• Қоғам
  • 09 Қыркүйек, 2020

Досжан Әмір, Ақмола облыстық сотының төрағасы: Заңды орындамай отырған өзіміз

Заңдық-құқықтық салада мемлекеттік тілдің қолданыс аясы қандай деген сауал барлығымызды толғандырады. Мемлекеттік қызметкерлердің де мемлекеттік тілде сөйлесіп, пікір бергені маңызды екенін айтып жүрміз. Ендеше, осы сауалдарға сот саласының маманы не деп жауап береді, олардың қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейтудегі рөлі қандай деген сауалдар төңірегінде арнайы маманға сауал қойған едік...

– «Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін тіл білуді міндеттеу керек» деген пікірді жиі естиміз. Сонда мәселені міндеттемей, заң шығармай шешуге болмай ма?

– Бұл көп талқыланып жүрген тақырып. Бәріміз сын айтамыз. Заң шығару ­керек дейміз, Ата Заңдағы жетінші баптың екінші бөлігі қабылданар кезде де көп дау туғызғанын жақсы білеміз. Бүгінгі күнде де осы екінші бөлігін алып тастау керек деген пікір жиі көтеріліп жүр. Заң қоғамдағы белгілі бір қарым-қатынастарды реттеу үшін қабылданады. Ал біз, бүгінгі тіл аясындағы заңдарды толыққанды пайдаланып жатқан жоқпыз. Нақтырақ айтсақ, Ата Заңымыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінген. Ендеше, мемлекеттік дәреже алған қазақ тілі басқа тілдерден оқ бойы, тым болмаса бір сүйем алда тұруы керек емес пе?! «ҚР Тіл туралы» заңының 4-бабы, Азаматтық процестік кодекстің 14-бабы, Қылмыстық процестік кодекстің 30-бабы осы қағидаларды сақтайды. Олай болса, кез келген деңгейдегі үлкенді-кішілі жиын мемлекеттік тілде өткізіліп, басқа ұлт өкілдерінің құқықтарын бұзбау үшін мемлекеттік тілді білмейтіндерге аудармашының көмегі көрсетілгені жөн. Өйткені мемлекеттік тіл біреу ғана, ол – қазақ тілі. Өкінішке қарай, егемендік алған алғашқы күндерден бері қоғамда орыс тілі мемлекеттік тілдің рөлін атқарып келеді. Бұл, әрине, әділетсіздік! Мемлекеттің бар саласы мемлекеттік тілде сөйлеуі және ­жазуы керек. Бүгінгі күні осы заң талаптары қоғамда неге орындалмайды, орындалуын неге сұрамаймыз?! Азаматтардан өз парызын, басшылардан міндетін орындауды қатаң талап етсек, бәрі қалпына келер еді. Жоғарыдағы заң талаптарын лауазымына, шен-шекпеніне қарамастан, әрбір азамат орындаса, тіліміздің көсегесі бір-ақ күнде көгереді.

Бүгінгі күні демократиясы дамыған кез келген алдыңғы қатарлы мемлекеттерде сол елдің тілін білмеген азамат жоғары оқу орнында оқып, сол елдің мемлекеттік қызметінде жұмыс атқара алмайды. Мемлекеттік тілді білмейтін азаматтардың арты құз, алды биік шың, болашағы бұлыңғыр болуы ­керек. Сонда ғана әрбір ата-ана баласын мемлекеттік тілдегі балабақша мен мектепке беріп, мемлекеттік тілді үйретуге мәжбүр болады. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік тілді білудің қажеттілігін тудырмай, тілдің мәртебесі өз деңгейіне көтерілмейді.

Қонақжай, дархан қазақ халқы өткен ғасырларда түрлі себептермен келген көптеген ұлт өкілін құшақ жая қарсы алып, бүтінін бөліп, жартысын жарып беріп, төріне шығарды. Еліміздің егемендік алғанына да 30 жыл толады. Еліміздің әрбір азаматы тілдің мәртебесін көтеру үшін сөзден нақты іске көшіп, бір-бір кірпіш болып қаланатын кез келді.

– Сотта мемлекеттік тілде қаралатын істердің үлесі аз. Себебі неде?

– Сот саласында сот ісін жүргізу тілінің тәртібі Азаматтық процестік кодекстің ­14-бабында, Қылмыстық-процестік кодекстің 30-бабында нақты көрсетілген. Алайда құқық қорғау органдары мен сот ісін жүргізуде судьялар тарапынан осы екі заң талабы да толыққанды орындалмай жатыр: тергеу органдарымен алғашқы тергеу кезінде жіберілген кемшіліктер кей жағдайларда соттар тарапынан сын ескертпесіз, түзетусіз қалады. Мәселен, қылмыстық процесті жүргізетін орган істі орыс тілінде немесе басқа тілдерде жүргізу қажет болғанда сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы уәжді қаулы шығарады. Бұл кез келген қылмыстық іс әу бастан тек мемлекеттік тілде жүргізілуі керектігін көрсетеді. Өкінішке қарай, көп жағдайда тергеу органдары қылмыс­тық іс жүргізу тілін орыс тілге уәжді қаулы шығармай тұрып жүргізіп, жоғарыда көрсетілген заң нормаларын бұзады. Күдіктіге, айыпталушыға оның сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу туралы құқығын жан-жақты түсіндірмейді. Сол себептен қылмыстық істерді қарауда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы көтерілмей отыр.

Көптеген жағдайларда тергеу амалдарын жүргізуші тұлға мемлекеттік тілді өзі жетік білмегендіктен, не болмаса бірлі-жарым іске қатысушы азаматтар мемлекеттік тілді білмегендіктен аудармашы қатыстырып қиналмау үшін, өздеріне тәуелді айыпталушылардан «істің орысша жүргізілуін қалаймын», «орыс тілін жетік білемін» деген арыз алады да, істі орыс тілінде жүргізеді. Күдіктінің қай тілді жетік білетіні сұралмайды. Ал, ҚР ҚІЖК 320-322-баптарының талаптарына сай, қылмыстық істер бойынша сотталушылар қазақ болса, судья істі қабылдап алу барысында жоғарыда айтылған мәселелерді жан-жақты анықтап, принциптік баға беруі керек.

Істі мемлекеттік тілде жүргізу керегін тергеу органдары толық түсіндірмей, айыпталушыдан «орыс тілін білемін, тергеу амалдарын орыс тілінде жүргізгенге қарсы емеспін» деген бір жапырақ қағаз алады да, іс жүргізу тілін мемлекеттік тілден уәжсіз себептермен басқа тілге ауыстырады. Мұндай жағдайда тергеу амалдарының барлығын жарамсыз деп танып, істі прокурорға қайтарған дұрыс деп есептеймін.

Айыпталушы тергеу амалдары жүрген орыс тілін жетік білгенімен, алайда тергеуші іс жүргізу тілін ешбір уәжсіз, заңсыз орыс тіліне аударса, істің сотта қарау тілін қайта­дан қазақ тіліне аударып, тергеушінің заң бұз­ғанына жеке қаулы шығаруы керек деп ойлаймын.

– Оның заңдық тетіктерін нақтылау керек шығар?

– Әрине, Ата Заңымыздың 7-бабының 2-бөлігін алып тастау керек. Алайда дәл бүгінгі күні мұнымен мемлекеттік тіл мәселесі шешілмейді. Басқа ұлт өкілін ­былай қойғанда, өз қандастарымыз ана тілін білмейді. Заң талабын өзгерткен күннің өзінде олардың қазақша сайрап кетуі неғайбыл. Мысалы, Кеңес Одағы тарағанда неміс ұлтының азаматтары өз елдеріне кетті. Көбі тіл білген жоқ. Бірақ мүмкіндікті пайдаланып Отанына оралғысы келді. Барды, екі айдан кейін нан сұрап жеуге шамасы келді. Көпшілігі бір-екі жылдан кейін, тіпті мамандығы бойынша жоғары білімін дәлелдеді. Қажеттілік болғандықтан сол қоғамда тілді қысқа уақытта сапалы меңгеріп шықты. Өкінішке қарай, біз қазақ тіліне деген қажеттілікті тудыра алмай отырмыз. Қайда барсаң, орысша сөйлейді. Сонымен қатар мендегі бар мәліметке сәйкес, біздің өңірге бюджет есебінен 2015-2020 жылдар аралығында мемлекеттік тілді үйретіп, тіл қолданысын дамытуға 400 млн теңгеден аса қаражат бөлініпті! Бірақ соның өзі тілді білуге бетбұрыс жасата алмай отыр. Сол қаржыны қайда жұмсадық? Нәтижесі қайда? Статистика бойынша республика халқының 70 пайызы қазақ ұлтының азаматтары бола тұра, қаралып жатқан сот істерінің 17 пайызы ғана қазақ тілінде. Сондықтан қолданыстағы заңдарды басшылыққа ала отырып, сот ісін тек мемлекеттік тілде жүргізу керек. Қай ұлт болса да дауын тек қазақ тілінде қарауды жолға қояйық. Олардың өзін қорғау құқығы бұзылмас үшін аудармашы берілсін. Әрине, істі қарау уақыты ұзаққа созылуы мүмкін. Бірақ аудармашы арқылы тілдесудің қиындығын көріп, машақатын сезінген соң сотқа қатысушылар мемлекеттік тілді үйренуге тырысар еді. Бұл жерде басқа ұлт өкілдерінің құқығын бұзайын деген тарыдай да ниет жоқ! Ниет біреу ғана, сіз бен біздің ана тілімізді, егеменді еліміздің мемлекеттік тілін Ата Заңымыз айшықтап берген тұғырына қондыру. Бізден басқа кез келген елде осы принцип қатаң сақталады. Ал бізде неге сақталмауы керек?!

– Әсіресе, мемлекеттік тілді білмейтін­дер­дің мемлекеттік қызметке алынатыны түсініксіз. Бұған қатысты талапты қатайту керек деп ойламайсыз ба?

– Өзге тілге басымдық беріп отырған бірде-бір мемлекетті естімеппін. Өзінің тілінде заң шығармайтын, өзінің тілін­де билік айтпайтын, дауын өз тілінде қарай алмайтын мемлекет бар ма басқа, айтыңызшы? Жоқ! Басқа елдерде мемлекеттік тілді білмеу деген түсінік жоқ. Олар тіл үйренбесе аштан өлетінін түсінеді. Бізде де сондай сана қалыптастыру маңызды. Ол үшін балабақшадан ­бастап мемлекеттік тілді үйрету керек. Мемлекеттік мекемеде қызмет етемін ­дегендерге де мемлекеттік тілді білуді міндеттеу қажет. Мем­лекеттің тілін біл­мейтін адам мем­лекеттік қызметте қалай жұмыс істейді?

– Мемлекеттік қыз­меткерлердің мемлекеттік тілге қатысты мәселеде пікір айтпай, бұғып отыратыны қалай?

– Басқалар үшін жауап бере алмаймын. Мәселен, сотқа түсетін ­арыз-­ша­ғымдардың 90 пайыздан астамы шет тілде. Жеке азаматтардың қалауы солай дейік. Олардың ісіне араласуға құқымыз жоқ. Ал мемлекеттік органдар неге арызды мемлекеттік тілде бермейді? Мемлекеттен айлық алып, мемлекеттік қызметті атқару міндеті жүктелген азаматтардың орыс тілінде арыз жазуы қаншалықты дұрыс? Оларда «мен қазақша білмеймін, мемлекеттік тілде ойымды жеткізе алмаймын» деген түсінік болмауы керек. Бізде мемлекеттік қызметке тұратындар бес-алты заңның аясында сынақ тапсырады. Оның ішінде мемлекеттік тілді білу деңгейі де тексеріледі. Бірақ қазақ тіліне қатысты жинаған ұпай кейін саналмайды. Жалпы балға есептелмейді. Тілдің қадірі түспей қайтеді? Бұл да күрмеуі шешілмей келе жатқан мәселе. Мемлекеттік тілді білу деңгейі ең бірінші сатыға қойыла отырып, емтихан мемлекеттік тілде тапсырылуы керек. Мұндай жағдайда үлкенді-кішілі лауазым иелері БАҚ-қа былдыр-батпақ сұхбат бермес еді, сол кісілердің кесірінен мелекеттік биліктің беделі төмендемес еді.

Бұрын жекелеген басшылардың кем-кетігі білінбей қалатын. Әлеуметтік желі жедел қызмет етіп тұрған бүгінгідей заманда ойланбай айтылған бір ауыз сөз бүкіл елге таралады. Мұрнының астынан міңгірлеген шенеуніктер де желдей ескен желілердің арқасында мазаққа айналып жатыр. Өзге ұлт өкілі қазақша сауал қойғанда, министрліктің қазақ ұлтты өкілдерінің орысша жауап беруінің өзі масқара емес пе? Халыққа қандай үлгі көрсетіп отырмыз? Бізде талап қатаң болуы керек. Мемлекетке, елге қызмет еткің келе ме, сол елдің тілін біл! Ұлтқа ­деген сыйластық, мемлекетке деген құрмет мемлекеттік тілді білуден басталады. Осы сөз шымбайына батқан біреулер мемлекеттік тілді білмей-ақ патриот болуға, елге қызмет етуге болады деп жатады. Саған жағдай жасап, баспана беріп, қызмет ұсынып, ұрпағыңды өрбітуге жол ашып отырған мемлекеттің тілін білмей қалай патриот боласың? Бүгінгі күні халықтың саяси сауаты күннен-күнге артып келеді. Сылтау мен себепті айыра алады. Өкінішке қарай, соңғы кездері билікке деген халықтың реніші, назы көбейіп бара жатыр. Оны көбейтіп отырған тіл білмейтін, елді сыйламайтын шенеуніктер.

– Тәуелсіздік алғалы бері тек үш заң мемлекеттік тілде жазылыпты. Мұның себебі неде? Қазақша заң жазатын мамандар жоқ па?

– Негізі бұл сұраққа заң шығарушы орган жауап бергені дұрыс. Бұл жерде заң жобасын жазатын, қабылдайтын үлкенді-кішілі лауазым иелері мен депутаттардың мемлекеттік тілді жетік білмейтіндігінен деп ойлаймын.

«Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi» деп көрсетілген заңда. Яғни мемлекеттік билік те, заң да, іс қағаздары да қазақ тілінде сөйлеуі керек. Бізде бәрі керісінше. Оған кім кінәлі? Заңды орындамай отырған өзіміз. Мемлекеттік маңызы бар істе жалпақшешейлік танытуға болмайды. Өзге ұлт өкілдеріне жалтақтайтын кез өтті. Енді ұлт болып қалудың қамын ­жасап, ұрпақтың ертеңін ойлағанымыз дұрыс. Данышпан Конфуций елге ­басшы болса алғашқы қадамды тілді түзеуден ­бастайтынын айтыпты. Себебін сұрағандарға «Тілі бұзылса, ұлттың рухы мен әдет-ғұрпы да бұзылады. Рухы мен әдет-ғұрпы бұзылса, әділет пен ақиқат жоғалып, халық шарасыздықтан жойылу қаупіне душар болады. Тілі бұзылған ұлттың келешегінен үміт күтуге болмайды» деп жауап берген екен. Неткен даналық!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады» деп өте орынды айтты.

– Тілді жоғалтпау үшін не істеу керек?

– Сот отырысына қатысатындардың бәрі қазақ. Сот тілі – орыс. Кілең қазақ жиналып дауды орысша шешеміз. Қасірет емей не? Қазақша түсінбейтінін айтып аудармашы сұрайтын қазақтар бар. Осыдан кейін көсегеміз қалай көгерсін? Бір жолы орта жастан асқан ақсақалдың арызы бойынша іс қарадым. «Ақсақал, арызды неге шет тілде бердіңіз?» дедім. «Қайдағы шет тіл? Орысша жаздым ғой» дейді саспастан. Шекарамызды белгілеп, Ата Заңымызды қабылдап, тәуелсіз ел болған соң, басқа тілдің бәрі шет тіл болмай ма? Осыны айтсам, көзі жыпылықтап төмен қарайды. Атасы сөйлемеген, бабасы қажет етпеген тіл балаға, немереге керек пе? Тіл тәуелсіз болмай, шын тәуелсіз болмаймыз расында…

Заңдылыққа мойын бұрсақ, мемле­кеттік биліктің басында отырған азаматтар мем­лекеттік тілді дамытуға міндетті. Олай болса міндетін неге орындамайды? Неге біз лауазымды тұлғалардан тіл талаптарын қаншалықты сақтайтынын сұрамаймыз? Неге өзіміз қабылдаған заңды өзіміз орындамаймыз? Тіл білуден бөлек, әр қызметкердің жұмысына қажет міндеттер бар. Оларды орындамасаң, тәртіптік жауапкершілікке тартады, одан түзелмесе әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал мемлекеттік тілге қатысты талапты орындамағандардың айыппұл арқалап, әкімшілік немесе қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылғанын естідіңіз бе? Заңмен бекітілген міндеттің бірі болғандықтан, мемлекеттік тілге жанашырлық таныт­па­ғандарды да жауаптылыққа тартқан дұрыс.

– Тілге қатысты түйткілдердің шешілуі бірінші басшыға байланысты. Мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіру үшін сіз басқаратын ұжым не істеп жатыр?

– Жұмыс бабымен қай өңірге қызметке барсам да алдымен аудан-ауданды аралап, тұрғындармен кездесуді жөн көрем. Біз келеді деген соң әкімдіктегілер елді жинап қояды. Бір жолы зал толы қазақ болған соң, тек қазақша сөйледім. Қоғамдағы, заңдағы, соттағы жаңашылдықтарды тәптіштеп айтып жатырмын. Бәрі риза. Жиын соңына тақағанда елеусіз отырған орыс апамыз қолын көтерді. «Жақсы сөйлегеніңізді, халықтың риза болғанын жүздерінен көріп тұрмын. Бірақ ештеңе түсінбедім. Енді осы айтқандарыңызды орысша қайталап берсеңіз» деп өтінді. Тілегін орындадық. Ал, енді қараңызшы, жиналыс орыс тілінде өтсе бір ақсақалдың осылай қазақша қайталап айтып беріңіз деп пәрмен беруіне болады ғой.

Жақында Ақмола облыстық сотында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында жиын өткізіп, қарар қабылдадық. Осы қарарда мемлекеттік мекемелер сотқа талап арызды міндетті түрде қазақша беруі керек деген шешімге келдік. Ал орыс тілінде арыз беретін, жауап жолдайтын басшыларға жеке қаулы шығару керегін көрсеттік. Біздің осы бастаманы әріптестеріміз қолдаса деймін. Бұл заң талабынан туындап, мемлекеттік тілді білуге міндеттейді. Бар заңды дұрыс пайдалана білуіміз керек.

Көп жағдайда тілге қатысты әңгіме қозғасақ ұлтаралық қақтығысты туғызып жібереміз деп қауіптенеміз. Біз өзге ұлтты кемсітіп жатқан жоқпыз. Тек мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге, тынысын ашуға көмектесетін заңдағы титтей тетікті, кішкентай сәулені пайдалануды айтып отырмыз. Заң бізге тілді өз деңгейінде қол­данбайтын басшыларға ескерту жасауға мүмкіндік беріп тұр. Әр жиналыс сайын соны ескертеміз. Намыстарына тимейміз-ау, бірақ намыстарын оятуға тырысамыз. Рухани жаңғыру дегеннің өзі рухты көтеру, рухты ояту деген сөз. Сондықтан рухты көтерейік, намысты оятайық! Осыны бәріміз түсінсек, қарекет жасасақ, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту қиын емес. Біздің бастамамызды Айдос Майлыбаев бастаған облыстық прокуратура да қолдап отыр. Бұл шараны өзге өңірдегі әріптестер де жалғастырса ұтарымыз көп болар еді.

– Сізді ұлтжанды азамат, тіл ­жанашыры дейміз. Оны сөзіңізбен емес, ісіңізбен дәлелдеп келе жатырсыз. Ал сондай ұлт жанашырының ұрпағы мемлекеттік тілді біле ме, немерелеріңіздің тілі қай тілде шықты?

– Төрт баламның бәрі де қазақ мектеп­терінде білім алды, төртеуі де қазақшаға жетік. Немерелерге де ана тілінде тәрбие беруге тырысып жатырмыз. Бірақ кішкентайлар орысшаға бейім. Ортасы қазақша болмай тұр. Олар оқитын қазақ мектептің өзінде балалар сыныптан шыға салып өзара орысша түсініседі. Ауладағы балалардың бәрі орысша сөйлесіп жатады. Біз жоғарыда айтқандай, мемлекеттік тілді білмейтіндердің қарға адым аттауы мүмкін болмайтын қоғам құруымыз керек. Сонда ғана мемлекеттік тілге деген қажеттілік сөз жүзінде ғана емес, нағыз іс жүзінде қажет ­болады. Отаншыл, мемлекетшіл болу­дың дәнін бала санасына сіңіре берген абзал. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: ­ең­бек­теген баладан еңкейген қартқа дейін мем­лекеттік тілді білудің қажеттілігін сезінуі керек.

– Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

 

Әңгімелескен Ақтанберді Садыхан

74 рет

көрсетілді

0

пікір
Алдыңғы мақала Репатриацияны қалай ұйымдастырсақ болады?
Келесі мақала Екінші кезеңге дайынбыз ба?

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №39

24 Қыркүйек, 2020

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Жанарбек Әшімжан

Бас редактор