өз жолынан жаңылмай,
Дұрыс аққан Қылшақты.

Қопаға қарай ұмтылған,
Қылшақты таза, қылшықсыз.
Қалаға келіп былыққан,
Даланың суы кіршіксіз.

Айналып балдыр, шалшыққа,
Тарылып әбден тынысың,
Тұрсың ба көніп зорлыққа,
Қылшақты, қайда, қылышың?

Қамсақты

Әуезі бізді тамсантты,
Аты қызық Қамсақты.
Қай дәуірде басталып,
Кім біледі қанша ақты?

Ер жолаушы шаршапты,
Тамшы суды аңсапты,
Қамшы басқан атына,
Көзі шалып моншақты.

Қарсы алыпты Қамсақты,
Жанын сақтап, ән сапты.
Қалың қамыс үн қосып,
Көкте жұлдыз самсапты.

Өзен сумен он шақты,
Жарыса аққан Қамсақты,
Қар суымен тасқанда,
Қамыс аққан Қамсақты.
Атаң білген ынсапты,
Қумаған көп мансапты,
Жан жарасын жазатын,
Жағаңа кеп Қамсақты!

Еске салған кәмшатты,
Туысың ба Камчаткы?
Суылдайды ескі сөз,
Сипағандай қамшы атты!

Жалаулатып жаңсақты,
Демеңіздер, жар сапты.
Сиқыр сөздің сынығы,
Сылдырлай бер Қамсақты!

Қайрақты

Бір қойшы су жағалап қой бақты ма?
Қапыда қасқыр қойды жайратты ма?
Қиқалақтап асығыс бауыздарда,
Судағы тасқа пышақ қайрапты ма?!

Қайрақ тас жақпады ма айбаттыға,
Байқамай табанына лай батты ма,
Бірі Жақсы, ал бірі Жаман деген,
Атты неге берді атаң Қайрақтыға?

Шідерті

Бойында ат шалдыртып Шідертінің,
Өткізсе қыз бен жігіт күдер түнін.
Шідерінен босаған қайран жастық,
Аңсайды алшаң басып жүрер күнін!

Шідертінің бойында қалған шідер.
Қиялмен ой арнасын жалғап жібер.
Анығын ағын судың ақын емес,
Шідерді шөптен тауып алған білер.

Бұдарты мен Жымпиты

Бұдарты – бұдыр, бұдыр, бұлдыр, бұлдыр.
Батырдың аты жортқан күлдір, күлдір.
Жымпитып, жымырайтып жағалауын,
Жымпиты жымияды сыбдыр, сылдыр.

Бір қызық мән іздесек Бұдартыдан,
Жымпиты да бір жұмбақ, сыр артылған.
Тоқтаусыз жыр арнасы жалғасады,
Даланы кезіп аққан су артынан!

Бұланты

Бұрынғы қу заманда Бұлантыдан
Бұланды қуды ма екен бір антұрған.
Шөл қысып, есі ауғанда байғұс бұлан
Ауға кеп түсті ме екен суда тұрған?!

Мейірі мөлдір суға қанды ма екен?
Мүйізі торға ілініп қалды ма екен?
Мейірсіз қанды мерген мейіздей ғып,
Мүйізін мерейленіп алды ма екен?
Бұлан мен құлан көшіп құла дүзден,
Құлазып қалғандай ма мәңгі мекен!?

Қалдығайты

Су бойлап, батыр оғлан барды... Қайтті?
Қайрат қып, қол жеткенін алды, қайтты.
Бәрі аңыз – алды қайсы, қалды қайсы,
Анығы – әуезді атау Қалдығайты!

Қарашы, қандай сазды – Қалдығайты,
Қалдығыз, қалды жігіт ән ғып айтты.
Даланың суы барда, жыры бар деп,
Ұрпаққа үлгі-өнеге, мән ғып айтты!

Қорағаты

Бір тосын қызық атау Қорағаты,
Атаңның кірді ме екен қораға аты?
Ескінің тасқа басқан таңбасындай,
Өзеннің өңкей жұмбақ болады аты.

Көкпекті

Керіліп аққан Көкпекті,
Көріпті талай көкбетті.
Көтеріп алған тепкіні,
Өкпеден соққан өкпекті.
Өктемсіген кектінің,
Өкімі көкке жетпепті.
Өлшеусіз уақыт серігі
Өзеннен көктеп өтпепті.
Тоқтауды білмес текті су,
Көкжиекке беттепті.

Жаманты

Жаманты деген жаман ба?
Жаманды жауып заманға.
Ақтала білген амалдап,
Айтарың бар ма адамға?
Санамайтын аталар,
Ағынды суды арамға.
Жаманы жоқ қой жерімнің,
Ай-күнім көкте аманда.

Мойынты мен Тайынты
Мойынты түбі мойын ба?
Тайынты түбі тойым ба?
Тайғанақ жерде байқамай,
Табаны тайдың тайды ма?
Ескі сөздің сынығы,
Ойнақы әуен, ойын ба?
Мойынты мен Тайынты,
Үйлесе кетті ойымда.
Мойынды мен Тайынды,
Дәл осындай әуезді,
Сиқырлы болмас, мойында!

Ырғайты мен Ноғайты

Мүлгіп тұрған түнгі айға,
Ырғайды торғай ырғай ма?
Ырғайтының бойында,
Бозарған таңда жырлай ма?
Торғайды ырғай қорғай ма?
Толғанып жырын тыңдай ма?
Арнаға сыймай, бір аунап,
Ноғайты толқыр мұндайда,
Бола алмай пана ноғайға,
Көз жасын төгіп жылай ма?
Ноғайлы дәурен дәуірде,
Айналған қалың тоғайға,
Айырылып қалған ноғайдан,
Оған да, шіркін, оңай ма?
Ырғайты мен Ноғайты,
Санаңа саз боп қонбай ма?
Судың аты – сұлулық,
Сырлы тарих болмай ма?

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ

2178 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы