• Руханият
  • 16 Қыркүйек, 2020

СҰХБАТҚА ДЕЙІНГІ СҰХБАТ

«Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеген кез-тұғын. «Бастық шақырып жатыр» деген пәрменді ести сала редактордың кабинетіне кірдім. «Мына кісіні танисың ба?» деді редактор қарсы алдында отырған ақсақалдың қолын алып, аман-сәлем қылған маған қарап. «Иә, танимын ғой, Жұмаға. Бұ кісінің романдарын, этнографиялық дүниелерін оқып өстік. Бірақ ақсақалдың өзін бірінші рет көруім» дедім. «Бағанадан бері біраз әңгіменің басын қайырдық, сен жақсылап сұхбат ал ақсақалдан» деп редактор маған тапсырма беріп, келген қонақпен қоштасты. Мен де ол кісінің телефон нөмірін, мекенжайын жазып алып, бірер күннен соң дайындалып баратынымды айтып, шығарып салдым. Ол кісі – «Басбай», «Сергелдең» романдарының авторы, қазақ қисса-дастан, ертегі-аңыздарын жинап, халқының рухани өміріне үлкен үлес қосқан жазушы, тарихшы, этнограф, фольклоршы ­Зейнолла Сәнік марқұм еді.

Уағда бойынша бірнеше күннен кейін қаланың қақ ортасындағы Зейнолла ақсақалдың үйіне бардым. «Алтай жақтың қазағымын дедің бе?». «Иә» дедім мен. «Е-е... Алтай жаққа алғаш рет барғаным есімде, есімнен кетпейді. Алақұйын әпербақандардан көргілікті әбден көріп, қаққы-соққыдан енді көз ашқан жетпісінші жылдардың соңғы кезінде бардым ол жаққа. Үлкен айтыс болды. Ақындар ­айтысы анау-мынау емес, Қанаста өтті. Қанасың айтса айтқандай жер жанаты, ағажай десе, ағажай екен. Сол жақтың баласысың ғой, Қанас сөзінің мағынасын білесің бе?» деді ақсақал маған сынай қарап. «Білмейді екенмін. Біз жақта көп жер-су аттары моңғол-қалмақша деп жатады ғой. Сондай атаулардың бірі ме екен...» дедім күмілжіп. ­Зей­нолла марқұм күмістей аппақ шашын қайыра ­сылап қойды да: «Еш­қандай моңғол-қалмағы жоқ, тап-таза қазақтың сөзі ол. «Қанасына сыйған азамат даласына сыймай ма екен» деген сөз бар қазақта. Қанасы – әйелдің құрсағы, ­жатыры. ­Қа­зақтың қанша сөзі ұмтылды, қанша сөзі жоғалды» деп басын изеп үнсіз қалды. Мен мың рет естісем де назар аударып, мағынасына үңіліп көрмеген бір сөздің «тірілгеніне» іштей қуандым. Әттең дейсің кейде, қара жер қойнына кеткен қариялар қаншама қазынаны өзімен бірге алып кетті екен?..
«Қанасың сол. Ол жолғы айтысқа қазақ зиялыларының біразы ­жиналды. Бәрінің басына үйірілген қара бұлт енді-енді сейілген кез ғой, арқа-жарқа болдық та қалдық. Атақты ақын Смағұл Қалиұлын білетін шығарсың, ол марқұмға өлең айтқыздық. Таңды таңға жалғап айта беретін, сарқылмайтын көл-дария еді жарықтық. Ертеректе Алтай бетіндегі игі жақсылар бас қосқан жиында ел билеген бір кісі «ақын болсаң, мені жамандап өлең айтшы. Әуселеңді көрейін» деп қайта-қайта қолқалай беріпті. «Май тілесең, міне құйрық» деп ақын домбырасын ­алады да аттың басын жібереді.
Осылай тік сөйлейтін ақын бар ма,
Сөзімді халық тыңдап, мақұлдарда.
Айтайын бірден бастап айыбыңды,
Алтайда сен тиіспеген қатын бар ма?..
Осылайша ақын әлгі кісіні өлеңге қосып, жерден алып, жерге салады ғой. Арқасын қамшымен осып-осып жібергендей қипақтап, отыра алмай кеткен әлгі ел ағасы орнынан атып тұрып: «Жаманда ­дегенде өстіп жамандайсың ба! Тілің күрмелгір, тілің күрмелсін сенің!» деп ашуға ­басып, қарғап-сілеп Смағұлды кісендеп, дүрелетпекші болады. «Айтқызған өзің, мұның не жазығы бар» деп ақсақалдар араласып, ақынды ­жайына жібереді. Сол Смағұл ақынды 20 жылдан кейін Алтайға келген ­сапарымда екінші рет жолықтырдым. Әбден қажып, шаршапты. «Мәдениет төңкерісі», оның алды-артындағы саяси жағдайлар ақынның жанына жазылмас жара салыпты... Бізге де оңай тиген жоқ ол заман» деп ­Зейнолла ақсақал терең тыныс алып, әңгімесін әрі қарай жалғаған-тұғын. «Бұ қазақ не көрмеді? Тоз-тозы ­шы­ғып ­Гималай да асты. Жат ел, жат жерге кетті. Елін, жерін көксеген сол қазақтардың ішінде қанша шер кетті. Бір жолы «Түркия барған қа­зақтың айтқан сәлемі екен» деген әңгімені естігенде қатты жүйкем босап еді. Баркөл жерінен Түркияға ауып барған қазақтың бір баласы қартайып, қария болғанда «маған еш дүниенің керегі жоқ. Бір уыс топырақ, бір түп ­жусан беріп жіберіңдерші!» деп арт жақта қалған ел-жұртына хат-хабар жолдап, сәлемін айтады. Тапсырған дүниесі қолына тигенде әлгі қария өзі секілді тағы да төрт-бес кісіні жинап, ­жусанды иіскеп, түйілген топырақты кеуделеріне ­басып, ебіл-дебілдері шығыпты. Бүгін көп нәрсенің қадіріне жетпейміз, парқын білмейміз. Жер-Ананы сатқымыз келеді...».
Мен дайындалған, білгім келген сауалдарды Зейнолла ақсақалға қойып, диктафонды қостым. Ол сұхбат 2012 жылы тамыз айының ішінде «Керегеге қош айтқан, бес уықты шошайтқан» деген тақы­рыппен бір бет болып газетте ­жа­рияланды. Кейде ақсақалдың диктафонға жазылған әңгімесі басталғанша айтқан осы әңгімесі есіме оралады. Соны бір түртіп қояйын дедім.

Ырысбек ДӘБЕЙ

1104 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы