• Руханият
  • 16 Қыркүйек, 2020

БӘРІМІЗ «ӨР АҒА» ДЕУШІ ЕДІК...

«Төбелесті күтпеген жерден бастау керек, сонда қызық болады» депті Тоқаш Бердияров. Рас-ау...
Біздің де студенттік өміріміз күтпеген оқиғадан басталып еді. Алғашқы «сельхозкаға» Алматы облысы Шелек ауданы «Қазақстан» кеңшарына бардық. Сондағы Мәдениет үйіне орналасқасын бірден... туған күн тойлауға кірістік. Ержан Сұлтанбаевтың туған күнін. Бастамашы – Әділ Ботпанов.
Туған күн иесімен... сол отырыс үстінде таныстық. Ірі денелі сары жігіт. Әскерде Ауғанстанда болыпты. Жігіттер сол жағын ежіктегісі келіп еді, Ержан құлықсыз боп шықты. Алға озып кетіп айтар болсам, ол кейін де бұл тақырыпта әңгіме айтуға ықылассыз болды. Әдетте «ауғандардың» әсірелеңкіреп жіберетіні бар ғой. Әсіресе қыздардың алдында «дұшмандар» туралы айтқанда, көзі жанып кететіндер бар. Олардың сәл «тұздықтап» отырғанын сезсең де, еріксіз сенесің. Сұлулардың емірене тыңдағанын көргенде қызыға, қызғана қарайсың. Ал Ержан өзі ештеңе демегенімен тұрмай, «служактарын» да тежеп отыратын. Кейде ала көзімен атып, кейде жұдырыққа сүйеніп дегендей. Та­биғатынан адал азамат бейбіт күннің шырқын соғыс туралы әңгі­мемен бұзғысы келмеген екен ғой.

Әлқисса, туған күнге оралайық. Соңы, Тоқаш ағам айтқандай, күтпеген жерден басталған төбелеспен аяқталған «вешіріміз» шынымен қызық болды. Тіпті бірнеше жігіт оқудан шығып кете жаздады. Әупірімдеп жүріп қалды-ау, әйтеуір. Бірінші курстың студенттері сол жылы кіл «бытовканы» иелендік. Дәретханасы, жуынатын жері жоқ бөлмелер. Әділ, Қалдыбай, Ержан үшеуіне төртінші қабаттағы лифтіге қарсы бөлме тиді. Бұл қабатта кіл шетелдіктер тұратын. Сондықтан өзгелер мұнда көп келе бермейді. Әсіресе қыздар жоламайды. Оңаша. Ботпановты іздеген ақын-жазушылар келгенде тіпті тамаша. Бұл бөлменің тағы бір ерекшелігі, есігі кілттенбейтін. Кілттенген күнде де балкон арқылы терезесінен кіре беретінбіз.
Сол замандардағы мектеп оқулық­тарында әркім қалаған дүниесін алып, кейін әкеліп қоятын «Коммунизм мүйісі» туралы әңгіме бар еді ғой. Сол «мүйіс» құдды осы бөлме хақында айтылғандай еді. Түнде тойлаңқырап қойып, сабаққа бармай қалғандар, ертерек келіп, сәл демалып алғысы келгендер, негедүр, өз бөлмесінен гөрі осында бұрылғанды жақсы көретін.
Жалпы біздің курста үш «ауған» болды. КазГУ-ді «әнмен қырған», сері Біржан Үсенов пен сәл қызбалау, асығыс қимылдайтын, ақкөңіл Қалдыбай Тәшкенбаевтың Ержан дегенде шығарда жандары бөлек еді. Үшеуі бірге жүретін. Үшеуі бірге тұрды. Қалдыбай үйленіп кеткесін де Ержан мен Біржанның жұбы ажыраған жоқ.
Асықпай сөйлеп, ынты-шынтысымен қарқылдай күлетін Ержанды біздің жігіттер «Өр аға» дейтін. Кейде тіпті «Өр» дей салатынбыз. Негізі, «Ераға» болуға тиіс қой. Ірілігі, маңғаздығы «өр» атандырса керек. Біз қойған атау өзіне де қатты ұнайтын.
Тоқсаныншы жылдардың аласапыранында базар жағаламаған студент аз. Бірақ оған да еп керек. Ержан сол ептінің бірі болды. Істейтін шаруасын дабыраламай, үндемей тындырып келетін ол ешқашан ашқұрсақ болған емес. Журналистика факультетінде оқитын қарындасы, бүгінде сол ­факультетте жұмыс істейтін белгілі ғалым Гүлмира Сұлтанбаеваны да ешкімге жалтақтатқан жоқ. «Сауда нүктесі» үшін болатын «разборкаларға» да ешкімді араластырмай, өзі шешетін. Көбіне жалғыз жортатын.
Үшінші курста жүргенде курстасымыз Бақыт Әметаев үйленетін болды. Тек бір кедергі бар еді. «Қалыңдық», ­химия факультетінде оқитын Қарлығаш «отбасылық өмірге әлі ­дайын емес екенін, оқуын бітіріп алғысы келетінін» айтқан. Бірақ «шалдың баласы» Бақыт тоқсаннан асқан «әкесінің» көзі тірісінде отау құрғысы келеді. Не істеу керек? «Алып қашайық...» дедім мен. ­Ауылда бірді-екілі осындай «шараға» қатысқан тәжірибем бар. Мөлдіретіп айтып бердім. Ақыры соған тоқтадық. Нақты жоспар құрдық. Химфактың студенттері соңғы емтихан тапсырған күні қызды алдап-сулап, көлікке мінгіземіз де, Ұзынағаш ауданына қарасты Қарақыстаққа тартамыз. Қалғанына тәуекел!
Жоспар аяқ астынан бұзылды. Мен Маралтаймен бірге оның жеңгесінің 40 жасын тойлауға Жамбыл облысы Сарысу ауданына кеттім. Дүйсенбі күні Алматыда болуымыз керек болған. Алдағы жұма күні химия факультетінде соңғы емтихан. «Алып қашу» операция­сының бас қаһармандарының бірі болатыныма сенімді едім. Бірақ адамның ойлағаны бола бере ме? Алдымызда не күтіп тұрғанын қайдан білейін ол кезде...
Соңғы емтихан жақындаған сайын жігіттер тықырши түсіпті. «Сценарий авторы» жер жұтып кеткендей жоқ. Қазіргідей кімнің қайда жүргенін әп сәтте біле қоятын телефон жоқ, біраз сасады.
Соңғы емтихан бітсе, Қарлығаш ертеңіне-ақ ауылына, Қордайға аттанады. Сосын қыркүйекке дейін оны көру жоқ. Бақыт шыдар-ау, Құдайдан «повестка» күтіп жатқан ақсақал кез келген уақта «аттанып кетуі» мүмкін. Дереу қайта жоспар жасалып, сценарийге жаңа тұлға, химия факультетінің қыздары мүлде білмейтін Ержан Сұлтанбаев енгізіледі. Оның рөлі нақтыланып, «бекітіледі».
Тоқсаныншы жылдарда Алматыда оқығандар біледі, сол уақта жігіттер арасында қызыл, қоңыр пиджактар «мода» болды. Бұтыңа кең қара шалбар киіп, иығыңа әлгіндей пиджак ілсең, сенен мықты жігіт жоқ. Әркім-ақ кигісі келеді, бірақ жағдайы келе бермейді. Ержанда сол пиджак пен шалбардың екеуі бар еді.
...Міне, күткен жұма күні де жетті. Емтиханын сәтті тапсырған химфактың қыздарының көңіл күйі керемет. Біздің жігіттер «жуып бермек». Бұндайда біздің жатақхананың артындағы «Ботаника гүлзарынан» артық жер жоқ. Дереу сонда тартады. Көңілді топ әбден тойлап, қыздар тұратын 16-жатақханаға беттегенде, алдарына сол замандағы көліктің төресі, су жаңа «Жигули» кеп тоқтайды. Ішінен көзіне әдемі көзілдірік тағып, үстінен қымбат әтір исі бұрқыраған сымбатты жігіт түседі. «Баха, привет» дейді әлгі жігіт көлікті «көрмеген» боп өтіп бара жатқан Әметаевқа ­дауыстап. «О, Ержан, қайдан жүрсің?» дейді бұл таңырқаған кейіп танытып. «Сені іздеп келдім. – Это Қарлығаш да, очень приятно, – дейді аң-таң болып тұрған қыздың нәзік саусағының ұшынан сүйіп. – Много наслышан о Вас». «Менің әскерде бірге болған досым ғой, қазір осындағы ірі фирманың бастығы» дейді Бақыт Қарлығаштың құлағына сыбырлап. О, ол кезде фирмада жұмыс істейді дегеніңіз қазіргі министрлікте немесе әкімдікте еңбек етеді дегеннен кем естілмейтін. Ал фирманың бастығын көзіңмен көру екінің біріне бұйыра бермейтін бақ.
Қарлығаш ес жиям дегенше, Ержан оған арнап біраз мақтау айтып тастаса керек. Арасында «Thank you very much» деп ағылшынша қосып қоюды да ұмытпайды. Бұрын-соңды бұндай интеллигент, бұндай «фирманың бастығын» көрмеген химфактың қыздары естерінен танып қалады.
– Баха, мен саған келдім, – деді ­Ержан бір кезде. – Үйленейін деп жүрген қызымның бүгін туған күні. Сенімен таныстырамын деп уәде беріп едім.
– Мына Қарлығаштар емтихан тапсырып, соны «жуып» жатқанбыз, – дейді Бақыт біресе Ержанға, біресе қолтығындағы қызға алақтап. Не істесем екен...
– Да, пусть, Қарлығаш едет с нами. Пожалуйста, мадмуазель, – дейді Е­ржан көліктің есігін ашып. – Қазір барамыз да келеміз, бөтен ешкім жоқ, – депті қипақтап тұрған қызға барынша ілтипат көрсетіп. Қарлығаш сасқалақтап, қыздарға қарайды. Тілден айырылған олар көзімен көлікті нұсқайды. Сонымен, қыз мінген көлік Бақыттың ауылына бір-ақ тартады. Ар жағы белгілі. Өз рөлін мінсіз атқарып, келгесін де біраз уақытқа дейін «образдан» шыға алмаған Ержанның қылы­ғын әлі күнге дейін күліп еске аламыз.
Оқуға түскен кезден бастап курстағы Атыраудың сұлуы Сәніммен «дос болып» жүрген Ержан университет бітіретін жылы аяқ астынан Жібек есімді сұлуға үйленетін болды. Жатақханада дүрілдетіп той жасадық. Ары қарай бір топ жігіт жастарға еріп Шымкентке кетті.
...Тағдыр шығар, көп ұзамай екеуінің жолы екіге айырылды.
Әдетте бұндайда жігіттер көп ұзамай қайта төсек жаңғыртып жатады ғой, Ержан оған бармады. Ортадан да алшақтай берді. Сірә, өз басының қайғысын жұртқа көрсеткісі келмесе керек. Ауған соғысының ардагері ретінде үй алып алған, тұрмысы да тәуір ол қасқырша өз жарасын өзі жалап жазып тұрып жатты...
2016 жылы біздің курс оқу бітір­генімізге 21 жыл толғанын атап өтетін болдық. Негізі «дені дұрыс» курс 10, 15, 20 жылдығын тойлайды ғой, біз әуелдегі «қисықтығымызға» бастық. Сол уақытқа дейін басымыз қосылмаған екен. Курстастар арасында ашылған чат қаптаған смс-тен «жарылып» кете жаздайтын. Батыр аңғал келеді ғой, Ержан кейде бірдеңелерді байқамай ­жазып қойып: «Мына добалдай саусақтарым икемге келмей ­жатыр...» деп өзі де күліп, бізді де қарық қылатын.
...Тойымыз «тосын ­сыймен» басталды. Ержан Сәнімге үйленетін болыпты. Арадағы ширек ғасыр сезімдерін суыта алмаса керек. Өткенге салауат айтып, болашағын бірге өткізуге шешім қабылдапты. Бүкіл курс болып қуандық. Алматыдағы мейрамханалардың бірінде дастарқан жайған екеуінің бәрін де басынан бастап, бақытты болып кетеріне сенімді едік.
Расында да, басында бәрі ­керемет еді. Ержан Атырауға келіп, аудандық газетке жұмысқа орналасты. Жалғыздықтан жүдеңкіреп кеткен ол азғантай уақытта қоң ­жинап, жұтынып шыға келді. «Адам көркі – шүберек», сәнді киінгесін, баяғы сымбатты қалпын тапты. ­«Аудан әкіміне ұқсайсың...» деп біз де құтыртып қоямыз жігіттердің чатында. Сәнімнің ұлын да бауырына басып, әкелік қамқорлығын аямады. Маған жиі хабарласып, жазуға бет бұрғанын айтып жүрді. Баяғы Ауғанстандағы соғыс, жап-жас жігіттердің ерлігі көкірегінен өшпеген екен. Соларды қағазға түсірмек. Арасында махаббат туралы нәзік новеллаларын да жолдап тұратын. Бірақ жазудан біраз қол үзіп қалғандығы байқалатын. Өзі де сол аралықтағы ақтаңдақтарды өкіне еске алушы еді.
Әттең, сол жылдар бұның денсау­лы­­ғында да терең «із» қалдырыпты. Бауыр дертіне шалдыққан екен. Алматыға емделуге аттанды. Соңғы рет Жарас Сәрсектің үйіне қонаққа бара жатқанын айтып, хабарласты. Көп сырын, тіпті бізге айта бермейтін жайттарды соған айтатынын білетінмін.
Қалдыбай чатқа «Ержаннан айырылып қалдық...» деп жазғанда бәріміз естанды күйде болдық. Бәріміздің де ана жер, мына жеріміз ауырады ғой, оныкі де сондай «еркелік» деп ойлаппыз. Өзі де Қалдыбайдан басқамызға айта қоймапты. Сол баяғы «өз қотырын өзі қаситын» әдетіне салса керек. «Жігіттердің жүрегін босқа ауыртқанда не табам...» деді ме екен... Кенже, Бақыт, Әділжан, Әлжан, ­Базарбек, Қамаш, Қайрат, Еділдер дос алдындағы ақтық парызын адал орындады.
«Ешкім маңдайындағы жазудан аса алмайды...» дейтін шешем. Ержанның маңдайына елу жыл ғұмыр жазылыпты. Өкініші көптеу ғұмыр. Сәнімнің Алматыға барып жайған дастарқанына Ерекеңнің қызы Әсем де келіп қатысыпты. «Әкесінен айнымайды...» деп жатты көргендер...
Ол біздің есімізде батыр, өр кейпінде қалды. Шын мәнінде де ­солай еді. Тек батырды керек қылмайтын заманға тап келді...
Өзінің қаламынан шыққан ­дү­ниелер мен ол жайындағы естеліктер топтастырылған мына кітап ­Ержан ­туралы естелік болып қалмақ. ­Мархабат, оқыңыз. Мұқағалиша айтсақ, «ер-тұрманы бүтінделмей кеткен бір тұлпардың» тағдыры бар мұнда...

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,
ақын, Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы

1808 рет

көрсетілді

59

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы