• Тұлға
  • 09 Қыркүйек, 2020

Он үшінші диссидент

1968 жылдың күзі. Кеңес өкіметі соның алдында бір жыл бұрын Қазан төңкерісінің жарты ғасырлық мерекесін дүбірлете атап өткен болатын. Сондай күндердің бірінде Қостанай облыстық мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқармасына орта бойлы, сымбатты қазақ әйелі келіп кірді. Жауапты кезекші ретінде мен оны қабылдадым. Келіншек өзін Ақмаржан деп таныстырды да облыстық поштадағы хаттарды сұрыптау бөлімінде істейтінін айтты. Жұбайы Мұқтар бұрындары КГБ органында қызмет етіпті. Ол сөмкесінен ашылған конвертті алып үстел үстіне қойды. Бұл хат Алматыдан адресаты дұрыс көрсетілмегендіктен кейін қайтарылған болып шықты. «Пошта ережесіне сай, ашылған не сырты бүлінген хаттың мазмұнымен танысқанымда, оның үкіметке қарсы бір кісінің танысына жазған дүниесі екенін аңғардым, – деді келіншек. – Ана жолы бір қызметкеріңіз келіп ұжымға «Кеңес азаматтарының ­саяси қырағылығы» туралы лекция оқыған. КГБ органына қатысты фактілер кездессе, бізбен байланыста болыңыздар деп еді. Сондықтан мына хаттың сіздерге қатысы бар шығар деп әкеліп тұрмын».

Алдымдағы белгісіз хатқа көз жүгіртіп шықсам, біздің өңірдегі Боровской ауданындағы Михайловка елді мекенінің тұрғыны Әжібаев деген азаматтың жазбасы екен. Ол оны «Жас тұлпар» атты жасырын ұйымның мүшесі ретінде, Алматы қаласында тұратын пікірлесіне жолдапты. Мекемеміздегі әскери тәртіп бойынша аталмыш хатты әкелген азаматшадан жазбаша түсінік алдым. Оны конвертке қоса тіркеп, кезекшіліктің соңында басқарма бастығына тапсырдым.
Көп уақыт өтпей бұл хатқа облыстық қауіпсіздік комитеті басқармасы ғана емес, республикалық МҚК басшылығы да көңіл аударып, бақылауына алды. Арнайы топ құрылып, оған облыстық қауіпсіздік комитеті басқармасындағы идеология бөлімінің бастығы, полковник П.Сафрыгин, осы мекеменің аға тергеушісі, полковник П.Дадыкин, идеология бөлімінің жауапты қызметкері капитан Ж.Тасмағамбетов пен аға лейтенант Е.Ыбыраев енді.
Ұйымдастыру жұмыстары аяқталған ­кезде басқарма бастығы полковник С.Сенкеевич кабинетіне шақырды. Онда жоғарыда айтылған топ мүшелері отыр екен. Бастық: «Бүгін Әжібаевтың үйіне тінту жүргізесіңдер, – деп бастады сөзін. ­– Бұған облыс прокуроры П.Грачевтың келісімі бар. Ал сені, Мәулетов, арамыздағы қазақтілді жалғыз тергеуші болғандықтан, осы іс-шараға арнайы қосып отырмын. Себебі онда жергілікті ұлт тіліндегі құжаттар болуы мүмкін». «Жолдас полковник, қылмыстық іс қозғалмай тұрып тінту амалдарын жүргізуге болмайды ғой. Ол сол мәселеге қатысты Кодексте көрсетілген» дей бастап едім, С.Сенкеевич сөзімді бөліп: «Оған басың ауырмасын. Біріншіден, топты Дадыкин басқарады. Екіншіден, прокурор П.Грачев тінту жүргізуге келісімін берген деп айттым ғой. Облыстық партия комитетінің хатшысы да бұл мәселеден хабардар. Айналысайық деп отырған адамымыз қатардағы кісі емес. Республикалық МҚК назарында ұстап отыр» деді.
Партияның қай салада болса да нұсқау беріп отыратын, оған ешкім қарсы шықпайтын кезі ғой. Бағынбай көр, тәжікелесіп жатпайды. Социалистік қоғамның сара жолын түсінбейтін жан деп ойлайды да, партбилетіңді үстел үстіне қой дейді. Ал ондай ұйғарымға ешкім қарсы тұра алмайды.
Сол күні жұмыс аяғына таман біз Михайловка елді мекеніне келдік. Қайырбек Әжібаевтың үйі поселкенің күнбатыс жағында, қайыңды орманның іргесіне орналасыпты. Шағын, екі пәтерлі құрастырмалы финн үйі. Үйге және ауладағы қора-қопсыға қарап, іздеп келген адамымыздың жұмысынан оралуын күтіп біраз тұрдық. Кешкі сағат алтылардың шамасында бойы аласалау бір жігіт келе жатты. Ж.Тасмағамбетов: «Біз іздеп келген адам осы болуы керек» деді ақырын ғана. Өйткені әріптесім бұл поселкеге бір-екі рет келіп кеткен еді. Көпшілік оны ата-енесі осы елді мекенде тұрып жатқандықтан, соларға баратын шығар деп жорамалдайтын-ды. Бірақ мәселе басқада болатын.
Амандасып, өзімізді таныстырып болған соң, Қайырбек Әжібаевпен бірге ілесіп үйіне кірдік. Шешесі екеуі ғана тұрады екен. Көршілерінен екі куәгер шақырып, іске кірістік. Мұны көрген кәрі анасы: «Жалғызымды соттап жіберсеңдер, дімкәс мені кім бағады? Өлейін деп жатқанымда, кім аузыма су тамызады? Ертеңгі күнім не болмақ?» деп зарлағанда, бәріміздің тұла бойымыз түршігіп кетті. Бірақ қолымыздан не келмек? Үкіметтің мейірімсіз, алып машинасына кім қарсы тұра алады? «Абыржымаңыз» деп қоямыз кейуанаға. Бұл әйтеуір жай жұбату ғой. Басқа сөз айта алмадық.
Қайырбек Әжібаевтың үйі өте жұпыны болып шықты. Қабырға сөресіндегі көп кітап қана көзге түседі. Жиһаз-мүлік дегеннен үлкен, ескі сандық, көрпе, жастық. Басқа ештеңе жоқ. Үйді ұзақ тінттік. Сөренің жоғары жағына қойылған ескі шабаданнан Қазақстанның көптеген қалаларынан келген хаттар және ұсақ әріптермен жазылған бірнеше дәптерді тауып, тәркіледік. Менің міндетім: ортада үйіліп жатқан құжаттарды іріктеп алып, керектісін хаттамаға тіркеу. Соларды оқып отырғанымда көзімнің шалып қалғаны, жанымдағы үй иесі ақырындап бір дәптерді жымқырмақшы болып жатыр екен. Оны көріп отырған Ыбыраев оған басын изеп келісімін берген сияқты болды. Мен қолынан шап бердім. Әжібаев ештеңе дей алмай сасып қалды. Алыстан қарап отырған Василий деген жүргізушіміз осы оқиғаны кейін: «Ғалихан Нұржанович «стоп» дегендей Әжібаевтың қолынан шап берді» деп жолдастарына сан құбылтып айтып жүрді. Жасырмаймын, бұл да сол кездегі біздің үкімет пен партияға ынты-шынтымызбен берілгеніміздің бір көрінісі ғой.
Кейін тінту жүргізіліп жатқан кезде үй иесіне Ыбыраевтың «бүйрегі бұрғаны» туралы құпия құжат келіп түскені бар. Онда Әжібаевтың дәптерді жасырып қалуға әрекет еткені және біз туралы, сондағы сөздерімізге дейін жеткен. Мұны содан біраз уақыт өткен соң жауап алғанда Әжібаевтың өзі де айтыпты: «Тінтушілердің ішінен өзім оқыған орта мектеп директоры Ыбыраев ағайдың баласын бірден таныдым. Ол да осы білім ұясының түлегі еді. Мінезі жұмсақ, ұлтжанды кісі екен. Негізгі дәптерімді қымқырып қалуға ризашылығын бергендей болды. Бірақ құжаттарды тексеріп отырған екінші адам, ұлты қазақ, қатыгез, ешкімге жүрегі елжірей қоймайтын жан болып шықты. Ол көрмей қалғанда, топ мүшелері жарытымды ештеңе таба алмайтын еді».
МҚК органы жоғарыдағы жағдайдан соң құпия хатқа үлкен мән беріп, Ыбыраевтың ­саяси сенімсіздігі туралы мәселе көтерілді. Абырой болғанда ол бұл туралы топ жетекшісі Дадыкинге ескерткен екен. «Шектен шыққан ештеңе жоқ. Ыбыраев маған ескертті» депті Дадыкин. Сонымен, Ершат орнында қалды.
Қазір еске түсіріп отырсам, Әжібаевтың ой-пікірі сол кезгі үкіметтің қай саладағы болсын «іс-әрекеттері қазақ халқына зиянды» деп айтылған құжаттар екен. «Шындықты айтуға болмайды. Үкіметке қарсы келіп өз пікіріңді білдірсең, жүйке ауруымен ауырады деген жаламен ауруханаға салады, не соттайды» депті. Біраз уақыт өтсе де, әлі есімде, мемлекетті басқару саласындағы партияның рөлін азайтып, оның орнына халық сайлаған президенттік басқаруға көшу туралы біраз салыстырмалы дәлелдер келтірілген. Тағы бір тезисінде Әжібаев Варшава одағына кіретін елдер сияқты КСРО-дағы одақтас республикаларда да басқа партиялардың болуы керегін айтқан. Бұл мен алып қалған дәптерде көбірек жазылыпты. Онда тіпті республиканың болашақ президенті, үкімет мүшелері мына кісілер болғаны дұрыс деген нақты фамилиялар да келтірілген. Оған жолдаған хатында бір пікірлесі: «Сіз өзіңізді осы лауазымды президенттік қызметке үміткермін деп неге айтпайсыз?» дегеніне, ол: «Құдай маған бой бермеген. Ел басшысы бойшаң, сымбатты, әрі жоғары білімді, жан-жақты, сауатты азамат болуы керек. Ал менің білімім арнайы орта ғана, араласқан ортам да озық ойдың иелері емес» деген. Өзге өңірдегі пікірлестері оның бойы 1,5 метрден аспайтынын қайдан білсін.
Дәптердің «Жас тұлпар» бағдарламасы» ­деген бөлімінде ұлт мәселесіне байланысты ойлар жинақталыпты. Онда республикадағы облыстар мен аудандар басшыларының басым бөлігі негізгі ұлт өкілдерінен болуы керек делінген. «Бірақ Қостанай облысынан мысал келтірсек, Амангелді, Жангелдин аудандарынан басқа өңірлерде бірінші хатшы қазақ жоқ. Ірі кәсіпорындардың, тіпті кеңшар директорларының бәрі орыс ұлтының өкілдері. Сонда 50 жылда бұл мемлекет ұлт кадрларын дайындап шығара алмаған ба, әлде жергілікті ұлтқа деген сенбеушілік пе?» деп жазған. «Облыс орталығында бір қазақ балабақшасы жоқ, Қостанай қаласында жалғыз-ақ қазақ мектебі бар» дейді күйзелген ол. Дәптер иесі: «Баспасөз көбіне орыстілді, радиодан қазақ үнін есту қиын, ал халықаралық аренаға келсек, қазақ деген ұлтты басқа елдер білмейді. Неге біз, Қазақ республикасы, Украина, Белоруссия сияқты БҰҰ-ға мүше емеспіз» дейді де: «Сынақтар неге адам жоқ тайгада өткізілмейді?» деп, Семей ядролық полигонына тоқталады. Жазуы өте сауатты, бәрі қазақ тілінде. Мұндай батыл ойды сол кезде айтудың өзі бір үлкен ерлік емес пе?!
Тінту нәтижесі бойынша, республикалық МҚК басшылығына және облыстық партия комитетіне көлемді анықтама құжат жазылды. Заң орындарына енді Қайырбек Әжібаевты Қылмыстық кодекстің қайсы бабымен жауапқа тарту туралы мәселе тұрды. Бұл жерде пікір екіге бөлінді. Тобымыздағы «өз жұмысын» көрсеткісі келген өзге ұлт өкілдері қатаң жазалауды ұсынды. Кінәлі азаматымыз аталмыш заңнаманың 161-1 бабымен сотталып кетуі әбден мүмкін еді. Бұл кеңестік қоғамды ойдан шығарған жаламен қаралау деген тұжырымға келетін ұғым болатын. Республикалық МҚК-дегі тергеу бөлімінің бастығы полковник Н.Ловягин деген кісі өте бір парасатты, беделді адам еді. Әрі басқа ұлт өкілі болғандықтан ба, Қайырбек Әжібаевты қатаң жазаламауды ұсынды. «Құжаттармен тергеуші ретінде жұмыс істеген сен, аға лейтенант, пікірің қалай?» деп, бастық маған сөз берді. Мен: «Ловягин жолдас өте білімді, мұндай істерді республика бойынша талай көріп, қолынан өткізген адам. Мұндай маман пікірімен келіспеуге болмайды. Мұны республикалық МҚК тергеу бөлімінің пікірі деп ұққан жөн» дедім. Сөйттім де: «Қолымыздағы құжатта Әжібаев өз пікірін жазған. Үкіметке қарсы шығу туралы мәселе көтермеген. Қоғамға қарсы пікірі әлі толық қалыптаспаған. Кеңестік Қазақстанның 50 жыл ішіндегі жетістіктерін айтып жатқанымызда, дәл қазір мынадай сөз көтеру орынсыз. Оның үстіне бұл азаматтың отбасы жоқ, кәрі анасын еңіретіп қалдыру орынсыз. Ертең сот бола қалса бойы 1,5 метрге әрең толатын адамды көріп жұртшылық мемлекетке қарсы шыққан адамдарының түрін қара деп күлмей ме?» деп қызбаланып кетсем керек, бастық тоқтатып тастады: «Пікірің түсінікті болды. Әжібаевтың жазуы саған да әсер еткен бе?».
Сонымен, көпшілік оны қылмыстық жауапкершілікке тартпау туралы шешімге келді. Басқармамыздың идеология бөлімі Әжібаевпен профилактикалық, қылмыстың алдын алу шараларын жүргізу жөнінде тапсырма алды. Бұл тергеу жұмысына кірмейтін іс-шара болғандықтан, мен оған қатысқан жоқпын.
Қайырбек Әжібаев туралы жазамын деген ой менде жоқ еді. 2009 жылы республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде қостанайлық диссидент М.Құлмағамбетов туралы мақалам жарық көргеннен кейін басылымның сол кездегі бас редакторы Жанболат Аупбаев телефон шалып, оң бағасын берді. Содан биыл ол: «Таяуда Павлодарда бір жиын өтеді. Диссиденттік тақырыпқа ­байланысты мақалаңыз болса, жіберсеңіз. Кеңестік кезеңдегі сондай күрескерлер туралы ұжымдық жинақ шығарса деп едік» деді. Сол сәтте осы Әжібаев ­туралы жазсам қалай болады деген ойдың келгені. Бірақ көп жыл өткендіктен, бұл азаматтың толық аты-жөні есіме түспей-ақ қойды. Архивтерден де ештеңе таба алмадым. Кезінде осы іс бойынша жұмысқа тартылған, қазір Алматыда тұрып жатқан Ершат Ыбыраев есіме түсті. Телефон шалып, Әжібаев ­туралы сұрадым. Ол: «Ғалеке, оның аты – Қайырбек. Менің Нұршат деген ініммен бірге 1965 жылы Қостанайдағы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балалар орта мектеп-интернатын бітірген. Ол туралы інімнің аздап айтқаны – сыныптасының экономист мамандығын алғаны. Меңдіқара ауданындағы Михайловка астық қабылдау пунктінде есепші болып жұмыс істегендігі. 70-жылдары бір баланы құтқарамын деп суға кеткенін естігендігі. Інім ол туралы сыныптастарының бірі, бұрынғы Қостанай облыстық соты төрағасының бірінші орынбасары болған зейнеткер Тұрсынбай Жармұхамбетовтің білетінін айтып, мектеп бітіргенде ұжым болып түскен фотовиньетканы берді».
Нұршаттың ағасы Ершатқа айтқан сөзінен кейін ол нұсқаған Тұрсекең, Тұрсынбай ініме телефон шалып, бұйымтайымды айттым. Ол да 1965 жылы Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатты Қайырбекпен бірге бітіргенін сөз етті. Содан соң: «Ол өзі 1946 жылы Қостанай қаласының іргесіндегі Нечаевка поселкесінде дүниеге келген еді. Алматыдағы политехникумға түсіп, қаржыгер мамандығын игерді. Содан соң Меңдіқара ауданының ­Михайловка кентіндегі астық қабылдау пунктінде істеп жүр дегенді естігенім бар. 70-жылдары су апатынан қайтыс болыпты. Ол екі жыл Алматыда оқығанда ой-пікірі дамып, Мұрат Әуезов төңірегіне топтасқан қыз-жігіттердің «Жас тұлпар» ұйымымен ­байланыста болуы әбден мүмкін».
Қайырбектің қағазға түсірген ойлары мен әр жерден келген хаттар оның «Жас тұлпар» ұйымымен мұраттас болғанын дәлелдейді. Осыларды естіп-білген соң Қайырбек жұмыс істеген Михайловка астық қабылдау пунктінде бухгалтер болып істеген Махамбетова Дариға, Толстых Надежда секілді кісілермен де сөйлесіп, пікір сұрадым. Олар біздің кейіпкеріміздің өз мекемелерінде экономист болып қызмет атқарғанын растады.
...Кеңес өкіметі кезінде социалистік қоғамға ­наразы болып, оны сынаған немесе арнайы бағдарлама жасап, ұйым құруға әрекет еткен адамдар онша көп емес. Бұларды саусақпен санарлық деп айтуға болады. Олар – сонау 40-жылдардың басында республиканың ұлт саясатындағы қиғаштықтарды ашына айтып, Бүкілодақтық төраға М.Калининге хат жазған Батыс Қазақстандағы жастар тобының жетекшілері мен 50-жылдарғы сол түсініктегі тың игеруге байланысты кеудемсоқтыққа қарсы шаққан «ЕСЕП», 60-жылдары Қарағанды өңірінде өмірге келген «Жас қазақ» партиялары мен Алматыдағы «Жас тұлпар» қозғалысының басшылары болатын. Оған сондай-ақ Павлодардағы «Жас ұлан» ұйымын қосуға болады. Осылардың жетекшілерін есептей келіп, сол уақытта өзі жеке-дара әрекет еткен М.Құлмағамбетов пен мына мақаламызда сөз еткен қандасымыз Қ.Әжібаевты қосқанда, ол кеңес қоғамындағы бөгде ойлы 13-ші адам болып шығады екен. Бұл жердегі әңгіме 1940-1970 жылдар аралығындағы диссиденттер турасында болып отыр. Кейін мұндай жандардың Алматы мен Қызылорда және Целиноградта бой көрсеткені анық. Қайырбек Әжібаев та сол уақытынан ерте туған намысқой қандасымыздың бірі еді.

Ғалихан МӘУЛЕТОВ,
ҰҚК-нің отставкадағы подполковнигі

Қостанай

628 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы