• Әдебиет
  • 09 Қыркүйек, 2020

Ахаң айтқан «көрнек өнерінің» көрнекті өкілі

Сурет салуды «ешкінің мүйізінен, әжесінің киізінен» үйренген Әбілхан Қастеевтен кейінгі аралықта қазақ кескіндеме өнерінде жарқырай көрінген шеберлер аз емес. Әубәкір Ысмайылов, Айша Ғалымбаева, Қанапия Телжанов, Салахитдин Айтбаев, Молдахмет Кенбаевтар өткен ғасырдың орта шенінен бастап өнердің құдіретіне бойлай алатын кәнігі өнертанушы мамандарды да мойындатты, халықтың да ыстық ықыласына бөленді. Ерболат Төлепбаев, Бексейіт Түлкиев, Ағымсалы Дүзелхановтар да алдыңғы буынның салған жолын лайықты жалғастырды. Уақыт өткен сайын қазақ бейнелеу өнері жанрлық тұрғыдан да жан-жақты жетіліп, дамыды. Қылқаламды қолына алғаннан бергі қырық жыл ішінде 7 мыңнан астам картинаны дүниеге әкелген, Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де көрмелерін өткізген Алпысбай Қазығұлов та өзіне дейінгі алыптардың жолын жалғастырып келе жатыр.

Қазақстан Суретшілер одағының басқарма мүшесі Алпысбай Қазығұлов 1978 жылдан бері республикалық және халықаралық деңгейдегі бейнелеу өнері кәсіби шеберлерінің көрмелеріне қатысып келеді. Суретшілердің симпозиумдарына, сондай-ақ шетел­дердегі, оның ішінде Ресей, Жа­по­ния, ­Нидерланды, Бельгия, Кытай, Түркия және Ұлыбританиядағы көрмелерге қатысты. Бейнелеу өнері бағзы ­заманнан бастап дамыған Батыстың талғампаз көрермені мен өнер сыншылары Алпысбайдың картиналарын жоғары бағалады.
Суретшінің 2007 жылы жарық көрген «Алпысбай Қазығұлов. Кескіндеме» атты альбомына жазған алғы сөзінде әйгілі жазушы, әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматов былайша жазды: «Алпысбай Қазығұловтың буырқанған бояуларға толы туындыларын осыдан он жылдан астам уақыт бұрын, нақтырақ айтқанда 1996 жылы наурыз айында алғаш рет Брюссель қаласында көрдім. Қазіргі заманның көрінісін дөп басқан картиналардан қазақтың дарқан даласына, туған еліне, Жер-Анаға деген деген сүйіспеншілік сезілетін Алпысбайдың картиналары мені бірден баурап алды. Сол күні автордың жеке көрмесінде онымен танысудың да сәті түсті.
Суретшінің қылқаламынан туған дүниелерде жалғандық жоқ. ­Шы­ғармалары бүгінгі за­манның тілімен үн қатса да, баба дәстүрінен алыс­тап кетпеген. Қыл­қаламына тәуелді туындылар «модернистік» фор­мада болғанымен, тақырыбы бойынша әлем шешімін таппаған мәң­гілік сұрақтарға жауап іздейді: Біз не үшін өмір сүреміз? Сүйіспеншілікті қалай түсінеміз? Адам табиғаттан жаралған ба, әлде жаратқан ба? Жан бар ма, әлде бұл жалған ба?.. Адамзат баласының ақылын алаңдатқан ­сауалдар. Тек өнер ғана осындай таусылмайтын мәңгілік тақырыптарға терең бойлай алады. Алайда шынайы шабыттан туған үлкен өнер ғана осы тектес сауалдарға жауап таба алады».
Суретші Алпысбай Қазығұловтың картиналарының бояулық және композициялық байлығымен еркін сусындауға болады. Сондықтан да оның бірнеше жұмысына егжей-тегжейлі тоқтала кетсек. Өйткені бұл суретші шығармашылығы туралы түсінігімізді кеңейте түсетіні сөзсіз. Ең алдымен, Алпысбайдың ең танымал жұмыстарының бірі саналатын «Ұлы Жібек жолы» картинасын алайық. Алыстағы тарих сахнасында қалған Ұлы Жібек жолының сюжетімен жұмыс істеу барысында суретші картинаны натурадан жазбағаны белгілі. Сондықтан да дәл осы картинадан суретшінің визуалдық жадының кереметтігін алабөтен сезінетінің рас. Тарих қатпарындағы сюжетті шеберханасында отырып-ақ, өзінің қатар дамыған қиялы мен логикасының арқасында жазып шығу – суретшінің үлкен ерлігі. Оның үстіне сюжеттің реалдылығы мен нақтылығы да көруші назарын өзіне аудармай қоймайтыны да – тылсым құбылыс. Ұлы Жібек жолындағы күн астында күйіп тұрған алып шөл далалар, қымбат жүктері бар керуендер, мыңдаған шақырым жол жүріп өткен саудагерлер, алдындағы мақсатына жету үшін шөлейттен де қаймықпай өтуге тастүйін көпестердің жанды образдары туындының композициялық тұтастығын айшықтандыра түскен. Картинада Ұлы Жібек жолының қазақтың кең байтақ сары даласынан өтетін тұсын суреттеген автор техника арқылы да, түсті таңдау арқылы да дәл көрсете білген. Туындының фонында сары түстің молынан пайдаланылуы, арасында қызғылт түстің де салыстырмалы түрде көбірек қолданылуы сары даланың аптап ыстығын алдыңа жайып салады. Картинадан саршатамыздағы төменгі сағымды көрмегенмен, аспаннан көтерілетін жоғарғы сағымды айнытпай танисың. Бұл да суреткердің табиғат заңдылығын терең білетіндігін аңғартса керек. Қысқасы, түс пен техниканың гармониясына жете білген суретші аталмыш картинасында шеберліктің апогейіне жеткені дау тудырмайды.
«Керуен» картинасынан да жалғандық таппайсың. Картина бүгінгі заманның тілімен үн қатса да, бабалар дәстүрінен алыстап кетпегеніне ризашылық білді­ресің. Картинада Ұлы Жібек жолы мен Қазақстанның бай­ланысы айқын аң­ғарылады. Сондықтан да тарихи құбылыс пен тарихи ортаның бір арнада тоғысуы картина авторының шығар­ма­шылық тапқырлығы мен орындаушылық шеберлігі деп батыл айтуымызға болады. Ықылым замандардағы тарихи оқиғалар мен құбылыстарды бейнелеу өнерінде айшықты өрнектеу қазіргі кездің көзқарасымен гармониялық байланыста жүзеге асырылғанына қуанбау мүмкін емес. Жаздың аптап ыстығында ешбір тіршілік нышаны байқалмайтын сары даланы таспадай тіліп келе жатқан керуеннің бас-аяғы атшаптырым жерді алып жатыр. Осыншама аш ішектей созылған ұзынсонар саудагерлер шеруін суретші кеңістікті нәзік сезінетіндігімен және түстердің сан алуан топтамасын шебер пайдалана білетіндігімен палитралық панорама арқылы өрнектей білген. Картинаның композициялық байлығымен және бояу алуандығымен еркін сусындайтыныңыз да – аталмыш жұмыстың тағы бір тамаша қыры.

Ана тілі
Алпысбайдың «Қалыңдық» картинасында әдемі сюжет бар. Туындыдан көшпенді қазақтың кәдімгі қоңыр тіршілігін сезінбеу мүмкін емес. Түйе үстіндегі қазақы күйменің ішіндегі қалыңдықты алдыңғы планда жазбаса да, суретші жалпы картинадағы сюжет арқылы оның ішкі қобалжуы мен толғанысын, қуанышы мен шаттығын көрсетудің спецификалық жолын таба білген. Басты кейіпкердің ішкі иірімдерін картинадағы басқа образдар призмасы арқылы көрсетудің өзі – картинадағы тосын да сәтті шешім.
Бір қарағанда картинадан буырқанған динамика байқалмайды. Монотонды қозғалыс. Бұл нені білдіреді? Сюжеттің сыртқы нысаны адамдардың өмір сүру салтына сай салынғанын көрсетеді. Қазақтар қыздың құтты орнын тапқанын асыға күткенімен де, қалыңдықты ұзату процесіне ешқашан асықпаған. Осы бір ұлттық колорит картинада ерекше реңкте берілген.
Картинадағы кеңістік сюжеттің болмысына сай келетіні қайран қалдырады. Ұлан-ғайыр кеңістік жоқ. Суретші алып отырған тақырыбын техникалық тұрғыдан орындаудың барлық қыр-сырын толық меңгергені де осыдан байқалады. Дәл осы ­сюжетте кеңістік қандай болуы керек? Дәл картинадағыдай. Тұйықталған кеңістік керек. Неге? Негесі сол, өз өмірінің шеңберінде тіршілік етуді өмірінің қағидасына айналдырған көшпенділердің шынында да өз тұйықталған кеңістігі бар емес пе?
Міне, суретші кеңістік таңдауда да тапқырлық танытқан. Тар кеңістікте кең ойлауды тумысынан бойына қалыптастыратын көшпенділердің данышпандық қасиеттері де картинадан анық аңғарылады. Картинаның ең басты құндылығы осында жатыр.
Алпысбайдың онға жуық жеке көрмесі Қазақстанның әртүрлі мә­дениет орталықтарында болып өтті. Оның жұмыстары астаналық қазіргі заманғы өнер музейінің, Президент мәдениет орталығы, Ә.Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің, Астанадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің және отандық һәм шетелдік жеке коллекционерлердің көркемдік топтамасына енген. Қазақстан­ның жас суретшілері үшін онға жуық пленэр ұйымдастырды және өткізді. Әртүрлі қайы­рымдылық акцияларына қатысты. Өнер туындыларын жинаумен де айналысатын Алпысбай өзінің коллекциясынан қазақ суретшілерінің елуге тарта туындысын Қазақстанның өнер ордаларына сыйға тартқаны да – өнерге деген шексіз махаббаты.
Алпысбай Қазығұлов Қазақстан өнеріне сіңір­ген көп жылғы сүбелі үлесі үшін 2013 жылы «Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері» және 2018 жылы «Парасат» ордені сияқты мемлекеттік наградалармен мара­патталды. 2003 жылы Прагада әлемдік өнерге қосқан үлкен үлесі үшін Еуро­палық өнер одағының Масарик атындағы құрметті сыйлығымен марапатталды.
Жалпы сурет өнері әлемдегі ең ерте дамыған, жанрлық түрлілікке өзге өнерлерден бұрын құлаш ұрған түрі саналады. Тіпті бейнелеуден ­бастау алған жаңалық һәм ағымдардың, түрлі тәсілдердің әдебиетке, музыкаға таралған кездері де аз емес. Айталық, импрессионизм, экспрессионизм сынды әр дәуірде әлемдік өнердің сан түрін шарпыған ағымдардың өзі ХІХ ғасырда кескіндеме өнерінде көрініс тапқан. Ал қазақ топырағында кәсіби суретшілердің қалыптасуы сөз басында айтып өткеніміздей, тек жиырмасыншы ғасырдың екінші ширегіне тап келді. Соған қарамастан қазақ халқы сурет салуды, скульптураны әлі өнер деп тани қоймаған кездің өзінде Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы өнердің түр-түрін жіктеп көрсетіп, әрқайсына лайықты терминдер тізбегін қалыптастырғаны мәлім. «Әдебиет танытқышта» Ахаң: «Көрнек өнері бес тарау болады. ...Үшінші – түрлі бояумен нәрсенің ісін, түрін, кескін-келбетін келтіріп, сүгіреттеп көрсету өнері. Бұл кескін өнері болады. (Орысша – живопись)» дейді. Содан бергі бір ғасырға жуық уақыт ішінде елімізде суретшілер қауымы көптеп шықты. ­Алпысбай Қазығұлов – Ахаң айтқан көрнек өнерінің көрнекті өкілі. Сондықтан да оның жұмыстары 2020 жылғы Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы – әбден құптарлық.

Қарагөз Серікқызы

1516 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы