• Тұлға
  • 16 Қыркүйек, 2020

Асхат Рахметов, спорт шебері: ҚАЗАҚ КҮРЕСІ – ЕҢ ТАЗА КҮРЕС

Қазақтың ең көне спорт түрлерінің бірі – қазақ күресі. Жекпе-жектің бұл түрі республикалық жарыстар бағдарламасына кіретін сұранысқа ие. Бүгінде белі мен білегі мықты жастар осы спорт түрін дамытып, талай жетістіктерге жетіп жүр. Сондай ­жалынды спортшының бірі – Асхат Қасымханұлы Рахметов. Алматы облысы Кеген ауданы ­Жылысай ауылының тумасы, самбо, қазақ күресі, дзюдо күрес түрлерінен спорт шебері, самбо күресінің еңбек сіңірген қайраткері Асхат Қасымханұлы туған ауылынан шыққан жалғыз спорт шебері. Ол өз ауылының қара домалақтары да артынан еріп, спортпен айналысқанын армандайды. Сол үшін де ауылда спорт кешенін салдырып, жағдай жасауға тырысып жүр. Жалпы спорттағы жолы, спорттың проблемалары, дамыту жолдары аясындағы спортшымен әңгімемізді ұсынамыз.

– Асхат Қасымханұлы, әңгімемізді спортқа келу жолыңыз бен жетістіктеріңізден бастасақ?

– Мен бала кезден спортшы болуды армандадым. Ата-анамыз «кім боласың?» ­дегенде «күрестен чемпион боламын» дейді екенмін. Алланың қалауымен, арманымызға жол ашылып, 2000 жылы Спорт және туризм академиясына оқуға түстім. Алғашқы кезде ақылы бөлімге қабылдандым. Бірінші ­семестрден кейін өзімді көрсете алғаным үшін грантқа ауыстырды. Осылайша төрт жыл өз күшіммен білім алып шықтым. Ең алғашқы тренерім Нұржан Өтепов қазақ күресіне өзі жетеледі. Сөйтіп осы күнге дейін Халықаралық турнирдің күміс медалін, «Ақ бидай – 2017» ауыл спортшыларының күміс медалін иеленіп, самбо күресінен спорт шеберлері арасында өткен Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, спорт  ардагерлері арасында Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері, самбо күресінен өткен «Арландар айқасы» республикалық турнирдің  чемпионы, «Алматы барысы» қалалық турнирінің қатысушысы, Бейбітшілік әлемі халықаралық шығармашылық бірлестігінің  дене шынықтыру мен спортты дамытуға  қосқан үлесі үшін, Қазақстан спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының «Самбо күресінің дамуына қосқан ерен еңбегі үшін» медалі және «Алтын қыран» медалінің иегері атандым. Сонымен қатар Қырғызстанның спорт шебері және қазақ күресінен Азия чемпионымын. 

1-2 курс оқып жүргенде Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-ға жарысқа барамыз. Сонда ол жақтың спортшыларының бәрі дайын спортшы сияқты болып көрінген. Бір көріп, мықты палуандар екен деп ойладық. Кейін жарыста біз ұтып кеттік.

Мені ең бірінші ынталандырған оқиға: академияның жатақханасында жоғары курс студенттері бізді күрестіретін. Ол кезде нанға күресеміз. Бір жеңілсек  бір нанның ақшасы – 25 теңге, екі рет жеңілсек екі нанның ақшасы  – 50 теңге береміз. 2000 жылдары 25 теңге деген кәдімгідей ақша еді ғой. Мен көп ұтылдым, біраз ақша бердім. Сол кезде «нанға деген ақшаны ұтылып, енді жаяу, аштан аш жүрісім мынау» деп намыстанатынмын. Сонда өзіме осыдан нәтижеге жетейін, нандарымды қайтарып аламын дейтінмін. Дәл осы оқиғаны мен кез келген жерде ұялмай айта аламын. Өйткені мені жігерлендірген, спортқа құштарландырған себеп осы ғой. Сол намыстан бүгінгі дәрежеге жеттім.

Біздің академияда психология пәнінен көп дайындады. Сонда апайымыз «сендер осы пәнді жақсы оқысаңдар, бұл сендерге көмектеседі» дейтін. Содан дұрыс тыңдап, дұрыс білім алып, психологияны дұрыс түсіндік. Мысалы, жаттықтырушым «күрес бұл – шахмат» дейді. Шахмат дегені сен ойлап тұрған нәрсеңді қарсыласың да ойлап кетуі мүмкін. Күресте логика, математика, психология... барлығы керек.

– Әдетте ел ішінде «оқымайтын баланы спортқа бере саламыз» деген түсінік қалыптасқан сияқты. Болашақ спортшының ата-анасына не айтар едіңіз?

– Рас, оқымайтын баланы спортқа бере сал деп жатады. Ол дұрыс емес. Бала қайда бара жатқанын, ертең не істейтінін білуі ­керек. ­Балам күрестен жақсы, спортқа жақын деп бере салады. Ал бұзақы балалар қайдан шығады? Әлгінде айтқандай ата-ананың баласы күреске барады, бір-екі баланы жеңеді, кішкене күш пайда болған кезде менен асқан мықты жоқ, маған тең келер қарсылас жоқ екен деп ойлап қалады. Сосын көшеге шығып әркімге, әрнәрсеге соқтығысу басталады. Ал мұның арты полицияға түсу, түрмеге отыру сияқты жаман жағдайға соқтырады. Жалпы баланы бесіктен тәрбиелеу керек. Баланың психологиясын, білімін дұрыстау керек. Сонда ғана бала спортта да, өмірде де үлкен жетістікке жетеді. Балам спортшы болсын деп спортқа бере салу дұрыс емес, одан дұрыс спортшы шықпайды. Бала басқа жолға түсіп кетуі мүмкін. Көшеде біреуді тонап кетіпті, соғып кетіпті дегендер қайдан пайда болады? Ата-аналардың баланың кішкентай кезінде дұрыс тәрбие бермегенінен. Баланың психологиясына, біліміне, ортасына көңіл бөлмегендіктен. Қазір қоғамдағы ажырасудың көптігі неден? Сол ер жігіттің жауапкершілікті сезінбеуінен. Отбасы деген Алладан берілген аманат. Сол аманатты сезінбейді. Болса болсын, болмаса қойсын дейді. Біреудің тәрбиелеп отырған қызын алып, оның үйтейік-бүйтейік деп қосқан ақылын қабылдамайды. «Сен кімсің маған үйрететін» деп шығады. Сондықтан баланы бесіктен, кішкентайынан тәрбиелеу керек.

– Сізді өте қиын кезеңде ешқандай қолдаусыз күреспен айналысқан дейді. Жалпы осы жолда қандай ауыртпалықтар болды?

– Рас, ешкімнің тіреуінсіз, ешкімнің көмегінсіз осы спортта жүрген адамның бірімін десем болады. Әкем ерте қайтыс болып, анам мал шаруашылығымен айналысты. Біз туыстарымыздың үйінде жүріп ержеттік. Сонда өзімді спорттан жеткізейінші деген бала арманым болатын. Академияға оқуға түскен кезде жатақханада тұрдық. Не нанға, не тамаққа ақшамыз бола бермейтін. Жағдайы жақсы балалардың екі кимоно, екі спорттық киімі болса, менде біреуден-ақ болды. Ауыстыратыным жоқ, екеуін жуып-кептіріп, киіп жүретінмін. Сонда өзімді осы спорттан жетістікке жетіп, болашағым мықты болады деп армандайтынмын. Және соған өзімді сендірдім. Шүкір, әуелі Құдай, екінші спорттың арқасында баспанамыз бар, бала-шағамызды асырап отырмыз.

– Ең алғашқы жарысыңыз туралы айтыңызшы. Ол әрбір спортшы үшін ұмытылмайтын сәт шығар?

– Дұрыс айтасыз. Мен бірінші курс оқып жүргенде алғашқы жаттықтырушым Нұржан Өтеповтің ықыласы ауды. Мен ­ауылда шыңдалып өскен баламын ғой. Бірден байқап, мені жарысқа дайындады. Ауылда мүлде күресіп көрмеген мен, бір айдың ішінде үлкен жарысқа дайын болдым. Алғашқыда қобалжып, қалай болады екен деп уайымдадым. Өйткені дайындықтағы әдістер мен жарыстағы әдістер әртүрлі болады екен. Сонда жаттықтырушым «Райымбек атамыздың күш-қуаты дарысын, сен кем дегенде екі айналымға шығуың керек, олай болмайды екен күреске қайтып келмей-ақ қой» деп қайрады. Мен біріншісінде жеңіске жеткенде бойымда біртүрлі күш-жігер пайда болып, алғашқы қобалжуым тарқады. Сонымен екі емес, төртінші айналымға дейін шықтым. Сондағы жаттықтырушымның да, менің де қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Асхат, болды, сенің спорттағы жолың ашылды» деп қуанды Нұржан аға. Осы ­жарыста самбодан белгілі жаттықтырушы Михаил Шепетюктің көзіне түскен екенмін. Кейін мен самбоға ауысатын кезде ол мені іріктеусіз қабылдады. Осылайша студент кезімде қазақ күресі мен самбоны қатар алып жүрдім. Оқу бітірген соң әскерге барып, спорт ротасына түстім. Әскерде жарыстарға шығып нәтиже көрсетсең, сенің барлық жағдайыңды жасап береді. Әскерде қалуға ұсыныс жасады, бірақ спортта жетістіктерге жетейінші деп қалмадым.

– Ал өзіңіздің жаттықтырушылықпен айналысу ойыңызда бар ма?

– Расында әскерден соң жаттықтырушы­лыққа бардым. Дайындығымда 15 шақты бала болды, соның ішінде екі баланы ерекше дайындап, олардан спорт шеберін шығардым. Кейін байқасам, жаттықтырушы болсаң өз өзіңе дұрыс қарай алмайды екенсің. Халықаралық жарыста ұтсам деген арманым бар. Содан жаттықтырушылықты қойдым да, спортқа қайта оралып, өзіммен айналыстым.

– Баланы күреске дайындағанда нені ескеру керек?

– Менің ең бірінші мақсатым – ауылда қазақ күресі мен самбо күресін дамыту.  Самбо күресімен күресе алған адам барлық күреспен айналыса алады. Күресте сенің белің мен білегің мықты болу керек. Олай болмаса жетістікке жете алмайсың. Сондықтан қазір балалар күреске кем дегенде 11 жастан келу керек. Оған дейін ата-ана баласынан үлкен спортшы шығарамын десе алдымен жүзуге берсін, одан кейін 7-8 жасынан бастап гимнастикаға берсін. ­Содан кейін күреске беретін болса, бала мықты болады. Ал кейбір түсінбейтін ата-аналар күреске 6-7 жастан бірден күреске беріп, баланың белін ауыртып алады. Одан кейін белі ауырады, бір жерін сындырады, сүйектері дамымаған шақ қой. Одан кейін спорты құрысын, одан да балам компьютердің алдында отырсын дейді. Біздің ата-аналар жіберетін ең бірінші қателік осында.

Асхат Рахметов

– Қазақ күресі туралы айтыңызшы. Уақыт өткен сайын ережелері өзгеріп тұра ма? Даму кезеңі қалай қалыптасқан?

– Қазақ күресінің ережелері бұрынғыға қарағанда өзгерді. Ол өзгерістері біреуге жеңіл, біреуге ауыр тигені рас. Көңіл куантатыны, қазақ күресінің деңгейі өсіп келе жатыр. Мәселен, «Қазақстан барысын» ұйымдастырушы Арман Шораев қазақ күресін дамытуға күш салып келеді. Осы еңбегін жалғастыра берсе, қазақ күресін олимпиадаға дейін жеткізуге мүмкіндігі бар деп ойлаймын. «Қазақстан барысы» бүгінгі қазақ күресін ең жоғарғы дәрежеге көтерді ­десем де болады. Өйткені ауыр салмақтағы түйе палуандар «Қазақстан барысында» күресіп жүр. Ұтқандарға үлкен сыйлықтар беріліп жатыр. Сыйлық деген спортшыларды қолдау, ынталандыру ғой, онсыз тағы болмайды.

Спортқа жаны ашитын әрбір азамат өз қалінше «қанатымен су сепкен қарлығаштай» қолынан келгенін істеу керек. Мысалы, мен өз ауылымнан шыққан жалғыз спорт шеберімін. Спортпен Алматыға келіп айналыстым, ауылда мүмкіндік болған жоқ. Соңымнан ауылдан қара домалақтардың шыққанын қалаймын. Сондықтан да өз туған ауылымнан спорт кешенін салып жатырмыз, балалар күшін күреске жұмсаса дейміз. Әйтпесе бір мезгіл сабақта болып, қалған бос уақытын асық ойнап, доп теуіп, көшеде бос жүрумен өткізеді. Сондықтан ең бірінші аймақтардағы балаларға жағдай жасауымыз керек.

Қазақ күресін дамыту үшін аймақтарда, ауылдарда спорт кешендерін көбейту керек. Оны салып қана қоймай, «Дипломмен ауылға» деген сияқты Спорт академиясын тамамдаған жаттықтырушылардың жағдайын жасап, ауылға тарту керек. Мықты мамансыз ­спортты өсіре алмаймыз. Сонда ауылдағы спортты ­дамытып, ауыл балаларының ­ынтасын арттырамыз. Бұл ауыл мәселесінде. Қала мәселесі де бар. Әсіресе қалалық балалардың қызығушылығы мүлде басқа. Олар өнерге, музыкаға, техникаға әуес. Қазір интернет ­заманы деп жатамыз ғой. Балаларды ғаламтордан шығара алмай жатамыз. Бұл мәселеде ата-ананың рөлі зор. Спорт арнасын жиі қарап, баламен бірге спортпен шұғылданып отыру керек. Сонда баланың қызығушылығы оянып, спортқа өзі келеді.

– Қазақ күресімен айналысатын жігіттер басқа да күрес түрлерімен жарыстарға қатыса алады дегенді естігенмін. Осы қаншалықты рас?

– Қазақ күресі – ең таза күрес. Мұнда белден жоғары күреседі. Аяқтан ұстамайды. Сонысымен ерекшеленеді. Сосын ең жақсы күрес – самбо. Мұнымен еркін күресте де, қазақ күресінде де, дзюдода да, ережесіз жекпе-­жекте де күресе аласыз. Самбоға қатысқан адам барлық күреспен айналысуға мүмкіндігі бар. Мен сондықтан да самбо күресіне ден қойдым.

– Алдағы жоспарла­рыңыз қандай?

– Самбо күресінен әлем чемпионатына дайындалып жатырмын. Қазіргі басты арманым – әлем чемпионы болу. Сонымен бірге дзюдодан ардагерлер арасында олимпиадаға қатыссам деймін.

Былтыр «Алтын қыран» медалін алатын кезде марапаттауға келіншегімді ертіп бардым. Жақсылық Үшкемпіровтің қолынан марапатталып, батасын алып жатқанда жұбайым көз жасына ерік берді. «Неге жылайсың?» десем, «қасымызда жүрген соң бағалай бермейді екенбіз ғой, сенің ел арасындағы осындай мәртебең үшін тәубә деп тұрмын» дейді. «Осы марапатқа сенің де үлесің бар, мен дайындықтарға, жарыстарға кеткенде ошағымды өшірмей, бала-шағама ие болып отырсың ғой» деп көңілін марқайтып қойдым. Білесіз бе, мен отбасым үшін әлі талай биіктерге шыққым келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

2013 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы