• Қоғам
  • 09 Қыркүйек, 2020

Екінші кезеңге дайынбыз ба?

Күз мезгілінде ЖРВИ және тұмау ауруларының саны арта түсетіні белгілі. Ал бір ауру бір ауруды қоздырып, тіпті созылмалы аурулардың да өрши түсетін уақыты. Осы орайда «Қазақстанда індет бойынша болжам қандай?», «Коронавирустық инфекцияның өсуі қашан нөлге тең болады?», «COVID-19 індетінің екінші толқыны қашан болады?», «Ендігі толқын балалар арасында жүреді» деген сөз шындыққа жанаса ма?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Дәрі-дәрмек қоры алты айға жетеді

 Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі COVID-19 пандемиясын ескере отырып, дайындық жұмыстарын жүргізуде. Ол үшін жыл сайын тұмауға қарсы егу жоспарланған. Сонымен қатар рес­публика бас дәрігерінің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесінің барлық ресурстары дайын­далуда. Бұған дейінгі баспасөз жиынында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «Жұмыс істеп тұрған және резервтегі төсек-орындар толықтай дайын. ПТР-тестілеу үшін қосымша қорлар әзірленіп, қоймаларда және бөлшек ­сауда желісінде дәрілік заттар жинақталып ­жатыр. Өңірлерде медициналық ұйымдар үшін жеке қорғаныс құралдарының қорлары құрылады. Коронавирусқа ұқсас пневмониямен ауырған науқастарға емханалар деңгейінде көмек көрсету үшін емдеу ­схемалары дайындалып жатыр. Мұндай ауруларды емдеуге арналған препараттардың тізімі беске дейін кеңейтілді, олар пневмония мен COVID-19 түрлерін ерте кезеңде емдеу үшін практикада қолданылатын болады. Барлық өңірлер ӨЖЖ аппараттарын, оттегі концентраторларын сатып алады. Біз күзгі-қысқы кезеңде көптеген аурулар бойынша көрсеткіштердің өсуіне әзірленудеміз және бұл өсу бұрын енгізілген карантиндік шаралармен, ­карантиннен кезең-кезеңмен шығу шараларымен бәсеңдейді деп үміттенеміз. Егер вирус деңгейі күрт өсетін болса, қосымша шаралар енгіземіз» деген болатын.

Коронавирус індетінің Қазақстандағы бірінші кезеңі еліміздің мамандарының дайындықсыз және дәрі-дәрмек қорының жеткіліксіз екенін көрсетті. Ал Астана Медицина университеті, профилакти­калық медицина және нутрициология кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан ­Республикасы профилактикалық ­медицина академиясының академигі, ­медицина ғылымының докторы, ­профессор Ерболат Даленов екінші кезеңде ең бірінші осы екі кемшіліктің орны толтырылғанын айтып отыр.

«Қазіргі кезде бүкіл Қазақстанда, ­облыс орталықтарында, ауыл-аймақтарда, бәрінде сапалы жұмыстар жүргізіліп ­жатыр. Бірінші кезеңмен салыстырғанда біздің еліміз, халқымыз дайын деп айтар едім. Эпидемия болмау үшін, оның алдын алу үшін, біріншіліктің, екіншіліктің, үшіншіліктің алдын алу үшін еліміз дайын. Ол мәселе туралы Үкімет комиссиясында Денсаулық министрі үлкен жұмыстар істеп жатыр. Қазір орындар дайындалып жатыр. Дәрі-дәрмектің 3-6 айға жететіндей қорын жинап қойдық. Осының бәрі де көңілге қонарлық жағдай.

Қазіргі ахуалды халық біліп отыр. ­Коронавирусты жұқтыру азайып, сауыққан адамдар көбейіп келе жатыр. Және ауруханалар мен амбулаторияларда емделіп жатқан адамдардың саны азайды. Біраз ауруханалар жабылып, көптеген ­мекемелер өзіне қайтарылып берілді.

Алғашқыда дәрігерлердің жетіспеу­шілігі мәселесі болды. Расында 3-4 айдың ішінде бірден дәрігерлерді дайындау оңай емес. Жалпы дәрігерлер алдыңғы шепте жұмысты жақсы істеп жатыр. Бірінші кезеңде өздері де көп ауырып қалды. Олардың ішінде қиын жағдайлар болып, көптеген әріптестерімізден айырылдық. Дегенмен, сондай батылдықпен, жігермен, патриоттық сезіммен біздің дәрігерлер өзінің жұмысын атқарып жатыр» дейді медицина ғылымының докторы Ерболат Дербісәліұлы.

Профессордың айтуынша, қазір меди­циналық университеттердің, колледж­дердің жоғары курс студенттерін еңбекке араластырып, оларға жолдама беріліп жатыр. Сонымен қатар санитарлар мен эпи­демиологтардың санын көбейту жоспарланған.

Жалған ақпараттар ағыны

 Соңғы кезде ел арасында «коронавирус індетінің екінші кезеңі балалар ­арасында жүреді екен», «сол үшін арнайы дәрі ­шашылыпты» деген қауесет тарағаны рас. Алайда мамандар мұны жоққа шығарып отыр. Дәрігерлер мұның биологиялық жағдай, бәрі иммунитетке байланысты екенін алға тартады.

«Күзде ауа райы салқындайды ғой. Ал бірінші болып суық тигізіп алатын, көбіне – балалар. Өйткені балаға суық тисе, иммунитет бірден азаяды. Суық тию негізінде вирус аурулар тез жұғады. Міне, осы себепті балаларды қараусыз қалдырмайық, күтім жасайық, ешқайда шығармайық деп жатырмыз. Иммунитеттің төмендеуі вирустың жұғуын көбейтуі мүмкін. Ал «балаларды әдейі ауыртады екен» деген түсінік дұрыс емес. «Балаларға ауру тарататын бір нәрсе шашыпты» деген қауесет жалған. Біз тек күз мезгілінде сақтық шаралары үшін ескерттік» дейді Ерболат Даленов.

Статистикаға сүйенсек, індет ­ке­зінде коронавируспен ауырған ­жалпы науқастардың ішінде 31 бала бар екен. Бұл әлдеқайда төмен көрсеткіш. Енді балалар ауырмау үшін дәрігерлер сақтық шараларын сақтауға шақырды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына қарасты «Санитария-эпидемиология сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының инфекциялық және паразиттік аурулар басқармасының басшысы Манар Смағұл да балаларға қатысты ойымен бөлісті.

«Күздегі екінші кезең тек балалар арасында болады деген қате түсінік. Үлкен-кіші демей, барлығымыз сақтық шараларын сақтауымыз керек. Бастапқыда не үшін балаларды сақтайық дедік?.. Өйткені күзде күн салқындайды, балалар суық тигізіп алмасын дедік. Оқу жылы басталып, онлайн оқыса, балалар қатысатын үйрімелер, спорттық қосымшалар, бассейндерден бас тартсын деп сақтандырдық. Ал бұл ел арасында «енді балалар ауырады екен» деген жалған болжаммен тарап кетті.

Бірақ мұндай сақтық шаралары барлық адамға қатысты. Көпшілік жиналатын орындардан бас тарту, той-томалақ, концерт-кештер, жиындар мен бас қосулар өткізуге тыйым салу әлі де бар ғой. Барлық нәрсе уақытша екенін бәріміз білеміз, тек соған мойынсұна білсек екен» дейді дәрігер Манар Смағұл.

Тұмаудың алдын алу – вакциналау

 Жыл сайын елде жіті респираторлық аурулар мен тұмауды жұқтырған адамдар саны 600 бен 1 млн аралығында, яғни эпидемиялық маусым кезінде ЖРВИ және тұмаумен халықтың 3,5- 10% ауырып шығады екен.

Қазақстанда соңғы бірнеше жыл бойы тұмау этиологиясынан бөлек (РС вирусы, аденовирус, паратымау және басқалары) қоздырғыштар туғызатын ЖРВИ-мен ауыратындар саны қазан айының ортасынан бастап көбейеді. Енді бұған COVID-19 індетін қосыңыз. Ал желтоқсанның ортасынан бастап тұмау вирусының циркуляциясы басталады, әдетте ЖРВИ және тұмаумен ауырудың ең жоғарғы шегі қаңтар мен ақпан айлары болса, одан кейін оның бірте-бірте бәсеңдегендігі байқалады. Дегенмен, тұмау коронавирус пен пневмония дертін қоздырып жіберетіні тағы бар. Осы орайда мамандар тұмаудың алдын алуға кеңес береді.

«Тұмаудың алдын алудың жалғыз сенімді жолы – вакциналау. Біздің елде халықты тұмаудан вакциналау шаралары басталып та кетті. Ол үшін жергілікті бюджеттерден тәуекелдік топтағыларды, яғни дәрігерлерді, жүкті әйелдерді, ­созылмалы өкпе ауруы және жүрек ­тамырлары ­ауыратындарды, иммундық жетіспеушілігі бар, әлсіз және жиі ауыратын балаларды тегін вакциналау үшін қаржы бөлінген. Жалпы алғанда вакциналау шаралары үшін вакцинаның 1 млн 300-ден аса дозасы сатып алынған. Қалғандар оны ақылы негізде жекеменшік клиникалардағы вакциналау орталықтарының бірінде салдыра алады.

Вакциналау үшін ресейлік (Гриппол плюс), француздық (Ваксигрипп) және нидерландтық (Инфлювак) өндірісінің вакциналары қолданылуда. Аталған вакциналардың бәрі де Қазақстан аумағында тіркелген. Екпе салу құны 2500-3500 теңге аралығында. Алынған екпеден кейін адам организмінің тұмауға деген қарсылығы екі аптадан соң пайда болады» дейді Манар Смағұл.

Сонымен қатар мамандар тұмаудан, суық тию мен коронавирустан сақтанып, аурудың алдын алу үшін эпидемия кезіндегі санитарлық ережені қатаң сақтау, маска тағу, антисептик қолдануға кеңес береді. Өйткені бір ауру екінші ауруды қоздырады. Сырттан үйге келгеннен кейін тамақты, мұрынды шаю, қолға қолғап киіп жүру, адамдар арасында ­1,5-2 метр арақашықтықты сақтау керегін ескертеді. Адамдар көп шоғырланған жерден бас тартып, таза ауада көп жүруге, дене шынықтыру мен дұрыс тамақтануға көңіл бөлгеніміз абзал.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

1368 рет

көрсетілді

78

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы