• Руханият
  • 09 Қыркүйек, 2020

Кеудесін күй тербеген...

Өнер ұлт болмысының айнасы десек, музыка – халықтың асқақ рухының тілі. Ол ғасырлар бойы үздіксіз жетіліп, даму үстінде болатын мәдени құбылыс. Қазақ болмысын бүкіл жан дүниесімен қоса өнердің қай түрі қопара, қотара айшықтап бейнелей алады десек, ең алдымен күйді айтар едік. Қазақтың күй мұрасын өзінің жан тебірентер мұрасымен толықтырған – Мәлгаждар Әубәкіров.

М.Әубәкіров шебер орындаушы-күйші ретінде, білгір де білікті ұстаз ретінде де танылып, халқымыздың күй мұрасын насихаттау, жастарға тәлім беруде мол еңбек сіңірді.
«Мектеп – ұстахана, ұстаз – оның шебері, шәкірттер – шебердің қолынан шыңдалып шыққан жүзік» деген дана сөзге сүйенсек, Мәлгаждардың ұстаз болып өткен өмірінде одан талай шәкірт тәрбие мен білім алды. Олар қазір еліміздің әр жерінде қазақтың ұлт аспаптарын келешек жастарға үйретіп жүр. Сол көп шәкірттедің ішінде «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» композитор Секен Тұрысбеков, Алматыдағы «Арнау» фольклорлық ансамблінің жетекшісі Нұргүл Әкімхожина, Әзидолла Есқалиев, Мұхаметқали ­Елемесов, Шынарбек Асқаров, Есіркеп ­Жолдасов және тағы басқалар бар.
Ол күй мұрамызды «Өрнек», «Жас толқын», «Бала қуанышы», «Нар­кескен», «Сары төбе», «Талас» сын­ды жан тебірентер күйлермен толықтырды.
Оркестрге арналған «Көңілді ­жастар», «Құрман баба», ­175 ­поэмасы, домбыра үшін жазған «Тасқын», «Жас қанат» увертюралары, қобызға арналған «Қарақат», «Бала гүлім», «Сағыныш», «Қазақ биі» сияқты шығармалары бар. М.Әубәкірұлы көптеген спектакльдерге де әуен жазған, соның ішінде «Әр үйдің еркесі», «Ана – Жер ана», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Жүрекке жүрек тіл қатар» сынды қойылымдарын атап өтуге болады.Балаларға арналған шығармалары «Балалар әні» деген атпен жинақ болып шықты. М.Әубәкіровтың ән жанрындағы еңбектері де баршылық. «Шалқы дария», «Атыңды жаздым Аққұмға», «Отан туралы ән», «Көктем лебі», «Сен білесің, ақ қайың», т.б көптеген әндері әйгілі әншілеріміздің орындауында сахна төрінен шырқалып келеді.
Профессор ­композитор М.Әубәкіровтың ғылыми оқытушылық шығармашылық саласындағы ізденістері де жемісті. Мысалы: «Домбыра класынан сабақ беретін мұғалімдерге арналған» әдістемелік нұсқаулары бүгінгі күнгі талапқа сай жазылған құнды оқулық.
Мәлгаждар Әубәкіровтың көңіл тербеген күйлері мен әсем шығармалары халқымызбен бірге жасап келеді, мәңгі жасай береді.

Жазира ҚОЖАХМЕТОВА,
Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі

1848 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы