• Білім және ғылым
  • 09 Қыркүйек, 2020

Халық жадындағы жаңа «Әліппе»

Бижан Құрманғалиқызы, педагогика ғылымының кандидаты, доцент, «Әліппе» оқулығының авторы:

«Ана тілі» газеті жаңа «Әліппе» оқулығының дайындалуы, баспадан ­басып шығуы, мектептерде сынақтан өтуі кезеңдерін жіті қадағалап отыр. Осы орайда көкейде сұрақ көп. Құзырлы органдар жаңа «Әліппені» әзірлейтін жұмыс тобы құрылғанын айтқан болатын. Сол топтың жұмысы қалай жүріп жатыр деген ­сауал төңірегінде сұрақтар топтастырған едік. Одан бөлек, ел-жұрт аузынан «Ахмет Байтұрсынұлының «Әліппесі» қайта оралады екен» деген қуанышты сөз түспейтін болған соң, жаңа «Әліппе» мен Байтұрсынұлы «Әліппесінің» де ұқсастықтарын саралап көргіміз келді. Бұл орайда «Әліппе» оқулығының авторы, оқырман қауымға жақсы таныс Бижан Құрманғалиқызын сұхбатқа шақырдық...

– Бижан Құрманғалиқызы, жаңа «Әліппені» әзірлейтін жұмыс тобы құрылып еді. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, ­бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқулықтарының авторлары бар екенін білеміз. Сіз ол топта барсыз ба?

– Иә, әрине, бармын. «Әліппе» пәні бойынша оқу бағдарламасы қазір әзірленіп болды. Ол – үлкен жұмыс тобының өлшеусіз еңбегінің нәтижесі. Өйткені «Әліппе» оқулығы оқушыға біраз уақыт салып барып, қайта жазылып отыр. Сондықтан бүгінгі күннің жаңа «Әліппесін» жасау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды, мен бұрынғы «Әліппе» оқулығының авторы ретінде, осы саланың маманы есебінде сол жұмыс тобының ішінде бармын.

– Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Келесі 2021 оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткіземіз деп жоспарлап отырмыз» деген еді. Келесі жылға жаңа «Әліппе» жарық көріп, ол пилоттық мектептерде сынақтан өтіп үлгереді деп ойлайсыз ба?

– Оған дейін әлі бір оқу жылы бар ғой. Сондықтан оқулық жарық көріп үлгереді деп ойлаймын. Ал енді пилоттық мектептерде сынақтан өткізу мәселесіне келгенде жеке өз пікірімді білдіргім келеді. «Әліппе» оқулығының басқа оқу пәндерінен өзгешелігі – мектепте баланың қолына беретін тұңғыш оқу құралы. Ол кітапты бала алғаш рет көріп, қолына ұстайды.

Ал енді, ата-ана мектеп табал­дырығын алғаш аттаған баласының «Әліппесі» сынақтан өткізіліп жатқан пилоттық мектепте оқуына қалай қарайды? Кім өз баласының сауаты «сынақтан» өткелі тұрған «Әліппе» арқылы ашылғанына келіседі? Сондықтан, тағы қай­талап айтайын, бұл менің жеке пікірім, «Әліппе» оқулығы педагог қауымның ортасында, арнайы жағ­дайда сынақтан өткені абзал.

Қазіргі баланың мектепке алты жастан баратынын ескерсек, әріп­тестерім менің сөзіммен келіседі деп ойлаймын.

Бірінші сыныпқа келген бала дыбыс пен әріп тану кезеңінде жүдеу тартып, тез шаршайтын болады. Себебі оның бойында физиологиялық өзгерістер жүреді. Бұл – әріп тану кезеңіндегі тіл ұстарту жұмысымен байланысты табиғи құбылыс. Баланың партада түзу отыруға қалыптасуы, әріп танып, сөз құрап, сөйлеуге машықтануы, өз бетімен оқуға және жазуға дағдылануы педагогтар мен ата-ана тарапынан үлкен қолдау көрсетуді қажет етеді.

Сол үшін сынақтан өткізудің де ерекше жағдайын белгілеп қоюды қазірден қолға алған дұрыс-ау.

Ал оқулық жобаларының арнайы сараптамадан өтетіні анық. Оның өз жүйесі мен тәртібі бар. Сынақтан өткізу мен сараптама жұмысы қатар жүргізілетін болса, жаңа «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарын таңдау да дұрыс болады деген ойдамын.

– Бас мұғалім, сондай-ақ «Әліппе» ­Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалатынын айтты. Бұл қаншалықты мүмкін нәрсе? Байтұрсынұлы әдістемесі дегенде нені қаперге аламыз?

– Қазір ел арасында «Байтұр­сынұлының «Әліппесін» жасайын деп жатыр. Ол қандай «Әліппе»? «Ахаң оқулығын төте жазумен жазған жоқ па, бұл кітап қай әліпби негізінде шығады?» деген де сұрақ қойылып жатыр.

Ахмет Байтұрсынұлы – тіл білімі мен әдебиеттанудың негізін қалаған ұлы ғалым. Ол сауат ашуда қазақ халқы тілінің төл табиғатына, қазақ балаларының ұлттық сана-сезіміне сай келетін ұтымды әдістерді саралап, олардың пайдалану жолдарын көрсетті.

Ахмет Байтұрсынұлы былай дейді: «Әліпби деген – тілдің негізгі дыбыстарына арналған таңбалардың жұмағы. Неғұрлым тіл дыбыстарына мол жетсе, арнаған дыбысқа дәл келсе, оқуға, жазуға жеңіл болса, үйретуге оңай болса, соғұрлым әліпби жақсы болмақшы. Олай болса, әліпби сынға түсіп, жақсы-жаман жағы тексерілуге әбден келетін нәрсе болып шығады».

Ендеше, бүгінгі жаңа «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарын әзірлеуде ­Ахмет Байтұрсынұлының осы қағидасы назарда болғаны абзал.

«Әліппе» пәнінің оқу бағдар­ламасын әзірлеуде жұмыс тобындағы әріптестеріммен бірге, алдымен, ­Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құрал», «Тіл құрал», «Әліпби», «Баяншы», «Тіл жұмсар» атты еңбектерін зерделедік.

Нәтижесінде бағдарламаның құрылымы мен мазмұны Ахаңның мынадай ұстанымдары негізінде айқындалды:

– Әрбір дыбыстың сөз жасаудағы қызметін есепке алу;

– Оңайдан қиынға, жеңілден күрделіге өту;

– Жаңашылдығы, өзгеріс және толықтырудың қажет етілуі;

– Білімді тәжірибелік ізденістер арқылы өздігінен алу.

 Жаңа «Әліппенің» мазмұнын осы ұстанымдар негізінде құрсақ, қателеспейміз.

Сонымен қатар еліміздің білім беру жүйесінде осы уақытқа дейін түрлі авторлық топтармен бірнеше «Әліппе» жарық көрді. Олардың құрылымдық-мазмұндық жүйесі де уақыт кезеңдеріне қарай жаңарып, түрлі сипатта болды.

Бәрімізге белгілі, тәуелсіз­дік алғаннан кейін төл оқулық­тарымызды әзірлеудің мемлекеттік мақсатты бағдарламасы жасалған болатын. Ол кезеңде мен Білім және ғылым министрлігінде осы бағдарламаның іске асырылуына жауапты маман болдым. Сөйтіп, елімізде алғаш рет авторлық топ құрылып, төл оқулықтарымыз дүниеге келді.

Сол уақыттан осы күнге дейінгі «Әліппе» пәнінің оқу бағдарламасы мен оқулықтарына салыстырмалы талдау жасадым. Олардың пән ретінде мақсаты мен міндеттерінде айтарлықтай айырмашылық болмағанмен, әріптерді оқыту ретінде бірыңғай жүйеге келе қоймағаны байқалады. Бұл жағдаймен жаңа «Әліппе» пәнінің оқу бағдарламасын әзірлеу кезінде де кездестік.

Жаңа оқу бағдарламасын әзірлеуге екі-үш ай уақыт кетті. Сол уақыт ішінде әріптердің оқыту реті туралы мәселеде көп жұмыс істедік. Әріптерді оқыту ретін анықтау мақсатында жұмыс тобымен бірқатар зерделеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жаңа оқу бағдарламасындағы әріптердің реті лингвист және әдіскер ғалымдардың зерттеулері негізінде, әріптердің мәтінде кездесу жиілігі, өзара тіркесімі мен сөзжасамға қарай құ­рылды. Осылайша жан-жақты қарастыра келе, бүгінгі күнгі әріп­тердің оқу ретін айқындап шықтық.

Жаңа «Әліппе» пәнінің оқу бағдарламасын әзірлеуде үлкен ізденістер болды. Жұмыс тобының әрбір мүшесі өзіне жүктелген тапсырманы жан-жақты қарастырып, орындап шықты. Ең алдымен, оқу бағдарламасының мақсаты мен міндеттерін айқындауға байланысты үлкен жұмыс жүргізілді. Жалпы оқу құралының өзіне тән ерекшеліктері қандай? Бүгінгі балалардың талабын қанағаттандыратын дүние сол жерде бар ма екен деген сұрақтар ­бойынша, Ахаңның «Әліппесін» оқып, зерделедік. Ол әліпби жүйесінің бүгінгі күнге дәлме-дәл келе қоймайтынын да түсіндік. Ол уақыттағы бала мен бүгінгі баланың айналасына, қоршаған ортасына деген көзқарасының өзі түбегейлі өзгеріп кеткен жоқ па? Міне, сондықтан да біз Ахаңның оқулық жасаудағы ұстанымдарына көбірек назар аудардық.

Ахаң қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалым ретінде әрбір әріпті тануға көңіл бөледі, әрбір дыбыстың сөз жасаудағы қызметін ескеру керек дейді. Міне, осы ұстаным біздің де бағдарымызды айқындайды. Екінші, сөзімде айтып өттім, тағы да қайталайын, жаңа «Әліппеде» «оңайдан – қиынға, жеңілден – күр­деліге өту» деген принцип қатаң сақталған. Ол да осы оқу бағ­дарламасының өзегі болғаны дұрыс деп шештік. Біз осы күні білімді тәжірибе арқылы игеруді Батыстан үйрендік деп жүрміз ғой. Міне, балаға білімді өмір тәжірибесі арқылы беру ұстанымы Ахаңның «Әліпбиінде» бар. Ендеше, ол да жаңа «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарының басты бағдарының бірі болмақ.

– Ахаң оқулық жазған кездегі бала мен қазіргі баланың айырмашылығы бар ма?

– Әрине, бар. Ахаңның заманы мен бүгінгі уақыт кезеңін салыстыруға болмайды. Сондықтан Ахаңның жазған оқу құралдары өз кезеңіндегі өзектілігімен ерекшеленеді.

Ал бүгінгі жас ұрпақтың дәуірі жаһандану үрдісімен тікелей байланысты. Айналасындағы ақпарат ағынының ортасында өмір сүріп жатқан қазіргі жас бүлдіршіннің талабын қанағаттандыру педагог қауыммен қатар, ата-ананың өзіне де үлкен жауапкершілік жүктейді.

Бірақ ол жауапкершілікті мойын­дау үшін олардың өзіне де үлкен ізденіс керек. Баланың қажеттілігін жасына сәйкес қанағаттандырған жағдайда ғана жемісті нәтижеге қол жеткізуге болады.

Өкінішке қарай, ата-аналар ­баласын мектепке даярлауды оны оқуға жазуға үйретуден бастайды. Керісінше, баланың сөйлеу тілінің жетілуі, қоршаған ортасын танып білуі, оған бейімделуі сияқты қалып­тасатын негізгі дағдылар назардан тыс қалып жатады. Баланы оқуға, жазуға үйрету мектептің еншісінде екенін баса айтқым келеді. Өйткені оқушыны дұрыс оқуға, сауатты жазуға оқытудың әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген мұғалім ғана үйрете алады.

Жаңа «Әліппе» баланың пси­хологиялық, физиологиялық, таным­дық әлеміне қалай әсер етуі керек?

– Ең алдымен, баланың физио­логиялық жағдайы туралы ­айтайын. Бала «Әліппені» қолға алғанда физиологиялық тұрғыдан педагогтар айқындап берген жасқа жетуге тиіс. Оқу құралының салмақ-мөлшерімен қатар, оның безендірілуі, ондағы білім мазмұнының көлемі баланың жас ерекшелігіне сәйкес келуі керек.

Психологиялық жағынан қара­ғанда, берілетін білім мазмұны оқу­шы өзіне тәрбие, өнеге алатындай құрылуы шарт. Бала оқып жатқан мәтіннің өн бойында оның өмірінде қажетті дүние тұрғаны дұрыс.

Танымдық жағына келсек, бүгінгі бала мектепке көп нәрсені танып, біліп келеді. Біз ары қарай оның қызығушылығын жоғалтып алмауға тиіспіз. Оның қиялын дамытатын, ойлау жүйесін өзіндік бір арнаға бұратын, өмірлік тәжірибесіндегі қарапайым әрекеті туралы қызықты, мазмұнды материалдар топтастырылуы керек. Жаңа «Әліппенің» оқу бағдарламасын әзірлеуде оқу мақсаттары осы бағытта айқын­далды.

– Жаңа «Әліппені» жазамыз деп, реформалардан көз ашпаған білім жүйесіне тағы да бір «жаңашылдар» өз көзқарасын таңып жібермей ме?

– Білім және ғылым министрлігі бекітіп берген «Әліппе» пәнінің оқу бағдарламасындағы талаптар дұрыс орындалса, қалыптан тыс жағдайлар болады деп ойламаймын. Өйткені бұл оқу бағдарлама­сында «Әліппе» пәнінің құрылымы мен мазмұны, оны кезеңдер бойын­ша жүзеге асырудың жолдары айқындалған. Оқушының бойында қалыптасатын дағдылар күтілетін нәтиже түріндегі оқу мақсаттарымен берілген. Сондықтан аталған бағ­дарлама бойынша жазылатын жаңа «Әліппенің» қоғам қажеттілігін қанағаттандыратын мақсатты көздейді деген сенімдемін.

Естуімше, бірнеше «Әліппе» оқулықтары жазылып жатқан сияқты. Нәтижесін сараптамалық жұмыс нәтижесі көрсетер.

– «Әліппе» латын негізді әліпби негізінде қашан ­басылып шығады? Жаңа «Әліппе» қай әліпби негізінде жарық көрмек?

– Біздің әзірлеген оқу бағдар­ламамыз кириллицамен жазылатын «Әліппе» пәніне арналған. Сондықтан жаңа «Әліппе» мен «Ана тілі» кириллицамен жарық көреді.

Иә, латыннегізді қазақ әліпбиіне өтуге дайындық жүріп жатыр. Латын қарпіндегі «Әліппе» өзінің жоспарына сәйкес, белгілі бір уақыт кезеңінде жүзеге асуы мүмкін.

– Бұл екі есе ақша шашу болмай ма? Бәрібір жақын арада латын қарпіне көшеміз ғой. Ендеше кириллицамен «Әліппе» жасау неге керек?

– Бұрынғы «Әліппенің» авторы ретінде айтарым, жаңартылған білім мазмұнына байланысты оқу бағдарламасы өзгеріп, «Сауат ашу» пәні енгізілді. Оқу пәнінің өзгеруі «Әліппені» еске түсірді. Рас, «Әліппе» – мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған оқушының сүйікті оқу құралы. Қазақ халқының білім беру жүйесінде өзіндік қалыптасқан тарихы бар «Әліппе» оқу құралының жөні бөлек екені даусыз. Сондықтан болар оның атауының өзгеруі қоғамда біршама пікірталас тудырды.

Нәтижесінде үлкен сұранысқа ие болып тұрғандығына көз жет­кізіліп, «Сауат ашу» оқу пәнінің «Әліппе» атауымен қайта әзірленуі жөнінде құзырлы ұйыммен шешім қабылданды.

Латыннегізді қазақ әліпбиі біртіндеп енгізілгенше, біздің жаңа «Әліппе» білім биігін бағындырады деген үміттемін.

– Оқулықты министр­лік жа­нындағы арнайы құрылған сарапта­малық комиссия қарауы керек қой. Осы саланың тәжірибелі маманы ре­тінде ол ­комиссияда кімдер болуы керек деп ойлайсыз?

– Сараптамалық комиссияның құрамы жыл сайын жаңарып, жетіліп келеді. Бастапқыда педагог-оқытушыларынан құралып еді. Қазір сарапшылардың құрамы өзгерген, жетілген. Пән мұғалімінен басқа, ғалымдар, әдіскерлер де бар. Оқулықтар үш деңгейлі сараптамадан өтеді. Алдымен пән мұғалімдері қарайды. Одан соң әдіскерлер мен ғалымдар қосылған екінші кезеңнен өтеді. Үшінші кезеңде қоғам қайраткелері, білім саласында еңбегі сіңген ардагерлер, білім саласын белсенді зерттеп жүрген ғалымдардың, тұлғалардың қатысуымен республикалық комиссия қарайды. Осында үш кезеңнен өткен оқулықтың өзінен де, өкінішке қарай, қателіктер табылып жатады. Оның әртүрлі себептері бар. Дегенмен, оқулық әзірлеу авторлық ұжымнан үлкен жауапкершілікті, аса сауаттылықты, барынша мұқияттылықты талап етеді. Оқулық әзірлеудің тәртібі бойынша авторлық құрамда бірі – ғалым, бірі – әдіскер, бірі – тәжірибелі мұғалім болуы сауатты дұрыс оқулық жасалуының кепілі.

– Әліппенің біреше оқулық ­авторысыз, осы саланы зерттедіңіз. Бүгінгі мектеп, оқушы, автор ретінде айтыңызшы, «Әліппе» деген не?

– Білім саласының маманы тұрғысынан қарасақ, «Әліппе» оқулығы – білім алушының қайнар бұлағы. Ғылыми жағынан қарасақ, ол – тіл білімі мен әдебиеттанудың негізі. Жалпы тұтынушылар тарапынан қарасақ, «Әліппе» – білім алудағы алғашқы қадам. Ол – әр адамды аяқтандыратын, яғни сауаттылықтың негізін қалайтын, білімнің тереңіне бойлауына мүмкіндік ашатын оқу құралы.

«Мен өзім оқи алатын болдым. Енді өзім жаза аламын» деп өзіне деген зор сенімін туғызатын «Әліппенің» бала қиялындағы арманын орындауда қызметі зор. Әр адамның «Әліппе» туралы жеке естелігі болғанындай, әр халықтың жадысында өз «Әліппесі» бар. Біздің жадтағы «Әліппе» Байтұрсынұлының «Әліппесі» еді. Сол үшін халық «Ахаңның «Әліппесі» оралады» деген сөзді ерекше қуанышпен қабылдап, ары қарай іліп әкетті. ­Жалпы «Әліппе» осы атауымен қадірлі деп ойлаймын.

 Сұхбаттасқан Қарагөз СІМӘДІЛ

 

6274 рет

көрсетілді

128

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы