• Тұлға
  • 16 Қыркүйек, 2020

ӘНШІ ДОМБЫРАСЫ – МҰРАЖАЙ ТӨРІНДЕ

Алматыдағы Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығында ғажайып даусымен тыңдарманын тәнті еткен, қазақтың ардақты ұлы – Ерлан Стамғазиев­тің қасиетті домбырасын табыстау рәсімі өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағ­дар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деген болатын. Аталған тапсырманы іске асыру мақсатында, Жетісу дәстүрлі музыка мектебіне үлесін қосқан ҚР Мәдениет қайраткері ­Ерлан Өмірәліұлы Стамғазиевтің домбырасы ресми түрде ­музейге қабылданды.
Аталған шараға Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев, Алматы қалалық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары ­Данияр Әлиев, өнертанушы Сағатбек Медеубекұлы, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Жанарбек Әшімжан, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Жанпейісов, Мәдениет үздігі Талғат Әбуғазы қатысты.

Азаматтың суреттері©Азаматтың суреттері

Ерлан Өмірәліұлы қазақтың ән-күй өнерінің аспанында үні қалған біртуар дарын иесі, сегіз қырлы, бір сырлы әнші еді. Ол қазақ өнерінің қамқоршысы, дара жүйрік өнер иесі. Ән салғанда терең ой, ыстық сезіммен тыңдаушысының жүрек қылын шертіп, құлақ құрышын қандыратын еді. Белгілі өнер тарланы жайлы естелік айтуға оның көзін көрген ағалары, замандастары, ­отбасы мен шәкірттері келді. Осы жиынға арнайы қатысқан бауырлары Рамазан мен Роза Стамғазиевтер көпшілікке алғысын білдірді.
Шараның ресми бөлімі – Ерлан Өмірәліұлының домбырасын салтанатты түрде қабылдауға белгілі әнші, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Өмірәліұлы мен ­Алматы қаласы музейлер бірлестігі директорының міндетін атқарушы Ануар Мұхтарханұлы қатысты.
Айта кетейік, Ерлан Стамғазиев 1970 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Көппияз ауылында дүниеге келген. 1989 жылы Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыка колледжін, 1995 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын бітірген. 1998 жылдан Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында әнші болды. Биылғы індет жайлаған ауыр күндерде өмірден өтті.

Ақбота ҚУАТОВА

1208 рет

көрсетілді

91

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы